14 Маусым, 2011

«Әкемтеатр»: Тарих. Тағдыр және Абайды тану

654 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
Тарихты – Қалихан Ысқақ пен Шахимарденнің екі бөлімді «Қазақтар» тарихи драмасы, тағдырды – қырғыз қаламгері Бексұлтан Жәкиевтің Әшірбек Сығай аудар­ма­сы­мен сахналанған «Жүрейік жүрек ауыртпай» спектаклі, қа­зақтың бас ақыны жайында М.Әуезовтің «Абай» траге­дия­сы арқылы танып-білуімізге мүмкіндік туғызған Әуезов атын­дағы қазақ мемлекеттік акаде­миялық драма театры­ның гастрольдік сапары ойдағыдай өтіп, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы құрметіне ұсынылған сахналық туындылар көрермен көңілінен шықты деуге толық негіз бар. Шыққан тегіңді, тарихыңды, түбіңді тү­ген­деудің қашанда орны бөлек. Қазақ елі байтақ жерінде көк байрағын желбіретіп, еркіндік рухымен тыныстағалы 20 жылға жуықтаса, осы кезеңдер әдебиет әлемінде бірталай тың дүниелердің тууына, тарихи-деректі, ғұмыр­на­ма­лық көркем шығармалардың жазылуына тамызық болар тағылымды ізденістерге толы екені тағы аян. Соның бірі – әңгімемізге арқау болып отырған – «Қазақтар» драмасы. «Өт­ке­нің­ді, өткеліңді құрметтемесең, өшкенің» деп білетін қазақы санада еркіндік таңымен таласа туған шығарма бұл. Қазақ қағанаты қалай құ­рыл­ды? Бұрынғы ата-бабаларымыздың о бас­тағы тұрмыс-тіршілігі жайында не білеміз? Қазақ өзі қайдан шыққан? Жәнібек хан мен Керей сұлтан кезеңі жайында тарих тартпасынан табылған қандай құнды құжаттар бар? «Қасым ханның қасқа жолы» деген қанатты ұғым қа­лай, қашан пайда болған? Азаттықтың арайлы таңында рухани байлығымызға қосылып жат­қан сахналық туындылардың көздеген басты мұраты не? Осы және спектакльдің мұнан басқа да кейбір тұстары жайында айтып беруі үшін қойылымның режиссері, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Әл-Таразидің өзін әңгімеге тартқанбыз. «Қ.Ысқақов пен Шахимарденнің «Қазақ­тар» драмасындағы оқиғалар қаншалықты тарихи шындыққа жанасады?» деген сұраққа ол: – Тарихи тақырыпқа арналған драмалық шығарма белгілі бір тарихи кезеңді негізге ала отырып, ойдан шығарылған сюжеттер, оқи­ға­лар­ға құрылады. Алайда, бұл сюжет сол заман­ның әлеуметтік, саяси жағдайына, тарихи ке­зе­ңіне сай келуге тиіс. Мәселен, өзбек пен қазақ болып жүрген бір атаның балалары біреуі Өзбек ханға қызмет етсе, екіншісі өзге ханның қол астында болғаны туралы оқиғаны «жоқ, тіп­ті де олай болған емес» деп қалай айта ала­сыз? Қазіргі Өзбекстанда тұрып жатқан ха­лықтың ішінде қоңырат, найман, т.с.с қазақ рулары кездесуін қалай бағамдайсыз? Сол себепті де драматургтердің Қойгелді мен Тойгелдіні бір ата, бір шешенің балалары етіп жазып отырғаны, меніңше, тарихи шындыққа әбден жанасады. Өйткені, ол кезде заманның өзі солай болды, Әбілқайыр ханның Мұхаммад Шай­бани сұлтандары елді биледі, одан кейін Өзбек хан таққа отырды. Оған қызмет еткен біраз қазақ өздерін өзбекпіз деп атады. Одан да өзге қаншама тарихи шежіренің қатпарларына үңіліп қарасаңыз, өзбек, қазақ деген рулар кездеспейді. Тек жалайыр, керей, найман, арғын, т.