Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумына қатысушылар Қазақстанның табыстары мен халықаралық араағайындық рөліне осындай баға берді
Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астанада басталған 7-ші Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумының (БИЭФ) салтанатты түрде ашылу рәсімі болды. Оған Ислам әлемінің 50-ге тарта елдерінен және Ислам халықаралық ұйымдарынан көрнекті тұлғалар: саяси және қоғам қайраткерлері, бизнес өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар жиналды.
Форумға келген қонақтардың арасында Джибути Республикасының Президенті Исмаил Омар Гелле, Индонезия Республикасының Вице-президенті доктор Боедионо, Малайзия мен Тәжікстанның премьер-министрлері Наджиб Сри Дато Тун Абдул Разак, Акил Акилов, Қырғызстан, Ирак, Бруней-Даруссалам елдерінің үкімет басшыларының орынбасарлары Омурбек Бабанов, доктор Руза Нури Шауиса, Дато Падука Аванг Хажи Бин Апонг, Ислам даму банкінің президенті, доктор Ахмет Мохаммед Әли, БИЭФ қорының төрағасы Тун Муса Хитам, Малайзия, Ливан, Нидерланд Корольдігі мен Пәкстанның бұрынғы премьер-министрлері Абдулла Ахмад Бадави, Фуад Синиора, Вим Кок, Шаукат Азиз және көптеген елдердің министрлері мен ханзадалары бар.
Форумның салтанатты ашылуына жиналған қонақтар Нұрсұлтан Назарбаев бастаған әр елдің осындай көрнекті тұлғаларын үлкен қошеметпен, қол шапалақтап қарсы алды. Ислам әлемінің өз дәстүрлері мен құндылықтары бар. Соған сәйкес форум ашылар тұста ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, Астана қаласының Бас имамы Қалижан қажы Байырбекұлы салтанатты рәсімге бата беріп, Құран оқыды.
Форумдағы алғашқы сөз кезегін дәстүрлі рәсім бойынша БИЭФ қорының төрағасы Тун Муса Хитам алып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде мәртебелі қонақтар мен жиналған қауымды форумның ашылуымен құттықтап, Қазақстан мемлекетінің басшысы, әлем таныған көрнекті саяси тұлға Нұрсұлтан Назарбаевқа Ислам әлемінің ең үлкен басқосуының өтуіне қолайлы жағдай туғызғандығы және осы форумға қатысқандығы үшін зор алғысын жеткізді. Қазақстан халқына рахметін айтып, үлкен игілік тіледі.
Тун Муса Хитам өз сөзінің басым бөлігін Қазақстан Республикасының жетістіктеріне арнады десе де болады. Бұл реттегі сөзінің бісмілләсін 1991 жылдың соңында еліміздің тәуелсіздік алуынан бастаған Ислам халықаралық ұйымның басшысы 1997 жылы тәуелсіз елдің басты ордасының Алматыдан Астанаға көшірілгендігіне ерекше тоқталып өтті.
Мен өз тәуелсіздігіне ие болғанына көп уақыт өтпеген ел аз жылдардың ішінде мұндай үлкен табыстарға жетеді деп ойламаған едім. Бүгін соны көріп таңқалдым. Сіздер өздеріңізде бар табиғат ресурстарын орынды пайдалана біліп, соны материалдық игілікке айналдыра алған екенсіздер. Қазақстанның қазіргі жан-жақты даму қарқыны осыны көрсетіп отыр. Сіздердің қол жеткізген табыстарыңыз жалғыз материалдық жетістіктермен шектелмейді. Қазіргі күні Қазақстанның әлеуметтік салаларында үлкен реформалардың жүзеге асырылып жатқандығын, мыңдаған жастардың шет елдерде оқып, озық білімді игере бастағандығын мен біліп отырмын. Жастарды оқу-білімге ұмтылдыру, еңбекке баулу – үлкен өнегелі іс. Осыған қарап, құрметті Президент Нұрсұлтан Назарбаев мырза, мен Сіздің өз халқыңызға барынша адал қызмет істеп жатқаныңызды пайымдап отырмын, деп Елбасына деген үлкен құрметін білдірді.
Мұнан кейін Тун Муса Хитам Қазақстан өз тәуелсіздігіне ие болған кезден бастап сыртқы әлемге есігін айқара ашқандығына, соның нәтижесінде көптеген елдерден инвестициялар тарта білгендігіне, әлемдік саяси кеңістікте дербес субъект ретінде жаңа пайда болған мемлекеттің өз алдындағы тілдік, діни кедергілерді ілкімділікпен сәтті еңсергендігіне тоқталып өтті. Қазақстан қазіргі күні шын мәнінде жаһандық экономикалық дамудың даңғыл жолына шықты. Сыртқы әлеммен саяси, экономикалық, мәдени қарым-қатынастарын дұрыс жолға қойып, ел ішінде татулыққа, халықтардың, ұлт пен ұлыстардың бірауыздылығына жетісті. Бұл назар аударып, үлгі тұтып, үйренерлік жетістік, деді.
