15 Маусым, 2011

Қала тіршілігінің қан тамыры

416 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Тәуелсіз Қазақстанның жаһандық брендіне айналған Астананың сәні мен салтанаты, көркі мен келбеті төрт­күл дү­ниені тамсандырудан жыл­дан-жыл­ға бір танбай келеді. Осыдан біраз бұрын газетімізде жарық көрген бір тол­ғанысымызда: «Елорда – Елба­сы­ның төл перзенті. Нұрсұлтан Назарбаев жаңа астананың алғашқы қазығы қа­ғылған күннен бастап, қаланың әрбір ғимаратын, әрбір құрылыс алаңын жүрегінің жылуымен аялап, бас жоспарынан бастап, архитектуралық доктринасына дейін қалыптастырды», деп атап көрсеткен едік. Тұңғыш Президентіміз сол ұстанымынан әлі бір танған жоқ. Оған жақында ғана Елбасының төрағылығымен өткен Астана қаласын одан әрі дамыту мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңес толық дәлел болса керек. «Біз Астананы өзге қалаларға үлгі-өнеге болатындай дәрежеге жеткізуіміз керек. Сондықтан алдымызда әлі талай жұмыстар тұр», деді Елбасы сол кеңесте. Иә, ХХІ ғасыр ғажайыбы атанған ұлттық мақтанышымыздың, қазақтың заманауи мегаполисінің әлемдік әлеу­мет­тік-экономикалық, саяси ынтымақ­тастық, адамзаттық сәулет өнері са­ла­ларындағы бағасы уақыт пен тарих еншісінде. Ал бүгінгі буын міндеті – Ел­басы атап көрсеткендей, Астананы қа­зақ­стандық мем­ле­­кеттіліктің эталон қа­ла­сы ретінде әлемдегі ең үздік 30 қа­ланың қатарына қосу жөніндегі өршіл мақсатты іс жүзіне асыру. Бұл ретте әлемдік деңгейдегі мегаполистерді ерек­шелендіретін де, олардың дамуы мен өркениет талаптарына сәйкес өмір сүруіне де шешуші ықпал ететін озық технологиялық инфрақұрылымы екендігі даусыз. Ендеше, бас қаламыздың заманауи инфрақұрылымын барынша дамытуға бағытталған басым бағдар­ламарды тілге тиек етейік. Инфрақұрылым – қала тіршілігінің қан тамыры. Кез келген мегаполисті бір­тұ­тас алып организм деп алсақ, инфра­құрылым сол алып организмнің бойына тіршілік нәрін беріп тұратын қан тамырлары секілді. Яғни, ол – жарық, жылу, су, кәріз, жол, байланыс және бас­қа да коммуналдық, әлеумет­тік, мәдени нысандар. Осы айтылған салалардың тек біреуі ғана назардан тыс қалса, қала қалыпты өмір сүре алмайды. Ал Астана сияқты қарқынды даму баспалдағын­дағы жас мегаполис үшін озық техно­ло­гияларға негізделген және алдағы бо­лашаққа бағытталған инфрақұ­рылым­ның маңызы тіптен өмір­шең. Міне, Мемлекет басшысының елорданың база­лық инфрақұрылымын барынша дамытуға ұдайы басымдық беріп келе жатқандығы да сондықтан. Соңғы жылдары елімізде қолға алын­ған барлық құрылыс жұмыстары­ның 40 пайыздан астамы елорданың үле­сіне тиеді екен. Тек соңғы үш жыл­дың ішінде ғана бас қаламызда 4 миллион шаршы метр тұрғын үй құрылысы пайдалануға берілді. Ал ағымдағы, 2011 жылдың өзінде тағы 1,4 миллион шар­шы метр тұрғын үй құрылысы салын­бақ. Мемлекет басшысының тапсыр­ма­сы­мен іс жүзіне асырылып жатқан «100 мек­теп, 100 аурухана» бағдарламасы шеңберінде ға­на қаламызда 7 мектеп, 9 денсаулық сақтау мекемесі бой