Қазақстан • 04 Мамыр, 2017

Интерактивті дәріс өткізілді

230 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл толуын мерекелеу қарсаңында Орталық коммуникациялар қызметінде Қорғаныс министрлігі Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, жалпы білім беретін мектеп оқушылары үшін интерактивті дәріс өткізді.

Интерактивті дәріс өткізілді

Іс-шараға Қорғаныс министрі­нің орынбасары генерал-майор Талғат Мұхтаров, Әуе қорғанасы күш­тері бас қолбасшысының тәр­бие және идеологиялық жұмыс жө­ніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Садықов, Құрлық әс­кер­лері бас қолбасшысының тәр­бие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Дулат Адырбеков және Әскери-те­ңіз күштері бас қолбасшысының тәр­бие және идеологиялық жұмыс жөнін­дегі орынбасары ка­пи­тан Ермек Байғабылов қатысты. 

Дәрістің көрсетілімі интернет арқылы онлайн режімде барлық республикалық мектептерде ұйым­дас­тырылғанын айта кеткен жөн. «Мемлекеттің құрылуы, дамуы және гүлденуі үшін 25 жыл – өте қысқа мерзім. Алайда, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен біз күллі әлемдік қоғамдастыққа еліміз бұрынғы Одақ елдерінің арасында және бүкіл әлемде ең үздік болуға лайық екенін дәлелдедік. Еліміздің 25 жылдық дамуында әскеріміз де өте қарқынды, жоспарлы дамыды және қазіргі таңда жеткілікті жарақ­талған кәсіби Қарулы Күш­теріміз бар», – деп атап өтті Қор­ғаныс министрінің орынбасары генерал майор Талғат Мұхтаров.

Оның айтуынша, өткізіліп отырған аталған дәріс уақыттың талабына сай өзекті әрі отансүйгіш­тікке тәрбиелеуде аса маңызға ие. Сондай-ақ, ол 1 мамыр Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесінен кейін және 9 мамыр Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнін дәстүрлі мерекелеу Отан қорғаушылар мен болашақ ұрпақтар үшін қанды майданда жеңіске қол жеткізген аға буын арасындағы рухани байланыс пен сабақтастықтың символы іспеттес екенін де айтып өтті.

Сонымен қатар, генералдар рес­пуб­ликалық мектеп оқушы­ларына Қазақстан армиясының тарихы мен бүгіні және жеткен же­тіс­тіктері туралы әңгімелеп берді.

Ал өз кезегінде мектеп оқушы­лары әскерилерге ойларында жүр­ген сан түрлі сауалдарын қойып, жан-жақты жауап алды. Қызықты әрі ұмытылмас әсер сыйлаған ерек­ше дәріс үшін алғыстарын біл­дірді. Іс-шараның соңында Қару­лы Күштердің 25 жылдығына ар­налған бейнеролик көрсетілді.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»