БИЭФ қорының төрағасы мұнан кейінгі сөзінде көне Жібек жолының бойында орналасып, түрлі өркениеттерді, үлкен мемлекеттерді бір-біріне жалғап жатқан Қазақстан қазірдің өзінде түрі, діні бөлек, бірақ тілегі бір, ұстанған мақсаты ұқсас елдердің береке аралы секілді әлем халықтарын ортақ үнқатысуға шақырушы елдердің біріне айналғандығын, бұған өз жетістіктерімен үлгі болып отырғандығын айта келе, «Сіздердің елдерді біріктіреміз деген ниеттеріңізге біз де қосыламыз. Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумының кезекті басқосуының өзі Қазақстан жерінде өтуі де мұны дәлелдей түседі», деді. Сонымен қатар, Астанадағы форумның бұл отырысын қарапайым сөзбен айтқанда кеңес құрып, ақыл қосу, ортақ шешімдерді іздестіруге бағытталған семинар, әрі Ислам әлемінің жетістіктерін көрсетуге негізделген жәрмеңке деп атады. Осы ретте форумның өтуі үшін бірқатар уақыттар бойы жемісті жұмыс істеген форум хатшылығына үлкен алғысын жеткізді. Хатшылық жұмысының ауыртпалығын көбінесе қазақстандықтар көтерді. Қазақ жастары қашан да болсын түйткілді мәселелері, ұсақ-түйегі көп болып келетін осы ұйымдастыру жұмыстарына атсалысып, көп көмек көрсетті. Олар үшін осының өзі үлкен мектеп, болашаққа қажетті тәрбие көзі, деді.
Форум жұмысын өзі жүргізіп отырған БИЭФ қорының төрағасы Тун Муса Хитам сөз кезегін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берді.
Құрметті форумға қатысушылар! Қадірлі қонақтар, Ханымдар мен мырзалар, деп бастады өзінің сөзін Қазақстан Президенті. Әлемнің әр қиырынан келген мәртебелі меймандарды Қазақ жерінде қарсы алғаныма өте қуаныштымын. Мұсылман әлемінің саяси және іскер жетекшілерінің Астанадағы алқалы басқосуы еліміздің Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы қарсаңына орайлас өтуде.
Жетінші форумды Астанада өткізуге шешім қабылдағаны үшін Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумы қорына, оның төрағасы Тун Муса Хитам мырзаға шын жүректен алғысымызды айтамыз.
Міне, Еуразия төріндегі әсем Астана әлемдік қауымдастықтың іргелі орталығына айналып келеді. Өткен бір айдың өзінде Астана он мыңнан астам қадірлі қонақты қабылдады. Елордамызда IV Астана экономикалық форумы мен Еуропа Қайта құру және даму банкін басқарушылардың 20-шы жыл сайынғы мәжілісі өтті, деді Мемлекет басшысы.
Қазақ халқының ислам әлемімен қарым-қатынасы қадым замандардан тамыр тартады, деп жалғады сөзін Президент. Біздің байтақ даламызға Ислам діні бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын келді. Жаратқан Иеміз Қазақстанға аса бір жомарттықпен тағылымды тарих, қолайлы географиялық мекен берген. Осылайша, елімізге ислам мен батыс өркениеттері арасында достық диалогқа дәнекер болудың тамаша мүмкіндігі туғызылған. Баршаңыз білесіздер, ХХІ ғасырдың жаңа онжылдығы мұсылман үмбеті үшін ауыр сынақтармен басталуда. Әлемдік қаржы дағдарысы, азық-түлік импортына тәуелділік, жастар мәселесі және басқа да түйткілді жәйттер Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдерінде бұрын-соңды болып көрмеген дүрбелең туғызды. Тунис пен Мысырдағы саяси режімнің ауысуы, Ливия ұшыраған гуманитарлық зауал жүздеген мың босқындардың пайда болуына әкеліп соқтырды. Әлемнің өзге өңірлері қарқынды дамып жатқанда, көптеген мұсылман елдерінің көштің соңында қалуы анық байқалды. Бір жарым миллиардқа жуық адамды құрайтын ислам дүниесі бүгінде мызғымас тұтастық құрай алмай отыр.
Осылай деген Нұрсұлтан Назарбаев келесі кезекте Ислам дінінің діңгегі біртұтас екені бәрімізге ақиқат болып табылатынын атап көрсетті. Бірақ ислам әлемі даму үлгілерінің анағұрлым қайшылығы бар әр түрлі аймақты қамтиды. Сол үшін, ислам әлемі туралы пікір айтпас бұрын, мұсылман қоғамының қазіргі даму жолдарын түсініп алу керек деп санаймыз. Ислам дүниесіндегі үш стратегиялық бағытты бөліп айтуға болады.
Бірінші стратегия – инерциялы даму стратегиясы. Өкінішке қарай, соңғы кездегі оқиғалар консервацияның ерте ме, кеш пе апатқа ұрындыратынын көрсетті.
Екінші стратегия қазіргі қоғамның құрылымдарын жоққа шығарып, өткенге түбегейлі қайта оралу үрдісіне негізделген. Бұл нұсқа тіпті кейде осы заманғы саяси және экономикалық ахуалдың нормаларын да толық жоққа шығарады.
Ал үшінші стратегия ислам әлемін модернизациялауға бағытталған. Бірақ оны өзге үлгілерді талғамай көшіретін қарабайырлық тұрғысынан түсінуге болмайды. Исламда «Кез келген істің мұстақым – орта тұсы ең тәуірі болып саналады» деген тағылымды қағида бар. Қазіргі дүниедегі модернизацияланған ислам стратегиясы – міне, орта тұс дегеніміз осы, деді Қазақстан басшысы.
Содан кейін Президент Исламның өзі дін ретінде ешқандай дағдарысқа түспейтінін атап өтті. Бұл – қазіргі дүниедегі ең қарқынды тарап келе жатқан дін. Ислам дүниесінің бірнеше аймақтары дағдарысты бастан кешіруде. Қоғамды модернизациялау исламның өзінің негіздерін бұрмалау деген сөз емес. Ислам қоғамын модернизациялау қажеттігі айқын байқалып отыр. Бұл алдымен технологиялық, ғылыми және экономикалық дамуға байланысты. Мұны тек ақиқатқа көз жұма қарайтындар ғана жоққа шығара алады.
