Мегаполистегі шығармашылықпен айналысатын жастарды қолдауға арналған орталық қала әкімдігінің, АҚШ елшілігі мен АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығының, сондай-ақ жергілікті серіктес ұйымдардың қолдауымен есік ашып отыр. Инновация мен тәжірибені ұштастырған заманауи көпфункционалды алаңда АҚШ университеттерінде білім алуға қызығушылық танытқан жастарға кеңес беру, ағылшын тілі курстары мен сөйлеу клубтары, кәсіби және цифрлық дағдыны дамытуға арналған воркшоптар, сондай-ақ кәсіпкерлік, көшбасшылық және азаматтық белсенділік бағытындағы бағдарламалар іске асырылады.
Мәдени орталықтың ашылу рәсіміне Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев, Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Мишель Еркін, АҚШ Бас консулының баспасөз, мәдениет және білім жөніндегі кеңесшісі Хира Каур Камбодж бастаған білім беру және мәдениет ұйымдарының өкілдері қатысты.
«Жастардың білім алып, шығармашылық және зияткерлік тұрғыдан дамуына жол ашатын осындай заманауи орталық кітапханада ашылуы мәдениет саласын дамытудың маңызды бағыты саналады. Бұл бастама екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтып, өзара түсіністік пен серіктестікті жаңа деңгейге көтереді деп сенемін» дейді Данияр Әлиев.
АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Мишель Еркін білім кеңістігі тұрғындар сұранысына сай ашылғанын, орталық ғылым-білімге ынталы жастарды үнемі қолдайтынын жеткізді.
Орталықта 3D-басып шығару, дизайн, роботтехника, бағдарламалау, ғылыми тәжірибелер мен қолданбалы шығармашылыққа арналған заманауи құралдардың бәрі қарастырылған. Мұндағы америкалық әдебиет бұрышынан әлемге әйгілі классиктердің жауһар шығармаларын да табасыз.
Жаңа орталықтың ашылуына кітапхана оқырмандары, әсіресе жастар дән риза. Болашақта АҚШ-та білім алуды мақсат еткен жоғары сынып оқушылары өз әсерімен бөлісті.
«Мен үшін бұл жоба – үлкен мүмкіндік. Мұнда АҚШ университеттеріне түсуге қажетті ақпарат алып, ағылшыншамды жетілдіріп, өзімді кәсіби әрі шығармашылық тұрғыдан дамытуға болады. Осындай кеңістіктің ашылғаны көптеген студенттің арманын жүзеге асыруға жол ашады деп ойлаймын», дейді Жамбыл кітапханасының тұрақты оқырманы Аружан Маханбетқалиева.
АЛМАТЫ