Арғы тегі бір тамырлас жұрттар, яғни түркі дүниесі кеңес дәуірі құрдымға құлағаннан кейін араға ғасырлар салып қайта табысты. Оның ұйытқысы Қазақ елі болып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркітектес мемлекеттер кеңесі, Түркітектес мемлекеттер парламентінің ассоциациясы құрылып, Түркі академиясы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде түркітану және алтайтану орталықтары ашылды. Бұл алтай текті халықтар және түркі әлемін зерттеуге, зерделеуге, бір кезде ортақ кеңістікте өмір сүрген, салт-дәстүрлері мен мәдениеті ұқсас халықтың тарихын жүйелеуге бағытталғаны белгілі. Осындай игі қадамға арналған «Алтайтану және түркітану: тарих және қазіргі заман» атты республикалық ғылыми конференция жуырда Еуразия университетінде өткен еді. Ол негізінен түбі бір түркі халықтарының тарихын, тілдері мен этномәдениетін, жалпы, түркілік тыйымдар мен астарлы сөздерді, яғни Алтайдан басталған көштің Америкаға барып тіркелгеннен кейінгі тағдыр тәлейін зерттеп келе жатқан белгілі ғалым, Парламент Сенатының депутаты Әділ Ахметовтің шығармашылығына арналғанын айта кетсек дейміз.
Конференцияны білім ордасының ректоры Бақытжан Әбдірайым ашып, Мәжіліс депутаты У.Қалижан, университеттің телерадиожурналистика кафедра меңгерушісі Ғ.Шалахметов, «Алаш» институтының директоры, профессор Д.Қамзабекұлы, «Диалог Еуразия» халықаралық қоғамдық қорының президенті, «ДА» журналының Қазақстандағы үйлестірушісі С.Акчай, «Назарбаев университеті» қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, профессор Г.Құрманбай, профессор С.Сәтенова, өзге де азаматтар түркі дүниесі туралы жан-жақты ой тарата келіп, конференцияға арқау болған ғалымның еңбектеріне талдау жасады. Баяндамалардың түйінінде алтайтану және түркітану бағытын одан әрі жалғастырып, арғы алтайлық текпен классикалық түркологияның мұралары молынан сақталып отырған өңірлерге тұрақты түрде экспедиция жасау, оған қаржылық мүмкіндіктер тудыру мәселесіне Білім және ғылым министрлігі ұйытқы болу қажеттігі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия және Әл-Фараби атындағы университеттер түркология мамандығы бойынша соңғы жылдары ашқан бакалавриат, магистратура бағдарламаларының мемлекеттік стандартын жаңа жағдайға сәйкес қайта қарау, аталған мәселелер бойынша Қазақ елі ғылымына шетелдік белгілі ғалымдарды тарту, алтайтану және түркология мамандықтары бойынша Рһд ғылыми дәреже қорғайтын шифр белгілеу, конференцияның материалдарын кітап етіп шығару керектігін тиісті орындардың назарына салу қажет деп шешті. Сөйтіп, түлеген түркілік рухты жаңғырта отырып, ұрпақ санасына тек тамырды ұғындыру жайы қозғалды.
Сүлеймен МӘМЕТ.