14 Маусым, 2011

Бейбітшілік пен қауіпсіздік тірегі

2243 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер бас прокурорларының кезекті тоғызыншы отырысына Қазақстанның, Қы­тай­дың, Қырғызстанның, Ресейдің, Тәжікстан мен Өзбекстанның қадағалау органдарының басшылары қатысты. Онжылдық қарсаңында өткен беделді мемлекеттік ұйымның отыры­сын­да бейбітшілік пен қауіпсіздік негізі сана­ла­тын маңызды мәселелер қаралды. Біз еліміз, көршілес елдер, жалпы адамзат үшін мәні мен нәтижесі зор форум барысы туралы әңгімелеп беруін еліміздің Бас Прокуроры Асхат ДАУЫЛБАЕВТАН сұраған едік. – Асхат Қайзоллаұлы, ШЫҰ-ға мү­ше мемлекеттердің жоғары қадаға­лау органдары басшыларының оты­ры­сы тоғызыншы рет өтіп отыр. Бұл кездесу қаншалықты нәтижелі болды? – Мен сындарлы және жемісті өтті деп ойлаймын. Бүгінгі кеңестің күн тәртібіндегі мәселелер алдыңғы кезде­су­лердің жалғасы болып табы­ла­тын­дықтан, мәселелер өте өзекті және уақ­ты­лы екендігі даусыз. Біз терроризм мен экстремизмді қаржыландыру көзде­рі­нің бірі ретінде есірткі мен қаруға, адам саудасына қарсы іс-қимыл, сон­дай-ақ қылмыстық жолмен алынған та­быстарды шыққан еліне қайтару сияқты ұлтаралық ұйымдасқан қылмысқа қар­сы күрестің көкейкесті аспектілері бой­ынша өзара іс-қимылды одан әрі жалғастыру­дың өзекті бағыттарын  талқыладық. Кеңеске қатысушылар ұлтаралық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бірлесіп күресуге, ШЫҰ өңірінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау тұрғысында өз­ара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендігін растау үшін хаттамаға қол қоюы осы кездесудің қорытындысы болды. – Бұл орайда өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер бас про­курорларының кеңес жұмысының тиім­ділігі қаншалықты болды деп ойлайсыз? – Бүгінде дүние жүзі ұлтаралық ұй­ымдасқан қылмыспен байланысты оның әр түрлі көріністерімен жаңа қауіп-қа­тердің алдында тұр. Әлемде қылмыспен байланысты проблеманың өсуіне қарай оны алдын ала білетін түбегейлі және ортақ шараларды іздестіру қажеттігі сезіле бастады. Міне, сондықтан да әр мем­лекеттің ұжымдық қауіпсіздікке үлес қосуының барған сайын маңызы арта түсуде. Осыларды негізге ала отырып, ШЫҰ елдері бас прокурорларының күш-жігер біріктіруінің өзектілігі мен қажеттігі, ең алдымен, жаһандану ғасы­рында ұлттық мүдденің тар шеңберінен шығатын өңірлік қауіпсіздікті қамта­масыз ету  бойынша барлық елдерге ортақ стратегиялық міндеттерден туын­дайтындығы қызу талқыланды. Бас прокурорлардың кеңесі ұлтара­лық ұйымдасқан қылмысқа қарсы кү­ресте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің про­­куратура органдарының маңызды үлесі болып табылады. Сондықтан осын­дай іс-шаралардың барысында қа­зіргі әлемнің  қоқан-лоққысы мен қауіп-қа­тер­леріне бірлесіп қарсы тұру жолда­ры­ның талқылануы  әр елдің кәсіпқойлары жиналатын форумның маңыздылығын көрсетеді. Біздің әрбір кездесуіміз – елдерді жақындастыру, өңірлер тұрақты­лықтылығын нығайту жолындағы тағы бір қадам. Ал біз ШЫҰ шеңберінде осы өзара іс-қимылдың тетіктерін жетілдіруді дәйектілікпен ұстанамыз. – Демек, бұл отырыстың қоры­тын­дысы бойынша нақты уағдалас­тыққа қол жетті ме? – Ең алдымен, қадағалау органдары­ның басшылары жүргізіп жатқан тергеулер туралы ақпарат алмасу, адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін беру арқылы  есірткі құралдарының кон­трабандасымен, адам