Әлем тұрғындарының бестен бір бөлігін құрайтын мұсылман әлемі өзінің экономика саласындағы әлеуетіне мүлдем сай келмейді. Мысалы, үлкен сегіздіктің ішінде мұсылман үмбетінен бірде-бір ел жоқ. Бұл – ислам экономикасының әлемдік ауқымдағы нақты салмағының айқын көрінісі. Үздік жоғары оқу орындарының алғашқы жүздігінде қанша ислам мемлекеттерінің университеттері бар? Ислам дүниесінің ішінен соңғы жиырма жылда жаратылыстану және техника ғылымдары саласы бойынша Нобель сыйлығының қанша лауреаты шықты? Ислам әлемінде қанша жаһандық технологиялық инновация өмірге жол ашты деп сауал тастады қатысушыларға Қазақстан Президенті.
Біз бұл сауалдарды алдымен өзімізге қойып, таяу болашақта лайықты жауабын беруіміз қажет деп санаймын, деді айтылған мәселеге орай Нұрсұлтан Әбішұлы. Исламның кейбір сыншылары ислам дүниесінің көп бөлігінің басқа аймақтардан артта қалуы діннің өзімен байланысты деп санайды. Бұл – ақиқаттан мүлде алыс тұжырым. Антикалық және осы заманғы батыс мәдениетінің арасындағы сабақтастықты мұсылман дүниесінің қамтамасыз еткенін тарихтан ұмытпауымыз керек. Исламның мәдени өрлеуінің арқасында орта ғасырларда әлемде математика, химия, астрономия, медицина, архитектура, философия және поэзия салалары бойынша ұлы жетістіктерге қол жеткізілді. Ілім мен білімнің жаңа үлгілері ғасырлар бойы мұсылмандық Шығыстан христиандық Батысқа қарай жылжыған. Нақ осы ислам сан ғасырлар бедерінде діни тұрғыдан төзімділік, толеранттылық көрсетіп келді. Оғаш ой-тұжырымдарға да асқан сабырлылық танытты.
Қазір ислам әлемі өз дамуындағы күрделі кезеңді бастан өткізіп отыр, деп сабақтады ойын Қазақстан басшысы. Ислам саяси шиеленістермен, әлеуметтік-экономикалық және демографиялық қиындықтармен бетпе-бет келуде. Мысалы, 60-70 жыл ішінде әлемдегі мұсылмандар саны ауыр және тоқтаусыз азық-түлік дағдарысы жағдайында 5 есе өсті. Көптеген мұсылман мемлекеттері «шикізат елдерінің масылдығы» қамытын киіп келеді.
Баршамызға ортақ тағы да бір күрделі мәселеге тоқтала кеткім келеді. Жаһандық бұқаралық ақпарат құралдарының көпшілігі исламды өздерінің ұлттық қауіпсіздігіне, мәдени және діни ұстанымына қауіп төндіруші ретінде көрсетіп жүр. Осылайша исламды саяси күш қолдануға, экстремизм мен терроризмге жол беретін дін деп ұқтырады. Мұндай жағдаймен ешқашан келісуге болмайды.
Егер тарихқа жүгінсек, экстремизм мен терроризм ХХ ғасырда көптеген индустриялы дамыған мемлекеттердің саяси өмірінің ажырамас бөлігі болғанына көз жеткізе аламыз. Ол үшін 1960-шы және 1970-ші жылдары Еуропада саяси терроризмнің бетімен кеткенін еске алсақ та жетіп жатыр. Біз терроризм мен экстремизмнің қаншалықты ашық бағыт ұстанғанына және қандайда бір діни ұранды жамылғанына қарамастан, әлемнің іргелі діндерімен ешқандай ортақтығы жоқ екені жөніндегі сенімге сүйенеміз, деп бір қайырды Президент.
Мен мына мәселе жөнінде ойлануға шақырамын. Жаһандық терроризмнің көздеген басты нысанасы мұсылмандар әлемі болып отырған жоқ па? Нақ осы ислам елдерінде жыл сайын мыңдаған жазықсыз жандар, соның ішінде қарттар, әйелдер мен балалар қаза тауып жатыр, деді Қазақстан басшысы.
Ислам мен терроризмді шендестіру әділетті ме? Соңғы жылдардағы тәжірибелер терроризм – нақты мақсатты көздеген белгілі бір күштердің әрекеті екенін дәлелдей түседі. Қазіргі терроризмнің саяси және экономикалық себептерден туындайтынын тарихтың өзі көрсетіп отыр. Ол ұлтаралық қылмыспен ғана емес, есірткі айналымымен де, қару-жарақ контрабандасымен де тығыз байланысты болып отыр. Өкінішке қарай, ол геосаяси бастауларға да ие болып отыр.
Исламның болмысын бейбітшілік пен мейірімділіктің, төзімділік пен әділеттіліктің діні ретінде қалыптастыруға баршамыз бірге күш салуға тиіспіз.
Ислам елдерінің ұлы ілімнің беделін түсіруге жаһандық және аймақтық деңгейде қарсы тұра алатын ортақ медиалық жобалар жөнінде ойланатын кез келді. Көптеген сарапшылар ХХІ ғасырда ислам жер жүзі бойынша басымдығы бар дінге айналады деп санайды. Тек болжамның мерзімінде ғана алшақтық бар. Алайда, біз мәселенің сан мен мерзімде емес екенін, ХХІ ғасырда ислам елдерінің қоғамы қандай болуы керек екендігі жөнінде сөз болып отырғанын түсінуге тиіспіз.