б. ру-тайпалар тарихи деректерде молынан ұшырасады. Мына тарихи драма осындай сәттерді қалт жібермей, қалың жұртқа жеткізу мақсатында драматургтер қия­лы­нан туып отыр. Олар Қасым хан кезеңінің сырын ашуға талпыныс жасайды, – деп жауап берген. «Драмалық шығарманың режиссер шешімімен өзгеріске ұшыраған тұстары бар ма?» деп сұрадық одан. – Шынтуайтына келер болсақ, бұл шығарма режиссердің драматургтерге берген тапсыры­сы­мен жазылды. Идея мен өтініш – менен. Қазақтың басынан неше түрлі тарихи оқиғалар өткен, олардың біразы тарихи-деректемелік шығарма­лар­ға арқау болып үлгерсе, енді бір қалың қабаты әлі де қарт тарихтың сарғайған беттерінен бері шыға алмай жатқан жайы бар. Жәнібек пен Керей хан туралы, қазақ халқы­ның Шу бойындағы тұрмыс-тіршілігі хақында баяндайтын көркем дүниені кезіктіре алмауы­ңыз сол тұстарға тарихшы-мамандар мен әде­биет­шілердің зерде-зейінін аудара түсуді қажет етеді. Қазақ хандығы жайында І.Есенбер­лин­нің кейбір шығармала­рын­да кездесетіні болмаса, жалпы, ол кезеңдер жайында тарихта нақты деректердің табылуы екіталай. Мысалы, «Қа­сым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деген сөздер қайдан шықты? Не себепті халық осы кезеңдерге солай ат қойды? Соның да себептерін табуға драматургтер барынша тырысып бақты. Ал өз басым олардың ойына жанымнан ештеңе қосқан жоқпын. Тарих бойынша сөйлейтін болсақ, алдымен Жәнібек хан айтылады. Кейін Жәнібек өлген соң Керей хан таққа отырады. Керей ханнан кейін оның баласы Мұрындық мұрагер жал­ғас­ты­рады. Одан тақ тізгінін Жәнібектің баласы Қасым хан тартып алады. Тарих сыры осылай ашылады. Дәл осы оқиға болып жатқан кезде Керей хан емес, сұлтан болатын. Бұл екеуінің жұптаса аталып, тарихта қалу себебі, қазақтың бірінші хандығы солардан басталады. Ен даланы жайлаған қазақтың қалай ел боламыз деп еңіреген ерлікке толы шежіресі сол замандар қатпарынан ақырындап алға оза бастайды. Сондықтан драманың бірінші актісі өте тез, бір деммен жазылып шықты да, ал, екінші актіге келгенде драматургтер сәл баяулап қалған. Өйткені, «Қасым ханның қасқа жолы» туралы көсіле пайдаланып, сәтті түйін табуға нақты де­рек жоқтың қасы. Жалпы, бұл ұғымдар заңдар мен басқа да мемлекеттік құқықтық құжаттар қа­был­данар кезде құ­лағымызға жиі шалына бас­та­ды. Енді жаңа­дан тағы бір ха­барды естіп, ер­теңге үмітпен иек артудамыз. Ираннан осы Қа­сым ханның ке­зіндегі құ­жат­тар табылып жат­қан көрінеді. Осы деректер қолы­мыз­ға тиіп жат­қан­дай болса, мұ­ны­мен шектелмей, келешекте бұл та­қы­рыпты әр­мен қарай жетілдіре түсуге ниеттіміз. Сахналық шығарманың мақсаты тарихта болған оқиғаны тап сол қалпында өзгертпей, айна-қатесіз көшіріп шығу емес, ол сол кезеңдер бояуын көз алдыңа елестетіп, осы замандар бейнесін көркем оймен тұлғалау