15 Маусым, 2011

Қызбел және Қызгер

613 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қызбелдің қараған адамға қырық құбылатын қилы кескінін Ғафу ақынның әсем өрнекті өлең-жырларынсыз елестету мүм­кін емес ғой.  Ол өзінің «Қызбел суреттері» деп аталатын балауса балладасын бір демде ат үстінде жазып тастапты. Онда ол Ақсуат бастауыш мектебінде мұғалім болып жүрсе керек, бір күні директор Батырхан Шалғын­бе­ковке «Аға, Қызбел бойын ара­латып, көр­сетші», – деп жата жабысады ғой. «Онда не істе­мексің?» дейді бастығы. «Өлең жазайын деп едім», деп күбір­лей­ді торсық шеке бозбала қос жа­на­рынан от шашып. Бәкең сол жанардан сыр ұқты білем, ертеңіне өзінен өзге ешкімнің тақымы ти­меген сылаң жорға, желдей жүй­рік Қызгер атына Ғафуды отыр­ғызып, өзі басқа күрең торыға мініп Қызбелге тартып кетеді. Бұл сапар марқұм Бәкеңнің айтуынша, үш күнге созылса керек. Өмірінің бүкіл саналы бө­лігін Қостанай жақта өткеріп, ұс­таздық мамандығының шапағына бөленіп дүниеден озған Бәкең – соңына көп тағылымды сөз қал­дырған адам. «Қызгер десе, Қыз­гер еді-ау жануар! – Бәкең өле-өлгенше үздігіп отырып есіне алатын жан серігі болған сәй­гүлігін әрдайым. –  Қызгерге кү­міс ерді салып, Ғафуды қонжит­тым да, күллі Өтей жайлауын аралатып шықтым. Міне, мынау Тасқұдық деймін, Ғафу аттан секіріп түсе қалып, тізесіне қаға­зын жайып жіберіп сүйкектете жөнеледі. Әне,  алдымызда Құт­тыбай бұлағы деймін күні бұрын ескертіп.Төңірекке сүзіле қарап, өңі өзгеріп кетеді де жын бу­ған­дай екі  иығын қиқаңдатып, іш­тей күбірлей жөнеледі. Дауыстап атын атасам да естімейді, бақ­сыдай алаң-бұлаң қарай салады, керең дерсің түге. Құттыбай бұ­ла­ғына әудем жер қалғанда Қыз­герден секіріп түсіп, жете­леп, тіпті жанығып кетсін. Сол жолы жаз­ған «Құттыбай бұлағы» деген өлеңінің  ал­ғаш­қы шумағын жер-жаһанды кү­ңіренте айтқа­ны­ның куәсі болған­мын: Бала кезден бар едің сен, бір бұлақ, Жолаушының арманындай бұлдырап. Қызбел таудың белін орап  ағушы ең, Жібек белбеу секілденіп судырап, – деп әсем теңеумен басталатын ол жыр. Не керек, үш күнде Ғафуды апармаған жерім жоқ. Сол сапардан соң оның атақты «Қызбел суреттері» деген балладасы туды ғой... Сол жыр­дың шапағаты былайғы өмірін де, өлеңін де нұрландырса керек. Оны өзі айтып отырады. ҚазПИ-ге түсу, түспеуі екі талай болып тұрғанда ректордың алдында сол «Қызбел суреттерін» сарната жө­нелмей ме? «Дайын ақын екенсің, бала. Біздің институтқа да ақын керек», деп ректор жымиыпты...» Қайран Ғафаң Қызгерге мініп аралаған сол Қызбел өңі­рінің сұлулығын, жанға жайлы жән­натты атырабын үнемі там­санып ай­тып отыратын. Сондай жан іңкәрлігін бертінде жазған «Қыз­бел» деген өлеңінде де аңсарлы көңілмен былайша білдірген. Дариға, Қызгер қайда, жастық қайда? Тасалап, ат байлаған астырт қайда? Қырықтың қырға тіккен боз үйіне, Он сегіз тағы да бір бас сұқпай ма? – деген көңіл аңсауы қандай нәзік ырғақты! Қызыққа кенелткен Қызгер  қайда? Қызгер атсыз «Қызбел суреттері» тумаған да болар, бәлкім?! Қайсар ӘЛІМ.