Қазақстан • 04 Мамыр, 2017

Мемлекет тірегі – руханият

383 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» деп аталатын мақаласын ерекше зейінмен, толға­ныс­пен оқыдық. Мақала ел тағдырын, жер тағды­рын, ұлт тағдырын ойлаған әрбір азаматты бейжай қалдырмайды.

Мемлекет  тірегі – руханият

Осы уақытқа дейін қазақ­тың ұлтжанды руха­ни эли­тасын алаң­датып келген мәсе­лелерді Елбасы бір мақала шең­берінде синтездепті. Қазақ­­стан басшысы ел эконо­микалық жа­ңа­румен шектел­меу­ге тиісті, олай болуы бір­жақ­ты, жеткіліксіз. Сондық­тан, қоғам міндетті түрде рухани жаңаруға тиісті. Осы екі үрдіс қосылғанда ғана Қазақ­­стан қоғамы толық­қан­ды дамуға мүмкін­дік ала­ды деген ойды ерекше ай­шық­тай­­ды. Мақала тек ойтол­ғау мақ­сатында жазыл­ма­ған. Ең­бек нақты шеші­летін мә­дени, рухани, ғылы­ми, біліми шара­лар­дың бағ­дар­ламасы іспет­тес. Тіп­тен қазіргі Қазақ­стан қоға­мы­ның рухани жаң­ғы­руы­­ның саяси және идео­ло­гия­­лық міндеттері қайтадан нақтыланған.

Жаһандық бәсекеге қабі­леттілікті күшейту үшін ұлт­тық кодымызды сақ­тауы­мыз керек деген өзек­жар­ды ой – мақаланың негіз­гі қа­ғи­даттық идеясы. Қазақ­стан халқының ұлттық коды­ның кілті – қазақ ұлты­ның салт-дәстүрлері, тілі, ділі, мәдениеті, әдебиеті, өнері, музыкасы. Қазақстан хал­қы­ның ұлттық коды осы­лар. Біздің ұлттық коды­мыз­дың мазмұны мен мәні Абай, Шәкәрім, Жамбыл, Алаш қай­раткерлері шығарма­шы­лығында тамаша ашылған. Олар үшін ең маңыздысы қазақ халқының сақталуы, ұзақ тарихи кеңістікте өз жеріне, өз байлықтарына ие болып, тілі мен мәдениетін сақтай отыра әлем халық­тары қол жеткізген озық үлгі­лер­ді бойға сіңіру бол­ған. Н.Назарбаев ұлы баба­ла­ры­­­­мыздың осы идея­ларын өзгерген, жаһан­дан­ған әлем тұрғысынан жа­ңа­ша толғайды. Прези­дент көтер­ген мәселелердің бар­­лы­ғы тағдырлық дәреже­де өзек­ті. Елбасының көтер­ген әр­бір мәселесіне қатысты қосым­ша ой қозғай беру – қо­ғам үшін зәрулік. Алайда, біз екі мәсе­леге ғана қатысты ой бөлі­суді жөн көрдік.

Президент қазіргі праг­матизм қоғамында Қазақ­стан халқы үшін ең пайдалысы ана тілімізді дамыту екенді­гін терең сезімталдықпен ес­кер­теді. Себебі, ұлттық кодты сақ­­тау қазақ тілін сақтау ар­қы­­лы ғана іске асады. Ұлт­тық тіл − ұлттық кодтың сақ­­­­тау­­­­шысы, қорғаушысы және дамытушысы. Ұлттық код­­тың мазмұны мен мәні, түп тамыры ұлттық қазақ тілі­міз­де жатыр. Халықтың тари­хи жады мен рухани құн­ды­лықтары Қазақстан­ның бүгінгі таңдағы өзекті мә­се­­ле­лерін шешуге көмек­те­се­­тін субъективті фак­­тор. Адам­­ды тілі, діні, ділі, мәде­ние­ті, салт-дәстүр­лері арқы­лы ға­на тәр­бие­леуге бола­ды. Осын­дай құндылық­тар­ды бо­йы­на сіңірген азаматтар ғана нағыз отаншыл пат­риот бол­мақ. Жер­ді сүю, ха­лық пен ел­ді сүю тілді сүю­ден, ана тілін терең мең­геру­ден бас­тала­­тын­дығын озық мем­­­ле­кет­тердің әлеумет­тік тә­жі­рибе­лері дәлел­деп ке­ле­ді. Сон­дық­тан, қазақ тілі Қазақ­­­стан хал­қын мем­­лекет­­шіл­дік платфор­масын­да топ­тас­­тыруға, ұйым­дас­ты­рып, ұйы­туға қабілетті. Ал­дағы уақыт­та қазақ тілі­н­ің беделі мен абыройын көтерудің нақ­­ты шара­ларын іске асыра отыра, оның мем­ле­кет­шілдік әлеуе­тін күшейте аламыз.

