09 Маусым, 2011

Форумға қатысушылар лебізі

387 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Жадид ИСМАЙЛ, Малайзия Bumi Wangsa Sdn Bhd компаниясының бас директоры: – Менің бұл Астана қаласына бірінші рет келуім. Астананы көріп үлкен әсер алдым. Ол 10 жылдың айналасында салынды дегенге сенер-сенбесімді білмей отырмын. Шынымды айтсам,  біздің астана­мыз Куала-Лумпур қаласының маңайынан да жаңа әкім­шілік орталық салынып жатыр. Ол – жаңа әкімшілік ор­талық. Ал Куала-Лумпур қаласы көптен бері өмір сүріп келеді. Ал мұнда бір елдің үлкен астанасын санаулы жылдардың ішінде болашақтың қаласындай етіп салып тастаған. Расында да бұл – сүйсінерліктей үлкен оқиға. Мұнда келгелі Қазақстанды зерттеп біліп, көптеген ақпараттарға қанығып жатырмыз. Өз басым Қазақстан мұндай деңгейде жедел дамиды деп ойлағаным жоқ. Бәлкім, сіздер де біздің Малайзияның жедел дамыған ел екендігін білерсіздер. Демек, мен үшін жедел, қарқынды даму сондай бір таңқаларлық жағдай болмаса да Қа­зақ­станның даму деңгейі мен қарқындылығына сүйсі­ні­сім­ді жасырмаймын. Оның кең құлаштығын осы Астанаға, ондағы көптеген әдемі сарайлар мен ғимараттарға, жаңа технологияларға қарап-ақ байқауға болады. Біздің компаниямыз мұнай-газ өндірісіне құрал-жабдықтар шығарумен айналысады. Құрылғанымызға  30 жыл уақыт болды. Осы уақыт аралығында дамудың түрлі кезеңдерін бастан кешірдік. Бастапқыда дистрибьютерлік компания ретінде дайын құрал-жабдықтарды Жапониядан тасымалдап, өз ішімізде саудалайтынбыз. Келе-келе оларды өзіміз шығаратын болдық. Сөйтіп, бірте-бірте осы кәсіпке әбден мамандандық. Қазіргі біздің шығарып жатқан құралдарымыз Еуропадағы құралдар­дан ешбір кем емес. Жалпы, кез келген ел өз дамуында осындай үрдіс­тер­ді бастан кешіреді екен. Біздің Малайзия өз тәуел­сіз­дігіне ие болғанымен, бірқатар жылдар бойы жаңа технологиялар жөнінде батысқа тәуелді болып келді. Енді осы жөнінен де дербестікті нығайта бастадық. Жалпы алғанда, толықтай тәуелсіздік ешбір елде жоқ. Әлем халықтары көптеген мәселелер жөнінен бір-біріне мұқтаж. Демек, аралас-құраластықтың маңызы зор. Мәселен, мен Қазақстанның бүгінгі жетістіктерін көріп, осы елмен өз компаниямның деңгейінде қарым-қатынас орнатқым келеді. Осы мақсатта бүгін форум барысында бірқатар қазақстандық кәсіпкерлермен кездестік. Бізге бұл жерде қазақ жігіттері аудармашылық қызмет көрсетіп жүр. Соның арқасында қазақстандықтармен тіл табысып жатырмыз. Сіздерде мұнай-газ саласы жақсы дамыған екен. Біздің Малайзияның да мұнай компаниясы бар. Өзімізге жететін мұнайымыз бар. Бірақ ең ма­ңыздысы – бұл жерде халықаралық деңгейде араласу. Ондай ынтаны мен қазақстандықтардың бойынан да байқап, соған риза болдым. Біз кездесулерді жалғастырмақпыз. Қазақстанмен жақсы қарым-қатынастан үлкен үміт күтемін.  Ғабдығапар СЕЙТҚАСЫМОВ, ҰҒА академигі, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің ректоры: – Ислам елдерімен әріптестік қарым-қатынастан үлкен үміт күте­мін. Исламның үлкен құндылық­тары­ның бірі – Аллаға берілудің нәти­жесінде адамгершілік тазалық­ты қатты сақтайтындығы. Сондықтан Ислам елдерінде, ең бастысы, сыбайлас жемқорлық аз кездеседі. Осы жағынан алғанда қоғамды тазарту үшін бұл мәселенің мәні зор. Жалпы дүние, тіршілік, алыс-беріс, барыс-келіс арқылы дамиды ғой. Өйткені, адам баласы өзінде жоқты басқадан көріп үйренеді. Сондықтан біздің Қазақстанның өз тәуелсіздігіне ие болғаннан бері халықаралық қоғам­дастықпен белсене араласуының маңызы зор болып отыр. Мен осы үдерісті ғалым ретінде де, қызметі халықаралық сауда қарым-қатынастарына бағытталған университет ректоры ретінде де қолдаймын. Осындай халықаралық жиындарға белсене қатысамын. Өйткені, мұның мен басқарып отырған оқу ордасына беретін пайдасы зор. Мәселен, біздің Қазақстан соңғы уа­қыттары Ислам қаржыландыру жүйесін елімізге енгізуге үлкен күш жұмсауда. Бұл туралы жеке заң қабылдап та үлгерді. Осы заңды, мына өтіп жатқан Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумын