Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кәсіби көркемсурет факультетін тәмамдады. Қадырсұлтан Нүсіпқанұлының бейнелеу өнеріндегі ең алғашқы жеңісі 2005 жылы оқушы, студент жастар арасында ҚХР-да өткен «Бейбітшілік және уақыт» атты халықаралық сурет жарысының күміс жүлдегері атануы. Қарағанды облыстық «Жыл суретшісі» аталымының иегері. Халықаралық «Ұрпаққа аманат» атты көркемсурет көрмесінде шеберлік сыныптары үшін I дәрежелі дипломмен марапатталған болса, Халықаралық «Алматы – тәуелсіздігімнің алтын бесігі» атты өнер фестивалі көрмесінде «Зуқа батыр» аталымын иеленген.
Буырқанған бояуларға қылқаламын малып, қоңыр белдермен бояу үндестігін жарастыра білген суретшінің туындыларынан бар ғұмыры аттың үстінде өткен көшпенді ата-бабаларымыздың, ұлы даланың рухын сезесіз. Кейде бар құпиясы қарапайымдылығына жасырынып жататын қонағуар қоңыр тіршілігінің небір сырлы ғажайыбы да Нүсіпханұлының қолтаңбасынан менмұндалап тұрады. Бейнелеу өнерінің пейзаж, натюрморт жанрларындағы композициясы орнықты, бояуын мейлінше түске бай етіп салған суреттері көптің көзін арбап, көңілін жаулайды. Соңғы кездері карикатура, графикалық тәсілмен өрнектелген жұмыстары кітаптың қыстырма сурет нұсқаларына негізделуде.
Қадірсұлтан бейнелеу өнерін нағыз бекзат өнер деп бағалайды. Шын шебердің қолынан шыққан суреттің көз тойдырар көркемдігі көрген жанның көңіл сарайын ашып, жан әлемінің жағалауынан жайлы самал естіреді. Өрнекпен де өнегелі ой айтқан, салихалы көшін сан түрлі оюмен сәндеп сахараны салтанатқа бөлеген ата-бабаларымыздың әсемдікке деген түсінік, түйсігі бөлек-ақ, деп шабыттанады. Қазір өмір ағысы өзгеше болғанымен сол елдің бүгінгі жас ұрпақтары этнокөркемдік арқылы эстетикалық тәрбие беруді басты мақсатым санаймын, − дейді қылқалам иесі.
Ол қазір Алматы облысы, Алакөл ауданы, Ынталы ауылында тұрады. Ауылдық әкімшілікте жастар ісі жөніндегі нұсқаушы маман. Сондай-ақ, Ынталы орта мектебінде қосымша сурет пәндерінен сабақ беріп, өз шәкірттерін тәрбиелеп жүр.
Айтпақшы, Қадырсұлтанның ақындық қыры және бар. Кейде облыс, аудандарда өтетін мәдени іс-шараларға әр ауылдан өнерпаздар қатысуы керек болып қалатын жағдайлар болып жатады ғой, сонда Ынталы ауылының өлең бәйгесіне де, сурет бәйгесіне де қатар қосатын жүйріктері де осы Қадірсұлтан.
Қос қаламы қуатты болғай!
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Қадірсұлтан Нүсіпханұлының суреттері