Кішкене кезінде үлкен қызымды «құлыным», «алтыным» деп еркелетіп айтып жүріп, бірде «көзімнің қарашығы, жарық дүнием менің» деп айналып-толғанып едім, ол: «мама, көзімнің қарашығы, жарық дүние деген не сонда?» деп сұрады. «Жарық дүние деген мынау жарқыраған әлем. Сол әлемді көзіңнің қарашығы болмаса көре алмайсың. Ал қараңғыда қалай өмір сүресің. Сондықтан сенің атыңды көзімнің қарашығы, көзімнің жанары болсын, деп Жанар қойғанмын» дедім мен оған.
Иә, адам баласы үшін маңдайдағы қос шырақтың орны бөлек. Қамшының сабындай өмірде мынау жарық дүниенің бар қызығын көзбен көріп қана рахаттанатынымыз тағы рас. Демек, көздің көруі – әр адамның аса құнды байлығы, табиғаттың берген өлшеусіз сыйы. Енді, сол адамның он екі мүшесінің негізгісі, әрі ең нәзік ағзасы – көз ауруына ота жасап, емдейтін жаны да, өзі де нәзік, Қазақтың көз – аурулары ғылыми-зерттеу институтының шыны тәрізді дене және тор қабықтың хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Элмира Ғазизқызы Қанапияновамен танысып, ол кісі жайлы қалам тербеуімізге жақын адамымыздың жарық сәулені көруі сеп болған-ды...
Жалғыз мен ғана емес, кім болса да бас ауырып, балтыр сыздап ауруханаға бас сұққанда, алдымен алдына баратын дәрігердің «қалай қарсы алады екен» деп қабағына қарайтыны рас қой. Егер жылы шырай танытып, іші-бауырыңа кіріп, ауырған жеріңді, жағдайыңды тәптіштеп сұрап жатса, «дәрігер ең алдымен сөзімен емдейді» деген осы болар, бойың бір жеңілденіп, жарты ауруыңды алып тастағандай күй кешесің. Біз де Элмираны алғаш көргенде сондай сезімде болдық. Биязы үні, сүйкімді ақ сары жүзі, медицинаның терминдерін қалайда қарапайым сөзбен түсіндіруге тырысып, бар ықыласымен жеткізуі, риясыз жымиып, ақ жарқын көңілімен өзіңді қарыздар етіп қоятындай қасиеті – бәрі-бәрі адамның бекзат болмысынан хабар беріп тұрғандай. Оны сезінген сайын сіз де ол кісіге өз ықыласыңызды білдіруге тырысып жатқаныңыз. Ал жақынырақ сөйлесе келе, өз мамандығына деген соншалықты сүйіспеншілігі, дәрігерлік антына адалдығы, науқасқа деген жанашырлық шын ниеті көзге ұрып тұрғанын көргенде Тәңірі қалаған дәрумен осындай-ақ болатын шығар деп топшылайсың.
...Қалай дегенде де, адам өміріндегі ең бір маңызды сәттің бірі – мамандық таңдауда адаспауы ғой. Әсіресе, адамның тағдыры қолына тапсырылатын мамандықта, әсте абай болған абзал. Мамандық таңдауға келгенде Элмираның жолы болды. Өйткені, ол дәрігерлер әулетінде дүниеге келіп, ержетті. Ес білген кезінен естігені медицина, науқас, ауру жайлы. Ата-анасының, үйге келіп жатып емделетін туыстарының сөздеріне құлағын түре жүреді. Өзі де зерек бала ғой, бәрін көкейіне тоқи берсе керек. Аяулы әкесі Ғазиз Қанапиянов елімізге танымал онколог-радиолог, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Ұзақ жылдар Қазақтың онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында алдымен радиология бөлімін меңгерді, кейін директордың ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары болды. Осыдан үш жыл бұрын отандық медицинаның дамуына көп еңбек сіңірген ғалым 63 жасында, өмірінің ең белсенді шағында өзі де жаман аурудан дүниеден озды. Анасы Рауза да дәрігер-терапевт. Көп жылдар темір жол ауруханасында еңбек етіп, бүкіл өмірін медицинаға арнады. Бүгінде зейнеткерлікке шықса да шипажайда бөлім меңгерушісі.
