Жаз айларында «Скутер» акциясы жүргізілмек
Міне, жаз да келді. Қыстан қажыған, жұмыстан шаршаған ел бір мезгіл күйбең тірліктен демалу үшін көл жағалап, өзен сағалайтын уақыт жақындап қалды. Сақ болмасаң судың өзі де – тілсіз жау. Жыл сайын қаншама жанның ажалы судан келетіні өкінішті жағдай болса да, өмірдің шындығы. Осы мәселеге орай Көлік және коммуникация министрлігі 1 маусымнан бастап «Скутер» акциясын бастамақ.
Соңғы жылдары Қазақстанда шағын өлшемді кемелер қатарына жататын катамаран, қайық, су мотоциклі сияқты әртүрлі жүзуге арналған құралдарды қолданып суда демалу кең тарап келеді. Шағын өлшемді флоттың саны Қазақстан акваториясында соңғы 5 жылда 50 пайызға өсіп, қазір шамамен 30 мыңға жетті. Бұл арада жергілікті туристік компаниялардың да үлесі бар.
Жоғарыдағы министрліктің мәлімдеуінше, су қоймаларындағы кемелердің қозғалысы едәуір жиілеп келеді, кемелердің қозғалыс жылдамдықтары аса жоғары. Сонымен бірге, маневр жасау үшін едәуір кеңістікті қажет ететін су спортына қызығушылықтың ұлғаюы байқалып отыр. Су жолдарындағы «кептеліс» туралы айту әлі ертерек, дегенмен, «техниканың беріктігі» және «кеме жүргізушінің сауаттылығы» терминдері қауіпсіздігін қамтамасыз ету басым талаптардың қатарына жатады.
Гидроциклдер деп аталатын скутерлердің иелері суда қозғалудың қарапайым ережесін жиі ұмытады. Желікпе кеме жүргізушілері жеке қауіпсіздік шараларын елеместен, суға түсушілерге тікелей жақын жерлердегі жағажай аймақтарында қауіпті маневрлер жасайды. Мұндай судағы аттракционды сауықтар адамның ажалына немесе мүгедек болып қалуы сияқты қайғылы оқиғаға әкеп соғады, дейді тиісті мамандар.
Ал өткен жылы шағын өлшемді флотта апаттың өсуі байқалған. Статистика бойынша 14 адам қаза тауып, 5 адам хабарсыз кеткен және 6 адам зардап шеккен 14 оқиға орын алған.
Былтырғы жылдың өзінде Қарағанды облысындағы Балқаш көлінде су мотоциклі иелерінің кемені басқару құқы жоқ тұлғаларға беру нәтижесінде су мотоциклімен болған оқиға салдарынан екі адам дене жарақатын алған жасырын көлік оқиғасының екі фактісі тіркеліп, классификацияланды. Бұдан басқа құқық бұзушылықтың негізгі себебі кеме жүргізушілердің нормативтік құқықтық актілерді білмеуі, мас күйінде кемені басқаруы, сондай-ақ қарапайым қауіпсіздік ережелерін ұстанбауы болып отыр.
Ендігі жерде суға түсу маусымының басталуына байланысты көліктік бақылау органдары шағын өлшемді кемелерді пайдалану қауіпсіздігіне ерекше назар аударып отыр. Былтырғы жылы азаматтардың облыс орталықтарына шығуға мүмкіндігі болмағандықтан көліктік бақылау органдарының мамандары Қызылорда облысы бойынша алыс аудандарда шағын өлшемді кемелерді мемлекеттік тіркеу және техникалық куәландыру жүргізілген. Қарағанды облысы бойынша демалу зоналары саны жағынан көп болғандықтан облыс әкімдігінің қаулысымен шағын өлшемді кемелерді және оларға арналған тұрақ базасын қолданудың жергілікті ережесі бекітілді және іске асырылуда.
Жоғарыдағы министрліктің мәлімдеуінше, көліктік бақылау органдары Төтенше жағдайлар, Ауыл шаруашылығы және Денсаулық сақтау министрліктерімен өзара іс-қимыл жоспарын іске асыру бойынша бірлескен жұмыс жүргізуде, суда болған оқиғалар туралы хабарлау жүйесі құрылды және ол жұмыс жасауда.
Көлік және коммуникация министрлігі көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әділет Барменқұловтың тапсырмасына сәйкес навигация басталар алдында өңіраралық көліктік бақылау инспекциясының және республика бойынша олардың барлық филиалдарының мамандарымен жыл сайын демалу аймақтарының және тұрақ-базасының иелерімен нұсқама жүргізіледі және олардың дербес жауапкершіліктері бекітілмек.
Сонымен қатар, Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитеті шағын өлшемді кемелердің қауіпсіз пайдаланылуын реттейтін нормативтік-құқықтық акті әзірлеп, оны бекіту үшін Үкіметке жолдады. Пайдаланудың көп жылғы тәжірибесін және шетел тәжірибесін ескере отырып, шағын өлшемді кемелерді және олардың тұрақ базасын қолдану, техникалық қадағалауды жүргізу тәртібі, көлік оқиғаларын тергеу, кемелерді мемлекеттік тіркеу және шағын өлшемді кемелерді басқаруға кеме жүргізушілерді аттестациялау қағидалары жаңартылған.
Ал республикалық «Скутер» акциясы жаз бойы жалғасады. Акция барысында өңіраралық көліктік бақылау инспекциясының мамандары су қоймалары аумағында, адамдар көп жиналатын жерлерде рейд жүргізеді, кеме құжаттарын, құтқару құралдарының болуын тексереді.
Осыған байланысты ККМ Көліктік бақылау комитеті қайықты жалға беру пунктінің иелері жалға беру пунктін тіркеу кезінде оны техникалық куәландыруға ұсынуы қажеттігін талап етіп отыр. Ал су акваториясының шекарасы бөгеттермен, понтондармен, бактармен және жүзбелі белгілермен қоршалуы тиіс. Жалға беру пункттерінде азаматтарға кемелерді беру журналында кемені алушы азаматтың қолы қойылған, кемені пайдаланудың қауіпсіздік шараларымен танысу бағаны болуы тиіс. Кемені шығару алдында қауіпсіздік шаралары бойынша міндетті түрде нұсқау жүргізілуі тиіс. Құтқару құралы болмаған жағдайда азамат құтқару құралын талап етуі керек.
Көлік саласындағы қолданыстағы заңнаманы бұзушылық байқалған жағдайда заңды және жеке тұлғаларға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске сәйкес белгіленген тәртіпте әкімшілік ықпалдағы шаралар қолданылады.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.