Егемендіктің «байырғы» жинақтаушы зейнетақы қорларының бірі және еліміздегі ең салымшысы көп қор – «Қазақстан Халық Банкінің» жинақтаушы зейнетақы қоры» болып табылады. Қазіргі таңда қор салымшылары 2 086 126-ға жетті. Ал елдің елеулі бөлігінің салымдарын жинақтап отырған зейнетақы қорының әрекетін біліп отыруға баршамыз мүдделі болғандықтан, бірқатар сауалдарды «Қазақстан Халық Банкі» ЖЗҚ» АҚ Алматы филиалының директоры Бауыржан ҚЫНАТБЕКОВКЕ қойған едік.
– Бауыржан Жеңісбекұлы, бүгінде еңбек етіп жатқан халықтың бір бөлігі өздерінің банктердегі жинақтарына сеніп отыр...
– Бұл айтып отырғаныңыз дұрыс. Кейбір жандар табысының бір бөлігін зейнетақы қорларына салмай-ақ, сол 10 пайызды банктерде ұстап, келешекте депозит түрінде пайда тапқан дұрыс деп есептейді. Бұл онша дұрыс емес. Өйткені, табысыңыздың 10 пайызын сіз жинақтаушы зейнетақы қорларына тұрақты түрде құйып отырасыз да, оны тек зейнетақы жасына жеткенде ала бастайсыз. Ал депозитке салынған ақшаны кез келген уақытта алуға мүмкіндік болғандықтан, кез келген уақытта жаратып тастайсыз. Оның үстіне ел табысының 100 пайызын қолына алғанымен, әркім ақшасының 10 пайызын банктерге ай сайын тұрақты салып тұра ма? Бұл да үлкен сұрақ. Өйткені, біздің мемлекетіміздің азаматтары ақшаны тиімді жұмсауға, жинақтауға әдеттенбеген. Сондықтан ең үлкен айырмашылық та осында. Зейнетақы қорларына жүйелі түрде жинақталған қаражат инвестицияланып, жұмыс істеп тұрады. Және жоғарыда айтып отырғандай, ол соманы тек зейнетақы жасында пайдалана бастайсыз.
– Ал Халық Банкінің зейнетақы қоры алтынға инвестиция салып, тәжірибе жинақтаған саусақпен санарлық қорлардың бірі. Демек, бұл біздің салымдарымыз құнын жоғалтпайды дегенді білдіре ме?
– Рас, алтын ешқашан құнын жоғалтпайтын активтердің санатында. 2011 жылғы 1 мамырға қорымыздың инвестициялық қоржынының 4,67 пайызын алтын құрайды. Зейнетақы қорында акциялар мен облигациялар бар. Алтын сол акцияларға қарама қарсы жүреді. Егер акциялардың құны төмендейтін болса, алтынның құны өсе береді. Инвестициялық қоржынның осындай ерекшеліктері бар. Бұл биржалардағы құнды қағаздардың бағасына да байланысты.
– Бұл жерде басты мәселе сенімділікте болып тұр ғой?
– Иә. Алтын – тұрақты қаржы құралдарының бірі. Акциялардың нақты құны тұрақсыз. Бірде арзандайды, бірде қымбаттайды. Бүгінгі күнге тек алтын ғана нақты құнын жоғалтпайды.
– «Қазақстан Халық Банкі жинақтаушы зейнетақы қоры» сенімді қаржылық құралдардан құралған дегенді жиі насихаттап жүрміз. Осыған салымшыларды сендіретіндей дәйек келтірсеңіз...
– Ол үшін біздің ашық инвестициялық қоржынымызды зерттеуіңіз керек. Бұл жерде эмитенттеріміздің рейтингтері толық көрсетілген. Олардың рейтингтері өте жоғары. Бұл эмитенттердің сенімділігін көрсетеді. Зер салып қарасаңыз, бізде нашар активтер жоқ. Және осы ақпараттарды өз салымшыларымызға толық таратып отыруға тырысамыз.
– Салымшылар, яғни біздің оқырмандарымыздың бәрі бірдей қаржылай сауатты емес. Және олар зейнетақы жүйесі қалай жұмыс істейтінін терең біле бермейді. Сенімділікті түсінікті тілмен жеткізгенде қалай?
