Қостанайда Қазақстан Патриоттарының форумы өткенде делегаттар осындағы университет алдында ұлт ұстазы Ахаңа – Ахмет Байтұрсыновқа орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып тағзым етті. Қазақ өзінің тарихында небір зобалаңды басынан кешті. 1915 жылы осы Ахаң “әлхамдуллла, біздің қазақ алты миллионға жетті” деп құдайға шүкіршілік еткен екен. Замана желі бір айналып соққанда қазақ даласына келген аштық елді қынадай қырып кетті. Мұны Кеңес өкіметі қолдан жасады деуге әбден болады. Айналдырған жиырма жылдың ішінде аштықтың соңын үскірік болып ұрған репрессия ұлтымыздың қаймағын сыпырып алды. Елде қазақ екі миллионға жетпейтіндей кезеңге түстік.
“Қазақты ешкімге бодан қылмаймыз, жеке ел боламыз” деп армандаған Алаш боздақтары кеңестік қанды мәшиненің шеңгеліне іліккенде қайран Ахаң “бәріміз бірдей опат болмайық, ертең де ісімізді жалғастырар рухы мықты азаматтар керек”, деп Мұхтар Әуезов бастаған зиялыларымызды сақтап қалудың бар амалын жасаған.
Өзгеге бодан болудан, мойынға қамыт ілуден, өз еркі өзінде болмауынан қазақ осындай азап шеккен.
Ахаңның ескерткішінің түбінде Мұхтар Әуезовтің: “Ел боламын десең бесігіңді түзе”, деген аталы сөзін еске алып тұрып, сол ұлы мақсаттың орындалып келе жатқанына қуандық.
Ел өсті. Өшкеннің орны жанды. Бодан кезінде қынадай қырылған қазақ Тәуелсіздігінің 20 жылдығында әлемдегі жетекші елдердің біріне айналды. Көрші елдер Қазақстанға қарап бой түзейтін болды. “Қазақ болу бақыт қой” дегенді естіп жүрміз. Осының бәріне Көшбасшымыз, Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында жеттік.
Қостанайдағы форумда осының бәрі ой елегінен өткізілді. Жүрек тербейтін сөздер айтылды. Мемлекеттік рәміздер ұлықталды, олардың авторларымен кездесулер өткізілді. Көпшілікке жария етілмеген кедергілер жайында да естідік.
Тәуелсіздік қазаққа оңай келген жоқ. Бүгінгі жастар осыны терең түсінуі керек. “Біз патриотпыз” деген жалаң айқай, даурықпа ұранмен жұрт отаншыл болып кетпейді. Қазақстанды қазақтан бөлек осында жайлаған этнос өкілдері де шын жүрегімен мемлекетім деп қабылдап, жүрегімен сүюі керек.
Ардагер ұрпақ, мына біздер, біздің қатарымыз ақыл айтып қана қоймай, өз ісімізбен үлгі болуымыз керек деп ойлаймын.
Қостанайдағы форум мыңдаған жүректердің өз Отанына деген махаббатын еселеді, өз Отанындай қымбат атамекен еш жерде болмайтындығын түсіндірді деп ойлаймын.
Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, форум делегаты.
Шымкент.