«Қабікеннің қаршадай ұлы бес жасында шахмат үйреніп, алты жасында ағасын, жеті жасында әкесін, сегіз жасында математик ұстаздарын ұтып кетіпті. Өзі ширақ екен», – деген сөздерді біз бала кезімізде жиі еститін едік. Бөлімше мектебінен ауыл мектебіне ауысқанда, оқушылардың аудандық пионерлер слетінде «Қабікеннің ұлы кандидат шахматшыларды ұтып кетіпті» – дегенді де естідік.
Өзімізбен сыныбы қатарлас бұл қайдан шыққан бала деп жүргенде, аудандық спартакиадаға барған кезде қолды-аяққа тұрмайтын ширақ, бәрін өзімсініп жүрген бір баламен таныстым. Әлгі бала сөзге ағып тұр, білмейтіні жоқ, есепті де ауызша шығарады екен. Міне, қызық, спартакиаданың қорытындысы шыққанда «әлгі ширақ сары» шахматтан, дойбыдан аудан жеңімпазы болып шыға келмесі бар ма. Сөйтсем, әлгі Асқарым дегдарлардың ауызынан түспейтін, әкесін алты жаста жеңіп кеткен «Қабікеннің оқымыстысы» болып шықты.
Содан бастап Асқармен арадағы жіпсіз көңіл достығы басталды. Сыныпта қалай тыныш отыратынын білмеймін, арада қырық жылдан астам уақыт өтсе де, менің көз алдымда Асқардың зыр жүгіріп, бір нәрсені іздеп, бір нәрсені қызықтап, білгенін өзгелермен бөлісуге асығып жүретіні қалып қойды. «Формуланы жаттап қайтесің. Мына есепті былай шығарсаң да, сол нәтиже шығады. Сонда ойын сияқты қызық көрінеді» дейтін. Оның расында да білмейтіні болмайтын. «Семейдің шахмат мектебінің балаларын оп-оңай жеңуге болады екен. Пәлен деген шеберлікке кандидатын ұтып кеттім» – деп өз басындағы жаңалығын айта жүріп, өзіңді бауырына тартып, ақылын да айтып үлгереді. Тек «білгішсінбейді», нендей жайтты айтса да әншейін бір қызық кітаптың мазмұнын айтып тұрғандай етіп жеткізеді. Кейін білдім, төрт жасында шахмат тақтасын көріп, ағасының ойынын бақылап жүріп, бұл ойынды үйреніп алыпты. Бір күні ағасы ермек үшін үйретпек болғанда, үндемей отырып оны жеңіп кетіпті. Қайта ойнағанда әзер тең түсіпті. Содан кейін Семейден шахматтың кітабын алдыртып, өз бетінше орысшаны әрі шахмат тақтасындағы жүрісті қоса үйреніп, «Қабікеннің кішкентай оқымыстысы» атаныпты.
Әрине, мұндай «іштен оқып туған бала» мектепті алтын медальға бітірді. Оқуға да түсті. Бір кездескен тұста «Үш ғылыми жаңалық ашып, авторлық куәлік алдым» – деді ол. Шахматты қойыпты, ғылыми ізденіске бөгет жасайды екен. Сол жолы ол маған өзінің аспирантурадағы оқуын жалғастыруға Германияға кетіп бара жатқанын айтқан. Онда барғанда қиналмайтынын, неміс тілін тиянақты білетінін, ал ағылшынша үйреніп жүргенін айтқан.
Осы арада бірер жыл өтіп, біз де баспасөзге төселіп, екі жинақ шығарып, Жазушылар одағына көз тігіп жүргенде, сол кездегі ғылыми журнал «Білім және еңбекке» баяғы Асқарым кіріп келсін. Ширақтығына батылдық қосылыпты, көңілі нық. Мұнда текке келмей, «доктор – инженер» деген ғылыми атағымен қоса, бір ғылыми-көпшілік кітаптың қолжазбасын да ала келіпті. Жиырма сегіз жасар жігіт үшін үлкен бедел және Қазақстанда ондай атақ бұрын ешкімде жоқ еді, сөйтіп, қазақ ғылымына тағы да бір «тұңғыш» деген сөз қосылды (Араға отыз екі жыл өткен соң барып «доктор – пейджи» деген сөз қолданысқа ресми түрде ене бастады ғой). Оның бұдан кейінгі оқымыстылық жолы мен зерттеулері менің тілім келмейтін терминдерге толы болды.
Қазақта: «Шын жүйрік өрге шапса өршеленер», «Жүйрікке – шапқан да өнер, жатқан да өнер» деген қанатты тіркестер бар. Соның қайсысын оқымысты Асқар өнеге тұтты білмеймін, әлде, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шет елдің білім саласынан хабардар адам керек болды ма, қайдам, Білім және ғылым министрлігінің Болашақ даму және білім берудің жаңа технологиялары, Білім беруді дамыту стратегиясы сияқты басқармаларының тізгінін ұстады. Министрліктің коллегия мүшесі болған күні мен «Қабікеннің оқымысты ұлынан» тағы да күдер үзе бастадым. Өйткені, қызметтің тымауы бір тисе оңайшылықпен кете қоймайды. Алайда «оқымыстым» көп ұзамай «Қазақ энциклопедиясының» бас редакторының орынбасары болып шыға келді. Бізге шет елдің талабына жауап беретін дербес энциклопедиялық жүйе керек екен, іс онымен де бітпейтін болып шықты. Енді еуропалық стандартқа сай оқулықтар шығаратын баспаның (Мектеп, Рауан) жұмысын жолға қою керек көрінеді. Иә, енді Білім академиясы арқылы оқулықтар жүйесін бірыңғай стандартқа түсіру қажеттігі туыпты. Оны айтасыз, Асқардың отыз томдық жаңа үлгідегі сөздік жасауға қатысып, Мемлекеттік сыйлық алуы өз алдына бір әңгіме.
