Саратов қаласында таяуда өткен екінші халықаралық ғылыми-тағылымдық конференция «Ресейдің, Белоруссияның және Қазақстанның Кеден одағы: қалыптасу проблемалары мен даму перспективалары» деп аталды. Бұл іс-шараны Саратов мемлекеттік университеті, Саратов кедені, «Ресей заңгерлері қауымдастығының» Саратов өңірлік бөлімшесі, Саратов облысының сауда-өнеркәсіп палатасы, сондай-ақ жоғарыда аталған университеттің ТМД және Балтық бойы елдерімен ынтымақтастық жөніндегі ғылыми-біліми орталығы ұйымдастырды.
Конференцияны ашқан Саратов облыстық думасының депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор, Ресейдің еңбек сіңірген заңгері Галина Комкова бұдан бір жыл бұрын алғашқы конференцияда Кеден одағын құрудың теориялық мәселелері көбірек қарастырылған болса, енді бұл жаңа құрылымның іс-тәжірибелік қорытындыларына назар аударуға мүмкіндік туып отыр деді.
Саратов кеденінің бастығы, «Ресей заңгерлері қауымдастығы» Саратов өңірлік бөлімшесінің жетекшісі Сергей Овсянников Кеден одағының құрылуымен бұрынғы шекаралық кеден органдарының ішкі кедендерге айналғанын, биылғы 1 шілдеден бастап Озинки кеден бекеті жұмысы тоқтайтынын, үш мемлекеттің кеденшілері тауарлардың кедендік транзитінің бірыңғай рәсімдері шеңберіне көшетіндігіне қатысушылар назарын аударды. Кеден одағының құрылуына орай бүгінде бірқатар маңызды бағыттар бойынша бірлескен жұмыстар күшейтілгенін, жаңа жұмыс формалары көзделіп отырғанын жеткізді.
Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Алексей Антоновтың сөзіне қарағанда, Кеден одағы құрылғаннан бергі аз ғана мерзімде Белоруссия, Қазақстан және Ресейдің өзара саудасының көлемі екі есеге жуық өсіпті. Сарапшылардың пікірінше, деді ол, бірыңғай кедендік тариф енгізу, кедендік бажды жою және экономикалық шектеулерді алып тастау Кеден одағына қатысушы елдердің ішкі жалпы өнімін бес жыл ішінде 15 пайызға дейін өсіреді екен.
Конференцияда Саратов мемлекеттік университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Ольга Бакаева жұмыс істеп тұрған Кеден одағы шеңберінде кеден саласын мемлекеттік реттеудің құқықтық негіздеріне талдау жасады.
– Кеден одағының тарихи қажеттілігіне, оның артықшылығына көз жетті, – деді Қазақстан Республикасы Сауда өкілдігінің Саратов облысындағы уәкілі Руслан Бисенғалиев. – Нәтижесінде республикада тауар айналымы мен бюджеттің табыс бөлігінің өскені байқалып отыр.
Р.Бисенғалиевтің айтуынша, 2010 жылы республикамыздың Кеден одағы елдерімен сыртқы саудасының көлемі 28,1 пайызға артып, ол жалпы айналымның 18,5 пайызын құрапты. Ресеймен арадағы өзара сауда 27,2 пайызға, Белоруссиямен 55,8 пайызға өсіпті. Қазақстан өнімдерінің Ресейге экспортталуы 35,9 пайызға артқан.
Конференцияның жалпы отырысынан кейін «дөңгелек үстел» режіміне ауысқан қатысушылар жаңа құқықтық базаның орнығуы мен біртұтас экономикалық кеңістікке көшу жағдайында халықаралық кеден ынтымақтастығын, Кеден одағының қызметін құқықтық реттеудің өзекті проблемаларын бірлесіп талқылады. Конференция мазмұны біздің елдеріміз үшін экономикалық дамудың келешегі Кеден одағымен тығыз байланысты екенін және бір мәрте ұғындырды.
Серікқали БАЙМЕНШЕ, «Егемен Қазақстан» – Мәскеуден.