Міне, осындай зиялы отбасында өсіп, дәрігерлік мамандықтың қыр-сырына қаныққан Элмираға басқа мамандық жайлы ойлау қаперіне кірмей, кішкене кезінен «тек дәрігер боламын» деген арманның жетегінде кетеді. Еш қиналмай, Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетіне оқуға түсіп, оны 1990 жылы бітіреді. Әкесі қызының балалар онкологы болуын қалағанмен, оған жүрегі дауаламайды. Институттың төртінші курсында мамандану басталған кезде ата-анасының ақыл-кеңесімен көздің адам ағзасындағы рөлін, офтальмология ғылымының келешегін байқаған болуы керек, осы жолды таңдайды. Содан бастап офтальмологияға қатысты үйірмелерге қатысып, білімін тереңдетіп, оқу бітірген кезде осы мамандыққа нық сеніммен келеді.
– Менің сіңлім Құралай да дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, Онкоинститутта емхана меңгерушісі. Әрине, жас кезіңде ненің жақсы, ненің жаман екенін түсіне бермейсің ғой. Мен көбіне ата-анамның айтқанымен жүрдім. Өйткені, ол кісілер медицинаны жақсы білді. Кеңес сұрап, ақылдасқанда студент кезімде де, жұмыс істегенде де жәрдемі көп тиді. Ол кісілер де өздерінің білгендерін, медицинада, ең алдымен, қай мәселеге мән беру керектігін, кәсібилік жағынан да көмектесіп, тіпті өз құпияларын да айтатын. Екеумізді де ата-анамыздың өз жұмыстарына деген көзқарасы, жауапкершілігі тәрбиеледі деп ойлаймын. Сондықтан өзімнің дәрігерлер әулетінен шыққаныма мақтанамын. Өкінішке орай, қызым Кәмилә шығармашылық жолды таңдады, – деп әңгімесін жалғады Элмира.
Дәрігер қыздың бұл айтқан жүрекжарды сыры рас. Еліміздегі қайта құру, дағдарыс кезінде дәрігерлер медицинадан жаппай кетіп жатқанда, әкесі: «Қызым, ешқайда кетпейсің, осы жұмысыңды жалғастыра бер. Келешекте бәрібір дәрігердің еңбегі бағаланатын болады» дегені әлі есінде.
Енді көпшілікке түсінікті болу үшін Элмира жасайтын операцияның ерекшелігіне тоқталайық. Жалпы, көз алмасы сыртқы (ақ түсті), ортаңғы (тамырлы), ішкі (торлы) – үш қабаттан тұрса, витреоретинальдық хирургия тікелей көздің ең ішкі тор қабатымен айналысады. Ұяшық көздің ең нәзік жері. Ол адамға көрінбейтін жүйке талшықтарынан тұрады. Яғни, мидың көздегі тіндері. Қарапайым тілмен айтқанда, көздің ішіндегі шыны тәрізді дене ауыстырылып, тор қабықтың тесіктері жамалып, орнына келтіріліп жабыстырылады. Операция эндоскопиялық әдіспен, микрокесумен жасалады. Ол хирургияға лазер де кіреді. Демек, өте нәзік хирургия болғандықтан, аса жоғары технологияны қажет етеді. Қазір Элмира өзінің тобын жасақтады. Төрт-бес хирург осы күрделі операцияны жасауды меңгерсе, үйреніп жатқан жастар да бар. Көпшілігінде бұл операция, ең алдымен, қант диабетімен ауыратын, түрлі жарақат алған науқастарға жасалады. Артықшылығы – ол хирургиямен көз алмасындағы басқа да операцияларды бір мезетте жасауға мүмкіндігі мол. Бұл – операцияның бірегейлігі.
Жалпы, көз ауруларын емдеуде витреоретинальдық хирургияның қысқаша өз тарихы бар. 2005 жылы институт осындай ота жасау мақсатында жаңа құрал-жабдықтар алған болатын. Енді, Қазақтың көз аурулары ҒЗИ-дің директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынгүл Ботабекова сол кезде кәсіби білігі жоғары, өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын дәрігер Элмира Ғазизқызын шақырып алып: «Бәрібір бұл әдісті ерте ме кеш пе бастауымыз керек. Егер сен осы істі қолға алмасаң, онда бізде ешқашан алға жылжу болмайды» деп емдеу тәсілін қолға алуды міндеттеген болатын.