болып табылады, – деді режиссер тарихқа қатысты алда мұнан да басқа көптеген ізденістер тұрғанын мәлімдеп. Қазақ ұлттық сахна өнеріндегі тарихи жанрды байыту жағынан алып қараған кезде, әрине, «Қазақтар» драмасының тың туынды екендігінде дау жоқ. Ал енді оның таза көр­кем­дік деңгейіне, режиссерлік шешімі мен әр­тіс­тер шеберлігіне, музыкасы мен пластикасына, сахналық безендірілуі мен киім, декорация­сы­на тоқталсақ, көрерменді жалықтырмай, өзімен бірге ілестіріп әкететін ілкімді бедерлері жетерлік. Мәселен, Қасым хан (Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Асылбек Боранбай) мен Мұхаммад Шайбанидің (Қазақ­стан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл), Қасым мен Нагир ханумның (Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Дария Жүсіп) ұшырасар тұстары тарихи желіден сәл көркем шуаққа ауысып, тағдырлар бейнесінің тұшымды тұлғалануына мүмкіндік туғызады. Композитор Әділ Бестібаев музыкасы шығыс­тың майда мамық сазымен махаббат отын маздата түседі. Шайбани жүзінен айлакер ама­лы­ның табы менмұндалайды. Сахналық шығарма сәттілігінің жартысы әртістер ойынының шынайылығына байланысты десек, көркем образдар орамындағы орындаушылар сол тап­сыр­маны мүлтіксіз атқарғанына көз жеткізеді. Жалпы, қандай да көркем туынды болсын, кө­рермен не оқырман әуелі ондағы басты кейіп­кер­лердің ұстаным, ұлағатына қарап қабыл­дары сөзсіз. Осы жағынан Қасым хан рөлін ойнаған әртіс өзінің иығына артылған жүкті биікке көтеріп шыға алды деп айта аламыз. Жұртшылыққа көбіне әзіл-оспақ отауларынан сайқымазақ бейнесінде танылған Асылбек Боранбайдың хан образын сомдауына, тарихи тұлғаның көркем бейнесін ойдағыдай көр­се­туіне алғашқыда сәл күмәнмен қарағанымыз рас. Кейде театрда комедиялық актер, дра­ма­лық актер деген тіркестер жиі алдан шығып жа­тады. Оған себеп жоқ емес. Мұндай мы­сал­ды барлық жерден кездестіруге болады. Коме­диялық актер драмалық әртістің шеберлігін меңгеріп кете алмай жатса, драмалық сахнада өнер көрсетіп жүрген өнерпаз комедиялық жанрдың иірімдерін толық игермей қалатын «әттеген-айлар» да кездеседі. Ал трагедия мен комедияның бір актердің оң жамбасына қатар келуі өте сирек құбылыс. Сол некен-саяқ кездесетін тұшымды ойынды «Қазақтарда» басты рөлді сомдаған Асылбек Боранбайдың ойы­ны­нан танып, табыс тіледік. Тарихты, тарихи тұлғаларды тұспалдап та болса жеткізуге әре­кет еткен сахналық қойылым қазақ мемлекетін құру дәуіріне алғаш салынған соқпақ болған­дық­тан, кейбір олқылау тұстарын әңгімелеуді мақсат тұтпадық. Мұны «Көш жүре түзеледі» демекші, орта тұсы біртіндеп толатын айдынға баладық. Екінші күнгі кештің әсері алғашқысына қарағанда сәл жеңілдеу, ара-тұра езу тартқызар дүние сияқты көрінгенмен бұл да тағдыр, қазіргі заманғы адамдар арасындағы қарым-қатынастың қатпарларынан сыр суыртпақтай­тын қойылым. Қырғыз драматургі Бексұлтан Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай» дра­масы. Сахналаған – театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев. Бұл туынды несімен көрерменді баурап алады десеңіз, қазіргі кейбір жүрегіндегі мейірім оты көмескі тартқан, кеудесінен қайы­рым­дылық қарлығашы ұшып кеткен безбүйрек, тасбауыр ұл мен келіндерді сын тезіне алады. Ауылда тұратын Қарияны қаладағы ұлы мен келіні үй-жайын түгел сатып, өз қам­қор­лық­тарына алған сыңай танытады. Ата-бабадан қал­ған ескі қоныс сатылып кетеді. Осы арқы­лы қазіргі кей жастардың дүние-байлық жо­лын­да атақоныстың қадірін ұмытып кетіп жа­татындығын, кіндік қаны тамған ауылына деген перзенттік сүйіспеншілігі азайған ұрпақты, ар-намыстан ащы суды артық санайтын пенделерді түйрейді. Қызмет пен өздерінің қарақан бастары үшін қолдарынан келгеннің бәрін жа­сайтын жағымпаздықтың жампоздарын жапы­ра сөгеді. Түбі бір түркіде, мұқым мұсылманда ата-ана, әке-шеше қасиетті есімдер болып саналса, тәрбиенің сол бесігі соңғы уақытта солғын тартып барады. Жетімдер үйі жеті атасына сын айтылар жетесіз ұл мен қыздың жат қылығынан ашылған қамкөңіл жандар ұясы. Әке-шешесін көзі тірісінде жетімсіреткен тасбауыр жандардан не үміт, не қайыр? Алайда, жаман әдеттің бойды біртіндеп жеңетіні сияқты, мұндай сұмдыққа жұрттың бірте-бірте еті үйреніп бара жатқаны қандай өкінішті. Қарияны Қарттар үйіне өткізерде ез ұлдың әйелінің бетіне қарап, сөз айтуға дәрмені жетпей, дәлізде дірдек қағып қала беретін сәті аянышты. Боркемік ұлдың бола­ша­ғы­нан ештеңе күтуге болмайды. Отанды, ошақты кекшіл келін басқарады. Әртістердің осы оқиғаны шебер орындауы арқылы қойы­лым өзінің өміршеңдігін дәлелдегендей. Қа­рия­ны сомдаған Сәбит Оразбаев бұл рөлді шы­найы болмысымен, қоңыр дауысымен жұртты тұшынта орындады. Кей тұста езуге күлкі үйіртеді. Бірақ бұл жан марқайтып, көңіл өсі­рер күлкі емес. Оның астарында зіл, қоғамға наз бар. Ол не ұлға, не келінге кінә артпайды. Тек немересінен үміт күтеді. Адамның ең соңғы тіреніші мен сүйеніші – үміт үйі. Осы үйден небір жандар пана тауып, өмір жібін ұзартуда. Сол жіпке Қарияның да тағдыры байланған. Кеудесін білім дәніне толтырып келген ұлы әлі-ақ оның шаң қапқан жүзіне шаттық күлкісін үйіреді. Спектакль оптимистік сарында аяқталады. Көрермен жүрегіне ертеңгі күнге сенім дәнін егеді. Жабырқап қалған көңілге сәуле түседі. Ақ көйлекпен, ақ жаулықпен кездескен Бәйбіше сол бозарып атқан аппақ таңы секілді ой қалдырады. Жетімдер үйінен қонақ­қа келген жандардың әрқайсысының ішін тол­қыт­қан сел сыртқа шер болып төгіледі. Кү­легеш әйел (Қазақстанның халық әртісі Т.Тасыбекова), Сыпайы әйел (Ш.