Әйгілі қытай философы Конфуцийдің жазбаларында «Әлемді белгілер мен нышандар басқарады» деген жолдар бар көрінеді. Ақиқатында бізді қоршаған әлем белгілер мен символдардан тұрмай ма?! Егер күнделікті қарбалас тірліктен бір сәт дамыл тауып, осы сөздің астарына терең ой жүгіртсең, онда қанша пәлсафа жатқанын аңғарасың. Белгілер мен нышандар кез келген адамның өмірінде ғана емес, мемлекеттік деңгейде де орасан зор маңызға ие.
Ендеше, тәуелсіз еліміздің мемлекеттік рәміздері біз үшін қаншалықты құнды? Әрбір отаншыл азамат өзіне қоюға тиісті осы сауалды алға тосып, Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі және ЮНЕСКО жанындағы халықаралық суретшілер ассоциациясының мүшесі, өнертану ғылымдарының докторы, профессор Райхан ЕРҒАЛИЕВАҒА жолыққан едік.
– Райхан Әбдешқызы, әдетте мемлекеттік Әнұранымыз ойнағанда жүрегіміз толқып, Ақорданың төбесінде желбіреген көк Туымызды көргенде көкірегімізді мақтаныш сезімі кернейді? Неге?
– Мемлекеттік рәміздер – біздің мақтанышымыз! Бұл белгілерде біздің шамшыл мүдделеріміз бен мақсаттарымыз тұр. Қай кезде де елдігіміздің арғымағы атойлап, күні жарқырап атып, шаңырағы шайқалмай тұрғай.
– Міне, бүгін мемлекеттік рәміздеріміз қалай дүниеге келгенін еске түсіріп, ертеңгі келешегіміздің қаперіне қайта-қайта салып отырудың сәті түсіп тұрғандай.
– 1992 жылдың 4 маусымы Қазақстан Республикасының Елтаңбасының туған күні ретінде тарихта қалды.
– «Герб» деген сөздің өзі немістің «ербо» деген сөзінен шыққан көрінеді.
– Қазақ тіліне аударғанда, ол «таңба», «белгі», тіпті «мұра» деген мағына береді. Бұл термин ежелгі Түркі қағанаты (551-630 жылдар) кезінен бастап қолдана бастаған.
– Ал Қазақстанның бүгінгі гербі туралы не айтасыз?
– Қазақстанның қазіргі таңдағы гербі үлкен еңбектің арқасында, екі сәулеткер Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың шығармашылық ізденістерінің нәтижесінде дүниеге келді. Бұл байқауда жеңіске жету оңай болған жоқ. Айталық, оны сезіну үшін ақтық жарысқа 245 жоба мен болашақ елтаңбаның 67 суреттемесі қатыстырылғанын еске алудың өзі жеткілікті.
Біздің елтаңбамыз дөңгелек. Әлемдегі ең жетілдірілген форма шар тәріздес болып табылады. Осы ең жетілдірілген бұл белгі көшпенділер арасында да жоғары бағаланған. Геральдика бөлшегі ретіндегі дөңгелек барлық жерде қолданылады десек те болады. Әсіресе, бұл элемент шығыстық көшпенділер арасында үлкен құрметке ие. Әрі ол мәңгілік пен өмір символы.
– Шаңырақ та өз ұлтымызға ғана тән, сәтті таңдалынған нышан емес пе?
– Шаңырақ – қай кезде де қазақ үшін отбасының берекесі мен тыныштығының белгісіндей қызмет атқарып келген. Ортасындағы түндіктен көгілдір аспан көрінеді. Барлық тарабына тең тараған уықтар – өмір мен жылылықтың бастауы. Керегедегі күлдіреуіштер болса, үш жүздің басын біріктіріп тұрған белгі. Осылайша авторлар геральдика тілімен бейбітшіліксүйгіш қазақтың болмысын танытуды мақсат етті.
Иә, Елтаңбамыз еліміздегі барша халықтарды бір шаңырақтың астына шақырып, біздің ортақ үйіміз Қазақстанның мықты уықтарына айналуды үндейді.
– Мемлекеттік рәмізге арғымақтың бейнесін салу байқауға қатысушылар арасында пікірлер кереғарлығын тудырғаны да есте.
– Елтаңбаның келесі композициялық құрылымының бөлшегі – алтын қанатты, мүйізі ай тәріздес тұлпарлар. Жалпы мемлекеттік рәміздерде ат бейнесін таңбалау тарихтан тамыр алады. Расында да, авторлар арасында елтаңба түпкілікті қабылданғанға дейін біршама пікірталастар болған. Арғымақтың бейнесі геральдистер тілінде терең мағына мен мазмұнға ие. Ол дұшпанға қарсы шыққанда қорқыныштан ада арыстанды, сұңқардың самғауын, өгіздің күшін, бөкеннің шапшаңдығы мен икемділігін, түлкінің тапқырлығын білдіреді. Байқасаңыз, арғымақтардың қанаттары бидайдың буылған алтын сабақтары сияқты. Бұл да еңбекті, байлық пен берекені және материалдық табыстылықты білдіреді.