Зады, медицинада жаңа бір әдісті, болмаса, емді енгізерде осындай сенім көрсетіліп, қолдау жасалмаса, дәрігердің өзі тәуекелге барып, ол істі қолға алуы екіталай. Осылайша институт басшысы елімізде бұған дейін қолданылмай, ешкім айналыспаған күрделі істің тізгінін Элмираға сеніп тапсырып, шетелге оқуға жібереді. Халықаралық конференциялардан қалдырмай, өзге елдің мамандарымен тәжірибе алмасып, үйренуге жағдай жасайды. Соның нәтижесінде, қазір елімізде витреоретинальдық хирургия жолға қойылып, өте күрделі категориядағы пациенттерді емдеп, сауықтыруға үлес қосуда. Институт тек қана осы салада емес, көз ауруларына қатысты басқа да күрделі операциялар жасап, еліміздегі офтальмология саласында біраз жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Осы ретте былтыр Элмираның витреоретинальдық хирургиядан сәтті қорғаған докторлық диссертациясы оның осы саладағы ғылымға қосқан үлесі десек те болғандай.
– 80 жылға жуық тарихы бар біздің институтта соңғы он жылда үлкен өзгерістер болды. Басшылық қызметке профессор Тұрсынгүл Көпжасарқызы келісімен ол кісі қорықпай, үрдісті идеяларды енгізу үшін батыл қадамдарға барды. Қазіргі заманғы соңғы заманауи технологиялар сатып алып, Америкада, Еуропада жасалатын әдіс-тәсілдерді енгізді. Бүгінде институтта әлемде ең алдыңғы қатарда қандай заманауи аппарат болса, қандай ең соңғы ем-дом болса, соның бәрі бар, соның бәрі жүзеге асырылуда. Демек, біз ешқандай шет мемлекеттен қай жағынан болса да кем емеспіз, – дейді кеудесін мақтаныш кернеген Элмира.
Медицинадағы әр сала маманына қойылатын талап әрқалай болғанмен, жалпы дәрігерлерге ортақ қасиеттер болады. Элмираның айтуынша, ол біріншіден жоғары кәсібилік, яғни білім, екіншіден, міндетті түрде ізденіп, өзін-өзі дамытып, жетілдіріп отыру. Ал жақсы хирург болғың келсе, үлкен төзімділік, байыпты мінез, хирургиялық қабілет, білім, оған қоса жақсы аппаратура қажет. Тағы да басты қасиеттің бірі – адамды, науқасты жақсы көріп, өзіңе тартып, жаның ашып, сол науқаспен бірге қиналу. Қолыңнан келмесе, сөзбен емдеп, науқастың көңілін жайландыру – ол да ем. Сонда науқасқа да психологиялық тұрғыдан жеңіл болмақ. Тағы бір мәселе, операция емдеп, сауықтырудың елу пайызы болса, ал елу пайызы пациентті күтуге, қарым-қатынасқа, жылы қабақ танытуға байланысты. «Бір байқағаным, егер сен операция жасаған адамға жанышырлықпен қарап, ол туралы ойламасаң, еміңнің нәтижесі болмайды. Бұл өте маңызды. Солай десек те, дәрігерлер бақытты адамдар» дейді Элмира. Неге? Өйткені, олар науқас адамдарға қуаныш сыйлайды. Содан да, дәрігер қадірлі мамандық атанса керек.
Институтта жұмыс жасаған он тоғыз жылдың ішінде Элмираның алдына қаншама науқастар келіп-кетті десеңізші. Солардың арасында, әсіресе, қос жанарынан айырылып, ұзақ жылдар көзі көрмей, туыстары жетектеп келген науқастың операциядан кейін жарық дүниені көргендегі қуанышты сәтін көрудің өзі бір ғанибет. Әрине, оны сөзбен жеткізу мүмкін емес, тек көзбен көру керек. Көпшілігі қуаныштан жылап жіберсе, кейбірі Алланы ауызға алып, шүкіршілік жасап, бүкіл жан дүниесімен рахметін жаудырып жатқаны. Бұл да дәрігер өміріндегі ең шуақты шақ дерсің. Ал Элмирада мұндай жағдайлар жиі болып тұрады.