Меңдиярова), Саңырау шал (О. Қиқымов) рөлдері арқылы қайғы мен мұң, дерт мен запыран қапысыз жет­кізіледі. Әрқайсысы өздерінің баста­рын­дағы оқиғаны ет-жүректері езіле, қайғыдан өр­тене баяндайды. Соңғы жылдары аналар бейнесін сахнаға көбірек шығарып жүрген Торғын Тасыбекованың рөлі кез келген адамның көзі­не жас үйіртер еді. Жалғыз ұлының күйігінен тағдыр тауқыметіне ұшыраған ананың жүрек шерін мұңлы сарынмен дәл осылай жеткізе білу нағыз сахна иесінің ғана қолынан келеді десек, осы міндетті әртіс мінсіз орындап берді. Спектакльдегі кейіпкерлер соншалық көп те емес. Бірақ оқиға бірінен соң бірі жүйелі жалғасады. Көрерменді жалықтырмайды. Қа­рия мен Бәйбіше бір-бірімен телефон арқылы сырласатын сәттер сахнада жарықты тек кейіпкерге ғана түсіру арқылы әсерлі өрілген. Қос диа­логтан көркемсөз оқу шеберлігін байқай­сыз. Жадыңыздың жақпарында қалар екі үн. Таныс дауыс. Әдетте сахналық туындыны ұжым­дық өнер деп есептегенімізбен, мұнда әрбір әртістің кәсіби шеберлігі маңызды рөл атқарады. Кейде бір спектакльдің бағын бір әртістің шеберлігі жандырып жіберетін тұстар да кездеседі. Осының бәрі «әкемтеатрдың» ежелден қалыптасқан мектебінің арқасы екені даусыз. Еріксіз еске түсіп отыратын кейіп­кер­дің бірі – Келін (Ш.Жанысбекова) бейнесі. «Қойшының таяғынан, келіннің аяғынан» демекші, өкінішке орай, қоғамымызда мұндай қарақан басының қамын ғана күйттейтін, ата-енесінен тірідей безген келіндер кездесіп қалады. Өлмеген Қарияның жаназасына күйеуі екеуінің тізім жасаған кездегі аш көздерінен жалын ұшады. Ол жалын әулеттің барлық қа­дір-қасиетін түгін қоймай жалмаған қатыгездік пен мейірімсіз жүректен тұтанып тұр. Мұны енді кері қайтарып, қалыпқа түсіру өте қиын. Ол әрі-беріден соң өзінің туған қызына жақ­сы­лық тілей алмай, сыртынан орынсыз бала­ғат­тайды. Баласы (Е.Біләл) үшін әкесі өзін ба­ғып-қаққан, дүниедегі жалғыз жанашыр адамы бола тұрса да, жеме-жемге келгенде аду­ын Келіннің айдауынан шыға алмай, ал­дында құрдай жорғалайды. Жылайды, жүзін төмен үйіреді. Бірақ әкеге қорған бола ал­майды. «Әке – асқар тауың, шеше – етегіндегі бұлақ, ал бала жағасындағы құрақ» демей ме халық даналығы. Сол жарасымды үш тағанды халқымыздың салт-дәстүрінде жоқ дерт шалды. Мұндай мейірімсіздікті, баланың ата-анадан безуін, әке-шешенің баласынан бас тар­туын қазақтың қай дағдысынан естідіңіз. Да­лаға қартын қаңғыртқан қай қазақтың баласын көріп едіңіз. Міне, бүгін сол Қарттар үйіне өткізілген қариялар жетіп артылады. Мейірімсіздік қайдан пайда болады өзі? Қатыгездік қайдан келеді? Тәрбие басы – бесіктен демекші, шет елдің киносын, шет елдің мультфильмін көріп өсіп жатқан балғынның ертең өс­кен­де қай елдің тағылымымен өмір сүрері белгілі ғой. Жүрекке мейірім дәні себілмеген сәбидің бос кеудесінен не іздейсіз? «Жүрейік жүрек ауыртпай» драмасы кісіні осындай ойларға жетелейтін, әр отбасыға балаңның тәрбиесіне абай бол дейтін, «Ата-анаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген қағиданы қайталайтын, әлеу­метке әріректен ой тастайтын көкейкесті тақы­рып. Театр сол тақырыпты орынды қозғап, санаға сахнадан тағылым түюдің дәстүрін тамаша жалғастырған. Гастрольдік сапардың соңғы күні Мұхтар Әуезовтің драмалық шығармасы