1976 жылдың көктемі, дәлірек айтқанда, мамыр айының аяқ кезі. Әлде қыдырыс, әлде бір шаруамен алыстағы ауылдан Қостанайға келдім. Қаратай Жансейітов деген досым облыстық «Коммунизм таңы» газетінде қызмет істейтін. (Қаратай болашағынан үлкен үміт күттіретін талантты ақын еді. Өкінішке қарай, өмірден ерте өтті). Қалаға келген бойда оны іздеп тауып алдым. Содан екеуміз әрі-бері көше кезіп, одан-бұдан құрастырып әңгіме айтып, бірсыдырғы сағаттарды өткіздік. Ол уақыттар менің әлі ішімдік ішу «өнерін» үйрене қоймаған кезім. Бәлкім содан да шығар, біраз қыдырыстан кейін зеріге бастағандай болдық. Соны байқады ма немесе басқа бір ойы болды ма, бір кезде Қаратай маған қарап тұрды да: «Жүр, Ақылбектің үйіне барайық. Мен сені таныстырайын», деді ол.
Біз Ақылбектікіне келгенде мезгіл түске таяп қалған болатын. Үйде Бақыт қана бар екен. Есік ашып, амандасқан соң «жоғары шығыңдар» деді. Мен ыңғайсыздана төргі бөлмеге өттім. Қаратай болса: «Ақылбек әлі келмеген бе?» деп сұрап, тағы басқа да әңгімелерді өрбітіп, шүйіркелесе кетті. Жақтырмай қалар ма екен деген күмән менің көкейімде әлі тұр. Сондықтан: «Бұларды кім шақырды?» дегендей бір сарын сезіліп қала ма деп асүй жақтан шыққан дауысқа да құлақ түріп қоям. Жоқ, жаратпаушылық сыңай байқала қоймайды, Бақыт ашық-жарқын сөйлесіп жатыр, дауысы да қыңырайып қалған адамның үніне ұқсамайды, самбырлай естіледі. Бірте-бірте сол еркіндік маған да ауыса бастады. Көп ұзамай Ақылбек те келді. Адамды жатырқамайтын, аңқылдаған жігіт екен, менімен амандасқан бетте баяғыдан білетін сыралғы адам сияқты әңгіме тиегін ағытты да жіберді.
Кейін білдім, әдебиетке, мәдениет пен өнерге әуестігі бар кез келген адам Қостанайға келсе, ең алдымен Ақылбекпен танысады екен. Танысып қана қоймай, туған құдасына келгендей, тұп-тура үйіне де жетіп барады. Әлдебір себеппен кейбіреулері келмей жатса, Ақылбектің өзі оларды қолқалап жүріп үйіне әкеледі. Қонақасын беріп, құрметтейді. Біздің халықтың қолы ашық, қонақжай екені баршаға белгілі. Бірақ сондай өзін жомарт санайтын қазағыңның өзі Ақылбекпен және оның жолдасы Бақытпен тайталаса алмайтын шығар деп ойлаймын мен кейде. Керек десең, қалаға келіп тұрып, үйіне соқпағаныңды естісе, «сен өткен жолы бізге келмей кеттің ғой, немене, менсінбей қалдың ба, әлде бір шәй бере алмайды деп ойладың ба» деп кей-кейде Бақыттың да реніш шығаратын кездері болады. Әй, ақкөңілділік-ай, дейсің осындайда еріксізден. Сол кездерде өздерінің үш баласы бар. Кеңестік дәуірдегі еңбекақының қандай екені де белгілі. Бірақ оған бас қатырып жатқан олар жоқ. Үйлерінің есігі күндіз-түні ашық. Келіп жататын қонақтары да дөкейлер емес. Мен сияқты алыс ауылдан келген, жастары 20 мен 30-дың арасындағы жігіттер. Қазіргі нарық заманының көзқарасымен қарасақ, әлгі келгінбайлардан Ақылбекке түсер пайда да жоқ. Үйінен дәм беріп, қонақ қылумен құтыла қойса жақсы ғой. Шаруаға қанша қырсыз дегенмен, біздің ағайындардың да ара-тұра бір жұмыстары туындап қалып жатады. Рас, олар онша мардымды болмауы мүмкін. Бірақ, жұмыстың аты жұмыс. Міне, осындай мәселелердің түйінін шешу де Ақылбектің мойнында. Әлгі ауылдан келген қара қазақты жетелеп бір мекемеге алып барады, тіпті болмаса телефон шалады. Ал енді, бізде ақын-жазушы дегеннен аяқ алып жүрудің қиын екені белгілі. Олар да Ақылбекке келеді. Астанадан ат ізін салатындардың боса-болмаса төбелері көк тірейді. Шеттерінен маңғаз, тірі классиктер. Ал ауылдардан келгендер жазғандарының облыстық газетте жарияланғанын қалайды. Ақылбек болса оларды күзеп-түзеп дегендей газет бетіне шығарады.