саудасына, заңсыз көші-қонға және өңірдегі басқа да қыл­мыс түрлеріне қарсы күресті күшейту үшін барлық мүмкіндіктерді барынша пайдалануға ниетті екендіктерін рас­тады. Тараптар терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес ісінде ШЫҰ Өңірлік террорға қарсы құрылыммен (ӨТҚҚ) тығыз ынты­мақтастықты ұйымдастыру туралы да уағдаласты. Бірлесіп жұмыс істеу ар­қылы террористік, сепаратистік және экс­тремистік қызметке қатысы бар адам­дарды іздестіруде барлық тарап­тардың мүмкіндігі көбейе түседі. Ұлтаралық ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге, экстремизмге, есірткі бизнесіне және адам саудасына байланыс­ты қылмыстық істер бойынша қылмыс­керлерді ұстап беру және құқықтық кө­мек көрсетуді дамыту мәселелері одан әрі өрби түсіп, оны бас прокурорлар басым­дылық ретпен қарастыруға келісті. Кеңеске қатысушылар қылмыстық жолмен алынған табыстарды елге қай­та­рып алу мәселесін шешу қызықты­ра­тынын білдірді. Табыстардың жы­лыс­тауына қар­сы іс-қимылдың тиімді құ­ралдарын, сондай-ақ, заңсыз активтерді  елге қайтару жөніндегі келісілген рә­сімдер заңсыз қаржы ағындарының жо­лына тосқауыл қоюда пәрменді құрал бола алатыны атап көрсетілді. – Терроризмді, экстремизм мен сепаратизмді қаржыландыру көзінің бірі ретінде есірткі және қару-жарақ контрабандасына қарсы күресте ынтымақтастықты нығайту қай елге де тиімді екені сөзсіз. – Иә, бұл мәселелердің көкейкесті болып отырғаны айдан анық. Өкінішке орай, қабылданып отырған шараларға қарамастан есірткіге бет алу әлі де жоғары. Бұл көбінесе ауған есірткісі трафигінің арналары ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің аумағымен өтетіндігіне байланысты екені белгілі. Ауғанстан жаһандық есірткі қаупі­нің басты көздерінің бірі болып қалуда. Бұл практикалық ұсынымдар мен бірлесіп іс-қимыл жоспарларын әзірлеу қа­жет­тігін талап етеді. Бірнеше деректер келтіре кетейін. БҰҰ сарапшыларының бағалауы бойынша 2010 жылы Ауған­станда 123 мың гектарға жуық апиын көкнәрі егілген. 3600 тонна апиын жи­налып, одан шамамен 340 тонна героин алынған. Бұл орайда Есірткі құрал­дары­ның заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі ортаазиялық өңірлік ақпарат орталығының (ОАӨАО) мамандары Ор­талық Азия елдеріне шекаралас аудандарда ауғандық героин зертхана­лары­ның көбейгендігін атап өтуде.   Мұның салдарынан Ауғанстанда өндірілген барлық есірткінің 30 пайызға жуығы ортаазиялық өңірдегі елдер мен Ресей арқылы өтеді. Ауғанстаннан келетін есірткі трафигін шектеу үшін шекарада кеден және шекаралық бақылауды күшейтумен ғана мәселе шешілмейтіні айқын. Оларды жою арқылы Ауғанстанда апиын көкнә­рін егуді азайту жөніндегі түбегейлі шаралар қажет. Осы елге прекурсорлардың жеткізілуі қатаң бақылауға алынуы тиіс. Бұл бағытта ШЫҰ есірткіге қарсы стратегия шеңберінде ынтымақтастығымыз пәрменді тетік болып табылады. Бұл тұр­ғыда біз бүгінгі күні есірткі қаупін жоюға және ШЫҰ жауапкершілігі ай­ма­ғында тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен әрекеттерді ұйымдастырудың жаңа деңгейіне көтерілеміз. – Есірткі бизнесінің проблемасы көбінесе заңсыз қару-жарақ айналы­мы­мен байланысты қарастырылады.  