– Елтаңбаның жоғары жағында бес бұрышты жұлдыз тұр. Жоба бойынша әу баста ол жерде жарты ай мен үш кішкентай жұлдыз болған көрінеді.
– Елтаңбаны қабылдау кезінде ол жерде сегіз бұрышты, жеті бұрышты немесе бес бұрышты жұлдыз болсын деген нұсқалар болған. Соңғысына тоқталдық. Біздің дархан жүрегіміз бен кең пейіліміз бес құрлықтың өкілдеріне бірдей ашық.
– Мемлекеттік нышандарды талқылау кезінде түске де көп мән берілгенін білеміз. Көптеген халықтарда түстің де өз тілі бар екені белгілі. Мәселен, көршілес Қытай елінде қызыл түс байлық пен береке шақырады деген түсінік қалыптасса, ақ түс – қаралы, қазалы жағдайды білдіретін көрінеді...
– Біздің Елтаңбамызға көгілдір мен алтын түс таңдалып алынған. Көгілдір түс біздің халықтардың бұлтсыз келешегіне, аспан ортақ дегенге ырымдалады. Гербтегі бұл түс ынтымаққа, ауызбіршілікке, жаһандағы халықтар бірлігіне бастап тұр.
– Әңгімені енді тудың түсіне байланысты жалғастырсақ.
– Тудың авторы Шәкен Ниязбеков екенін білесіздер. Осы арада басынан бастап автордың тудың түсінің көп түрлілігінен қашқанын айта кеткен жөн. Бірегей көгілдір түс тектен текке таңдалған жоқ. Ол аспан мен өмір нәрі судың да түсі.
Халықаралық ауқымда алып қарасақ, саясатта ашық көк түсті ту көтерген халық барынша сеніммен, түсіністікпен қабылданады. Және таза көгілдір түс біздің халықтарымыздың этно-мәдени бірлігін білдіреді әрі бір мезетте мемлекеттің тұтастығын меңзейді. Яғни, ала-құла емеспіз. Қысқа қайырғанда, тудың ортасындағы күн – өмір бастауы мен қуаттылық. Көшпенділер уақытты күннің жылжуымен белгілеген. Бүркіт те біздің халқымыз үшін көкке самғаған киелі құс. Бұл – тәуелсіздіктің символы, самғап бара жатқан сұңқарды ешкім тоқтата алмайды. Бұл идея да егемендік алған жас мемлекетіміз әлемдік өркениеттік биігіне жетсін деген мақсатпен жүзеге асты.
– Соңғы кезде кейбір шетелдік ғалымдар өз зерттеулері арқылы қазақтың оюларында терең нышандар жатқанын айтып жүр. Расында да мамандардың айтуынша, ұлттық оюларымыздың әрқайсысы әр түрлі мәнге ие көрінеді.
– Біздің туымыздың шетіне алтын түспен қошқар мүйізді ою салынған. Жалпы, қазақ ұлттық ою-өрнегінің бірнеше ондаған ғасырлық тарихы бар. Атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып, үнемі қолданыста дамып келе жатқан өнер түрі. Қазақ ою-өрнегі қошқар мүйіз түрінен бастау алатындықтан қандай ою түрін жасағанда да осы ою түрі басты көрініс табуы қажет. Қошқар мүйіз ою-өрнегі – байлық пен молшылықтың нышаны. Қошқар мүйіз бен арқар мүйіз оюларының қазақ қолөнерінде қолданылмайтын жері жоқ.
– Райхан ханым, сіз «Бейнелеу өнеріндегі дала феномені» атты кітаптың авторысыз.Оның үстіне Қазақстанның заманауи өнеріндегі этно-мәдени дәстүрлерді дендеп зерттеп жүрген ғалымсыз. Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның мүшелігіне де жетелеген осы жұмыстарыңыз болар?
– Даланы түркі танымының бесаспап кілті ретінде қабылдаған суретшілер әрдайым өз жұмыстарында мифологиялық қабаттардың шежіресін, дәстүрлі дүниетанымын, Қазақстан мен Орталық Азия халықтарының ұлттық ерекшелігін, тарихын және бүгінгі шынайы өмірін көрсете білген.
Біз өз тарихымыздан нәр аламыз. Тамырсыз ағаш болмайтыны секілді, тегіне тартпайтын ел жоқ. Демек, осындай мәртебелі мемлекеттік комиссия құрамына қосылуға бейнелеу өнері саласындағы сан жылдардағы ізденістерім де септескен болар.
Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.