10 Маусым, 2011

Келісім қолдау таппады

401 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Сенат Ауғанстанға әскер жіберу туралы заң жобасын қабылдамады Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен жоғарғы палатаның кезекті жалпы отырысы болды. Жалпы отырыстың күн тәртібіне қойылған мәселелер қарасы қомақты көрінді. Халықаралық келісімдерді ратификациялау жөніндегі 5 заңның жобасын және халықты әлеуметтік қорғау саласына қатысты заң жобасын қараған отырыста бір-біріне кереғар пікірлер де айтылды. Алғашқы «Қазақстан Респуб­ликасы мен Халықаралық Қайта құру және даму банкі ара­сын­да­ғы Қарыз туралы келісімді (Тех­ни­калық және кәсіптік білім беруді жаңғырту жобасы) ратификациялау туралы», «Зияткерлік мен­шік құқықтарын сақтау және қорғау саласындағы бірыңғай рет­теу қағидаттары туралы келісімді  ратификациялау туралы» заң жобалары депутаттар тарапынан қолдау тауып, тез-ақ қабылданса, «Қазақстан Республикасының Үкі­меті мен Ресей Федера­ция­сы­ның Үкіметі арасындағы 1994 жыл­ғы 10 желтоқсандағы Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкі­меті арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзге­ріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы»  заң жо­ба­сына келгенде алдыңғы жыл­дам­дық шабандай берді. Жоба бойынша бас комитет саналатын Заңнама және құ­қық­тық мәселелер комитеті аталған жобаны қолдағанымен, Халық­ара­лық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті оны қабылдамау туралы ұсыныс айт­ты. Сенатор Б.Мұхамеджанов бұл келісім ережелері ғарыш айла­ғына жататын аумақта тұратын және жұмыс істейтін қазақстан­дықтар құқықтарының бұзы­луы­на әкеліп соғатынын атап өтті. Ол Байқоңыр ғарыш айлағын жалға беру туралы алғашқы келісім жасалғаннан бері жалғасып келе жатқан көрінеді. Комитет төр­ағасы Қ.Сұлтанов: Біз Бай­қо­ңыр ғарыш айлағын жалға беріп отырмыз,  ал келешекте осындай мәселе Ресей емес, басқа бір елмен арада туса не істейміз? Сонда олардың барлығына осы тәріздес заң қабылдаймыз ба деп Б.Мұхамеджановтың пікіріне қол­дау көрсетті. Алайда, сенатор Б.Досманбетовтің пікірінше, ұсы­нылып отырған келісім ғарыш айлағындағы құқықтық мәселе­лер­ді шешуде ілгерілеуді білдіретін көрінеді. Пікірталастар соңы­нан сенаторлар заң жобасын қабылдаған жөн деп тапты. «Кеден одағы шеңберіндегі даулар бойынша шаруашылық жүр­гізуші субъектілердің Еура­зия­­лық экономикалық  қоғам­дастықтың Сотына жүгінуі және олар бойынша сот ісін  жүргізу ерекшеліктері туралы шартты ратификациялау туралы» заң жо­ба­сын ратификациялағаннан соң се­наторлар талқылаған заң жо­басы «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Атлант Шарты Ұйы­мы арасындағы Ауғанстан­да­ғы қауіпсіздікке жәрдемдесу халықаралық күштерінің қызме­ті­не қатысу туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы болды. Сенаторлар жалпы отырыста бұл заң жобасын қабылдамау туралы ойларын ортаға салды. Заң жобасы бойынша қосымша баяндама жасаған сенатор М.Ал­тынбаев біздің еліміздің Ау­ған­станның ішкі тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне, бейбіт өміріне гу­манитарлық сипатта көмек беріп келе жатқанын атап өтті. Ауған жастарын оқыту үшін 50 миллион АҚШ доллары бөлініп, олар қазіргі кезде еліміздің жоо-ла­рында білім алып жатқанын айт­қан сенатор палата комитетінің жобаны тұтастай қабылдамау жө­ніндегі және оны Мәжіліске қай­та­ру туралы қорытындысын жеткізді. Ауғанстан туралы жобаны қолдамау туралы пікірге сенаторлар С.Жалмағамбетова мен Т.Симамбаев та қосылды. Талқылау қорытындысы бой­ын­ша бұл заң жоба­сын тұтастай қабылдамау және оны Парламент Мәжілісіне қайтару туралы шешім қа­былданды. Жалпы отырыста күн тәрті­біне шығарылған басқа бірқатар заң жобаларын тиісті талқы­лау­лардан кейін мақұлдаған жөн деген шешімдер алынды. Екі заң жобасы Парламент палаталары­ның арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісу ко­миссиясының ұсыныстары бой­ын­ша қабылданды. Отырыста депутаттар «Қа­зақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халыққа қызмет көрсету орталықтарының мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ра­лы» заң жобасы бойынша Парламент палаталарының арасын­дағы келіспеушіліктерді еңсеру жө­нін­де­гі келісу комиссиясының құ­рамы­на өз әріптестерін сай­лады. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.