Маңғыстау облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің бастығы Әнуар ШӨЖЕҒҰЛОВПЕН әңгіме
– Әнуар Аманқұлұлы, бүгінгі әңгімеміз осы жылдың наурыз айында Мәскеуде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевтің кездесуінде қабылданған екі елдің шекарасындағы кедендік бекеттерді 1 шілдеден бастап алып тастау туралы шешімнің жүзеге асатын күні қарсаңында болып отыр. Сондай-ақ өткен жылы өмірге келген Қазақстан, Ресей және Беларусь кеден одағы жұмысының алғашқы оң нәтижелерінің де көріне бастағаны белгілі. Әңгімені осы сауалдар төңірегінде өрбітсек дұрыс болатын шығар.
– Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап-ақ кеден ісінің жаңа жүйесін құру және оны халықаралық стандарттар деңгейіне дейін дамыту қажеттілігі туды. Өйткені кеден органдары еліміздегі экономикалық процестерге іс жүзінде әсер етіп, елеулі роль атқарады. Соған орай өмірге келген нақты игі шаралардың бірі үш мемлекет – аралық кеден одағы деуге болады. Соның нәтижесінде ТМД елдері халқының 60 пайызын құрайтын 170 млн. халыққа ортақ сауда алаңы пайда болды. Өткен жылы Ресей және Беларусьпен жасалған сауда көлемі 38-40 пайызға, бюджетке түскен кедендік баж салығының өсімі 25 пайызға өсті. Қазақстандық өнімдердің кеден одағы елдеріне экспорты 52,4 пайызға көтерілген. Сайып келгенде, мұндай ілгері басушылық кеден одағындағы үш мемлекеттің экономикалық мәселелерін шешетін, сондай-ақ еліміздің бизнес саласын бәсекеге қабілетті тауарлар шығаруға және қызмет көрсетуге ынталандыратын нақты жобаның жемісі деп білеміз. Өзара саудаға транзиттік бірыңғай шарттар жасалды. Кеден саласы қызметкерлеріне қатысты бірыңғай талаптар да белгіленді. Оның бәрін біздер, маңғыстаулық кеденшілер, Қазақстандағы бірден-бір жерде де, суда мыңдаған километр шекаралас мемлекеттермен байланыстар арқылы сезініп отырмыз.
– Олай болса осы тұста өзіңіз басқарып отырған облыстық кедендік бақылау департаментінің құрылымы, оның кедендік бақылау орнатқан жерлері туралы тереңірек мағлұмат беріп өтсеңіз?
– Жаңа ғана айтқанымыздай, біздің департаменттің құзырына құрлығы бар, теңізі бар 1910 километрлік шекараны алып жатқан бес ел Ресей, Әзірбайжан, Иран, Түркіменстан, Өзбекстан кіреді. Солардың ішінде біздердің негізгі жұмыс 465 километрлік Өзбекстан және 365 километрлік шекарасымен іргелес жатқан Түркіменстан Республикаларымен арада болып тұрады. Осынау шекаралардағы және өз аумағымыздағы 10 кедендік пунктте үш жүзден астам адам қызмет істейді. Осылардың ішінде елге белгілі Өзбекстанмен шекарадағы Тәжен, Бейнеу теміржолы, Түркіменстанмен арадағы Темірбаба кедендік бекеттеріндегі жұмыс күндіз-түні толастамайды. Осы жыл аяғына таман «Жаңаөзен-Түркіменстан шекарасы» темір жолы аяқталуына қарай «Болашақ» атты кедендік бекеттің ашылып жұмыс жасауы жұмысымызға ерекше серпін беріп, қанатымыз жайыла түскелі отыр. Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Елдің шығысында Қорғас, батысында Ақтау айлағы шынайы экономикалық аймаққа, яғни, Қазақстанның ашық қақпасына айналуы керек», деп атап көрсеткен Ақтау теңіз сауда портындағы кедендік бекеттің жұмысы да атап айтуға тұрарлықтай дәрежеде қарқын алып келеді.
– Тілге тиек етіліп отырған жетістіктер өздігінен келмегені белгілі. Осы ретте сала жұмысын жетілдіріп, коммерциялық, көліктік, транзиттік құжаттарды тіркеу бақылаудың тиімді тәсілдері қалай жүзеге асырылады?
– Осы айтылған жұмыстардың бәрі де өткен жылдың қазан айынан бастап тексерудің автоматтандырылған жүйесіне көшті. Соның арқасында мағлұматтарды тіркеу 1 жұмыс күніне, ал тауарлардың жекелеген категорияларына қатысты тауарларды өткізу 4-5 сағатқа қысқартылды. Пластикалық төлем карталарының жүйесі қолданысқа енді. Шекарада кеден органдарына бақылаушы органдардың іс-әрекеттерін үйлестіру құжаттарды қабылдау және беру қызметі біріктірілген кедендік бақылау енгізілді. Басқа да заманауи техникалық құралдар келіп, кедендік құжаттардың электрондық көшірмелерін тегін түрде жасауға және оны интернет жүйесі арқылы жолдауға мүмкіндік беретін «Web-декларант» электрондық мағұлымдама берудің бағдарламалық кешені тәжірибелік пайдалануға берілді.