көтер­мек. «Балапан» бағдарламасы аясында Астанада 2010 жылы 50 балабақша бой көтерсе, 2011 жылы тағы 33 мектеп жа­сына дейінгі балалар мекемесі салы­на­тын бо­лады. Басқаша айтсақ, елорда­ның төрт құбыласы түгел екпінді құры­лыс алаңы. Ендеше, қала инфра­құ­рылымын төрт құбыла бойынша тең дамыту қажет. Осы өміршең мақсатқа сәйкес өткен жылы қала әкімдігі елорданың шет ай­мақтарын дамыту жөніндегі кешенді бағдарлама қабылдаған болатын. Соңғы жылдары қала құрамына берілген шет аймақтардағы кенттерде бұрын заман талабына сай инфрақұрылымның бол­ма­ғандығы да жасырын емес. Қазір Астана қаласының шет аймақтарында осындай 20 тұрғын үй кешендері бар. Бұл шет аймақтарға қатынайтын жол да жоқ. Осыған байланысты бағдарлама ая­сын­да ал­дағы үш жыл ішінде бұл шет аймақтарды қаланың күре жолдарымен байланыстыру үшін 200 шақырым жол салу көзделініп отыр. Қаланың шет аймақтарындағы тұр­ғын үй кешендерінің қалаға тән қа­лыпты тұрмысы үшін қосым­ша 33 ша­қы­рым су құ­быр­лары жүйесін, 24 шақырым кәріз құбырларын салу керек. 110 шақырым қашықтыққа әртүрлі қуаттағы электр желілерін тарту қажет. Сонымен бірге бағдарлама бойынша шет аймақтарды көгалдандыру және көрік­тен­діру шаралары бойынша да ауқым­ды жұмыстар қолға алына бастады. Жол-көлік инфрақұрылымы қала коммуникациясына нәр құятын күре тамыр болып табылады. Осыдан біраз жылдар бұрын кептеліске тұншыққан Астана жолдары қала тұрғындары үшін айықпас азап болғандығы белгілі. Бас қала әкімдігін Иманғали Тасмағамбетов басқара бастаған соңғы жылдарда бұл түйінді проблемада сең қозғалып, жаңа жол тораптары мен жол айрықтары са­лынып, кептелістер азайып, қала ты­ны­сы кеңейе бастады. Бірақ жылдар бойы қордаланып келген келеңсіздіктердің беті әлі де толық қайта қойған жоқ. Өт­кен жылы ғана қаламызда 147 шақы­рым автокөлік жолдары күрделі жөн­деу­ден өткізілді және жаңа жолдар са­лынды. Биыл Астанада тағы да 110 ша­қы­рым автокөлік жолдары күрделі жөн­деуден өткізіліп, ұзындығы 20 шақы­рым жаңа жол салынады. Қала көшелеріндегі көлік кептелістерін жойып, жолаушылар тасымалын жақсарту мақсатында Астанада жеңіл релісті трамвай жолы желісін салу жоспарланған. Бұл ірі жобаны жүзеге асыру міндеті арнайы құрылған «Астана LRT» ЖШС-на тапсырылған. Қазір бұл жобаның сметалық-техникалық құ­жат­тары толық жасалып, құрылыс жұ­мыс­тары басталмақ. Осы мақсат­тарға бюджеттен 5 миллиард теңге қаржы бөлінген. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінде ауқымды жұмыстар бас­талмақ. Жалпы, ұзындығы 61,1 ша­қырымды құрайтын жеңіл релісті трам­вай жолы төрт кезең бойынша іс жүзіне асыры­лып, 9 стансадан тұратын, қашықтығы 16,4 шақырымды құрайтын жолдың бірінші кезеңі 2013 жылдың 1 желто­қ­са­нында пайдалануға берілмек. Қала көшелеріндегі жолаушылар та­сымалы мәселесіне қатысты айта кететін тағы бір мәселе, соңғы жылдары қа­ламыздың негізгі бағыттарына қаты­най­тын қолайсыз шағын автобустар жү­рісі тоқтатылды. Олар осы заманғы та­лаптарға толық жауап беретін