Маңғыстаулық мұнайшылардың ереуілі еңбек келісім-шарттарын жасау тәжірибесіне тараптардың жауапкершілігі тұрғысынан қарауға мәжбүрлейді.
Келісілген мерзімге барынша көп талаптарды «қағып кіргізуге» болатын ұжымдық келісім-шартқа көбінесе жалдамалы жұмыскерлердің мүдделеріне сай қол қойылады деген пікір қалыптасқан, сондықтан да жұмыс берушілер оны жасауға ынтасыздық танытады, өйткені, құжатта жұмыскерге барынша кеңшілік жасау жағдайы қарастырылатындығын, ал жұмыс беруші тарапынан келісім-шарттың сәл ғана бұзылуы сот бойынша құқықтық жауапкершілікке апарып соқтыратындығын олар жақсы түсінеді. Жұмыскердің жауапкершілігі де келісілген, бірақ, ол – еңбек келісімімен және еңбек заңнамасымен қарастырылған шаралармен шектеледі: сөгіс, ескерту, сыйақыдан, бонустардан айыру, жұмыстан босату. Дауды, әсіресе, ұжымдық жанжалды бейбіт жолмен реттеудің жалғыз тұтқасы – бір ғана құрал болған және осылай болып қала береді, ол құрал – келіссөздер. Әдетте, өзгертулер – қолданыстағы ұжымдық шартты жаңа ұжымдық шартпен алмастырған жағдайда енгізіледі. Алайда, өзгерген жағдайларға қолданыстағы келісім-шарттың шарттары сәйкес келмейтін болса, қолданыстағы келісім-шартқа да түзетулер енгізуге болады. Егер де келіссөздер барысында жұмыскерлер мен жұмыс берушінің арасында өзара түсіністікке қол жеткізу мүмкін болмаған жағдайда еңбек төрелігі жүргізіледі.
Жаңаөзендегі оқиғалардың хронологиясынан келесіні көреміз: ағымдағы жылдың мамыр айына дейін жұмыскерлер мен жұмыс берушінің қарым-қатынастары құқық шеңберінде, «Өзенмұнайгаз» және «Ембімұнайгаз» ҚМГ БӨ өндірістік филиалдарының ұжымдары мен әкімшілік тарапынан 2011 жылдың 7 ақпанында қол қойылған, 2011-2013 жылдарға арналған ұжымдық шартқа сәйкес реттеліп келген болатын. Оның үстіне, филиалдардың жұмыскерлері сайлаған, кәсіподақтың өкілетті өкілдері және жұмыскерлердің өкілдері оларға қолдарын қойды. Әкімшілік те, кәсіподақтар да құжатты қабылдауға асықпады: құжаттың негізгі позицияларын талқылау басталғаннан, соңғы даулы мәселені реттеп, оны барлық тараптардың қолдарымен бекіткен сәтке дейін тоғыз айдан артық уақыт өтті. Бұл дегеніміз – кәсіпорындардағы еңбек қатынастарын реттейтін негізгі құжатты жетілдіруге қатысты бейресми ұстанымның болғандығын және оның барысындағы талас-тартыстардың өрбігендігін білдіреді. Нәтижесінде, ұжымдық шарттың барлық позициялары бойынша ортақ ымыраға қол жеткізілді. «Өзенмұнайгаз» ӨФ кәсіподақ комитетінің заңгері Әділ Сүйебай «Мұнайлы мекен» корпоративтік газетінде атап өткеніндей, филиалдың кәсіподақ комитеті барлық 15 басқармада арнайы жиналыстар өткізген, жаңа ұжымдық шарттың жобасын жетілдірумен айналысқан; жұмыскерлердің ұсыныстары мен тілектерін тыңдаған. Жаңа ұжымдық шарттың жобасын жетілдіру барысында жұмыскерлерден шамамен 500 ұсыныс келіп түсті, ең қажеттілері мен маңыздылары ұжымдық шартқа енгізілді. Қызу пікірталастар жайында және ортақ ымыраға келудің жолын іздеу барысындағы қиындықтар туралы «Ембімұнайгаз» ӨФ кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұрат Нысанбаев та айтқан болатын. Кәсіподақ жетекшісі атап өткеніндей, еңбек ұжымдарында жиналыстар өткізілді, қызу таластар да орын алды. Алайда, осындай талқылаулардың барысында жоба жақсартылып, тараптар айтылған мәселелер бойынша келісімге қол жеткізген болатын. «Ембімұнайгаз» ӨФ тарапынан енгізілген ұсыныстар жаңа ұжымдық шартта өз көрінісін тапты. «Ұжымдық шартты жетілдіру барысында, комиссияның құрамына қатардағы жұмыскерлерді енгізудің де өз нәтижесі болды. Ең бастысы, жаңа ұжымдық шартта жұмыскерлердің әлеуметтік кепілдіктері сақталып қана қоймай, сонамен қатар, жақсартылды» деп «Мұнайлы мекен» корпоративтік газетінде ол атап өтті.
