10 Маусым, 2011

Бас қалаға бас театр келді

411 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Маусымның 10-12-і күндері ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі құрметіне К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера жә­не балет театрында М.Әуе­зов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма теат­ры­ның гастролі өтпек. Гастрольдік сапармен елорда жұртшылығына өнер көрсетуге келген театр ұжымының тор­қа­лы тойға тарту ретінде ұсына­тын қойылымдары – Қ.Ысқақ пен Шахимарденнің «Қазақтар» екі бөлімді тарихи драмасымен (қоюшы режиссері Тұңғышбай Әл-Тарази) басталып, қырғыз дра­матургы Б.Жәкиевтің «Жү­рей­ік жүрек ауыртпай» драма­лық туындысымен (режиссері Ес­мұхан Обаев) жалғасып, М.Әуезовтің «Абай» трагедия­сы­мен (режиссері Есмұхан Обаев) қорытындыланады деп күтілуде. Қазақ театр өнерінің қараша­ңырағы саналатын әкемтеатр­дың репертуардан осынау үш спектакльді таңдап алуының өз­ін­дік себебі бар. «Қазақтар» қазақ халқының өз алдына мемлекет болып қалыптасу кезеңін қамтыса, мақсаты түбі бір, тілі ортақ түркі өркениеті қайтадан бір идея төңірегіне топтасып, жұдырықтай жұмылсын дегенді көздейді. «Жүрейік жүрек ау­ырт­пай» спектаклінде әке, бала, келін мен немере арасындағы қарым-қатынастың қатпарлары қанық бояуында өріледі. Ұрпақ жалғастығы, отбасылық жара­сым, халқымыздың үлкенге құр­мет, кішіге ізет, имандылық пен ибалық қасиеттері қастерленсе, ошақтың бақыты деген сол емес пе? Бірақ өмір ағысы мүлде басқа арнаға түсіріп әуреледі. Спектакль кейіпкерлері – жаны жабырқаған қария, шолақ оймен кесіп-пішіп жүрген бейапар келін, ез ұл, өз үйі мен туған анасынан жылу таппаған бойжеткен тағдыры толғантады. Қария ұлының ата-бабадан келе жатқан ескі қонысын сатуына қарсылық білдіріп жүргенде, мұнан да сорақы оқиға жүрекке ойып жара салады. Оны қарттар үйіне өткізіп жібереді. «Абай» трагедиясы – аты айтып тұрғандай, ұлы ақынның соқтықпалы, соқпақты өмірі қа­пысыз бейнеленген қойылым, қазақ жанының жаңа таңға иек артқан игі бастаулары барынша нанымды көрініс табатын, салт-сананың рухани ұйытқысы Абай болмысы алдыңғы қатарға қой­ыл­ған бірегей туынды. Сахна­лық шығармалардағы басты бейнелерді сомдауда С.Оразбаев, Т.Жа­манқұлов, Т.Тасыбекова, А.Бектемір, Р.Хаджиева, Ж.Әмі­ров, О.Қиқымов, Ү.Сейтімбет, Д.Ақ­­молда, А.Боранбай, Е.Бі­лә­лов, Б.Тұрыс, Д.Жүсіп, Ш.Жа­ныс­бекова сияқты белгілі әр­тіс­тер­мен қатар Қ.Мамытқалиев, Е.Да­йыров, Б.Маңжігітов, Г.Шың­ғысова сынды жастар өнері де жаңа қырынан танылмақ. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.