Сөз жоқ, қазіргі әлемнің экономикалық, саяси, қаржылық және ақпараттық жүйесі өзгере беретін болады. Алайда, оның бірқатар жүйелі сипаттары сақталып қана қоймайды, керісінше, күшейе түседі. Ең алдымен, бұл мәдени құндылықтың, «білім экономикасының», «ақыл-ой күшінің» мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің нақты көрсеткіштері ретіндегі маңызының арта түсуімен байланысты.
Бүгінде мына бір жәйт айқын: таяу болашақтың қоғамы – ақпараттық қоғам. Бұл технологияға, басқару тәсілдеріне, мәдени дамудың үлгілеріне де қатысты. Біз бүгінгі әлемде уақыт талабына толықтай жауап бере алатын мұсылман елдерін де көріп отырмыз. Ақпараттық қоғамның, өнеркәсіптік және қаржылық саладағы технологияның жетілген үлгілері баршылық. Ислам әлемінде бәсекеге қабілеттіліктің жоғары үлгісін көрсетіп отырған елдер де бар. Бұл ислам әлемінің өткен кезеңде ғана емес, болашақта да қарқынды және жедел дамумен тамаша үйлесім таныта алатындығының жарқын айғағы, деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Мұсылман елдері айтарлықтай модернизациядан өтуге тиіс, деп жалғады сөзін Мемлекет басшысы. Мұны қолға алмасақ, тарихи тұрғыдан артта қалу тағы да жүз жылға созылып кетуі мүмкін. Осындай модернизацияның дәл әрі теңгермелі үлгісін таңдау – бір жарым миллиард мұсылман үмбетінің дамуына қосқан ортақ үлесіміз болар еді. Осыған орай Қазақстан бірлесіп жүзеге асыруды көздейтін бірқатар бастамаларды сіздерге ұсынады.
Бірінші. Ислам әлемі елдерінің экономикалық ынтымақтастығы шеңберінде жаңа бағыт қалыптастыру қажет. Бұл үшін Дүниежүзілік Ислам экономикалық қоры негізінде он жетекші мұсылман қауымдастығы елдері экономикасы тобына арналған сұхбат алаңын жасауды ұсынамыз. Мұсылман үмбетінің ресурстары инвестициялық ынтымақтастық үшін қуатты қаржы көздерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Екінші. Ислам әлемі елдерінің жетекші ғылыми-технологиялық үрдістерден қалып келе жатқанын ескере отырып, Ислам Конференциясы Ұйымының мүдделі елдері қатысуымен Халықаралық инновация орталығын құруды ұсынамын.
Үшінші. Шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатында Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумының арнайы жұмыс тобын құруды ұсынамын. Бұл ретте, Ислам Даму банкі жанынан шағын және орта бизнестің арнайы қорын құру мәселесін осы форумда талқылаған жөн болар еді. Біз исламдық қаржыландыру тетіктерін тарту тұрғысынан мұсылман елдерімен ынтымақтастық жасауға мүдделіміз. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстандағы ислам инвестициясының таяу жылдардағы өсу мүмкіндігі ондаған миллиард долларға дейін жетеді.
Төртінші. Біздің елдеріміздің сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейтудің маңызды шарты – көлік-коммуникациялық және логистикалық желінің болуы. Бүгінде Қазақстан «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізін кеңейте отырып, өзінің геоэкономикалық жағдайын белсенді түрде пайдалануда. Біз Қытай мен Парсы шығанағындағы жүк тасымалдау ағынын ұлғайту үшін жаңа темір жолдар салудамыз. Мен Қазақстан – Түркіменстан – Иран, Парсы шығанағы темір жол құрылысын қаржыландыруға Ислам Даму банкінің белсенді түрде қатысуын ұсынамын. Жалпы құны бір жарым миллиард долларды құрайтын бұл ұзындығы 963 шақырым темір жол біздің елдердің арасындағы қарым-қатынас, экономикалық саудаға өте әсерін тигізетін болады деп есептейміз.
Бесінші. Азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мақсатында Ислам Конференциясы Ұйымы аясында азық-түлік көмегін көрсету жүйесін әзірлеуді ұсынамын. Бұған Ислам Даму Банкі және ұйымға мүше елдердің азық-түлік қоры топтары жүйесінде FАО үлгісіндегі аймақтық қордың құрылуы негіз болар еді. Оның штаб-пәтерін азық-түліктің экспорттық әлеуетін белсенді дамытушы ел ретінде Қазақстанда орналастыруды ұсынамын.
Сіздердің көпшілігіңіз Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Бүгінгі форумның негізгі мақсатының бірі – ислам бизнесі өкілдерін еліміздің іскерлік және инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстыру, деді әрі қарай Қазақстан Президенті. Баршаңыз білесіздер, Қазақстан – қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттің бірі. Біздің Тәуелсіз ел атанғанымызға бар болғаны 20 жыл толады. Осындай, тарих үшін тым қысқа мерзім ішінде біз бірқатар аймақтық және соңғы жылдардағы жаһандық дағдарыстарды еңсердік. Бүгінде әлемде дамудың бірегей және өнегелі үлгісі ретінде «қазақстандық жол» туралы жиі айтылуда. Бар-жоғы 10 жыл ішінде әсем елордамыз — Астана қаласын салдық. Бұл Қазақстанның зор мүмкіншіліктерін әлемге танытты.
