Ұлы Отан соғысы – қазақ тарихында мәңгілік өшпейтін із қалдырған зұлматтардың бірі. Осы соғыстағы ұрыс далаларында 350 мың қазақ шейіт болды. Бұлардың 18 бен 45 жас арасындағылар екенін ескере келгенде, халқымыздың қаншама ошағының оты өшіп немесе жанбай қалғанын шамалауға мүмкіндік бар. Бұл 1941-45 жылдары шақырылғандардың арасынан ғана қаза болғандар, ал 1939 жылдан 1941 жылға дейін әскерге алынып, кейін соғысқа қатысып қаза болғандардың есебі әлі күнге толық емес екен. Ауыр жарақаттан, түрлі науқастан елге келіп қаза болғандардың есебі де алынбаған. Сонымен қатар, соғыс кезіндегі қиын тұрмыстан, ашаршылық пен ауыр жұмыстан көз жұмған бейбіт тұрғындар есебі де әлі күнге ескерілмей келеді.
Соғыстың белгісіз беттері осылар ғана ма? Біздің білетініміз тек кеңестік идеологияға сәйкестендіріп жазылған тарих қана. Мәселен, Сталиннің кезінде көрсетілген 7 миллиондық адам шығыны Хрущевтің кезінде – 10, Брежневтің кезінде – 20, Горбачевтің кезінде 27 млн.-ға дейін арттырылды. Ал қазіргі тарихшылар Кеңес Одағы халқының Ұлы Отан соғысындағы тікелей және жанама шығындары 50 млн. адамға жуық деп жүр.
Соғыстың сан қыры қырғынның бел ортасында болған жауынгерлер мен әскери тұтқындардың ешкімнен жасқанбай айтқандарын, сондай-ақ жауларымыз бен одақтастарымыздың деректерін қоса оқыса ғана молынан ашыла түсер еді.
Жуырда осындай мүмкіншілікке біршама қол жеткізетін бір кітап қолымызға тиді. Ол – тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяғанның жетекшілігімен құрастырылған «Қазақ жауынгері Ұлы Отан соғысы майданында» атты қазақ және орыс тілдерінде шыққан тарихи құжаттар жинағы. Бұл жинақта Германия мен Кеңес Одағы арасындағы 1939 жылғы В.Молотов пен И.Риббентроптың шабуыл жасамау туралы келісімі мен оған қосымша ретінде тіркелген құпия хаттамаға, Ұлыбритания Премьер-министрі У.Черчилльдің, сондай-ақ А.Гитлер мен В.Молотовтың берген бағаларына дейін көрсетілген.
Әрине, бұл құжаттармен арнаулы зерттеушілер бұрыннан таныс болған және өз бағасын берген. Бірақ соғыс жылдарында шығып тұрған «Отанды қорғауда» газетінің беттерінен алынған көптеген деректерді үлкен айналысқа енген деп айту қиын. Мәселен, С.Елеусізов деген тілші 1942 жылдың 16 желтоқсанында қазақ командирлерінің қалай дайындалып жатқаны туралы мынадай ақпарат айтады: «Командирлер курсында бір топ қазақ жауынгерлері оқиды. Бұлар майданнан келгендер, олардың көбі фашист зұлымдарына қарсы соғыста болғандар. Осы қысқа срокты курстан өтіп, олар Қызыл Армияның командирлері болып шығады». Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» кітабынан Панфилов дивизиясының 115 қазақ командирлері мен комиссарлары кейінгі жауынгерлерді үйрету үшін тылға барасыңдар дегенде, Бауыржан Момышұлы бастап қайсарлықпен қарсылық білдіріп, дивизияның құрамында қалғанын білуші едік. Сөйтсек, майдандағы басқа құрамалардан алынған кейбір жауынгерлер тылға, командирлер дайындайтын курстарға жіберілген екен.
Сондай-ақ соғыс ардагері С.Бекеновтің өзі бастан кешкен оқиғалары туралы естеліктері де соғыс туралы бұрыннан білетіндерімізден мүлде басқа, тың деректер. Мәселен, ол өзінің майданға бара жатқан жолында көргендері туралы былай дейді: «Қызыл вагондарға тиеліп соғысқа аттандық. Вагондарда екі қатар тақтай сәкі, төсек жоқ, от жағатын пеші жоқ. Офицерлер мен кіші командирлер жоғарғы сәкіге орналасты, қатардағы жауынгерлер төмендеміз. Тығыз отырғанымыз сонша, тізе бүгуге болмайды. Жел саулаған шетке күнде біреуіміз кезек жатамыз... Тамақ күніне бір рет, кейде екі рет беріледі, әлсіз, құнарсыз. Қысқа фуфайка мен шалбарымыз белді жаппайды. Сол жылы қыс қатты болды ма, әлде вагонда от жағылмағаннан ба, әйтеуір, сүлдеріміз тірі».
Жалпы, кітаптың Ұлы Отан соғысының тарихына тың көзбен, кең ауқымда қарауды мақсат еткені көрініп тұр.
Жақсыбай САМРАТ.