– Бірде жарақат алғаннан екі бірдей көзі көрмей қалған 32 жастағы жігіт емделуге келді. Содан бізде жасалған операциядан кейін бір көзі көріп, екіншісін орнында сақтап қалдық. Сол жігіт әр мереке сайын хабарласып, құттықтап тұрады, болмаса өзі келіп кетеді. Қазір бір туған бауырымдай. Оның дауысын естіген кезде басқаша әсерде боласың. Ал кеше жанары жеті жыл көрмеген жігітке үлкен операция жасалып, көзі көргендегі ең алғашқы сөзі қандай дейсіз бе?! «Жақсы болды ғой, енді әйелімнің өзгерген түрінің қандай болғанын көретін болдым» деп жатыр. Дегенмен, осындай қуанышты сәтте, әлбетте науқастардың дені жақын адамдарын іздеп, көргісі келеді. Не болмаса «Қандай жақсы, енді өзім жүріп-тұратын болдым» деп алақайлап қуанғанын айтпаңыз, – дейді өзі емдеген адамдар жайлы еске алғанда көзі бал-бұл жайнап шыға келген оташы қыз.
Иә, науқас адамның қуанғанын көру – дәрігердің де қуанышы, жеңісі. Өйткені, адамның барлық дене мүшелерінің ішіндегі ең сезімталы, адамға ең көп қызмет жасап, үлкен рөл атқаратын ағзасы, ол – адамның қос жанары десек, адам қос шырағынан айырылғанда айналамен 80-90 пайызға дейін байланысы үзіледі екен. Өйткені, адам ақпаратты тек көру арқылы алады. Ал қалған он-он бес пайызын есту арқылы қабылдайды.
– Әрине, қиналып жүрген адамға көмектескің келеді, бірақ кейде сәті болмай қалатын кездер де болады, – деп сөзін жалғады кейіпкеріміз ойлы көзбен. – Бұл тек біздің салада ғана емес, жалпы хирургияда кездесетін жәйт. Ол кезде ұйқысыз түндер өтеді. Науқасты ойлап, түнімен уайымдап шығасың. «Қай жерде мүлт кеттім, қай жерін дұрыс жасамадым?» деп өзіңді кінәлап аласың да: «Неге нәтиже болмайтынын біле тұра, науқастың көңіліне қарап, «қарағым, бәрібір көрмеймін, мүмкін бір үміт оты болып қалар» деген сөзіне неге иландым. Бас тарту керек еді» деген өкініш иектейді. Шынында да, «көрейік» деп алған соң адамға үміт дүниесін беру өте қиын. Сосын «Біз қолымыздан келгенін жасадық, ары қарай көреміз» деп айтуға тура келеді. Сонда кейбір науқастар қолымыздан келгеннің бәрін жасағанымызды түсінеді. Көрдіңіз бе, мұндай жағдайлар да болады. Элмира осы ойларын қинала аяқтады.
Рас, мұндай ауыр операцияны көтеру науқас адамға да, оташыға да қиын. Операция кейде үш сағатқа дейін созылады. Сонда да Элмираның күнделікті жұмыс кестесі бірқалыпты. Операцияға сағат тоғызда кіріп, үште бір-ақ шығады. Кейде кешкі бесте әрең босайды. Міне, күні бойғы жұмысы осындай қарбалас болса да, Элмира басқа да қосалқы жұмыстарға уақыт тауып жатқаны. Мәселен, оны ғалым ретінде көз ауруларының көбею себептері алаңдатады. Әсіресе, қазір өндірістік жарақат алушылар саны артқан. Жеке кәсіпорындарда, жеке секторларда жұмыс істейтіндер техника қауіпсіздігін сақтамаса, балаларымыз түрлі мерекелерде қытайдың от шашуларынан көз жарақатын көптеп алуда. Сондай-ақ үлкендердің құнтсыздығынан кішкене балақайлардың қолына өткір зат түсіп, арты өкінішті жағдайға әкелуде. Қазіргі жастардың, оқушы балалардың күндіз-түні компьютер алдында отырып, аз қимылдау себептерінен жасөспірімдердің арасында рефракция ауытқулары, «құрғақ көз», «қызыл көз» синдромдары жиі кездесетін болды. Соңғы кездері уақытынан бұрын туылатын нәрестеде көз ақауының болу мүмкіндігі көбірек байқалуда. Мәселен, ДДҰ 500 грамм болып туылған шарананы аман сақтап қалу керек деген талап қоюда. Өйткені, ондай кезде нәрестенің көзі көрмей туылады да, арнайы бесікте кислород астына жатқанда көз алмасына, тор қабығына қатты әсер ететін көрінеді. Демек, бұл да бүгінгі күннің ең күрделі мәселесінің біріне айналып отыр. Қазір осы мәселеге байланысты институт басшысының бастамасымен балаларды емдеуге бағытталған бағдарлама жасалу үстінде. Ал Саламатты Қазақстан мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде республика бойынша тұрғындардың арасында етек алып отырған көз ауруларының ішіндегі күрделісі – глаукомаға (су қараңғылық) қарсы скрининг жүргізілуі Үкімет тарапынан көрсетілген үлкен көмек, қолдау екенін айтқан жөн.