Ашығын айтқанда, мен үшін осының бәрі «оқымысты» деген сөздің орынын толтыра алмайтындай көрінген. Асқар Педагогикалық ғылымдар академиясын құрғанда, несін жасырайын, бұл жігіттің «оқымыстылығынан» мүлдем күдер үзгендей болдым. Баяғы бала кездегі тапқышбегім өз жолынан адасып қалды ма деп те күдіктендім. Оның үстіне, өзім профессор болсам да, осы оқу методикасы дегенді еріккеннің ермегі, жалқаудың жандәрмені деп есептейтінмін. Білім саласы туралы батыл, ойлы, талдамалы мақалаларын ұнатып оқысам да, ерінбеген соң ойын білдіргісі келген шығар деп жорамалдайтын едім. Содан ХХІ ғасыр басталған тұста қазақтың жоғары және орта білім жүйесі оқулықтан тұншықты.
Әдістемесіз білім құрғырың миға сіңбейді екен. Жазушылық тәсілге сүйеніп қана дәріс беруге болмайтынына көзім жетті. Бір кездескенде осыны сыр ғып айтып ем, өзіме ұзақ дәріс оқыды. Келесі жолы тағы да солай. Үшінші жолы ұшырасқанда: «Сен жазушысың ғой. Менің еңбегім көзіңе түспеген екен. Бәлкім, оқымайтын да шығарсың. Сен баяғы «Қабікеннің ұлын» іздейсің. Оқу жүйесі және стандарт деген білімнің кілті. Сен мыналарды бір қарап шықшы», – деді.
Сізге өтірік, өзіме шын, мен үшін «Қабікеннің оқымысты ұлы» құбылып түскен тұйғындай боп, өзге бір қырынан көрініп шыға келді. Ақылдымсып қайтейін, сол еңбектердің атын атасам да, астары түсінікті болар деймін. «Оқулықтану», «Салыстырмалы педагогика», «Салыстырмалы педагогика: әдіснамасы мен әдістемесі», «Білім және реформа», «Білім – болашақ негізі», «Педагогика және психология салаларындағы диссертациялар», «Терминология – тілдің күретамыры», «Орысша – қазақша – ағылшынша политехникалық сөздік» (1-2). Біздің шырылдап әрі жарымай жүрген оқулықтарымызға қойылатын талаптар, жүйелер, деңгейлер, білім сатылары Ресейде, Америкада, Канадада, Францияда, Германияда, Ұлыбританияда, Жапонияда, Қытайда қалай реформаланды, даму бағыттары қандай, біз қайсысын ұстануымыз керек, әр сатыдағы білім орындарына қандай талаптар қойылады, соның бәрі осы еңбектерде қамтылыпты. Ұзын сөздің қысқасы, сонау жетпісінші жылдан бастап шет елдің білім жүйесіндегі реформалардың куәсі болған ғалымның ғылым мен білім саласындағы тәжірибесі тәуелсіздіктің қиын жылдары бізге демеу беріпті. Бұл өзі Қазақстанда осы Асқар қалыптастырған, әлі де жетілу үстіндегі, біздің білім жүйеміздің келешегін анықтайтын ілім саласы екен.
Демек, ол шын оқымысты дәрежесіне көтеріліп, кемелденген кемел ой иесі деңгейіне жетіпті. Баяғы мен білетін «Қабікеннің оқымысты ұлы» енді, ондаған шет елдің, өзіміздің білім ордаларының құрметті профессоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Асқар Қабікенұлы Құсайынов. Осының ішінде профессор деген атағы маған өте түсінікті әрі өзіне жарасып тұрғандай. Айтпақшы, айта кетейін, бәйбішесі де өзіне сай бапты боп кезікті. Дәлила да ғылым кандидаты. Ұлы Ақылбек, қыздары Динара мен Зия да мектепті алтын белгімен бітіріпті. Жоғары оқу орындарын үздік аяқтап, шетелдік компанияларда қызмет етеді екен. Анықтамадағы көп атақтың ішінен «8 мемлекеттік стандарттың авторы» дегенді көзім шалып қалды. Бұл – нағыз заманауи еңбек. Бір мемлекеттің бір өлшемінің авторы болып та мәңгілік тарихта қалуға болады. Ал, мынадай нәтижеге қол жеткізуінің сыры оның қуаты буырқанып тұратын тегеурінді ойлау жүйесінде ме деп ойлаймын.
Ойлаймын да, сонау бір елуінші жылдардың аяғында, алпысыншы жылдардың басында шахматтан әкесі мен ағасын қатар ұтатын жеті жасар ұлдың полигонның дүмпуімен жарыса жетіп жататын «оқымыстылығы» туралы аңыз шындыққа айналды – деген қорытындыға келдім. Әйтсе де, кей кезде аға Асқардан көрі, бала Асқарды сағынып кетемін. Бір жаңалық тауып, соны жеткізуге асығып, ақ көйлегі делдеңдеп жүгіріп келе жатқан бейнесі әлі де маған ыстық.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ, филология ғылымдарының докторы, профессор.