Таяуда мұнда 2017 жылдың 1 тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына әрі аталған кезеңдегі бюджеттің орындалу барысын талқылауға арналған кеңейтілген мәжіліске қатысқан едік.
Өңір басшысы өзінің кіріспе сөзінде атап көрсеткендей, мұндағы негізгі көрсеткіштер мен деректер көпішілікке белгілі. Отырыста соның бәрін тағы да қайталап езе бергеннен май шықпайтыны тағы да аян. Бұдан гөрі экономикалық өсімді одан әрі өсіруге септігін тигізе алатын, әлі де болса пайдаланылмай жатқан мүмкіндіктер мен резервтерді атап көрсеткенде ұтымды болмас па еді?
Өңірдің 2017 жылы 1 тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде негізгі баяндаманы жасаған облыс әкімінің орынбасары Асқар Бияхметовтің сөзі жарты сағатқа созылғанымен, бұдан тұшымды талдау таба алмадық. Оның ащы ішектей созылған сөзінде нақтылық пен тастүйін тұжырым, дәйекті дәлел жетіспей жатты. Күн тәртібіндегі басты мәселелерінің бірі бюджеттен бөлінген қаражаттардың қалай игеріліп жатқаны жөнінде де мардымды ештеңе айтылмады. Бұған қатысты есеп берушінің тиісті зерттеулер мен мониторингтік бақылаулар жүргізу ісі қолға алынды деген сөзі де тым жалаң, жалпылама күйінде айтыла салғандай әсер қалдырды.
Табыс көздерін іздестіру мен толықтыру жолдарының бірі салық түсімдері бойынша берешек соманы өз орнына келтіру болса керек-ті. Облыста мерзімінде төленбей қалған салық мөлшері өсіп бара жатқан жоқ па екен? Егер мұндай көріністер орын алған болса оның көлемін төмендету жолдары қалай болмақ? Бұл үшін өндірістік өңірдегі әрбір кәсіпорынмен жүргізілген жұмыс көңілден шыға ма? А.Бияхметов тарапынан осындай басы ашық сауалдарға да толыққанды жауаптар қайтарылмай қалғаны өкінішті-ақ.
Сондай-ақ, өз әріптесінен қалыспай жарты сағатқа жуық өткен тоқсандағы өнеркәсіптің жағдайы, соның ішінде шағын орта бизнестің жәй-күйі қалай болғаны осы кезеңдегі бизнес өкілдерінің проблемалы мәселелері туралы баяндаған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің сөзі де мәжіліске қатысушыларды серпілте қоймады.
Тек облыстың 1 тоқсандағы ауыл шаруашылығы саласы дамуының қорытындылары және 2017 жылға қойылған міндеттер туралы баяндаған облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиевтің тұжырымдары көңілден шыққандай болды. Сондай-ақ, ол бүгінгі күннің басты мәселесінің бірі – көктемгі егіс кезінде қандай технологиялар мен тәсілдерге арқа сүйеу керектігі жөнінде де айтып өтті.
Сөз соңында үш айдың қорытындысына бола осыншама дүйім елді жинап алқалы жиын өткізудің қажеті бар ма еді деген сауалға жауап қайтарғымыз келеді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тұжырымдауынша, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша кең ауқымды талдаулар жүргізу өте қажет. Бұлай болатын себебі жылдың алғашқы үш айын қосатын бірінші тоқсанда тізгін өз бетімен кетіп қалса кейін оның орнын толтыру өте қиынға түседі.
Қысқасы, алғашқы тоқсан жыл қорытындысын айқындайтын шешуші кезең, деп түйіндеді ол өз ойын.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы