Кеше Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігімен бірлесіп, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, «Мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделі: міндеттері мен даму келешегі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Конференция жұмысына Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің, сондай-ақ, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің жауапты қызметкерлері мен өкілдері қатысты.
Алғашқы болып сөз алған Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бауыржан Байбек бүгінде Қазақстанды индустриялық-инновациялық дамыту үшін мемлекеттік қызмет жүйесі сапалы жұмыс атқаруы қажеттігін алға тартты. «Мемлекет алдында тұрған үлкен мақсаттарға жету үшін, Елбасының саясатын өркендету үшін мемлекеттік қызмет қана емес, мемлекеттік емес ұйымдар, жалпы халқымыз жұмыс істеуі керек. Сол себепті, жақын арада Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі тұжырымдамасы қабылданатын болады. Ал сарапшылар, мемлекеттік қызмет жүйесімен тығыз байланысты азаматтар осы салаға қатысты мәселелерді жан-жақты талқылап, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік оларды сараптап, осы тұжырымдамаға енгізеді деп ойлаймыз», – деді Бауыржан Байбек.
Сондай-ақ, ол Елбасының мемлекет алдына ауқымды міндеттер қойғанын, олардың ішінде индустриялық-инновациялық даму, білім-ғылымды, денсаулық сақтау саласын және тілдерді дамыту мемлекеттік бағдарламаларын атай келе, олар қолға алынған игі істерді ілгері жылжытуға сеп болады деген ойын жеткізді. «Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы мемлекетті және мемлекет экономикасын дамытуға ықпал етіп қана қоймай, ел әлеуетін көтеруге жәрдемдесетіні сөзсіз. Ал бұл ретте мемлекеттік қызметті дамытудың рөлі айрықша. Себебі, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қызметшілер елдің элитасын қалыптастырады. Елдегі жағдай мемлекеттік қызметшіге байланысты»,– деді Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары.
Бұл ретте Бауыржан Байбек Қазақстан Президенті Әкімшілігі былтырғы жылы Елбасының бірқатар Жарлығын жүзеге асырғанын, себебі, Елбасының тапсырмасы, мемлекет алдында тұрған міндеттердің барлығы дер кезінде және өз деңгейінде орындалуы керектігін атап өтті. Өз сөзінде ол, сонымен қатар, ауылдық жерлердегі тұрғындар мемлекеттік қызмет түрлерінің көп жағдайда мөлдір болмайтындықтан, бірқатар мәселелердің түйіні дер кезінде шешілмей жататынын айтып шағымданатынына тоқтала келе, әр түрлі деңгейдегі әкімдер рейтингісіне айрықша мән беріліп жатқанын тілге тиек етті. «Бұл рейтинг жергілікті атқарушы органдардың жұмысын бағалауға мүмкіндік бермек. Сол арқылы біз тиісті шаралар қабылдайтын боламыз. Жалпы алғанда, талқыланып отырған мәселелер өз деңгейінде жүзеге асырылады деген ойдамыз»,–деді Бауыржан Қыдырғалиұлы.
Бұл күнгі жиын барысында сондай-ақ Қазақстандағы мемлекеттік қызмет пен оны одан әрі жетілдіру төңірегінде әр түрлі ой-пайымдар айтылды. Мәселен, Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Александр Судьин мемлекеттік қызмет саласында қолға алынған реформалардың тиімділігін тілге тиек етті. «Елімізде Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік құрылды. Мемлекеттік қызмет туралы бірқатар маңызды заңдар қабылданды. Бұлардың барлығы мемлекеттік қызмет саласындағы мемлекеттік жүйені жан-жақты зерделеуге бағытталған. Елде жүргізілген әкімшілік реформалардың нәтижесінде мемлекеттік қызметтің тиімді үлгісін қалыптастыра алдық. Яғни, болашақта мемлекеттің тізгінін ұстайтын азаматтарды дайындау үшін Қазақстанда мықты заңнамалық база қалыптасқан деуге толық негіз бар», – деді А.Судьин. Ол сондай-ақ, мемлекеттік қызмет жүйесі жаңа заманға және Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға сәйкес үнемі өзгеріп отыру қажеттігін де баса айтты.
Ал Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Нұрпейісов мемлекеттік қызметке қабылдау шарттарына енгізілетін өзгерістерге сәйкес жаңадан психометриялық тест сынағы қолданылатынын жеткізді.
«Біздің агенттік әзірлеген мемлекеттік қызметке кадрларды таңдау жүйесі өзгеретін болады. Ол үшін мемлекеттік қызметке үміткерлер заңнамаларды білу деңгейін тексеретін тестілік бақылаудан бөлек, тағы бір сынақтан өтеді. Енгізілетін жаңа тестіде мемлекеттік қызметке үміткердің мінез-құлқына баса мән беріле отырып, оның жұмыс тиімділігі бағаланып, сараланады. Ол үшін азаматтың тұлғалық болмысы мен кәсіби біліктілігін бағалауға бағытталған арнайы психометриялық тест әзірленген. Қазір ол сынақтан өткізіліп жатыр», – деді Қ.Нұрпейісов. Оның пікірінше, бұл тест арқылы мемлекеттік қызметке үміткердің маман ретіндегі кәсіби әлеуеті айқын бағаланбақ. «Бұл сынақтан кез келген күйзелісті жағдайға төзімділік, көшбасшылық, адамдармен жақсы қарым-қатынас орната білу секілді қасиеттер де анықталатын болады», – деді агенттік төрағасы. Қайрат Нұрпейісов өзінің сөзінде елдегі мемлекеттік қызмет саласына қатысты да өз ойын білдіре кетті. «Қазақстанда 1990-жылдардың соңында мемлекеттік қызмет жүйесі бағытында әкімшілік реформалар жүргізіле бастады. Осының арқасында бүгінде кәсіби мемлекеттік қызметтің негізі қаланды деп сеніммен айтуға болады. Біздің жетістіктерімізді шетелдік сарапшылар мен ғалымдар да мойындап отыр. Қазақстандық мемлекеттік қызмет моделі халықаралық стандарттарға сәйкес әзірленген», – деді Қайрат Айтмұхамбетұлы
Парламент Мәжілісінің депутаты Ержан Исақұлов мемлекеттік қызметті кадрлық камтамасыз ету үдерісі төңірегінде айта келе, бұл үдеріске шет елдерде оқып жатқан жастарды, оның ішінде «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасымен білім алған азаматтарды да тарту қажеттігін жеткізді. «Ол үшін мемлекеттік қызметті кадрлық қамтамасыз етуге мониторинг жүргізу үдерісін енгізу қажет»,– деді депутат.
Бұл күнгі конференция аясында жиналғандар мемлекеттік кадр саясатын іске асыру тетіктерін жаңғырту, мемлекеттік қызметке келу және өту тәртібін жетілдіру, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, мемлекеттік қызметшілерді аймақтық деңгейде оқыту, мемлекеттік органдар жұмысының сапасы мен тиімділігін көтеру мәселелері бойынша да ой-пікір алмасты.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.