Ешбір өркениетті ел бас­қа елдің тілі мен мәде­ние­тін пай­даланып, өз хал­қын тәр­биелей алмайды. Демек, үш тілдің ішіндегі басым­­дық қазақ тілінде. Орыс тілі мен ағыл­­­­шын тілі – Қазақстан хал­­­қы­на әлемдік ақпарат пен тех­­но­­логияны меңгерудің құра­лы. Ал елдің ішкі сая­си, мә­де­­ни, қаржылық-эко­но­ми­ка­­л­ық, әлеуметтік өмірін­дегі қа­рым-қатынастарды тек мем­ле­кет­тік тілде жүргізгенде ғана Қазақ­стан халқының руха­ни коды жаңа­рады және ол бола­шаққа қызмет ететін болады.

Өкінішке қа­рай, қазақ тілінің мем­лекеттің тәуел­сіздігін сақтаудағы, нығай­туда­ғы мис­сиясын елі­міз­дің бизнес элитасы түсінгісі келмейді. Олар үшін үй­рен­шікті орыс тілі қолай­лы. Халық қай тіл­де сөйле­се, бір­тін­деп сол мем­лекет­тің сая­си басым­дық­тарын мо­йын­дап кететіндігі бел­гілі. Демек, Қазақстанның тағ­дыр­лық мүдделерін қоғам­дық қатынастардың барлық салаларында қазақ тілі ғана қорғайды. Осы шындықты түсінбей жүре берсек, Қазақ­стан тәуелсіздігіне зор нұқсан келтіріп аламыз. Болашаққа бастайтын рухани жаңарудың бастаушысы, осы үрдістің тілі қазақ тілі болуы міндетті. Демократиялық қоғамда ха­лық­тың басым көпшілігі бо­лып отырған қазақ ұлтының бағы сонда ғана ашылады.

Президенттің рухани жа­ңару идеяларын қолдауы­мыздың тағы бір себебі, мақа­ладағы технократтық, бір­жақты ойлаудың зияны­­ның көрсетілуі. Технократизм эко­номиканы ұйымдастыру­да, қаржы көздерін табу­да керек те шығар. Бірақ та, технократизм − рухани өмір­ді кереметтей тұсаулаушы құбылыс. Ол экономикалық басымдықтарды бірінші орынға қоюымен мәдениет­ті, салт-дәстүрді, ұлттық тілді тәрк ете бастайды. Тех­но­­краттар рухани құнды­лық­­тардың белсенді дамуы ғана пассионарлық тұлға­ларды тәрбиелейтіндігін түсін­гісі келмейді. Түптің түбін­де ру­хани гүлдену эконо­ми­ка­­лық гүлденуге жол а­ша­ты­­нын білгеніміз пайдалы. Руха­­ниятты дамыту – адам фак­торын жан-жақты күшей­ту­­дің жолы. Бұл жолмен гумани­тар­лық ойлау қабілеті бар мамандарды тәрбиелесек қана жүре аламыз.

Президент руханилық­тың гуманитарлық ойлау­ға тәуел­­ділігін дөп басып көр­­сет­­кен. Кейінгі бес жылда елі­­­мізде қоғамдық-гума­ни­тар­­­­­лық пәндерге шабуыл бас­­­тал­ды. Оқу жоспар­лары­­­­нан сая­саттану, әлеу­мет­­­тану пәндері міндетті пән­дер қатарынан алынып тас­тал­­ды. Қазақстан тарихы­нан сабақ оқыту ХХ ғасыр басы­­­нан басталатын бол­ды. Осы­ның барлығы бола­шақ маман­дардың, яғни Қа­зақ­­стан­­ болашағының сапа­лық және мемлекетшіл­дік келбетіне үлкен нұқсан кел­тіре бастады. Бүгінгі сту­дент – келе­шекте ел басшысы. Олар қоғам­ның саяси өмірі­­нің даму заңдылықтарын, сая­сат­тың құпия қыр-сыр­­ларын білмесе, әлеуметтік өмір­ді ұйымдастырудың жол­дары мен әлеуметтік мүдделер­дің ма­ңызын түсінбесе, қан­дай сапалы маман бол­мақ. Қазақстандық техно­­крат­­тар қоғамдық пәндер­­дің маман сапасына ықпа­лын, гу­ма­нитарлық ой­­дың эко­номикаға зор әсе­рін жоқ­қа шығарғысы келе­ді. Әлеу­меттік-саяси пән­дерге Пре­зи­дент осы диалек­тика­­лық тәуел­ділікті түсінген соң ерек­­­ше мән беріп отыр. Елба­сы ЖОО-ларда гума­нитар­­лық, қоғамдық пәндер кафед­ра­ларын қалпына кел­тірудің сая­си маңызын ерекше атап өтті.

Н.Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласына бағдар­ламалық құжат ретінде баға беруіміз керек. Елбасы­ның ұсы­ныстары мен идея­ларын өмір шындығына айнал­дыра­тын заңдарды Парламент тез қабыл­даса, Үкімет осы ой­лар­ды іске асырудың мем­ле­кет­тік жоспарын жасаса, Қазақ­станға пайдасы зор істер атқарылмақ.


Сайын БОРБАСОВ,

саяси ғылымдар докторы, профессор


АЛМАТЫ