Өмірде болған осы сияқты жәйттерді баяндап отырғанда, кейде солардың бәрі айтуға тұрмайтын, болмашы нәрседей көрінеді. Солай ойлайтындар осындай «ұсақ-түйектермен» өздері айналысып көрсін. Шаруа айтып бара қалсаң көптеген адамдардың «Шырағым, менің жұмыстан қолым босамайды, уақытым жоқ қой» деп сыпайы ғана шығарып салатыны өз алдына, кейбіреулері тіпті «осылар-ақ кісіні мазалай береді екен» деп сөгіп те тастайды. «Біз ынтымақшылмыз, қайырымдымыз» дегендеріміз көбіне ауызекі тілде ғана айтылатын жаттанды сөздер. Іс жүзінде үнемі олай бола бермейді. Адам адамға қайырылмайтын қазіргі нарық заманы түгілі, жұрттың бәрі дүниенің соңына түспеген, есептесуді білмеген кешегі кеңестік кездің өзінде екінің бірі танымайтын-білмейтін адамдарға онша мойын бұра қоймайтын. Бір қызығы, кезінде азды-көпті жақсылығын көрген кейбіреулердің кейін Ақылбекке жау болып шыққан кездері де кездесті. Сонда да болса ол көшеде жүрген қаймана қазақтарды үйіне шақырып әкеліп, оларға көмек көрсетуін тоқтатқан емес.
Ақылбек Шаяхмет кезінде әдебиетке, өнерге бейімі бар көптеген қостанайлық жастарға көмек қолын ұсынды, қамқорлық танытты. Шығармаларының облыстық газет пен радио арқылы жұртшылыққа жетуіне жағдай жасады. Жас кезімде Ақылбектің осындай шапағатын мен де ептеп сезіндім. Жас дегеннен шығады, сол уақыттарда Ақылбектің өзі де жап-жас болатын. Мен алғаш танысқанда оның жасы 25-ке де жете қоймаған екен. Сөйте тұра, атының кең тарап кеткендігінен бе, ол бізге үлкен жігіттей көрінетін. Істері де 25-тегі емес, 35-40-тардағы кісілердің ісіне лайық болды. 1977 жылы 26 жасында тұңғыш кітабы шықты. 1983 жылы небәрі 32 жасында КСРО Жазушылар одағына мүше болды. КазГУ-дің журфагы аздай, Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірді. Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай және Торғай облыстары бойынша әдеби кеңесшісі, облыстық газетте мәдениет бөлімінің меңгерушісі болды. Осындай шаруалардың бәрін ол жасы 40-қа жетпей тұрып-ақ атқарды.
Ақылбектің екінші қыры «орыс боп кеткен» деген атау алған Қостанайда халқымыздың өнері мен мәдениетінің өркендеуіне қосқан үлесі болды. Қай жерде де қазақтың әдебиеті мен өнері, тілі мен ділі үшін шырылдап жалғыз Ақылбек жүретін. Несін жасырамыз, жергілікті ұлт өкілдері санының төмен болғанына қарамастан, Қостанайда түрлі лауазымдарға ие болып, галстук тағып, шіренген қазақ азаматтары аз болған жоқ. Бірақ өзім 5 жыл қызмет істегенде сол дүрдиген қазақтардың бірде-бірінің ұлт намысы үшін ара түскенін көрген емеспін. Әрине, олардың бәрінің бірдей халқына жаны ашымайтын десек, жалған сөйлеген болар едік. Бар болғаны, олар қарсы пікір айтсақ, қызметімізден айырылып қалармыз деп қорыққандықтан бұғып қана отыратын. Батыл сөздерді өздері емес, өзгелердің айтқанын жақсы көретін. Ақылбек Кеңес өкіметі де, орыс тілі де нағыз күшінде тұрған сонау 70-ші жылдардың соңы мен 80-ші жылдардың басында үш баласын да қазақ мектебіне берді. Сол үшін кіп-кішкентай балалардың алыстағы жалғыз қазақ мектебіне автобуспен солтүстіктің қақаған қысында тоңып-жаурап баруына да төзді. Оның төтесінен айтып салатын мінезі жұрттың бәріне бірдей ұнай бермейтін. Ол аз болса, жас жігіттің шапшаң бедел жинауы, оның өздерінен шоқтығының биік тұруы біраз адамдардың ішіндегі күншілдік қоқысын да бықсытпай қала алмады. Жабылып үстінен арыз жазғандар да табылды.