бойынша Есмұхан Обаев сахналаған «Абай» трагедия­сы­мен қорытындыланды. Әр кезеңде жаңарып, жаңғырып көрерменге ұдайы ұсынылатын спектакльден Абай дәуірінің үні ұрпақтан ұр­пақ­қа мүлтіксіз жете береді. Өнер ұжымының өсу деңгейін, қаншалықты биіктегенін таны­тып тұратын, тұрақты төлқұжатына айналған туындысы болады десек, «әкемтеатр» үшін «Абай», міне, сондай классикалық дүние. Өйт­кені, мұнда қазақтың бас ақынының тағдыры ғана емес, елдің тарихы, этнографиялық қа­зы­насы, жыры мен сазы, махаббаты мен кіршіксіз сезімі, елдік пен теңдік, тірлік пен бірлік сарыны сарқа баяндалады. Абайдың рухын тірілту, ақынның рухани жан әлеміне барлау жасау сахналық ұжымның кәсіби ізденісін байытып, алғашқы нұсқаларына нұқсан келтірмейтін туынды тынысын кеңейтіп, өрісін аша түскені байқалады. Абай бейнесінің Тәуел­сіздік мерекесіне арналып әкелуінде де үлкен мән бар. Спектакльдің тікелей өзіне тоқ­та­ла­тын болсақ, бас ақынның қабырғасын қайыс­ты­рып, жанына қатты батқан үш қайғысы төңірегінде оқиға өрбиді. Әуелі Айдар (Е.Дайы­ров) мен Ажардың (Н.Қарабалина) ма­хаб­батына араша түсіп, Оразбай (А.Бектемір) мен Жиреншенің (Б.Тұрыс) қарсы дауынан аман алып шығатын кезі ерекше рухпен жеткізіледі. Кінәсіз қос ғашықтың сезімін аялар тұс­тағы ақын жүрегінің толғанысын Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл ерекше толғаныспен орындағаны үшін көрер­мен ризашылығы шексіз. Тарихи тұлғаны сомдау қай әртіске де оңай соқпасы белгілі, бірақ та мұндай рөлге адамның кездейсоқ келуі әсте мүмкін емес, бұл Абайдың өзінің соқтықпалы, соқпақты тағдыры сияқты көп ізденуден, талмай еңбектенуден, тұлғаның ішкі тылсымы мен түйсігіне терең бойлаудан барып бағы­на­тын шың тәрізді алып бейне. Сол алып тұл­ға­ны сомдауда Е.Біләл өнері толысқан, жан-жақты байыған қалыпта көрініс тауып отырды. «Қайран сөзім қор болды, Тобықтының езіне» деп еңіреген Абайдың қайтсем ағайынның алауыздығын тыямын деген азабынан бүгінгі ұрпағына өнеге өрнегі төгіліп тұрғандай әсер қалдырады. Алауыздықтан, араздықтан қазақ қашан қаз тұрып, қайратына қамшы басып еді. Ел арасы бүлініп, ер санасы ірісе іргесі бүтін ел болмас деген ақын қашанда бұлақ көзін ашуға талпынса, қазіргі жастардың білім мен ілімге ұмтылған талпынысы Абай ғибратының жалғасындай жан марқайтады. Айдар өресі келешегіне дәл сондай әзіз жүрекпен қол созған өрелі өріс еді. Бірақ оның мүлтіксіз жырына өшіккен дұшпан дәл қасында жүр екен. Керім бейнесі (Д.Ақмолда) сол қастандықты ұйым­дастырарда шын бояуында танылады. Ел ара­сын қай кезде де екіжүзді пенделер алшақтат­қа­ны тарихтан белгілі. Тілі шұбарланған Керімді Мағауияның (Қ.Мамытқалиев) тыйып тастауы қазіргі тілін, ділін ұмыта бастаған жастарға құлаққағыс, сын секілді естіледі. Кешегінің үні ескірді деп осыдан кейін қалай айтамыз. Абай дәуірі сахнасынан түспей келе жатқан ауызбірліктің тәуелсіздік тұғырын нықтауда қазіргі атқарар рөлі де орасан екені даусыз. Еркіндік туы желбіреген ен даланың рухы Абай ойларымен өріліп, өмірі оның мұрасымен гүлдене береріне сенеміз. Спектакльдегі Абай күйзелісі Әбдірахман (Б.