Біздің табыстарымыздың кепілі – ішкі саяси тұрақтылық, ұлтаралық келісім және дұрыс таңдалған экономикалық стратегия. Әлемдегі дін атаулы бір-бірімен ортақ тіл табыса алады және солай етуге тиіс. 140 этнос пен 46 діни конфессияның өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан Қазақстанның тәжірибесі – осының айшықты айғағы. Бұл Қазақ еліндегі мұсылман жамағатының орнықты ағартушылық ислам үлгісін ұстануының мәуелі жемісі болып табылады. Біз алдымызға биік мақсаттар қойдық және оған қысқа мерзімде қол жеткіздік.
Атап айтқанда, халықтың жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі 12 есеге өсіп, 9 мың доллардан асты. Келесі бес жылдықта біз оны 15 мың доллардан асыруды мақсат етіп отырмыз.
Өткен жылы біз үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың арнайы мемлекеттік бағдарламасын қабылдадық. Таяу жылдарда біз құны 55 миллиард доллардан асатын 300-дей жобаны жүзеге асырамыз.
Елімізде адам капиталы деңгейін арттыру және экономика білімінің негізін құру үшін біз Астанада Жаңа халықаралық университет аштық. Жыл сайын үш мың студентті шетелге жіберіп, ең озық университеттерде оқытамыз. Әлемнің белді университеттері Астанада ашылған бұл оқу орнының серіктестері болып саналады, деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Инвестициялық салада да айтарлықтай табысқа жеткеніміз аталды. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында шетелдерден 120 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тартты. Ішкі инвестиция бұдан да көп болды. Еліміз алдағы уақытта да инвестиция тарту бағытындағы байланыстарын кеңейте түсетін болады.
Бұл Ресей және Беларусьпен бірге Кедендік одақты құру, соның негізінде Біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастыру арқылы жүзеге асырылады. Осы арқылы 170 миллион адамды қамтитын ірі нарыққа жол ашылды. Дүниежүзілік банктің бизнеске жағдай туғызу жөніндегі рейтингінде Қазақстан реформа жасаудың лидері болып танылды. Қазақстанның аймақта интеллектуалдық және инновациялық кластер болуына мүмкіндігі мол.
Біздің еліміз бұрынғы Кеңес Одағы елдері ішінде алғашқы болып ислам банк жүйесін енгізуге қажетті заңнамаларды қабылдады. Осылайша елімізде былтыр тұңғыш Ислам банкі ашылды.
Қазақстан қауіпсіздік, экономикалық және мәдени ықпалдастық мәселелері бойынша әлемдік қоғамдастықтың күш біріктіруіне де белсенді түрде атсалысып келеді. Еліміздің ТМД елдері арасынан тұңғыш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі – соның айқын мысалы, деді Президент.
Қазақстан басшысы еліміздің бастамасымен бұл ұйымның 11 жылдан бері үзіліп қалған ауқымды Саммиті өткенін атап көрсетті. Орталық Азия мәселелеріне әлемдік қоғамдастықтың назарын аудару біздің төрағалығымыз кезіндегі басымдықтың бірі болғанын айтты.
Қазақстан ислам өркениетінің ажырамас бөлігі саналатын Орталық Азияның қарқынды әрі орнықты дамуындағы өзінің жауапкершілігін айқын сезінеді. Бүгінгі Қазақстан әлемге мұсылманы басым елдің де әлеуметтік-экономикалық жаңғыру мен демократиялық реформаларды табысты жүргізе алатынын дәлелдеуге ұмтылып отыр, деді Қазақстан басшысы.
Сөзінің соңында Қазақстан Президенті Астанадағы 7-ші Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумы біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық пен үнқатысуды кеңейтуге жаңа серпін береді деген сенімін білдірді.
«Жаһандану: өзара байланыс, бәсекелестік, ынтымақтастық» ұранымен ашылған 7-ші Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан кейінгі сөз Малайзияның Премьер-министрі, Наджиб Сри Дато Тун Абдул Разакқа берілді. Мен Қазақстан Республикасында болып жатқан осындай айтулы шараға қатысып отырғаныма қуаныштымын, деп бастады өзінің сөзін мәртебелі мейман. Бүгінгі таңда Ислам әлемін толғандырған азық-түлік қауіпсіздігі, халал индустриясы секілді проблемаларды бірлесіп шешу бәрімізге де ортақ жүк артады. Бұл мәселе мемлекеттік органдармен қатар, жекеменшік секторға да ортақ. Екі сектордың бірлесе жұмыс істеуі басқарушылық әдісті жетілдіруді қажет етуде. Жаппай өсімді қамтамасыз ету үшін басқару қағидаттарын жетілдіру керек. Осы мәселелер бүгінгі форумның алдында тұрған міндеттер деп ойлаймын.
Одан әрі шешен Ислам әлемінің экономикалық проблемаларына тоқталды. Бүкіләлемдік банктің болжамына қарағанда, деді ол, әлемдік экономиканың өсімі 2011 жылы 3-4 пайыз болғалы отыр. Бірақ мұсылман әлеміндегі жалпы жағдай бұдан төмен, ол 2,1 пайызды ғана құрайды. Бұл Ислам әлеміндегі мемлекеттердің даму қарқыны бірдей еместігін көрсетеді. Сондықтан біз өз арамызда даму қарқынын бірдей қалыпқа түсірмекке ұмтылуымыз керек. Егер Бүкіләлемдік банктің былтырғы сарабына сүйенетін болсақ, біздің арамызда тек Сауд Арабиясы, Малайзия және Біріккен Араб Әмірліктері ғана бизнестің даму қарқыны бойынша жоғары көрсеткішке жетіп отыр.