кең де қо­лайлы жаңа автобустармен алмасты­рыл­ды. Өткен жылы қала көше­ле­рін­дегі қоғамдық көлік құрамы 135 жаңа үлкен автобустармен толықса, биыл жылдың соңына дейін тағы 115 жаңа автобус сатып алынады. Астана қаласының құрылысы қар­қын алған сайын оның инженерлік ин­фра­құрылымы мен энергетикалық қауіп­­­сіздік салаларының нысан­дары­ның да инвестициялық тартымдылығы артып келеді. Бұл ретте Астана қаласындағы соңғы кезде іс жүзіне асырыла бастаған ірі инвестициялық жоба – №3 жылу электр орталығының құрылысын ерекше атап өткен жөн. №3 ЖЭО Астана қаласы үшін страте­гиялық маңызы зор нысандардың бірі болып табылады. Бұл энергетикалық нысан елорданы энерге­ти­калық қуат көздеріне деген тәуел­ді­ліктен толық құтқарып, қала энер­ге­ти­калық қуаты жағынан өзін-өзі толық қамтамасыз ететін орталыққа айналады. Жалпы, құны 147,45 миллиард теңге болатын бұл маңызды инвестициялық жоба сағатына 860 Гкал жылу және 240 МВт электр энергия­сын өндіруге негізделген. Қазіргі таңда қаланың барлық энергетикалық қуат көздері 1 340 Гкал/сағ. жылу, 340 МВт электр энергиясын өндіреді. Қаланың қарқынды өсу жағдайын ескере келгенде 2010-2012 жылдар аралығын­да жылу энер­гиясына деген сұраныс 1 975 Гкал/сағ., электр энер­гия­сына деген сұраныс 543 МВт-ға дейін өседі деп күтілуде. Қазір жылу энергиясына деген тапшылық 103 Гкал/сағ. болып отыр. Сондықтан қазір қала­ның энергетикалық активтерін ұлғайту мәселесі кезек күттірмейтін міндетке айнал­ды. Өткен жылы №1 ЖЭО қайта жарақтандыру жұмыстары қар­қынды жүргізілді. Оның №3 бу қазан агрегаты толық жаңартылды. №1 ЖЭО-ны толық қайта құру жұмыстары 2013 жылы то­лық іс жүзіне асырылады деп күтілуде. Сол жылы №1 ЖЭО-ның қуаты 385 Гкал/сағ.-тан 410 Гкал/сағ.-қа дейін ар­татын болады. Қазір №2 ЖЭО-да қуаты 420 Гкал/сағ. болатын қазандықтардың құрылысы салынуда. Өткен жылы қуа­ты 220 Гкал/сағ. болатын екі қазандық іске қосылды. Сөйтіп, №1 ЖЭО және №2 ЖЭО-ның энергоблогтары толық іске қосылатын 2013 жылға таман қала­мыз­дағы жылу беру орталықтарының қуаты 2 015 Гкал/сағ. болып қазіргі межеден 675 Гкал/сағ. өсімге қол жеткізіледі. Ал №3 ЖЭО-ның бірінші кезегі іс қосылатын 2016 жылдары қаламыздағы энергети­калық орталықтардың қуаты 2 665 Гкал/сағ. деңгейіне жетеді. Яғни, қала­ның өсу қарқынын есептегеннің өзінде елорда болашақта өзін-өзі энер­гетикалық қуат көздерімен толық қамтамасыз ететін еліміздегі бірден-бір ірі мегаполис болмақ. «ҚазТрансГаз» АҚ-тың кешендік бағдарламасы бойынша 2013 жылы Астана қаласына табиғи газ құбыры келмек. Қазіргі кезде осыған байланысты №1 ЖЭО-ны толық табиғи газбен жұмыс істеуге, ал №2 ЖЭО және №3 ЖЭО-ны көмір және газ отынымен жұмыс істеуге бағыттау жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Қалаға газ келетін кезеңге дейін №3 ЖЭО-ның бірінші кезегі пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Осыған байланысты № 3 ЖЭО-ның бірінші кезегінің табиғи газға деген сұранысы 220 миллион текше метр болмақ. Осы