14 Маусым, 2011

Апта айшықтары

329 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Автоматты жүйе таныстырылды Көкшетауда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі­нің жауапты хатшысы Тамара Дүйсенованың қатысуымен «Жұмыс­пен қамту» автоматты ақпараттық жүйенің қосалқы желісі таныстырылды. «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы негізіндегі  жаңа жүйе толыққанды мониторингті қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік-еңбек саласындағы ақпараттың ашықтығын мақсат са­най­ды. Алдын ала есептеулер биылдың өзінде 1490 ақмолалықтың тұ­рақ­ты жұмысқа тартылатынын көрсетуде. Кәсіби даярлық жолдамасын иеленген 520 адамға 407 теңге қаржы бөлінсе, 970 кісі қайта даярлықтан өтетін болады. Жобаның екінші және үшінші бағыттарында 150 адам кәсіпкерлік негіздеріне машықтанып, 53 отбасы ауылдық жерлерге қоныс аударады. Барлық 19 ауданда жұмыспен  қамту орталықтары жұмыс істеп, 105 маман қызмет көрсетеді. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы. Корея  елшісі  келіп  кетті Өткен аптада Қостанайға Кореяның Қазақстандағы  елшісі Ли Бен-Хва мырза келді. Ол корей этномәдени бірлестігі өкілдерімен кездесіп, қандастары қойған сұрақтарға жауап берді. Елшімен бірге  корей тіліндегі «Коре-Ильбо» газетінде отыз жыл қызмет істеген қаламгер Владимир Сон да келді. Ол кездесуде Қазақстандағы  байырғы  басылымның бірі – «Корей-Ильбо» газе­ті­нің шыға бастағанына 85 жыл толатындығын айтты. Сонымен қатар, келесі жылы корей диаспорасының Қазақстанға қоныс аударғанына 75 жыл болады. Осы уақыт ішінде басылым еліміздегі бірлік пен достықты, ынтымақты жазды. Елші биыл Кореяның Қазақстандағы жылы болып белгіленуіне байланысты оның шеңберінде көптеген шаралар өтетіндігінен хабардар етті. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай. Түркістан жәдігерлері – керекуде Өткен аптада облыс орталығындағы Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының «Тәуелсіздік және Түркістан тағылымы» атты «Мәдени мұра» бағдарламасы аясындағы көрме күндері одан әрі жалғасты. Ескерткіштер – елдіктің белгісі. Бүгінгі ұрпақ – ел тәуелсіздігіне жеткізген өткеннің жолдарын білуі керек. Көрмеде археологиялық, құнды тарихи жәдігерлер орын алған. Музей қызметкерлерінің айтуынша, алғашқы күннен бастап келе бастаған тұрғындар, тарихшылар, жастар легі толастар емес. Шалғайдағы ауыл мектептері үшін арнайы көліктер бекітілген. Солтүстік өңірде «Түркістан жәдігерлері» атты тарихи көрме күндерін өткізу музей ұжымдарының әріптестік байланыстарының арқасында мүмкін болды. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар. Орманшыларға көзқарас оң Жамбыл облысындағы орманды алқап 4 миллион 435 мың гектар жерді алып жатыр. Осынша байлықты күтумен және зиянкестерден қорумен 14 орман шаруашылығы мекемесі айналысады. Биыл жасыл желектерді қорғау ісіне облыс қаржысынан 31 миллион теңге бөлініп, өртке қарсы 18 автомәшине, 23 трактор іске жұмылдырылды. Сондай-ақ, зәру техникаларды сатып алуға қосымша 62,4 миллион теңге қаралған. Өткен аптада облыс әкімі Қ. Бозымбаев жаңадан сатып алынған 14 өрт сөндіргіш, 7 «МТЗ-80» трактор, 2 «УАЗ» автомәшинесі, 6 көшет отырғызу мәшинесі мен 14 қосалқы агрегаттарды жасыл желек сақшыларына салтанатты жағдайда табыс етті. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы. Табиғат қорғау акциясы Семейліктердің «Парктер маршы» деген атпен өткізіліп келе жатқан халықаралық табиғат қорғау акциясына атсалыса бастағанына бес-алты жылдың жүзі болды. Екі айдан астам уақытқа созылған бұл акция жуырда орталық паркте қорытындыланды. Биылғы жылғы тиімді шараға сегіз мыңнан астам семейлік қатысты. Акция барысында жергілікті тұрғындардың экологиялық жағынан сауатын арттырып, туған жерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға қолайлы мүмкіндіктер жасалды. Қарағайлы орман мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Акцияға қатысушылар табиғи материалдардан көрме ұйымдасты­рып, табиғат туралы шығарма жазды. Соның бәрінде ерекше көзге түс­кендер арнайы грамоталармен марапатталды. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей. Неміс кинолары  тегін көрсетіледі Облыс орталығындағы «Мега Ақтөбе» сауда, ойын-сауық орталығының «Кинопарк -7» залында неміс киносының апталығы салтанатты  жағдайда ашылды. Бұл шара Германия Федеративтік Республикасының Астанадағы елшілігі мен Алматыдағы Бас консулдығының, Қазақстандағы Гете атындағы институт пен Швейцария елшілігінің қолдауымен өтіп жатқан  «КИНОгерМАНИЯ» неміс киносының фестивалі аясында  ұйымдастырылып отыр. Апталықтың ашылуына арнайы келген  Германия Федеративтік Республикасының Бас консулы Герольд Амелунг былтыр «Қазақ­стандағы Германия жылы» аясында Ақтөбеде   неміс көрмесінің сәтті өткенін, бұл жолы неміс киносы апталығы ашылғанын екі ел арасындағы мәдени байланыстардың нығая түскенінің мысалы ретінде атап өтті. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы. Жас өнерпаздар тартуы Қызылжар ауданындағы «Мерей» өнер мектебінің оқушылары  Алматы қаласында осымен 8-ші рет өткен халықаралық «Күншуақ» байқауына алғаш рет қатысқанына қарамастан, үлкен олжамен оралды. 7 сынып оқушысы Бүркіт Жанаев  халық әндері «Дүние-ай» мен «Япурайды» тамылжыта шырқап, ән номинациясында  бірінші орынды жеңіп алды. Ол гала-концертке қатысу құрметіне де ие болды. Халық аспаптары номинациясында бақ сынаған дом­бы­ра­шы­лар  ансамблі  екінші орынды иеленді. Олар Ә. Желдібаевтың  «Ерке сылқым» және түріктің  «Нәр агачи» күйлерін келістіре орындап берді. Жеке домбырашылар арасынан Әйгерім Ахметжан мен Рахима Құрманғожина суырылып шығып, үшінші орынға табан тіреді. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.