14 Маусым, 2011

Парламент пен Үкімет арасындағы ынтымақтастық

786 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төраға­лы­ғымен «Заң шығарушылық қызметті жетілдіру жөніндегі Парламент пен Үкіметтің өз­ара ынтымақтастығы және депутаттар көтер­ген мәселе­лер­ге байланысты мемлекеттік органдар тарапынан қа­был­данатын іс-шаралар ту­ра­лы» атты күн тәртібі бой­ын­ша Үкіметтің селекторлық мәжілісі болып өтті. Оған Пар­ламент Сенаты Төраға­сы­ның орынбасары Мұхамбет Көпеев бастаған Сенат де­путаттарының және Мәжіліс спикерінің орынбасары Жә­ні­бек Кәрібжанов бастаған Мә­жіліс депутаттарының өкіл­де­рі, министрліктер мен ве­дом­стволардың басшылары, өңір әкім­дері қатысты. – Парламент және Үкімет арасындағы өзара ынтымақ­тас­тық дәрежесіндегі іс-қимыл шараларының маңызы аса зор. Осы сессия барысында менің атыма 523 депутаттық сауал түсті. Оның 450-іне толық деңгейде жауап берілсе, 73 сауал менің тұрақты бақылауымда тұр. Бұл сауалдар бойынша жан-жақты шаралар қабыл­да­ны­луда, – деді Үкімет басшысы отырысты ашар алдындағы кіріспе сөзінде. Отырыста заң шығарушы­лық қызмет бойынша Парламент  пен Үкімет арасындағы бай­ланыс хақында және заң жобаларының дайындалу үде­рі­сі туралы Әділет министрі Рашид Түсіпбеков есеп берді. Он­ың айтуынша, өткен жылдан бері Әділет министр­лігінің сай­тында арнайы заң базасы жұ­мыс істей бастаған. Қазір бұл базада 87 заң жобасы сақталған. Бұл заң жобаларымен кез келген адамның танысуына бо­ла­ды. Сондай-ақ, биылғы жылдың соңына таман Әділет министрлігі қабылданатын бар­лық заң жобаларын интернет жүйесіне салады. Үкімет басшысы министр­лік­тердің заң жобаларын дайын­дау барысында аударма мәсе­ле­сінде жіберетін келеңсіз кемшіліктерін сын тезіне алды. «Парламентке заң жобаларын жол­да­ған кезімізде біз депутаттар та­рапынан заң жобасы мәтінінің са­пасыздығы және аудармада жіберілетін өрескел қателіктер тура­лы орынды сын-ескертпелер естиміз. Заң жобаларының мемлекеттік  тілдегі мәтіндерінде, тіпті халықаралық келісімдердің аударма мәтіндерінде жіберілетін қателерге байланысты бұл құ­жат­тарды қайта қарап, көп уақыт шығындайтын жағдайларымыз аз емес», дей келіп,  Кәрім Мәсімов заң жобаларының мәтіндерін аударатын орталықтардың жұмы­сын қанағаттанғысыз  деп ба­ғалады. Қазір елімізде қазақ тілінің  та­залығын және қолданысын жетік білетін бірнеше орталық жұ­мыс істейді. Алайда, заң жоба­лары мәтіндерін аудару кезінде бұл орталықтар бірінің мәтінін бірі түзетіп, ортақ келісімге келе алмайды. Осыған байланысты    Әділет министрлігі алдағы уа­қыт­та барлық заң жобаларының мәтіндері ғылыми-лингвис­ти­ка­лық сұрыптаудан өткізілетіндігін атап көрсете келіп, қазір осындай сұрыптау-лингвистикалық ор­та­лы­ғын құру жөніндегі мәселе Президент Әкімшілігінде қара­лып жатқанын айтты. Отырыста Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов үстіміздегі жылғы Ұлттық бір­ыңғай тестілеудің (ҰБТ) орташа баллы 86,6 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,5  балл жоғары болғанын жеткізді. Өткен жылы еліміз бойынша 107 мың оқушы ҰБТ тапсырса, биылғы жылы 129 мың оқушы ҰБТ-ға қатысты. Биылғы жылы 5050 мектеп бітіруші «Алтын белгіге» талаптанса, оның ішінде 3222 оқушы осы жоғары белгіні иеленді. Сынға қатысқан мың оқу­шыға осындай дәрежеге жету үшін 1 балл жетпей қалды. Ба­қыт­жан Жұмағұловтың айтуын­ша, өткен оқу жылының ішінде министрлікке депутаттар тарапы­нан 211 сауал және ұсыныстар түскен. Оның барлығына дерлік дер кезінде тиісті жауап беріліп, шешім қабылданған. Премьер-Министр Бақытжан Жұмағұловқа оқулық кітаптар­дың сапасына байланысты бірнеше сұрақ қойды. Министрдің ай­туы бойынша, бұрын біздің еліміз оқулық кітаптарын шығару мәселесінде кенжелеп қалған. Тә­жірибе аз. Соңғы жылдары осы кемшіліктің алдын алу мақ­са­тында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Қазір оқулықтардың сапасын жақсарту мәселесімен ай­на­лысатын тұрақты түрдегі респуб­ликалық кеңес жұмыс істейді. Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиевтің мәлім­деуінше, өткен жылы бұл ведом­ствоға депутаттар тарапынан 138 сауал мен ұсыныстар түскен. Үстіміздегі жылғы саны – 50. Олардың 60 пайызға жуығы жергілікті маңыздағы жолдарды жөн­деу және күту мәселесіне  арналса, 22 пайызы жолаушы пойыз­дарының жұмысын және темір жол вокзалдарының жағдайын жақ­сарту, 8 пайызы азаматтық әуе жолдарының жұмысын жетілдіру мәселесіне арналған. Осыған байланысты 2010 жылы депутаттардың ұсыныстарына бай­ланысты жергілікті автокөлік жолдарын жетілдіру мәселесіне қосымша 4,7 миллард теңге бөлінген. Оның ішінде 2,2 миллиард теңге Маңғыстау, Қос­та­най, Атырау облыстарындағы жергілікті маңыздағы жолдарды жөндеуге жұмсалған. Жалпы ал­ғанда, 2010 жылы еліміздің авто­көлік жолдарын қайта жарақ­тан­дыруға 268 миллиард теңге қар­жы бөлінген. Депутаттардың ұсы­ныстары бойынша үстіміздегі жылы автокөлік жолдарын жақ­сар­туға қосымша 10,3 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр. Тұтастай алғанда, 2011 жылы елі­міздегі автокөлік жолдарын салу және күрделі жөндеуден өт­кізу жұмыстарына респуб­ли­ка­лық бюд­жеттен 246 миллиард тең­ге, трансферттер негізінде 94 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы Т.Дүйсенованың айту­ын­ша, бұл ведомствоға да Парламент дупутаттары тарапынан бір­қатар сауалдар мен ұсыныстар түскен. Жұмыс өтілі көп, алайда, ең төменгі зейнетақы алатын адамдардың зейнетақы мөлшерін қайта қарау мәселесі бойынша депутаттық сауалдарға байланыс­ты ол министрліктің 2011 – 2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарында осы мәселелерге бай­ланысты іс-шаралар көздел­ге­нін атап көрсетті. Осыған бай­ла­нысты жұмыс өтілі көп, бірақ зейнетке шығар алдында жұмыс істемеген немесе табысы аз болған адамдарды зейнетақымен қамтамасыз ету мәселесі мем­ле­кеттің әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, зейнетақымен қамсыздандыру жүйе­сін одан әрі жетілдіру шең­берінде шешілетін болады. Сондай-ақ, ең төменгі жалақы мөлшерін қайта қарауға қатысты мемлекеттік бюджеттен қаржы­лан­дырылатын ұйымдардың қыз­меткерлерінің жалақы мөлшерін айқындау және еңбекақы жүйесін қалыптастырудың негізіне ең төменгі жалақы емес, базалық лауазымдық жалақы алынады. Үкімет басшысы отырыс ба­ры­сында депутаттық сауал және ұсыныстарға дер кезінде жауап беру мәселесі бойынша Ауыл шаруашылығы министрі Асыл­жан Мамытбековті сынға алды. Мә­селен, министрлікке жолдан­ған шаруа және фермерлік ша­руа­шылықтар қызметі жөніндегі депутаттық сауалға мерзімінен өте кешіктіріліп жауап берілген. Ал жер қатынастарын реттеу мә­се­лелері бойынша жолданған сауалдарға бірнеше ай өткеннен кейін ғана назар аударылған. Асыл­жан Мамытбеков депутаттар тарапынан жолданатын сауалдар мен ұсыныстардың біртекті болмайтындығын  айта келіп, алдағы уақытта бұл мәселелерге дер кезінде жауап қайтарыла­тындығына сендірді. «Өздері жол­даған сауалдарына дер кезінде жауап алу – депу­тат­тардың заңды құқы. Сондықтан депутат­тық сауалдарға заңда қарас­тырылған мерзім ішінде жауап берілуі тиіс», деп атап көрсетті Кәрім Мәсімов. Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев депутат­тардың сауалдары мен ұсы­ныс­тары мәселесі туралы есеп бере келіп,  алдағы уақытта халыққа қызмет көрсету орталықтарында ең жоғары сұранымдағы 10 қыз­мет түрі бойынша ешқандай кезек болмайтындығын атап көр­сет­ті. Біз тұрғындардың ең көп сұ­ранысына ие болып отырған 10 қызмет түріне сараптама жүр­гіздік. Осы қызмет түрлері үшін тұтынушылар орталықтарға 100 анықтама әкелуі тиіс екен. Біз алдағы уақытта 60 анықтаманы қысқарту немесе автоматтандыру туралы шешім қабылдадық. Бұл өз кезегінде  тұтынушыларға са­па­лы қызмет көрсетуге ықпал етпек. Министрдің айтуы бойынша, елімізде 2015 жылға дейін ұялы телефондар байланысына төле­не­тін ақы жыл сайын  10 пайызға арзандатылып отыратын болады. Парламент Сенаты Төрағасы­ның орынбасары Мұхамбет Кө­пеев бүгін Үкімет отырысында қа­ралып отырған мәселенің ай­рықша маңыздылығына тоқтала келіп, жалпы Парламент пен Үкі­мет арасындағы өзара ынтымақ­тастық деңгейіндегі жұмыстың ел дамуының болашағына заңдық негіз беретін маңызды мәселе екендігін атап көрсетті. Одан әрі Мұхамбет Көпеев министрліктер тарапынан заң жобаларын әзірле­ген кезде жіберілетін кемшіліктерді тілге тиек етті. Заң жоба­лары Парламентке уақытында жіберілмейді. Жыл ішінде қабыл­да­нуға тиіс бірқатар заңдар жыл­дың аяғында топталып түседі. Осыған байланысты депутат­тар­дың заң жобаларын талқылауға бөлінген уақыт мерзімі қысқа­рып, олардың түн қатып жұмыс істеуіне тура келеді. Сенат Төр­ағасы орынбасарының айтуы бой­ынша, заң жобаларының қа­зақ тілді мәтіндері ешқандай сын көтермейді. Әр ведомство өзін­ше аударып, қазақ тілінің заңдық      шең­берде қолданылу өрісін та­рылтады. Өрескел сауатсыз­дық­тарға жол береді. Алдағы уақыт­та бұл мәселе бойынша сауатты бір орталық құру қажет шығар. Парламент Мәжілісі Төраға­сының орынбасары Жәнібек Кә­рібжанов Парламент қарауына ұсынылатын заң жобаларының сапасыздығын тілге тиек етті. Мәселен, Үкімет тарапынан Парламентке жолданған 144 заң жобасының 71-і тіркелмей кері қайтарылған. 29 заң жобасының қазақ тіліндегі мәтіні орыс тіліндегі мәтінімен мүлде сәйкес келмей, мазмұны бұрмаланған. Ол ол ма, «Мемлекеттік мүлік тура­лы» заң жобасының мәтініне 636 түзету кіргізуге мәжбүр болған. Заң жобасының мәтініне мұнша түзету енгізу оның бастапқы мә­тіннен мүлде өзгеріп шығуына әкеледі. Жәнібек Кәрібжановтің ай­туын­ша, Парламент Мәжілісінде қаралып, Сенаттың қарауына жіберілген заң жобаларына да министрліктер тарапынан қосым­ша­лар мен түзетулер енгізу мысал­дары орын алған. Ерекше атап көрсететін мәселе, соңғы кезде қолданыстағы заңдарға қосымша түзетулер мен өзгертулер енгізу шаралары да тым белең алып барады. Бұл өз кезегінде қолда­ныстағы заңның ықпалы мен беделін төмендетсе керек. Сонымен бірге, Жәнібек Кәрібжанов биыл­дың өзінде Үкімет тарапынан 36 депутаттық сауалға жауап берілмей отырғандығын атап көрсетті. Кейбір министрліктер Мәжі­ліс­пен келісіп алмай депутаттарды шетелдік іссапарларға шақыру, түрлі комиссияларға мүше етіп кіргізу шараларын дәстүрге ай­нал­дырған. Алдағы уақытта бұл мәселелер бойынша ортақ келісімге келген жөн. Үкімет отырысын қоры­тын­дылай келіп, Үкімет басшысы бүгінгі күн тәртібіндегі мәселе­нің маңыздылығына ерекше тоқ­талды. Бүгін Үкімет отырысында еліміздің заң шығарушы және атқарушы билігі ортақ мәмілеге келіп, алдағы бірлескен жұмысты жандандыру және одан әрі жетілдіру мақсатында кешенді келісімге келді. Сонымен бірге, Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы қолданысындағы жер телімдеріне ревизия жасау мәселесі қаралды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.