– Бұл күндері Маңғыстау тоғыз жолдың торабын біріктіретін аймақ. Жоғарыда әңгіме болған Ақтау теңіз сауда порты одан әрі солтүстік бағытқа кеңейтілсе, осы жыл аяғында пайдалануға берілетін «Өзен-Түрікменстан мемлекеттік шекарасы» және «Жетіген-Қорғас» теміржол желілері «Ұлы Жібек жолын» жаңартып, кеден одағына қарасты мемлекеттердің соның ішінде Қазақстанның транзиттік қуатын еселей түсетіні және Еуропа, Қытай, Парсы шығанағындағы сауда айналымына ерекше екпін беретіні белгілі. Осы жерде де кедендік одақтағы Ресей мен Беларусь мемлекеттеріндегі теміржол тарифтерінің бір деңгейде болуы жүк айналымына оң ықпал ететін шығар.
– Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің өзара кеден одағы бір жылдың өзінде өзінің өміршеңдігін, үш елдің де экономикалық мәселелерін ойласа, бірлесе шешуде үлкен рөл атқаратындығын көрсетті. Бұрын түрлі құжаттар толтырып, салық төлеп Қытай, Түркиядан әкелінетін тауарлар жақын жердегі Ресейден, Беларусьтан салықсыз-ақ келе бастады. Ресейден бізге түрлі тамақ өнімдерін, химиялық заттар, цемент, медициналық құрал-жабдықтар, мұнай-газ өнеркәсібіне қажетті жабдықтар мен мебель, т.б. келсе, Беларусьтен тоңазытқыштар, автомобиль, трактордың қосалқы бөлшектері, сүт тағамдары автокөлік тіркемелері көптеп келе бастады. Цифр тілімен айтсақ бір жылдағы сауда айналымының өсім пайызы Ресеймен 101,8, ал Беларусьпен 95,8 пайызға жетті. Қазақстаннан импортқа шығарылатын түрлі металдар, мұнай өнімдері, астық, қара темірден жасалған бұйымдар өткен жылдармен салыстырғанда 90 пайызға өскен.
– Талпыныс – табысқа жеткізеді. Ізденіс түбі – игілік дегендей өзіңіз басшы болғалы осы сала қызметін жетілдіре түсу жолында жасалған іс-шаралардың кейбіреулеріне тоқталып өтсеңіз.
– Ізденіс шынында да игілікке ұмтылдырады. Мен бұл жерде тұрғындардың ғана емес Ақтау теңіз сауда портының жұмысын пайдаланатын республика тұрғындарының көңілінен шыққан бір жайды айтқым келеді. Ол осы жылдың наурыз айынан бастап «Морпорт» кедендік бекетінде автокөлік құрылғыларын қосымша кедендік рәсімдеу пунктін ашуымыз болды. Жаңа құрылым арқылы өткен күні кешеге дейін 14,5 мың автокөлікті рәсімдеу жүзеге асқаны белгілі болды.
– Әңгіме соңында алдағы жоба-жоспарлар, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын лайықты қарсы алу жолында жүзеге асудағы жұмыстар жайлы не айтар едіңіз?
– Ел экономикасын дамытып, халқымыздың әл-ауқатын жақсарта түсу жолында кеденшілердің алдында тұрған жоба-жоспарлар баршылық. Және оларды жүзеге бағытындағы жағымды жаңалықтар да жоқ емес. Біздер үшін соның ең негізгісі – облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауы мен көмегі нәтижесінде жақын күндері Ақтауда, Астана, Алматы, Шымкенттен кейін ашылатын «Батыс» атты мониторинг орталығы болмақшы. Ол бұл күндері қаланың 31-шағын ауданында салынып жатқан облыстық кедендік бақылау департаментінің әкімшілік кешенінде орналасады. Сол кезде кеденшілер жұмысы жаңа сатыға көтеріліп қана қоймай, жүк тасымалдау қарқыны да арта түседі. Яғни бір орталықтан инспекциялық бақылау заманауи құрал-жабдықтар жұмысымыздың тиімділігі, ашықтығын арттырып, кеден рәсімдерін жеңілдету, құжат айналымдарын қысқарту т.б. жұмыстар халықаралық конвенцияның стандарттарына сай жүзеге асады.
– Рахмет.
Әңгімелескен Жоламан БОШАЛАҚ.