– Әрине, бірегей жаңа технология жақсы. Бірақ, біз жергілікті жердегі алғашқы дәрігерлік көмекті жандандырмай, ешнәрсе жасай алмаймыз. Өйткені, ауруды қаншалықты ерте сатысында анықтап, емдеуге жіберсе, ем де соншалықты нәтижелі болмақ. Олай болмаса, біздің ем-домның, кереметтей технологияның пайдасы шамалы. Сондықтан жергілікті жердегі офтальмолог дәрігерлермен тығыз жұмыс жасауға күш салудамыз. Біздің институтқа бюджеттен арнайы бөлінген қаражат есебінен аймақтардағы дәрігерлердің білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасамыз. Екіншіден, бізде кураторлық жоба жұмыс істейді. Мәселен, мен Шығыс Қазақстан облысының кураторымын, сол облыстағы барлық жағдаймен танысып, олардағы ауыр науқастарды қарауға көмектесемін, кеңес беремін. Қажет уақытында барып қайтамын. Бұл жұмыс та бізде жақсы жолға қойылған.
Элмираны ұлтымыздың қанына сіңген дерт – өз денсаулығына немкетті қарайтын мінезі де алаңдатады. Ол – енді шындық. Өйткені, біздің ағайынның көбі дәрігерге ауруы әбден асқынған кезде ғана барып көрінетіні өзімізге белгілі.
– Науқастарға «Неге ертерек келмедіңіз?» десек: «Ұлымның тойын өткіздім, қызымның баласын қарадым» дейтінін қайтерсің – дейді дәрігер қызымыз кейіс білдіре. – «Енді бізден не күтесіздер? Бәрін асқынтып келген соң, біз не істей аламыз?» дейміз. Меніңше, адам өзіне деген қарым-қатынасты түбірінен өзгертетін уақыт жеткендей. Өйткені, науқастың денсаулығына тек дәрігер ғана емес, адамның өзі жауап беруі міндетті. Тіпті, кейбірі бізге жолдаманы облыс орталығынан алуға болатынын, Алматыда көз аурулары институты барын да білмейді. Ал шетелге барғандарға сонша ақшаңызды беріп келдіңіз, сол операцияны дәл сондай жабдықтармен біз де жасаймыз» десек, білмедік қой деп жатады.
– Мен өз мамандығыма ғашық адаммын. Өйткені, өзімді басқа мамандық иесінің орнына қоя алмаймын. Мен үшін әлемдегі ең ғажап мамандық офтальмолог деп есептеймін. Сондықтан, ең алдымен, Жаратушы Аллаға ризамын, осындай мамандықты таңдауыма әсер етіп, бағыт сілтеген ата-анама ризамын. Марқұм әкемнің атына кір келтірмей, өмір сүруге тырысамын. Осындай мекемеде жұмыс жасап, науқастарды емдеуге мүмкіндігім болғанына ризамын. Сондай-ақ, күрделі операция жасауға жетелеген, рухани күш берген ұстазым, арқа сүйер жетекшім Тұрсынгүл Көпжасарқызына ризамын. Соған қарағанда мен бақытты адамның бірі шығармын, – деді қоштасарда Элмира жүзіндегі қуанышын жасыра алмай.
... Иә, қазір өз мамандығына ғашық адамды кездестіру оңайға соға қоймас. Шіркін, әркім өз мамандығын дәл Элмирадай құлай сүйсе, қанеки...
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.