Ал Қазақстан Республикасы бизнесті басқару жағынан алдыңғы орыннан табылды. Мен осы жетістікпен Қазақстан Президентін құттықтай кеткім келеді. Бизнесті дамытуға тежеу болып отырған факторлар көп, солардың кейбіреулерін атайтын болсақ, мөлдірлік қағидаты сақталмайтындығын алдыңғы қатарға қоюға болады. Соның кесірінен әлеуетті қолдау көрсететін адамы бар бизнес дамыған секілді болады. Іс жүзінде бұл табиғи жолмен дамып келе жатқан ашық бизнестің аяғына тұсау салып, жалған бәсекелестікпен кедергі келтіреді. Сондықтан бизнесті дұрыс реттеудің және салық жүйесін әділетті түрде іске асырудың маңызы зор. Сонда бизнестің жалпы дамуына жол ашылады.
Ислам әлеміндегі көптеген дамушы елдер, сонымен қатар, ресурстарға бай, әлеуеті жоғары елдер де бизнестің еркін дамуына мүмкіндік тудыратын ашықтық, шыншылдық және мөлдірлік секілді қағидаттардың тұрақты түрде болуына мүмкіндік жасай алмай отыр. Сондықтан бизнестің даму қарқыны төмен. Бүгінгі таңда жақсы қарқынмен дамып келе жатқан ресурстарға бай елдер де осы қағидаттарды ұстанбаса ықпалынан айрылып, тоқырауға ұшырауы ғажап емес. Бизнесті басқару ісінде осындай қағидаттармен қамтамасыз ету ешқашан да назардан тыс қалмауы керек. Тек қана ашықтық, әділеттілік, теңдік бар жерде және бизнес жүргізуші адам өзін әрқашанда осы қағидаттармен қорғай алатын өкімет билігі барына көзі жеткенде ғана бизнес жанданады, ал ол елдің жаппай дамуына жағдай тудырады.
Одан әрі шешен қасиетті Құранның беттері мен Ислам әлемі кемеңгерлерінің сөзінен бизнес жүргізуде осындай қағидаттарды ұстанғанда ғана дамудың жоғары болатындығы туралы даналық ойлардан беделді дәйексөздер келтірді. Соның ішінде Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) күйеу баласы, 4-ші халиф Әли Әбу Талибтің осыдан 1,5 мың жыл бұрын Мысырдың билеушісіне айтқан сөзін айтты. Халиф өзінің қол астындағы билеушіге: егер сен өзіңнің қарамағыңдағы елді өркендетемін десең, әділетті, тең және барлығына бірдей өркендеуді, соның ішінде әйелдерге де тілейтін би бол деген екен, деді шешен. Әрине, деді шешен, мұндай талаптар Батыс елдерінде де бар, бірақ біз осы қасиеттерді ұстансақ, батысшыл болып кетерміз деген қауіптен аулақ болуымыз керек. Өйткені, қасиетті Құран да осы қағидаттарды толығымен жақтайды және талап етеді.
Одан әрі Наджиб Абдул Разақ Малайзияда бизнесті дамыту бағытында жасалып отырған реформалар туралы айтты. Олар елдің сыртқы рыноктағы бәсекелестікке қабілеттілігін арттырып отыр. Ал бұл реформалар елдің өміріндегі барлық салаға да қатысты болды, соның ішінде жастар ісін де назардан тыс қалдырған жоқпыз, деді ол. Малайзияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы институтының ашылуы және адам құқын сақтауды қамтамасыз ететін комиссияның құрылуы бұл істердің жандануына жағдай жасай түсті. Үкімет барлық пікірлердің теңдігін қамтамасыз етіп, барлық үндерге де құлақ түреді. Оның ішінде оң өзгерістерге әкелетін ұсыныстар ешқашан ұмытылмай, іске асырылады. Осының бәрі Малайзияны жақсы дамыған қуатты елге айналдырып отыр. Ал ол қоғам мүшелерінің бәрін де жақсы тұрмысқа жеткізуде, деді шешен.
Сөзінің соңында ол БИЭФ жақсы пікірлермен алмасып, орынды ұсыныстар айта алатын жақсы үнқатысу алаңы болып отырғанын атап көрсетіп, оны ұтымды ұйымдастыра білген Қазақстан жағына тағы да алғысын білдірді.
Келесі сөз Джибути Республикасының Президенті Исмаил Омар Геллеге берілді. Қазақстан тарапына жылы қабылдап, жақсы жиын өткізіп отырғаны үшін алғыс білдіруден бастаған ол өзінің сөзін форумның маңызын айтумен жалғастырды. Алла Ислам әлемі елдеріне заманның талабына сай жақсы қарқынмен дамуға болатын барлық мүмкіндіктерді берген. Соның ішінде қуат ресурстарының негізгі бөлігі, адам ресурстарының белсенді бөлігі мұсылман әлемінде болып отыр. Біз өзара ынтымақтастық, әділдік және келісіммен жұмыс істейтін болсақ, экономикалық дамудың биік белесіне қол жеткізе аламыз. Халықтарымыздың арасында пікір алуандығы, төзімділік секілді қағидаттарды ұстана отырып, біз экономикалық ынтымақтастықтарды тереңдете түсуіміз керек, деді шешен.
