04 Маусым, 2011

Төрт келісім ратификацияланды

404 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Сенаттың жалпы отырысында халықаралық төрт келісімді ратификациялау туралы заң жобалары депутаттардың назарына ұсы­ныл­ды. Бірінші кезекте қаралған «Тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, темір жол көлігінің қыз­меттеріне қол жеткізуді реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы болды. Ол Бір­ыңғай экономикалық кеңістік­ке қатысушы мемлекеттердің ин­фра­құрылымы қызметтеріне қол жеткізу қағидаларын айқындай­тын құжаттарды әзірлеу мен қа­был­дауға мүмкіндік береді. 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап Ресей, Беларусь және Қазақстан аумақ­та­рында жүктерді транзитті та­сы­малдауға арналып, бірыңғай, біріздендірілген тарифті қолдану Қазақстаннан жүк жіберуші­лер­дің көліктік шығындарын төмен­де­туге жағдай жасайды. Сенаторлар бұл заң жобасын қабылдап, келісімді ратификациялады. Келесі кезекте қаралған «Беларусь Республикасындағы, Қа­зақ­стан Республикасындағы және Ресей Федерациясындағы техни­ка­лық реттеудің бірыңғай қағи­дат­тары мен қағидалары туралы келісімді ратификациялау тура­лы» заң жобасы да қабылданды. Бұл жобаға негіз болған келісімге 2010 жылы қарашада Санкт-Пе­тербургте қол қойылған болатын. Ол Бірыңғай экономикалық ке­ңіс­тік аумағында Кеден одағы­ның техникалық регламенттеріне сәйкес, өнімдердің еркін айна­лы­мы үшін техникалық реттеудің бірыңғай құқықтық негіздерін жасауды мақсат етеді. Келісімде сондай-ақ Бірыңғай экономика­лық кеңістіктің кеден аумағына үшінші елдерден өнім келіп түс­кен жағдайларға бірдей тәртіп белгілеудің негіздері де жасалған. Елімізге заңсыз келіп жұмыс істейтін шетелдік жұмысшылар және олардың отбасы туралы мә­се­лелер де заңмен реттелетін бол­ды. Сенат отырысында тал­қыға салынған «Үшінші мемлекеттерден келген заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жө­нін­дегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау тура­лы» жоба дәл осы тақырыпқа арналды. Кеден одағы Үкіметтерінің бас­шылары Санкт-Петербургте 2010 жылы қарашада қол қойған құжатта үшінші мемлекеттерден келген заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жөніндегі ынты­мақтастықтың негізгі бағыттары мен түрлері белгіленген болатын. Сонымен қатар, заңсыз еңбек кө­ші-қонына қарсы іс-қимылдың негізгі мақсаты ішкі еңбек ры­но­гын қорғау болып табылады. Осы­ған байланысты, келісімде еңбек ету үшін заңсыз көшіп-қонушыларды анықтау және есебін алу, сондай-ақ Кеден ода­ғы елдеріне олардың заңсыз келуін шектеу шараларын жүргізу көз­делген. Жалпы отырыста, сонымен бір­ге, «Көшіп-қонушы еңбекші­лер мен олардың отбасы мүше­ле­рінің құқықтық мәртебесі туралы келісімді ратификациялау тура­лы» заң жобасы да талқыланған болатын. Бұл жоба көшіп-қо­ну­шы еңбекшілер мен олардың от­басы мүшелерінің құқықтық мәртебесін айқын­дай­ды, олардың еңбек қызметін жүзеге асыру тәр­тібін және оларды әлеуметтік қор­ғауға бай­ла­нысты мәселелер­ді қамти­ды. БЭК-ті құру мақсат­тарына да сай келеді. Бірқатар тал­қылаудан кейін еңбек рыно­гына қатысты екі заң жобасы да қа­былданды. Заң жобалары бой­ын­ша сенаторлар Ғ.Қасымов, С­.Жал­мағамбетова, Ғ.Есім, Б.Досмамбетов, Е.Мұқаев, Ю.Кубайчук, Ж.Төрегелдинов, С.Ең­се­ге­нов, Б.Мұхаметжанов сауалдар қой­ып, келісім баптары мен кейбір ережелерді нақ­тылау тұрғы­сында түсініктеме берілді. Жалпы отырыста қолданыс­та­ғы заңнамаға электронды ақша мәселелері жөніндегі өзгерістер енгізу туралы заң жобасы екінші оқылымда қаралды. Талқылау ба­рысында сенаторлар «электрон­ды ақшаны пайдалану» ұғымы­ның электронды ақшаны пайдалану тәсілдерін кеңейту бөлігіне бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынды. «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне элек­трон­ды ақша мәселелері бойын­ша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына енгізілген өзгерістер Парламент Мә­жілісіне жіберілді. Отырыс соңында сенаторлар С.Ақылбай, Қ.Ищанов, Ю.Кубайчук, Х.Валиев, Ж.Төрегелдинов, С.Плотников, Ғ.Қасымов өздерін толғандырған мәселелер бойын­ша депутаттық сауалдарын жария етті. Серік ҚАРАЖАН, журналист.