«Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді», деуші еді. Жаңақорғандағы жағдайға қарап отырып, құмалақтың біреу емес екеніне көз жеткізесің. Айтып отырғанымыз, ҰБТ-ның жағдайы. Газеттің бұрнағы күнгі нөмірінде Жаңақорған ауданында тест тапсыру барысында заңсыздықтардың орын алғанын айтқан едік. Бүгінгі әңгіме де соның жалғасы.
Мемлекеттік құпия санатына жататын сұрақтар сатылған! Анықталғаны осы. Ал оны кім, қаншаға сатты? Ол жағы әлі беймағлұм. Ұсталғаны үш бала. Дегенмен бұл ұсталғаны ғана. Ал алдын ала зерттеу бойынша оқушылардың басым бөлігі тестке дайын сұрақтармен кірген. Аймандай болған үш оқушы не дейді деңіз? Біреуі дайын жауаптарды дәретханадан тауып алдым депті. Екіншісі, «дәлізде жатқан жерінен іліп кеткенін» айтыпты. Үшіншісі алдыңғы екеуінің біреуінен көшіріп алған сыңайлы.
Адам деген қызық қой. Астана мен облыстан азаматтар ауданға барды. Халықпен жолықты. Ашу мен ызаға булыққан ата-аналар ҰБТ қорытындысымен келіспейтіндерін айтыпты. Митинг жасапты. Жолаушылар пойызын тоқтатуға дейін барыпты. Сөзге құлақ аспайды. Бәтуаға келмейді. Сөйтіп тұрып, тест жауаптарын белгілі бір сомаға сатып алғандарын айтады. Енді қараңыз: өздері заңсыздық жасап жауаптарды сатып алып тұр. Оған кім кінәлі? Мемлекет пе? Әлде тест қорытындысын жойған министрлік пе? Екеуі де емес. Осындай заңсыздыққа жол берген ата-ананың өзі. Сондай-ақ тест жауаптарын сатқан алаяқтар.
Астанадан келген маман тест сұрақтары салынған қорапшаның түбінен тесілгенін анықтаған. Сонымен қатар сырты оралған жапсырманың түпнұсқамен сәйкес келмейтіні белгілі болған. Суық қол мемлекеттік құпия саналатын құжатқа да тиіпті. Түбін тесіп, теңге жасапты. 4 маусым күні тапсырылған тест қорытындысы толық шыққан жоқ. Бірақ оқушылар жинаған орташа көрсеткіштің 100 баллдан асып кеткені ақиқат.
Осы мәселеге орай баспасөз мәслихатын өткізген облыс әкімінің орынбасары Мұрат Мұхамедов, облыстық прокурордың орынбасары Қайрат Әбдіқанов, облыстық ішкі істер департаменті қоғамдық қауіпсіздік қызметінің бастығы Шархан Бихожаев бірауыздан мұны алаяқтық деп отыр. Ешқандай сыбайлас жемқорлықтың иісі жоғын айтады. Осындайда салмақтың облыстық білім басқармасына келіп түсетіні белгілі. Ол туралы Мұрат Мұхамедов былай дейді:
– Алаяқтық әрекет тест тапсыруға дейін болған. Сондықтан облыстық білім басқармасынан күмәндану қисынға келмейді. Қазір мәселе егжей-тегжейлі зерттеліп жатыр. Кінәлілер тиісті жазасын алады.
Шынында да, облыстық білім басқармасына бар кінәні арта салуға болмайды. Бұл жерде мемлекеттік құпия сатылып отыр. Ал мемлекеттік құпияның қалай сақталатынын түсіндіріп жатудың өзі әбестік.
Сонымен алаяқтарды қалай ұстауға болады? Қарапайым ғана жолы бар. Ата-аналар тест жауаптарын кімнен сатып алғанын біледі ғой. Біледі. Егер ата-ана тиісті орынға тест сатқан адамды нұсқаса тізбектің басында тұрған адам суық қолға шығарар еді. Десек те, ата-аналар өздері жауапты кімнен сатып алғанын айтпай отыр. Неге екені белгісіз. Сонымен осы мәселеге байланысты қылмыстық іс ашылды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті тексеру жүргізіп жатыр. Алаяқтар да анықталар. Қолға түсер. Сол кезде ата-ананың шығыны да қайтар. Ал қайта тестілеу 10 маусым күні өтеді. Оған бүгіннің өзінде 490 оқушы қатысуға өтініш білдіріп отыр. Айтпақшы, ұсталған үш бала да тестке кіреді. Себебі, жауапты сатып алған олар ғана емес қой. Тек ұсталып қалып отыр емес пе...
Ержан БАЙТІЛЕС.
Қызылорда облысы.