Одан әрі Исмаил Омар Ислам Конференциясы Ұйымының бүгінгі таңдағы проблемаларына тоқталды. Бүкіләлемдік талдауға қарағанда, біздің Ұйымымызға енетін 22 мұсылман мемлекеті дүние жүзіндегі экономикалық дамудан артта қалған 49 елдің ішіне еніп отыр. Олардың көбінде азық-түлік тапшылығынан, бүгінгі күні әлемнің көптеген елдері лықа тойып отырғанда аштықпен күресіп, жанына бір күндік өмір сыйлау үшін талас қылуда. Біздің уммамызда жоғары қарқынмен дамыған, әлемдегі ең бақуатты елдердің қатарына енетін мемлекеттер де бар. Олардың ауыл шаруашылығы, энергетика және шикізат өндірудегі әлеуеті өте жоғары. Қазір мұсылман елдерінің халықтары жалпы әлем тұрғындарының 22 пайызын құрайды, ал бірақ ішкі жалпы өнімдегі үлесіміз 7,2 пайыз ғана. Әлемдік саудадағы мұсылман әлемінің үлесі 10,5 пайыз. Қолдағы мүмкіншіліктерге қарағанда, бұл көрсеткіш мұсылман әлемі үшін өте төмен. Біз 2015 жылғы мерзімде Ислам Конференциясы Ұйымына енетін елдердің әрқайсындағы сауда айналымының 20 пайызын мұсылман мемлекеттерінің үлесіне жеткізетін боламыз деген межені алға қоюымыз керек деп ойлаймын. Сонда біздің бес құрлықты қамтитын уммамыз өзінің бай әлеуетіне қол жеткізер еді.
Енді мен өзім жақсы білетін африкалық араб елдерінің жағдайын айта кетейін. ИКҰ-ға енетін 57 мемлекеттің 27-сі – африкалық мемлекеттер. Соның ішінде Алжир, Марокко және Нигерия өз арамызда жақсы қарқынмен дамып келе жатқан елдерге жатады. Осы үштіктің аумағына жылына 82 млрд. АҚШ долларына тең инвестиция құйылып отыр. Бұл көрсеткіш 2015 жылға қарай 100 млрд. долларға жетеді деп болжануда. Қазір «Африка – келешектің құрлығы» деген қағидат айтылып жүр. Бұл сөздің жаны бар. 2015 жылға қарай Африка мемлекеттері экономикалық дамуда үлкен табыстарға жетеді деп күтілуде. Демографиялық жағдайдың жоғарылығы, орта таптың пайда болуы бұл елдердің сұранысын арттыра түсуде.
Еңбек ресурсының көптігі де шетелдік инвесторлар үшін Африканы өз стратегиясының басты фокусы ретінде қарастыруына жол ашып отыр. Инвестицияның көптеп келуі кедейшілікпен күрестегі маңызды құрал екені даусыз. Бірақ басқа елдердің инвестициясының ағылуы Африка елдерінің бөтен мемлекеттерге экономикалық жағынан тәуелді болып қалуына соқтырмас үшін жоғары дамыған ИКҰ мемлекеттері осынау факторды естен шығармағанын қалар едік. Ол үшін өзара экономикалық ынтымақтастықты дамыту қажет. Біздегі энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі, инфрақұрылым, жеке сектор, т.б. стратегиялық салалар өз инвесторларын күтуде. Бұл салаларды қаржыландыру дамыған Ислам елдерінің қолынан мықтап келеді.
Одан әрі шешен өз елінің экономикалық проблемаларына тоқталды. Біздің экономикалық ынтымақтастық бағытындағы басты стратегиямыз экономикамызды әртараптандыру мәселесіне инвестиция тартуға бағытталған. Біз жаһандық экономикаға кірігу үшін барлық тарапқа да ашықпыз деген саясат ұстанудамыз. Өзіміздің үш құрлықтың арасында орналасқан геосаяси жағдайымызды ұтымды пайдаланып, бәсекеге қабілетті бола алатын салаларға басты назар аударудамыз. Біз – теңіз көлігі жолдарының бойында орналасқан шағын елміз. Осы саланы тиімді пайдалану біздің негізгі міндетіміз.
Сөзінің соңында шешен ИКҰ-ның өз елі үшін қаншалықты маңызды екендігіне тоқталды. Бұл Ұйым біз үшін өте қажет, өйткені, ол ислам құндылықтарымен қатар, мұсылман әлемінің басқа салалардағы да мүдделерін қорғайды. Бүгінгі күннің тудырып отырған жаңа экономикалық, мәдени, діни қауіп-қатерлерінің алдын алу және оларға тойтарыс беруде ұйымның маңызы зор. Сондай-ақ кедейшілікті жою, барлық тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуда да ықпалдастық пен өзара ынтымақтастықты дамыта отырып ИКҰ оң рөл атқаруда. Бізге тек бір Аллаға сыйынып, өзіміздің әлеуетімізді біріктіріп, өзімізге өзіміз сенімді болып, позицияларымызды бір арнаға тоғыстырудан басқа жол жоқ екенін ұғынуымыз керек, деді Исмаил Омар сөзінің соңында.
Сөз кезегі Тәжікстан Республикасының Премьер-министрі Акил Акиловқа берілді. Шешен өзінің сөзін ИКҰ қызметіне жоғары баға беруден бастады. 7-ші Экономикалық форумның қазіргі әлемдегі тамаша қалалардың бірі, біздің заманымыздағы қала құрылысын жүргізудің эталоны болып отырған Астана қаласында өткізілуінің де маңызы бар, деді ол. Меніңше, өзара ашық үнқатысу біздің экономикалық дамуымыздың өзекті мәселелерін шешуге, экономикалық интеграцияға өтуді қамтамасыз ететін тетіктерді жасау жолындағы ынтымақтастыққа қол жеткізуімізге жол ашады. Осы тұрғыдан Астананың аймақтық және аймақаралық интеграцияны дамытып отырғанын өзгелеріміз өзімізге үлгі тұтамыз.