Өз басым ұмытыла бастаған осындай бірер шындықтың бетін аша отырып, барлық жерде де тек Ақылбектікі ғана дұрыс та, өзгелердікі бұрыс еді деген сыңаржақ пікір айтудан аулақпын. Біреулерді кінәламақ ниетім де жоқ. Жастықтың албырт шағы, оның үстіне ақындықтың, танымалдылықтың адамға аздап жел бітіретіні де бар, бәлкім асыра айтқан, артықтау кеткен кездері болған да шығар. Өмірде қателеспейтін адамның жоқ екенін де білеміз. Сол бір әлдеқашан өтіп кеткен оқиғалар еске оралғанда ойландыратын жәйт біреу – ол «болашағы бар жас жігіт қой, ақындықтың адуын мінезі шығар желпінтіп жүрген, өз азаматымыздың бір еркелігін көтерейік» деп айтуға жарайтын бір азаматтың табылмағандығы, кешірімділіктің кемістігі.
Тасада тұрып тас атушылар өсіп келе жатқан жігітті облыстық газеттен жұмыстан шығартқанымен көксегендеріне түпкілікті жете алған жоқ. Ақылбек облыстық телерадиокомпанияда журналистігін жалғастырып, кейін «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы, Қостанай облыстық тіл басқармасы бастығының орынбасары, мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, білім департаменті директорының орынбасары, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті қазақ және орыс филологиясы институтының директоры, журналистика факультетінің деканы болып қызметтер істеді. Кандидаттық диссертация қорғады. Қазіргі күні Қостанай мемлекеттік университеті медиа-орталығының директоры.
«Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының өңірдегі жер-су атауларының тарихи қалпына келуіне үлес қосқаны да сол жылдар. Табандылықпен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Кустанай – Қостанай, Комсомол – Қарабалық, Ленин – Ұзынкөл, Семиозер – Әулиекөл болып өзгертілді. 80-ші жылдары облыста бірнеше рет ақындар айтысы ұйымдастырылды. Оның өзі кенжелеп қалған ана тілімізге тың леп әкелді, Қостанай халқына қазақ тілінің әлі де бар екендігін, ол тілде от басы-ошақ қасында ғана сөйлесіп қоймай, ел алдына, сахнаға шығып та өнер көрсетуге болатынын танытты, ұлтымыздың жігерін жаныды. Кей-кейде адамдар онша көңіл аудара қоймайтын, бірақ ұлт үшін айтарлықтай маңызы бар осындай жұмыстардың басында әркезде де Ақылбек тұрды.
Біз алғаш танысқан 1976 жылдан бері санап отырсаң тұп-тура 35 жыл өтіпті. Бір адамның мінезін, ісін танып-білетіндей-ақ уақыт. Сол кездегі 25-тегі жігіт бүгінде 60-қа келді. Құр қол келген жоқ, азамат ретінде де, ақын ретінде де елі үшін, туған жері үшін қыруар істер тындыра келді. Ол өмірде болып жатқан оқиғаларға бейтарап көзқарас ұстанатын, қол қусырып қарап отыратын адамдардың санатына жатпайды. Демек, Ақылбектің алда да асар асулары аз емес.
«Көп сырың перзентіңе мәлім, далам,
Бермейді бір ой, бірақ, дамыл маған.
Ел үшін ет-жүрегі ауырмаған
Адамдар бола алмайды бауыр маған», дейді ақынның өзі. Осы бір шумақ өлеңнен оның бүкіл болмысы көрініп тұр десек, нақа асыра айтқандық емес.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.