Айтжанов) мен Мағауияның қазасымен қа­лыңдап, өзі де соққыға жығылуымен ой түйін­деледі. Абайдың өлеңдері баласының аузымен оқылып, қойылымның мақсаты ақын жыр­ларын ұлықтау, Абай тұлғасын биіктету екенін ұқтырады. Театр әртістерінің осы туындыға түгел қамтылуы да көп жәйтті аңғартса керек. Сахна майталманы Сәбит Оразбаевтан бастап театрдың орта буын, жас буын өкілдеріне дейін спектакльдің тұшымды құрылуына атса­лыс­қаны сүйсінтеді. Кейбір тарихи оқиғаға негізделген шығармаларда жұпыны шапан мен тозған киімдерден көңіл құлазып, қазақтар бұрын дұрыс киінуді білмегендей әсер қал­дыратын. Жұрт спектакльден қазақ халқының ұлттық киім үлгілерінің, сыңғырлаған зергерлік әшекейлерінің небір түрін тамсана тамашалады деуге толық негіз бар. Қандай да тұлғаны уақыт пен әлеуметтік орта туғызып жататын болса, оның сол ортадан зерек, бөлек дарын иесі болып көрінуіне де төңірегіндегілер солай әсер етеді. Көп қыр­лы Абай сыры әлі талай туындының тұздығы, тұмары болып өріле береді. «Абай» трагедия­сының М.Әуезов театрында үш рет сахна­лануы сол жалғастықтың, ақын салған сара іздің соңынан әлі талай жас шыбық көктеп, өніп шығатынын аңғартады. Абайдың фило­софиялық бір өлеңінің өзі ақынның сахналық болмысын толтырып, құлпырта ашады. Ұлы деген сөзді біздің қазақ Абайдан басқа ешкімге қимаған. Мұны әсте біз сараңдыққа бала­маймыз. Оны халықтың Абайды қалай баға­лай­ты­ны­ның белгісі деп ұғамыз. Спектакль оқи­ғасы бұрынғы уақытқа бағынғанмен, та­қы­ры­бы өмірі тозбайтын құндылықты қозғайды. Оның өз шәкірттері ішінен жақсы мен жай­саңды көре білетін, ғашықтық сезімді ғаламат қуатпен жырлайтын, зұлымдықпен, қиянатпен күрескенде алмас қылыштай өткірленетін қасиеті осы қойылымның өн бойынан өшпей көрінеді. Абайдың жаңа заманды аңсап, өркениетті мақсат еткен өнегесін бүгінгі ұрпақ санасына түйіп өссе, деген түйін бар мұнда. Режиссер қисынына салсақ, «арманшыл, елдікті ту еткен жанның жаңа заманды аңсаған тұлғасына тұшынамыз. Абай күткен сол сәттің мән-мағынасын терең ұғына түсеміз». «Абай» трагедиясын Тәуелсіздік тойына лайықты тарту деп бағалауда жұртшылық. Сахна төріндегі тау сілемінің жоғары шоқы­сына жасырынған күн реңі түрліше құбылады. Жартысы ашық, қалған бөлігін бұлттар басқан. Осы мезет алып таудың ар жағынан Татьянаның әні еміс-еміс құлаққа шалынады. Жақпар тастың мінберінде Абай халқына қасқайып қарап тұр. Күйінеді. Түңғиық ойға батады. Абай қазаққа қазір керек. Құлықсыз, құрықсыз сана құлдилап қайда құйылып кетерін білмейді. Сол санаға тұздық болу үшін. Суреттерде: «Қазақтар», «Жүрейік жүрек ауыртпай», «Абай» спектакльдерінен көріністер; театрдың көркемдік жетекшісі Есмұхан ОБАЕВ. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.