жобаға сәйкес жылына №2 ЖЭО-ны жартылай газбен жұмыс істеуге көшіру, №1 ЖЭО-ның толық газбен жұмыс істеуге көшіруге тиісінше 200 миллион текше метр және 180 текше метр газ қажет болады. Сонымен бірге алдағы уақытта қа­ла­мыздың энергетикалық қуат көздерін тасымалдайтын желілерді де заман та­ла­бына сай жетілдіру міндеті ерекше назарға алынып отыр. Қазір қала­мыз­дың электр тасымалдау желілерін ба­рын­ша пайдаланған жағдайда 460 МВт-ға дейін ғана электр қуатын өткізе ала­ды. Сондықтан алдағы уақытта өткізу қабілеті 1200 МВт-ға тең келетін жаңа электр энергиясын тарату желілерін салу керек. Қазір жалпы ұзындығы 170 шақырым орамды қамтитын қуаты 220 кВт электр тарату желілері шеңберінің құрылысы салынуда. Осы электр желісін тарату аймағында қуаттары 220/110/20 кВт болатын үш тірек под­стан­сасын салу міндеттері тұр. Сондай-ақ, биылғы жылы қолданыстағы 6 под­стансаларда күрделі жөндеу жұмыс­та­ры жүргізіледі. Тиісті бағдарламаға сәй­кес қаламыздағы жылу жүйелерін қайта құру және жаңарту жұмыстары да жүргізілуде. Жоғарыда айтылған осы ірі жобалардың бәрі қаржылық жағынан толық қамтамасыз етілген. Қазір белгіленген бағдарламаға сәйкес кезеңді жұмыстар жүргізілуде. Бас қаланы көгалдандыру және кө­рік­тендіру жұмыстарының да жүйелі әрі кешенді жүргізіліп келе жат­қан­ды­ғына астаналықтар мен қала қонақтары куә. Тек өткен жылдың өзінде ғана Астанада 20 мың түп ағаш және 15 мың метр ұзына бойы аумаққа көшеттер отыр­ғызылды. 2011 жылы елордамызда 40 мың түп ағаш және 7 мың метр ұзы­на бойы аумаққа көшеттер отырғы­зы­ла­ды. Декоративтік-гүл көмкерген гүлзар­лар аумағында өткен жылы 7,6 миллион гүл өсірілсе, биылғы жылы 8,6 миллион гүл өсірілмек. Сонымен бірге үстіміз­дегі жылы қала аумағында жаңа демалыс бағының құрылысын салу жұмыстары қолға алынды. 2012 жылы Есіл өзенінің жағасында аумағы 190 гектар болатын демалыс бағы пайдалануға беріледі. Қазір қаламыздағы Жерұйық бағының бірінші кезегі жұмыс істей бастаса, енді оның екінші кезегін салу жұмыстары қолға алынды. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен өткен жылы «Астана Арена» стадионының аумағында кө­ле­мі 100 гектарға созылған жаңа дем­алыс бағын салу жұмыстары қолға алын­ды. Соңғы жылдардан бері қала­мыз­дағы орталық демалыс паркін қайта құру жұмыстары кешенді түрде жүргізіліп келеді. Қазір бұл парктің қала тұрғындары мен қонақтарының көңілді демалыс орталығына айналғаны даусыз. Сарыарқа кіндігіндегі ақ селеулі кең жазықта көсіле бой көтерген қаламыз бүгінде жасыл желек жамылып, жайқалған қалаға айналып келеді. Бүгінде ел арасында «Президент орманы» аталып кеткен қаланың жасыл белдеуі құлашын кеңге созып, сахара төсінде жайқалған ну орманға айналды. Мемлекет басшысының белгілеп берген бағдарламасына сәйкес, болашақта Астана орманының Бурабай орманымен біте қайнаса араласып кететін күнін көретінімізге де ешбір күмән жоқ. Бетті әзірлеген Жылқыбай Жағыпарұлы, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.