– Сіздің айтып отырғаныңыз дұрыс. Қарапайым халық көптеген қаржылық терминдерді түсіне бермейді. Мен сізге инвестициялық қоржынды көрсетіп отырмын. Қарап отырсақ, қиын түгі жоқ. Бұрын оны Қаржы агенттігі (ҚҚА) қадағалайтын, енді мұнымен Ұлттық Банктің арнаулы комитеті айналысады. Егер сіз www.afn.kz сайтына кірсеңіз. Сол жерде дефолтқа ұшыраған эмитенттерді көресіз. Олардың саны қазір 32 мекемеге дейін жетті. Бұрын қор осы компаниялардың кейбіреуінің облигацияларын сатып алған болатын, бірақ бүгінге Қор қоржынындағы осындай инвестициялардың үлесі өте төмен.
– Алдағы уақытта салымшылардың қаражатын тағы қай салаларға салу көзделуде?
– Болашақта да стратегиямызды өзгертпейміз. Қаржы құралдарымызды да өзгертпей, солардың арқасында жағдайға бейімделіп, алға жылжып жұмыс істеп отыратын боламыз. Келешекте акциялар мен алтынды көбейте түсетін болармыз. Бәрі нарықтың талаптарына байланысты болмақ.
– Дәл қазіргі таңда Қордың инвестициялық қоржынының ахуалын қалай бағалауға болады?
– Бұл сұрағыңыздың жауабы жоғарыда айтылған болатын. Нақтылай түскенде, инвестициялық қоржынымыздың жағдайы жақсы деп айтуға болады. Егер салымшыларымыз келіп, эмитенттерге қатысты толық ақпараттарды талап етсе, түсініктемелер беруге даярмыз.
– Қазақстанның зейнетақы жүйесінде жұмыс істейтін зейнетақы қорларының барлығы дерлік 13 жыл бойы өздерінің инвестициялық қоржындарын ашуға әлі де дайын емес. Бұл істің мән-жайын қалай түсінуге болады? Олардың инвестициялық қоржындарын ашпауға құқылары бар ма?
– Әр салымшының өз зейнетақы қоры жөнінде толық ақпарат алуға заңды құқы бар. Осы кезде «Қазақстан Халық Банкінің ЖЗҚ» өз қоржынын ашық көрсетеді. Басқа қорларға қатысты айтсақ, басқа қорларды кінәлауға менің құқым жоқ. Бұндай сауалдарды нақты сол қорларға қою керек.
– Соңғы 13 жылда еліміздің жинақтаушы зейнетақы жүйесінде пайда болған зейнетақы қорлары бір бірімен қосылып, «жұтылып», бірігіп жатты. Қорлардың қызметі тұрақталып бітті деп есептеуге бола ма? Әлде осы үдерістердің жалғасуы мүмкін бе?
– Қазіргі таңда БТА Банкінің зейнетақы қоры мен «ҰларҮміт» зейнетақы қоры бірікті. Одан бөлек Еуразиялық банктің зейнетақы қоры мен «Аманат» зейнетақы қоры қосылып жатыр. Егер елімізде 13 зейнетақы қоры болса, олардың саны 11-ге дейін төмендеді. Алдағы уақытта зейнетақы қорлары бір бірімен тағы да қосылып кетуі әбден мүмкін.
– Мәселен, жуырда «Қазақстан Халық Банкінің ЖЗҚ» жетекшілері еліміздің зейнетақы қорлары қоржынындағы дефолтқа ұшыраған облигацияларға қатысты түсініктемелер берді...
– Осы мәселеге қайта оралсақ, 32 компания дефолтқа жол берді. Олардың ішінен тек төрт компанияның: «Астана финанс», «БТА», «Темір Банк» және «Альянс» қаржы құралдарын 123 млрд.теңгеге жуық сомада зейнетақы қорлары сатып алған. Біздің инвестициялық қоржында осы эмитенттердің бағалы қағаздарының үлесі өте аз.
Өкінішке орай, біз зейнетақы қорларының инвестициялық қоржындарындағы қалған дефолт қағаздары бойынша соманы білмейміз. Егер салымшыларға, олар дұрыс таңдау жасау үшін барлық зейнетақы қорларының инвестициялық қызметі туралы ашылған ақпарат алуға мүмкіндік берілетін болса, әділетті болар еді.
Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ.