Елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Парламент Мәжілісі депутаттарының, министрліктер мен ведомстволардың, ғылыми орталықтар мен ұлттық компаниялар өкілдерінің қатысуымен Парламент Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық палатаның отырысы өтті. Жиын өзегі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізу мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы болды.
Бір атап өтерлігі, аталған заң жобасы алғаш биылғы жылдың 30 наурызында Қазақстан Президенті жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңес жиынында талқыланған-тұғын. Ол жиында заңды тұлғаларды жауапкершілікке тарту жүйесіне оң көзқарас танытушылық байқалған еді. Десек те, Қоғамдық палатаның кезекті отырысы барысында заң жобасының таласты тұстары әлі де бар екендігі, сондықтан, мәселені жан-жақты, байыппен қарастырған жөн екендігі айтылды.
Жиынды ашқан Парламент Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық палатаның төрағасы Владимир Бобров аталған заң жобасы қабылданғаннан кейін жұмыс тобының 20-дан астам отырысы өткендігіне, оларда қарама-қайшы пікірлер орын алғандығына тоқталып өтті. «Яғни, бұл заң жобасы еліміздегі әрбір азаматқа қатысты болғандықтан, оны қоғамдық палатаның отырысы аясында талқылауды дұрыс деп шештік», – деді В. Бобров.
Бұдан кейін сөз алған Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі төрағасының орынбасары Андрей Лукин өз баяндамасында аталған заң жобасының Мемлекет басшысының 2009 жылғы 3 желтоқсандағы тапсырмасына сәйкес әзірленгенін тілге тиек ете келе, бұл мәселені ішкі әлеуметтік-экономикалық жағдайға сәйкес қарастыру қажет екендігін атап атап өтті. «Жалпы, заңды тұлғалардың әкімшілік заң бұзушылықтары оларға ескертпелер жасаудан, сондай-ақ, заң бұзушылықтың орнын толтыру үшін жасалатын қадамдардан анағұрлым күрделі. Сондықтан, мұндай жобаның жүзеге асқаны дұрыс. Мәселен, шетелдік ауқымды компания өз елінде үлкен әкімшілік заң бұзушылықтардың орын алуына жол бермейді. Бұл үдерісті заңды тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту жүйесімен мықтап бекіткен. Яғни, біз талқылап отырған мәселе тек Қазақстанды ғана емес, көршілес елдерді, оның ішінде Ресейді де алаңдатып отыр», – деді Андрей Лукин.
Отырыс барысында басқа да сан қилы пікірлер айтылды. Мәселен, Қоғамдық палата мүшесі Алтыншаш Жағанова: «Бүгінде кез келген заңға өзгеріс енгізу сәнге айналып барады. Бұл дұрыс емес. Мәселеге түбегейлі, байыппен, жан-жақты қараған дұрыс. Әрине, мен өзгерістің енгізілгеніне толықтай қосыламын. Десек те, еліміздегі бизнес-климатқа зиян тигізбеу жағын да ойлауымыз қажет», – десе, Қоғамдық палатаның тағы бір мүшесі Марат Бәшімов заң жобасы бірінші кезекте тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталғанын, сондықтан да оның қолдау тапқанын қалайтынын жеткізді.
Жиын соңында оған қатысушылар заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізу әлемдік тәжірибеде экономикалық, экологиялық, сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қарсы іс-қимылдың тиімді тетіктерін құру қажеттілігінен туындағанын, демек, бұл тәжірибенің тиімді тұстарын елеп-екшеп, өз елімізде де қолдану қажет деген пікірлерін ортаға салды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.