іспен қолдау үшін біз өз университетімізде Ислам қаржыландыру жүйесі бойынша мамандар дайындау ісіне мән беріп отырмыз. Осы форум аясында көптеген Ислам елдерінен келген ғалымдармен, мамандармен кездесіп, ісімізді ілгері жылжытудың жолдарын талқылау үстіндеміз. Ең алдымен өз оқытушыларымызды осы елдерге жіберіп, білімдерін жетілдіру бағытында әңгіме өрбуде. Шет елден оқытушылар шақырудың жағдайы қалай? Бұл мәселе де назардан тысқары қалып отырған жоқ. Қысқасын айтқанда, бұл форумның ұйымдастырылуы біз үшін барынша маңызды. Форум барысында Ислам әлемінде Қазақстанның жоғары беделге ие бола бастағандығын байқадық. Қазірдің өзінде жас тәуелсіз мемлекет саналсақ та, біздің де басқаларға үйретеріміз баршылық екендігі көрініс беріп қалды. Көптеген Ислам елдері өкілдерінің бізді Батыспен өз араларында араағайындыққа жүре алатын ел ретінде бағалай бастағандығы сезіледі. Форумдағы сөзінде біздің Президентіміз үлкен ойларға, идеяларға түрткі болатындай жақсы-жақсы ұсыныстар жасады. Оны қонақтардың қанағаттана қабылдағандығы байқалды. Бұл – бүгінгі форум, бір есептен алғанда, үлкен ойлардың ордасы болды деген сөз. Жалпы, өз басым біздің Қазақстан үшін де, жалпы Ислам әлемі үшін де осы форум пайдалы болды деп одан үлкен үміт күтіп отырмын. Іске сәт, демекпін.    Гүлнәр СҮГІРБАЕВА, астаналық кәсіпкер: – Мен халықаралық сауда жүйесі болып табылатын «Радамир» кәсіпорнының басшысы болып істеймін. Маған форум өте ұнады, мұнда өте көп пайдалы ақпараттар естідік. Өзіміздің кейбір шетелдік әріптестерімізбен кездестім. Олардың кейбір ақпараттары арқылы өзіңнің кейбір біле қоймайтын дүниелеріңді танып қаласың. Соның ішінде кейбір салаларға байла­ныс­ты бүгінгі таңда қолданылатын сапалы материалдардың аттарын және оларды қайдан, қалай алуға болатынын да біліп қалдым. Мен кешеден бері осы форумның жұмысына қатысудамын. Екі күн­гі отырыс та мен үшін қызықты болды. Бүгінгі отырысқа Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысып, сөз сөйледі. Елбасының Ислам Конференциясы Ұйымының жұмысын жетілдіру бағытында айтқан ұсыныстары өте дұрыс деп санаймын. Шынында да мұсылман әлемі артта қалған деген түсінік бар, сондайды болдырмас үшін қолда бар әлеуетімізді ұтымды пайдалануымыз керек. Ал ондай әлеуетке мұсылман әлемі өте бай екендігі белгілі. Бір сөзбен айтқанда, мен Президенттің сөзіне риза болдым. Жанымда отырған малайзиялық, индонезиялық – барлық әріптестерім де біздің Президентті ұйып тыңдады. Мен өзім Елбасының Жолдауда айтқан тапсырмаларының бірі – Астана қаласын азық-түлікпен толық қамтамасыз етуге атсалысып жүрмін. Жуырда 2 мың тонна көкөніс сақтай алатын қойма салу жұмысына кірістім. Абдул Азиз бен Абдул Рахим, БИЭФ жастар және спорт бюросының төрағасы: – Мен форумнан бүгінгі күні үлкен әсер алдым. Сөйлеген шешендердің ішінде маған, әсіресе, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан На­зар­баевтың сөздері ұнады. Елбасы Ислам Конференциясы Ұйымының жұмысын, біздің елдеріміздің өзара ынтымақтастығын жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар жасады. Мұсыл­ман әлемі өз әлеуетін толық пайдаланатын болса, бәрі де жақсы дамыған елдер қатарына өтер еді. Ол үшін әрбір елдің лидерлері Нұрсұлтан Назарбаев секілді жаһандық масштабта ойланып, ортақ проблемаларды шешуге ұмтылуы керек. Әзірге ондай көшбасшылар көп болмай тұр. Кейбір мұсылман елдері Батысқа арқа сүйеп, тек өздерінің бай­ы­ға­нын ғана қалайды. Ал жанындағы кейбір елдерде мұсылман бауыр­лары бұл кездерде аштан өліп жатса да олар бастарын ауыртқысы келмейді. Осындай істерге ИКҰ мойын бұрып, мүше мемлекеттер арасындағы қатынасты тығыз қалыпқа түсіруі керек деп ойлаймын. Форумның жастар қанатында да осындай мәселелер көп айтылды. Меніңше, айтылған пайдалы кеңестердің бәрі іске асатын шығар. Өзім Алладан оның орындалуын тілеймін. «Егемен Қазақстанның» тілшілер тобы. ----------------------------------------------- Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.