«Азат – аяқ астында, Сырымбет – сырық сілтер жерде, Жыланды – жанында, Бұқпа – бауырында, Айыртау – аясында, Имантау – иығында, Сандықтау – сағасында, Ақан – ағайыны, Зеренді – замандасы, Шортан – шөбересі, Торыайғыр – тұстасы, Көксеңгір – көршісі, Ереймен – ерулесі, Баян – бауыры, Қарқаралы – құдасы, Ақтау – атасы, Ортау – одақтасы, Алатау – ағасы, Алтай – атасы» деп қайырған шалқар шабытты жазушы осы аталған таулардың біразын көзімен, көз жетпегенін аспанда шарықтап ұшқан сұңқар қанатты сезіммен көргенін айтады емес пе? Маржандай тізілген осы атаулардан қазақтың ұлан-ғайыр елі мен жері көз алдыңа келеді.
Жақында «Егеменде» жарық көрген Елбасы мақаласында туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертетіні, әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар екендігі өте орынды атап көрсетілді. Осы тұрғыдан келгенде, халқының бақ-берекесінің қамымен желмая мініп жер шалған Асан қайғы бабамыз қазақтың жалпақ даласының шұрайлы пұшпақтарының бәрінің дерлік сынын беріп, сипатын айтып кеткен ғой. Біле білсек, Асан баба сөздерінің маңызы бүгінгі ұрпақ үшін бір мысқал да кемімеген. Әрі тарих, әрі аңыз, әрі даналық. Әрі қазіргі шаруашылық пен тұрмыстың кәдесіне жарап кетерлік ілкімнен де құр алақан емес.
Қазақ ешқашан ел мен жер ұғымдарын бір-бірінен бөліп қарастырмаған. Ел бар болса жер бар. Жер болғанда ғана ел бар. Батырлар жырларымыздың өзі ел мен жерді айтудан басталады. «Жиделі Байсын жерінде Қоңырат деген елінде» дегендей. Қайғысын «Қаратаудың басынан көш келеді» деп елім-айлатып атамекеннің айбынына мұң қылып шаққан. Туған жердің қасиет-киесінен қара ормандай қорған болар пана тапқан. Сырды ана деген. Қуанышын әнге қосып, асқақтаған Алатаумен бөліскен. Наркескен ақын Махамбет те «Еділдің бойы ен тоғай, Ел толтырсам деп едім» деп арманына ел мен жерді бірге қосақтаған. Кенесары Сарыарқадан ауған кездегі қоштасу жырын толғаған Күдеріқожа «Қарқаралы, Қазылық, Жатушы едің жазылып...» деп бастап атажұрт атырабы, ардақты мекеннің берекелі тұнығын тізбелегенде көңілдің кенересінен асып толқып кететінін қайтерсіз? Қарқаралыны қастерлеп Мәңгілікке өрлеткен Мәдидің, Ерейментаудан медет тілеген Иманжүсіптің өздері де, әндері де ел мен жердің әркез желбіреп тұрар жалауына айналып кетуі сірә да тегін емес-ау!
Атам қазақтың, одан арғы бабаларымыздың ат тұяғы жетіп жайлаған, қыстаған жерлерінің бәрін Сарытау, Түмен, Азаулы, Құлынды, Байкөл, жаңағы Жиделі Байсын сияқты жер атауларынан зерделеп білеміз, ол жерлерге ордалы ел қонғанын ұғынамыз. Қаскелең, Шамалған, Бағанаты, Боралдай, Нарынқол, Байынқол, Аңырақай, Орбұлақ, Қалмаққырылған деген қазіргі белгілі жерлерімізден жоңғар-қалмақ шапқыншылығы кезіндегі ата тарихымыздың ізі қалғанын аңғарамыз. Бірақ бұл жерлерде қалмақтың емес, Шамалған дәуді жекпе-жекте оқсатып құлатқан Наурызбай батыр сынды қазақ батырларының ерлігі мен жеңісі жазылған. Иә, Ұлы Даланың тарихы өзінің бедерлі бетінде сайрап жатыр. Саңылауы бардың санасын өшірмеуге, мәңгүрттікті бастан кешірмеуге осылардың септігі тимейді деп айта алмаспыз.
Тарих алдында Қазақ елінің жүзі жарқын. Қазақтың елі мен жерінің ешкімнен ұялып бет басатын тарихы жоқ. Арыдағы Алтай, Шыңғыстау, Отырар, Түркістан мен Әзірет Сұлтан, Айша бибілер, берідегі Байқоңыр мен Теміртау, Алматы мен Астана, «Бәйтерегіміз», әрі төл тарихтың оқулығы, әрі тәрбие құралы десек те болады. Рухани тәрбиенің, елжандылық пен отаншылдықтың. Олай болса, біз қазақ даласындағы ел мен жер атауларының, қасиетті рухани құндылықтарының, киелі жерлерінің мағына-мазмұнын, өнеге-ғибратын, тәрбие-тәлімін осы тараптағы игі мақсатқа икемдеуіміз керек-ақ.
Осыдан біраз жыл бұрын Көкшетауда арнайы жасақталған экспедиция Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің негізгі бағыт-бағдар, ошақ-нүктелерін бір ай жүріп аралап шыққан еді. Әр жерден көтеріліске қатысты жаңадан қаншама дерек, мағлұматтар тапты, ел аузындағы әңгімелерді жинады. Ұлтжанды азамат, қарымды журналист, марқұм Нұрмұханбет Ысқақов «Кенесары ханның жорықты жолдарымен» атты тамаша танымдық кітап жазып шығып, оны орыс тіліндегі аудармасымен қоса сүйіншілеп тартқан болатын. Осы экспедицияның жұмысы, мақсаты орта жолда үзіліп, түйініне жетпей қалғанын да білеміз.
Ел мен жердің тарихын ізерлейтін осындай экспедициялар, ізденістер қажет. Абай хакім айтқан: «Берекелі болса ел, жағасы жайлау ол бір көл», деген сөздің мағынасы терең. Елсіз – жерде береке болмас, жерсіз – елде береке болмас. Ел мен жердің бүтіндік-бірлігіне септесетін тарих та, жәдігер де, аңыз да әрқашан қымбат.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»
Жарықтық Сәбеңнің – Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романының аяқталар тұсында Көкшенің кеудесінде тұрып қазақ даласының ұлы тауларын жіпке тізіп шығатыны әсіресе көнекөз, түрік құлақтардың есінде болар. Ел мен жердің қасиет-киесін бір ауыз сөзбен түгендегендей сол ғибратты жолдарды тағы бір көкейде тоқып, көңілде өрнектеудің тарихи сәті енді түскендей.
Ереванда өткен әлем чемпионатында әскер спортшылары үш алтын, төрт қола олжалады
Спорт • Бүгін, 17:18
ТЖМ құтқарушылары 5 автокөлікті өрттен корғап қалды
Аймақтар • Бүгін, 16:52
Серік Сәпиев басшылық қызметке тағайындалуы мүмкін
Спорт • Бүгін, 16:25
Оқушы қыз бен анасын өлтірген экс-мұғалімнің ісін алқабилер қарайды
Аймақтар • Бүгін, 15:50
Атырау тұрғыны сиырдың өлексесінен Сібір жарасын жұқтырды
Денсаулық • Бүгін, 15:15
Ақтөбеде әйелі мен балаларын ұрып-соққан азамат сотталды
Қылмыс • Бүгін, 14:42