2015 жылы Торғай даласында 129 мыңнан аса киік қырылып қалған болатын, соның салдарынан өткен жылғы санақ Бетпақдала популяциясында небәрі 36 мың ғана киік қалғанын көрсетті. Шет ел және өз еліміздегі ғалымдар мен мамандар киіктің қырылуына пастереллез ауруы себеп деген шешімге келді. Алайда оның қоздырғышы туралы нақты шешім болған жоқ. Өткен көктемде Торғай даласына киік өте аз келді.
Биыл сәуірдің аяқ кезінен бастап киік Торғайға келе бастады. Кеңесте дала сұлуының келу, төлдеу және оңтүстік өңірге кетуі кезінде оларды браконьерлерден қорғау ісін ұйымдастыру өте өзекті болып табылатыны айтылды.
«Киіктерге қаскөйлік жасау қазір бұрнағы жылдарға қарағанда азайды. Мысалы 2013 жылы 8 браконьерлік қылмыс жасалып, 74 киік атылған болатын. Ал 2014 жылы 103 киік оққа ұшты, мүйізбен ұсталғандардың 3 фактісі тіркелген болатын. Ал 2016 жылы киікке қаскөйлік жасау қылмысына жол берілген жоқ, бірақ 22 мүйіз тәркіленді» деді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бастығының орынбасары Ғилымхан Молдағұлов.
Киіктің Торғай даласына аууы басталысымен оған күзет күшейтілді. Қазір бекеттерде, резеватта қорықшылар, жедел инспекторлық топтар саны көбейтілді.
«Қазір Амангелді, Жангелдин аудандарындағы киік жүретін жерлердің барлығын инспекторлардың 8 жедел тобы толық күзетеді. Олар қарумен, көлікпен қамтамасыз етілген. Ақмола, Жезқазғаннан келген жедел инспекторлар топтары Амангелді ауданында жұмыс істеп жатыр» деді облыстықтық мамандандырылған Табиғат қорғау прокуроры Нариман Қасымбеков.
Мамандардың болжауынша, биыл Торғай даласына киік былтырдан көп келуге және шығынсыз төлдеуге тиіс. Олар мамыр айының ортасынан бастап, Ұлы жыланшықтағы Айырқұм, Аққұм және Ақшығанақ аймағында төлдейтін болады.
Нәзира Жәрімбетова
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Амангелді ауданы