Осы тұрғыда ынтымақтастықтың жол­ға қойылуы қандай? – Қарсы іс-қимылдың тиімді тәсіл­дерінің бірі ретінде шараларды бірлесіп жүргізуді айтуға болады. Мысалы, ШЫҰ-ға  қатысушы мемлекеттер 2003 жылдан бастап «Арна» жедел шарасын тұрақты жүргізіп келеді. Бірнеше жыл­дар бойы оны тиімді жүргізу  шеңбе­рінде Ауғанстаннан есірткі трафигінің жолын кесудің ұйымдық-штабтық және жедел-іздестіру  тетіктері қолданылуда. Сон­дықтан,  өзара іс-қимылдың орнық­ты тетіктерін дамытып, қатысушы ел­дер­дің барлық құзыретті органдарының белсене қатысуымен қару-жарақтың заңсыз айналымы мәселелерінде осын­дай іс-шараларды өткізіп қана қоймай, оларды өткізу шегін  де кеңейту қажет. Ақшаның «жылыстау» амалдары мен тетіктерін анықтау арқылы осы қыл­мыстық бизнестің экономикалық база­сына нұқсан келтіру жөнінде жүйелі шараларды іске асыру керек. Есірткі мен қару-жарақты тасымал­дау арналарында орнаған олардың ха­лықаралық айналымына, қылмыстық табыстарды заңдастыруға қатысы бар адамдар туралы ақпаратпен өзара алмасу ынтымақтастықтың құрамды бөлігі болуға тиіс. Бұл тұрғыда Есірткі құрал­дарының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі ортаазиялық өңірлік ақпарат орталығымен өзара тығыз іс-қимыл нақты жәрдемдесе алады. – Есірткі бизнесіндегі қылмыс­тарды тергеу бойынша көптеген күрделі мәселелер бар екені жасырын емес. Оларды шешу деңгейі қалай? – Түрлі мемлекеттердің азаматтары­нан құралған қылмыстық топ мүшелері­нің еліміздің аумағында жасаған қыл­мыс­тарын анықтау мен тергеу кезінде басты қиындық бірлескен жедел-іздестіру шараларын өткізудің заңдық тұрғыда реттелмеуінен туындап отыр. Мысалы, контрабанданы ұйымдастырушы Қазақ­станда, ал басқа қатысушылар бөтен елде болғанда, бақылауға алынған жеткізілімді өткізу кезінде қылмыстық істі қозғау күрделі. Бұған тыйым салынған заттардың соңғы жеткізу пункті болып табылатын елдің аумағында алынуы себеп болуда. Бұл орайда көрші мемлекет­тердің құқық қорғау органдарынан алынған дәлелдеме материалдар кінәлі адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін көбінесе жеткіліксіз. Бұдан басқа, беруге жатпайтын, со­нымен бірге уақытша басқа елдердің аза­маттары болып табылатын қылмыс­керлерді қылмыстық қудалау мүмкіндігі де қиынырақ.    Құ­қық­­тық көмек көрсе­ту ту­ралы халықаралық тапсырмаларды жіберу процессуалдық ше­шім қабылдау үшін қажет барлық мән-жайларды толық кө­лемде анықтауға мүм­кіндік бермейді. Мұн­дай мән-жайларда, тергеу бөлімшелері бір мемлекеттің аума­ғындағы қылмыстық әрекеттердің жекелеген эпизодтарын тергеумен ғана шектелуге мәжбүр. Соңында, қылмыс­тық жауапкершілікке негізінен курьерлер тар­тылады да, ал ұй­ымдастыру­шылар сот төрелігінен тыс қала­ды. – Демек, кедергілер әлі жоқ емес екен. Ендеше, қазақ­стандық тарап фо­рум­да есірткі қыл­мыс­тарына қар­сы іс-қимылдың тиімділігін арттыру жөнінде қандай  ұсыныстар жасады? – Біз осы тұрғыда бірінші кезекте нақты осы қылмыстарға маманданатын мемлекетаралық жедел тергеу топтарын қалыптастыруды ұсынамыз. Екіншіден, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің құқық қорғау органдары өкілдерінің ішінен тұ­рақты жұмыс істейтін жұмыс топтарын құру. Оларға шекара маңындағы өңір­лерде жедел ахуалды талдау және болжам жасау, бірлескен ұйымдастыру-прак­тикалық іс-шараларды өткізу бойынша ұсыныстар әзірлеу  міндеттерін жүктеу керек. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ара­сын­дағы есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақ­тастық туралы келісімнің шеңберінде, біздіңше, оны іске асырудың екі буынды тетігін жасаған дұрыс болады. Қолда­нылып жүрген жоғары буын – Кеңеске қосымша екінші деңгейдегі органды,  прокуратуралар арасында тығыз әрі жемісті ынтымақтастық үшін, сарапшы­лардың жұмыс топтарын құру мақсатқа сай келеді. Мұндай екі деңгейлі тетік ШЫҰ-ның есірткіге қарсы жұмысын үйлестіруде және ынтымақтастығында тиімді құрылым бола алады. Бұдан басқа, біз ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының алдында есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жө­ніндегі тұрақты құрылым – Есірткіге қар­сы орталық құру идеясына бастама көтердік. Орталыққа құқық қорғау ор­гандары мен арнайы қызметтердің әре­кеттерін үйлестіру және қойылған міндеттерді шешу, арнайы жобаларды әзірлеу жүктеледі. Сонымен бірге, біздің көзқара­сы­мызша, өңірдегі ахуалға мониторингті тұрақты жүзеге асыратын ЕҚЫҰ мен БҰҰ-ны мысалға ала отырып, Орталық Азия аумағында есірткі заттарын өсіруді бақылау бойынша халықаралық инспекциялар мен байқаушылар жүйесін құр­ған орынды болады. Олардың тұрақты кеңсесін түрлі өңірлер бойынша есірткіні тасымалданатын және партиялар жөнелтілетін жерлердің біріне орналас­тыру, сондай-ақ нақты өкілеттіктерімен ШЫҰ Есірткіге қарсы орталығының жұмыс істеуі көптеген міндеттерді шеше алар еді. – Әлем жұртшылығын адам сау­дасы сияқты қылмыс ерекше алаңда­тады. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде? – Адам саудасымен байланысты қыл­мыстар қоғамға келтіретін қаупі жа­ғынан күрделі де көп қырлы крими­нал­ды құбылыстардың бірі болып табыла­тындығы сөзсіз. Мысалы, Достастық елдерінде адамдарды жыныстық және еңбекке пайдалану табысы жағынан қару мен есірткі саудасынан кейін үшін­ші орында тұр. Қазіргі кезде адамдар саудасының заңсыз арналарын ұйым­дас­тыру көбінесе ұлтаралық сипат ала­тындықтан, ұйымдасқан қылмыспен кешенді күресу арқылы проблеманы қарас­тырып,  оны шешу жолдарын іздестіру керек. Қазақстан негізгі халықаралық актілерді ратификациялады, адам саудасына қарсы іс-қимылды реттейтін халықара­лық құқықтық актілерді ұлттық заңна­ма­ға имплементациялау жұмыстары жалғастырылуда. Былтырғы жылдың жел­тоқсанында ТМД мемлекеттері бас­шылары кеңесінің шешімімен бекітілген ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің адам саудасына күрестің 2011-2013 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы бойынша шаралар кешені белгіленді. ШЫҰ-ның рөлін күшейту үшін, біздің көзқарасымызша, осы бағытта практикалық ынтымақтастық мақсатын­да адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі мамандандырылған бөлімше­лер­ді құру мәселесін қарастырған жөн. Бұл үшін, мысалы, осы қылмыстарға қа­тысы бар адамдар туралы халықара­лық деректер қорын құру керек. Со­нымен бірге із-түзсіз жоғалған адамдар мен танылмаған мәйіттер туралы бірың­ғай мемлекетаралық деректер қорын құру мүмкіндігін зерттеу керек. Осы ақпаратты адам саудасымен байланысты қылмыстардың құрбандарын іздестіруде және тануда пайдалануға болады. Адам саудасына қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру мақсатында біз адамдардың заңсыз трафигіне қатысы бар жұмыс істейтін қылмыстық топтар туралы, олар қолданатын азаматтарды тарту және әкету әдістері мен тәсілдері туралы ақпарат алмасуды дер кезінде қамтамасыз етуді, түрлі мемлекеттердің құқық қорғау органдарының бірлесіп жедел-іздестіру және жедел-алдын алу шараларын өткізуін кеңінен тәжірибеге енгізуді ұсынамыз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.