Ұжымдық шарттың кейбір түбегейлі тұстарын атап өткен жөн болар. Ең алдымен, еңбекке ақы төлеудің деңгейлері мен ұстанымдары келісілді. 2010 жылдың шілде айынан бастап ҚМГ БӨ өндірістік филиалдарында еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесі бойынша жалақы төлеу басталды. Жалақыны көтеру – 1,8 салалық коэффициентінің ескерілуімен жүргізілді, бұл ретте, аумақтық (аудандық) коэффициент – 1,7 сақталды. Екіншіден, ұжымдық шарт жұмыскерлер мен олардың отбасы мүшелері үшін әлеуметтік төлемдерді реттейді: олардың көлемі жылына 12 миллиард теңгеден бастап, 15 миллиард теңгеден астам мөлшерге дейін көбейді. Жаңа ұжымдық шартқа сәйкес, бір ғана жұмыскерге жұмсалған әлеуметтік шығындар жылына бір миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар, тараптар – еңбек даулары сотқа дейінгі тәртіпте шешіледі деген келісімге келді. Атап айтқанда: жеке еңбек даулары – келістіруші комиссия тарапынан, ал ұжымдық даулар – бітістіру рәсімдері тәртібімен немесе республика заңнамасына сәйкес өзге тәртіпте шешіледі. Еңбек қатынастарымен байланысы жоқ мәселелерді шешу – сот арқылы немесе басқа да өкілетті мемелекеттік органдар арқылы, еліміздің заңнамасымен қарастырылған тәртіпте жүзеге асырылатын болады. Құжатта сонымен қатар мынадай жағдай келісілген: «Қауіпті өндірістік нысандардағы өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы» ҚР Заңының 3-бабына сәйкес, компания қауіпті өндірістік нысанға жатқызылды. Сондықтан да, ҚР Еңбек кодексінің 303-бабына сәйкес, ереуілдер заңсыз деп танылады. Құжатта: «Тараптар мынадай келісімге келді: еңбек даулары тараптармен – тек осы ұжымдық шарттың 4.3. бабымен белгіленген тәртіпте ғана қарастырылатын болады» деп атап өтілген. Сонымен қатар, ұжымдық шартта мынадай жағдай анық жазылған: жұмыс беруші заңнамамен қарастырылған тәртіпте және негіздерде, жұмыскерге тәртіптік жаза қолдануға құқылы. Басқа сөзбен айтқанда, құжатта даулар мен жанжалдарды заңнамамен рұқсат етілген барлық тәсілдермен реттеу рәсімдері алдын ала қарастырылған.
Алайда, тікелей диалог жүргізуге қол жетпеді. Әкімшіліктің барлық мәселелерді келіссөздер арқылы талқылауға дайын екендігіне қарамастан, неге механизмдердің бірде-бірі іске аспады? Мүмкін, өндірістік филиалдардың әкімшілігі мен кәсіподақ жетекшілеріне, сондай-ақ, осы үдерістерге тартылып қойған басқа да өкілетті органдарға – құжаттың үш айдан кейін бірқатар жұмыскерлерді қанағаттандырмай қалғандығының себептерін талдап, «неліктен алдын ала жазылған ұжымдық шарттың рәсімдеріне қарамастан жағдай құқық аясынан шығып кетті» деген сұраққа жауап іздеу керек шығар. Алайда, ақылға емес, эмоцияларға жол беріліп жатқанда, мұндай істің еш нәтиже бермейтіндігі бүгіннің өзінде айдан анық. Ресми түрде мәлім етілгендей, наразылық акцияларының қарқын алуына қарай, компания тікелей өндірістік шығындарға тап болуда. «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалындағы ұңғымалардың қорына қызмет көрсету тәртібінің бұзылуы салдарынан орын алған тәуліктік өндірудің шығыны мамыр айының аяғында – 2011 жылдың 25 мамырындағы деңгеймен салыстырғанда, шамамен 2000 тоннаны құрады. Компанияның тікелей шығындары – жұмыскерлердің де тікелей шығындары болып табылатындығы сөзсіз. Жұмысқа шықпаудың салдарынан орын алған, жұмыскердің тікелей қаржы шығындарынан соң жұмыстан босату орын алуы мүмкін. Бұл – тек ұжымдық шартпен ғана емес, сонымен қатар, еңбек заңнамасымен де қарастырылған. Дәл осындай құқықты ӨФ басшылығы пайдаланды. Кәсіпорында атап өтілгендей, мұнда соңғы сәтке дейін ақтық шараны қолданбауға тырысып бақты және адамдарға жағдайды ойға салып, өз бетінше шешім қабылдауға мүмкіндік берілді. Сондықтан да, ереуілшілердің басым бөлігі өздерінің наразылық шараларын тоқтатып, жұмыс орындарына қайтып оралды. Әйтсе де, жағдайдың толығымен тұрақталғандығы жайлы айтуға әлі ертерек. «Өзенмұнайгаз» ӨФ басшылығы атап өткеніндей, ереуілді тоқтатып, жұмыс орындарына қайтып оралған жұмыскерлерге қолданылатын жалғыз ықпалшара – жұмысқа шықпай қалған күндердің жалақысынан және сыйақыдан айыру болып табылады. Әкімшілік бұрынғыдай диалог жүргізуге және барлық өзекті мәселелерді талқылауға дайын. Алайда, еңбек заңнамасының және 2011 жылғы ақпанда қол қойылған ұжымдық шарттың шеңберінде. Бірақ, диалог нәтижелі болуы үшін, барлық тараптарға оны қайта оқып шығу керек сияқты…
Зарина АМРАЕВА.