«Қазақ географиялық қоғамы» ұйымы жердің Оңтүстік полюсіне тұңғыш қазақстандық автокөлік экспедициясын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл жөнінде жақында бізбен әңгімесінде аталған ұйымның ғылыми кеңесінің мүшесі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің география, экология факультетінің деканы, география ғылымдарының докторы Орденбек Мазбаев айтты.
– Биыл еліміз тәуелсіздігі күнінің қарсаңында адам аяғы сирек басатын Антарктидаға тұңғыш автокөлік экспедициясын ұйымдастыруды жоспарлап отыр екенсіздер. Осы жөнінде кеңірек айтып берсеңіз.
– Біз бұрыннан Оңтүстік полюске қазақстандық экспедицияны апаруды көздеп жүргенбіз. Мен өзім «Қазақ географиялық қоғамы» ұйымына жақында ғана қосылдым. Ал ұйымның басшысы Нұрлан Абдулов деген азамат. Осында Найзабек Олжабайұлы сияқты тағы бірнеше маман жұмыс істейді. Осы азаматтар Антарктидаға Қазақстан жалауын тігуді бұрыннан бері ойластырып жүр екен. Бұл енді әңгіменің бір жағы. Екінші жағы Қазақ географиялық қоғамын шет елге таныту. КСРО кезінде Қазақстанда географиялық қоғам болғанын білесіздер. Оның тарихы Ресей географиялық қоғамынан басталады. Оған Абай, Шоқан мүше болған. Осындай қоғамды бізге де керек болғаннан кейін былтыр Нұрлан Абдулов оны ашуды өзінің қолына алды.
– Антарктидаға сапардың мақсаты неде?
– Оның мақсаты – еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығына, норвег Руаль Амундсен мен ағылшын Роберт Скоттың Оңтүстік полюсті ашқанының 100 жылдығына, Семей полигонының жабылғанына 20 жыл толуына арналады. Біз Антарктидаға барғанда бүкіл әлемнің назарын аудартып, ғылыми зерттеулер жүргізгіміз келеді. Антарктида – бүкіл Жер шарының ауа райын жасап жатқан асхана сияқты. Әлемнің табиғаты өзгеріп тұрады. Кезінде Амундсен мен Скотт ит жеккен шанамен Оңтүстік полюске барған болса, енді біз солардың жолымен жүріп автокөлікпен барғымыз келеді. Біздің автокөліктер Антарктидаға жете алады екен.
– Ол үшін сіздер автокөліктерді сынақтан өткізіпсіздер. Олар Антарктидаға неше күнде жетті?
– Антарктидаға дайындық ретінде біздің автокөліктер «Новолазеревская» бекетіне жеткізілген болатын. Олар 2 308 шақырым құрайтын «Новолазеревская» бекеті – Оңтүстік полюс бағытын 108 сағатта өтіп, Антарктидаға жету жылдамдығы бойынша рекорд жасады. Сол кезде автокөліктердің құрлыққа жете алатынына көзіміз жетті. Осы сапарға былтыр Константин Орлов деген тәжірибелі жоба жетекшіміз барып келді. Ол – Тибет, Қашқария, Исландия, Сібірді аралаған азамат. 1989 жылы автомото жарысынан КСРО чемпионы болған. Одан кейін Бетпақдала, орталық, солтүстік Тянь-Шань арқылы жүрген. 17 ірі экспедицияға қатысқан.
– Тәжірибесі бар болса жақсы ғой. Бірақ техникаға да сене беруге болмайды емес пе. Сосын адамның жеке қауіпсіздігі, құрал-жабдықтарды сайлап алу деген бар...
– Иә, оның бәрі дұрыс қой. Бізге осы жағынан демеушілер көмектесіп жатыр. Қазір осы жобаға Астана қаласының әкімдігі қолдау көрсетуде. Ал құрал-жабдықтардың бәрі шет елдікі. Егер біздің кәсіпкерлер отандық өнімдер шығаратын болса, оны қуана пайдаланар едік. Өкінішке қарай, Қазақстанда туризмге қатысты кәсіпорын жоқ. Экипировка, палатка өзімізден шықса, Қазақстаннан келгенімізді көрсетіп тұрар еді ғой. Жолдың қауіпсіздігі тексерілген. Біздің алдағы тағы бір мақсатымыз – ақпарат құралдары арқылы Қазақстан кәсіпкерлерінің экспедицияға назарын аударту. Ол үшін жорық барысында онлайн режімінде тікелей байланыста боламыз. Осы сапардан кейін Шоқан Уәлихановтың, Әліби Жангелдиннің саяхатын қайталау жоспарда бар. Биыл Жангелдиннің саяхатына да 100 жыл толып отыр. Бірақ, ол Антарктидаға бара алмаған екен.
– Антарктидада ғылыми зерттеуді қалай жүргізесіздер?
– Бұл құрлық Қазақстанға таныс емес. Біздің оқулықтарда ол жөнінде 1960-1970 жылдары жазылған дүниелер ғана бар. Қазір ғылымда өзгерістер болып жатыр. Антарктидада температура қандай дегендей зерттеулер көп. Сондықтан сол жаққа өзіміз барып, өз көзімізбен зерттеу жүргізуді мақсат етіп отырмыз. Бұрынғы Ғылым академиясы қазір қоғамдық ұйым болып кетті. Жұмысын әлсіретіп алды. Біздің мақсатымыз қоғамдық ұйым ретінде жас ғалымдарды тәрбиелеп, білімін ұштап, оларды ғылыми зерттеулерге қызықтыру болып табылады.
– Жолға неше адам шығасыздар?
– Бәрі қыркүйекте белгілі болады. Әзірше құрамда 8 адам бар. Шамасы, сапар 25 қараша мен 25 желтоқсан аралығында өтетін шығар. 16 желтоқсанда туды тігуіміз керек. Жалпы, қазір Антарктидаға туристер көптеп келуде. Олар Чили, Оңтүстік Африка Республикасы арқылы Антарктидаға барады екен. Естуімше, соңғы жылдары 37 мың адам құрлықтың бергі жағында болып қайтыпты.
Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.