Одан әрі шешен Тәжікстан Республикасы экономикасының тәуелсіздік алған жылдардағы қалыптасу жолдары мен қазіргі таңдағы жағдайына тоқталды. Біздің еліміз алғашқы күннен әлемнің барлық мемлекеттерімен интеграциялық үдерістерге қосылуды мақсат еткен либералды экономикалық саясат ұстанып келеді. Осының өзі біздің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштеріміздің тұрақты өсуіне жол ашып, халқымыздың әл-қуатының біршама артуына мүмкіндік берді. Соңғы үш жылдағы бүкіл әлемді шарпыған экономикалық дағдарысқа да біз төтеп беріп, елдегі экономикалық тұрақтылықты сақтап қала алдық.
Біз елдегі стратегиялық даму мен кедейшілікті жоюдың 2015 жылға дейінгі бағдарламасын жасап, оны іске асыруда айтарлықтай табыстарға жеттік. Жасалған жұмыстың нәтижесінде кедейшілік 2003 жылғы 72 пайыздан 2010 жылы 45 пайызға дейін төмендеді. Алдағы жылдарға Республика Президенті Эмомали Рахмон негізгі үш стратегиялық басымдықты анықтады. Бұл басымдықтарды халықаралық қаржылық көмек қорларымен бірлесе отырып кезең-кезеңмен әрі жоспарлы түрде іске асыру мемлекеттік бағдарламалармен бекітілген. Соның ішінде мұсылман елдерінен келетін көмек те айтарлықтай болып отыр, деді.
Сөзінің қорытындысында А.Акилов мүмкіншіліктері мен жағдайы бар Тәжікстан Ислам елдерінің сенімді әріптесі бола алатынын атап көрсетті.
Индонезия Республикасының Вице-президенті доктор Боедионо сөзін Қазақстан басшысына және Қазақстан халқына осынау аса ауқымды жиынды ойдағыдай ұйымдастырғаны үшін алғыс айтудан бастады. Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумы Орталық Азияда алғаш рет өтіп отыр, деді Индонезияның Вице-президенті. Экономикалық форум тұңғыш рет Малайзияда шақырылған болатын. Индонезия Республикасының Президенті Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумның қамқоршысы болып табылады. Осылай деген шешен Индонезия Президентінің шынайы ниеттестік сәлемін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және форумға қатысушыларға жеткізді.
Ислам экономикалық форумының Қазақстан астанасында өтіп отырғаны Қазақстанның және Орталық Азияның әлемдік қоғамдастықта өзіндік орын алғанының нақты көрінісі, деді доктор Боедионо мырза әрі қарай. Біз Орталық Азияның тарихтағы орнын әрқашанда жоғары бағалаймыз. Мысалы, «Ұлы Жібек жолы» өркениеттер арасындағы байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқарды. Осындай форумдар өткізу арқылы біз Ислам әлемінің тарихи маңызы мен құндылықтарын қайта қалпына келтіре аламыз.
Вице-президент бұдан соң бүгінгі форумның басты тақырыбына тоқталды. Шешеннің атап өткеніндей, форумның тақырыбы «Жаһандық экономикалық даму – өзара ынтымақтастық пен әріптестік» деп аталады. Бүгінде бұл өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі, көптеген елдер қазіргі кезде экономикалық қиындықтарға тап келіп отыр. Соған барлығы төтеп беруі тиіс. Оның үстіне жаһандану үдерістері алға тартқан қиыншылықтар тереңдей түсуде. Осыған байланысты оларды шешу мәселесі күрделі сипат алып барады. Дегенмен, жаһандану әлемдік өркениеттер мен мәдениеттерді бір-біріне жақындастыруға әсер етуде.
Бұл үрдіс бізге көптеген мүмкіндіктер береді, деп жалғастырды сөзін Боедионо мырза. Сондықтан да біздер жаһандануға қатысты қиыншылықтарға қарамастан, ынтымақтаса отырып, өркендеуге үлес қосуымыз қажет. Қазіргі кезеңдегі қиыншылықтар трансшекаралық сипатта. Сол себептен олар халықаралық ынтымақтастықтағы келісімдерді талап етеді. Жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстан көпшілік мемлекеттер әлі шыға алған жоқ. Оны еңсеру үшін біздер осындай жиындар арқылы көптеген проблемаларды шешуіміз керек. Форумда көтерілген мәселелер тек сөз жүзінде қалып қана қоймай, тәжірибе жүзінде іске асырылуы тиіс.
Шешен сондай-ақ өзара қарым-қатынастарды нығайту жайын да ортаға салды. Оның атап өтуінше, қарым-қатынастар жақсарған сайын, шикізаттар мен тауарлар алмасу арта түседі. Бұлар елдер арасындағы келіспеушіліктер мен түсініспеушіліктерді шешуге септігін тигізеді. Сондықтан да инфрақұрылымды жедел дамытып, ынтымақтастықты нығайту керек. Бұлар Ислам әлімінің басты қағидаттарының бірі екенін ұмытпаған жөн. Осы мақсатқа жету үшін ИКҰ-ға мүше мемлекеттердің үкіметтері бірлесіп жұмыс істегені тиімді.
<