15 Маусым, 2011

Өңір елдерін ұйыстырған ұйым

648 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Бүгін Астанада ШЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының мерейтойлық саммиті өтеді Мемлекет қанша қуатты болғанымен, ол қауіп-қатерлермен жеке-дара күресе алмайды. Сондықтан қазіргі заманғы қарым-қатынастарда өңірлік интеграциялық құрылымдарға маңызды рөл беріледі. Мәселен, Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзі құрылған он жыл бедерінде кең-байтақ Еуразия құрлығында қауіпсіздіктің ажырағысыз элементіне айналып, барлық мәселелер бойынша шынайы әріптестік байланыстар орнатудың үлгісі болып үлгерді. Бұл үдерістердің барлығы түрлі бағыттар бойынша интеграцияның жоғары деңгейін айғақтап қана қоймай, уақыт көшіне ілесе отырып, проблемаларды өзара сенім мен өзара түсіністік негізінде шешуге қабілетті екенін көрсетіп беріп отыр. Бүгінгі таңда 2001 жылы «Шанхай бестігі» (Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғыз­стан және Тәжікстан) негізінде құрылып, Өзбекстанның қатысуымен Шанхай ын­ты­мақтастық ұйымына айналған құрылымға мүше болу – Қазақстан сыртқы сая­са­тының басым бағыттарының бірі. ШЫҰ қызметі басқа мемлекеттерге немесе халықаралық ұйымдарға қарсы ба­ғыт­талатын әскери блок болып табыл­майды. Керісінше, Ұйым өзінің мүшелері арасында ынтымақтастықты түрлі салалар бойынша кең ауқымда дамытуды ұсынады. Ал Қазақстанның ШЫҰ-ға мүше елдермен тең құқықты үнқатысуға ұмтылысы елі­міз­дің өңірдегі ұстанымдарын нығайтумен қатар, мемлекеттер арасындағы өзара сенім мен түсіністіктің ұлғая түсуіне оң ықпал етіп отыр. Бұл Ұйым қағидаттары­мен толық сәйкеседі. ШЫҰ-дағы жетекші ойыншылар – Ресей мен Қытайдың ортасында орналасқан Қазақстан өңірлік ынтымақтастықтың жасампаз бастамалары мен жобаларын белсенді қолдаушы маңызды буын болып та­былады. Бұған еліміздің Ұйым шеңберінде ұйымдастырылып жүрген антитеррорлық әскери жаттығулар, ғылыми конференциялар мен форумдарға тұрақты қатысып келе жатқаны дәлел. Мәселен, Қазақстан 2006 жылы ШЫҰ-ның Бейжіңдегі Хатшылығы мен Ташкенттегі Өңірлік антитеррорлық құрылымның атқарушы комитеті жанынан алғашқылардың бірі болып өзінің Тұрақты өкілдерінің аппараттарын құрды. Қазіргі кезде ШЫҰ-ның алдында мемлекеттер басшылары қойған стратегиялық  екі міндет тұр. Олар: өңірлік қауіпсіздікті қам­тамасыз ету мен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту. Ұйым алдында тұрған міндеттерді шешуде ШЫҰ-ның тұрақты іс-қимыл та­нытатын жұмысшы органдары – Бей­жің­де­гі Хатшылығы мен Ташкенттегі Өңірлік антитеррорлық құрылымның атқарушы комитеті негіз қалаушы рөл атқарады. ШЫҰ-ның әр жұмыс органында Қазақстаннан алты адамнан тұратын топтары бар. 2006 жылдың 15 маусымында өткен Шанхай саммитінде Қазақстан ШЫҰ-ның Азия энергетикалық стратегиясын жасау туралы бастама көтеріп, ол Ұйымдағы сау­да-экономикалық ынтымақтастыққа із са­лып берді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бол­са, ШЫҰ шеңберінде заңсыз миграциямен күрес туралы келісім жасауды ұсынды. Ұйымға мүше елдердің терроризммен, сепаратизммен, экстремизммен, сондай-ақ басқа да қауіп-қатерлермен күрес әлеуетін күшейтуге ықпал ету мақсатында ШЫҰ құрамындағы мемлекеттер Ұйымның Ұзақ мерзімді сауда-экономикалық бағдарлама­сын басшылыққа ала отырып, экономика бағытындағы ынтымақтастықты дәйекті­лік­пен кеңейтіп келеді. Қазіргі кезде жо­ғарыда аталған  бағдарламаны жүзеге асы­ру жөніндегі Іс-шаралар жоспары жұмыс істеп тұрса, оның құрамында энергетика, көлік, коммуникация, қоршаған ортаны қорғау секілді 130 қаралы инвестициялық жобаны қамтитын ауқымды бағыттар бар. Осылайша Шанхай ынтымақтастық ұйымы қазіргі кезде өңірлік ынтымақ­тас­тық­тың Орталық Азиядағы аса табысты үлгілерінің бірі болып отыр. Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі­мен айтсақ, «Қазақстанның бастамасы бой­ынша іс жүзіне нақты асырылған Еуразия идеясының үш киті – бұлар Еур­азия­лық экономикалық қоғамдастығы (ЕурАзЭҚ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) және Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ). Және бұл үшеуі үш түрлі аталғанымен, бәрі бірігіп, Біртұтас Еуразия идеясының ортақ ұстанымын паш етеді». Ұйымға мүше мемлекеттер арасында қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз  етуде өзара іс-қимылдың үлкен оң тәжі­ри­бесі жинақталса, арнайы қызметтер мен құқық қорғау органдары террорлық және экстремистік күштерге қарсы іс-қимылдың тиімді байланыстарын орнықтырып үлгер­ген. Мысалы, 2006 жылы Қазақстан Қы­тай­мен бірлесіп, шекара аудандарында «Тянь-Шань-2006» деп аталған антитеррорлық жаттығуларды, сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше ел­дердің қатысуымен «Шығыс-Анти­тер­рор» деп аталған оқу-жаттығуларын та­быс­ты өткізді. 2007 жылдың жазында Ресейде ШЫҰ-ның «Бейбіт миссия-2007» кең ауқымды әскери жаттығулары ұйым­дастырылды. Осындай жаттығулар 2008 жылы Қазақстанның Жамбыл облысы аумағында өз деңгейінде өтті. «Бейбіт миссия-2012» жаттығуларын алдағы жылы тағы ұйымдастыру күн тәртібінде тұр. Өңірдегі тұрақсыздық пен лаңкестіктің ошағы Ауғанстан болып отырғаны да жасырын емес.  ШЫҰ елдері аталған мемлекеттегі ахуалды жақсарту үшін қолынан келгеннің бәрін жасап бағуда. 2005 жылы «ШЫҰ-Ауғанстан байланыс тобы» құрылды. Ұйым жыл өткен сайын ынтымақтас­тық­тың жаңа салаларын қамтып отыр. Осыдан алты жыл бұрын алғаш рет ШЫҰ-ға мүше елдер парламенттері жетекшілері­нің, жоғары соттар төрағаларының, білім және ғылым министрлерінің кездесулері ұйымдастырылды. Бас прокурордың, сырт­қы экономика, сыртқы сауда қызметі мен көлік және мәдениет салаларына жауап беретін министрлердің кездесулері тұ­рақты сипатқа ие болған. Отын-энергетика кешені саласындағы ықпалдастық нығая түсуде. Осының барлығы, түптеп келгенде, Шанхай ынтымақтастық ұйымының бірте-бірте көпқырлы өңірлік құрылымға транс­формацияланып келе жатқанын көрсетеді. Қазіргі кезде Үндістан, Пәкстан, Иран және Моңғолия ШЫҰ-ның байқаушы мәр­тебесіне ие. Беларусь пен Шри-Ланка үнқатысу үдерістері бойынша серіктес елдер болып табылады. Ұйымға мүше елдер Мемлекет басшыларының тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында байқаушы-мемлекеттерді ШЫҰ-ның барлық сала бойынша қызметіне белсендірек тарту жұмыстары жүргізілуде. Ал биыл, міне, Шанхай ынтымақтас­тық ұйымының құрылғанына 10 жыл толып отыр. Халықаралық ұйым үшін бұл аз ба, көп пе? Жалпы алғанда, артта қалған жылдар бойы айтарлықтай жұмыстар жүр­гізілді. ШЫҰ-ның құрылымдары қалып­тас­тырылып, қызметін қамтамасыз ететін заңнамалар, заңдық арқаулар жасалды. Сөй­тіп, ол бүгінде уақыт өткен сайын өзі­не назарды молырақ аудара түскен, өзінің тамаша философиясын түзіп, өңірдегі қа­жет­тілікке айналған халықаралық мәрте­бесі биік беделді ұйым деңгейіне көте­ріл­ді. Бұл сөзімізге БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан мойындалып, оның арнайы қабылдаған қарарында Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелерімен айналысатын өңірдегі бірден-бір шешуші бірлестік ретінде аталуы айқын дәлел бола алады. Екінші жағынан, өткен 10 жылда істелген жұмыстарды бағалаумен қатар, не істелмеді деген тұрғыда қамтылмай қалған тұстарды қазіргі өмір шындығына сәйкес белгілеп алудың да қажет екені күмәнсіз. Ұйымның өз ішіндегі, жұмылдыру бағы­тын­дағы жұмыстарын да ұмыт қалдыр­мағаны жөн. ШЫҰ қатарын кеңейту мә­селесі де күн тәртібінен түспеуі тиіс. Өйт­кені, Ұйым өзін әу бастан ашық құрылым ретінде жариялаған болатын. Оның үстіне ШЫҰ-ға толыққанды мүше болғысы келетін елдер де жоқ емес. Байқаушы, үнқа­тысу бойынша серіктес елдер мәртебе­сінен үміткер мемлекеттер де бар. Енді ШЫҰ қызметінің қорытынды­ла­ры қандай, не нәрсеге қол жеткізілді деген сауалдарға келсек, жауапты Ресей прези­дентінің Шанхай ынтымақтастық ұйымы істері бойынша арнайы  өкілі, Ресей сырт­қы істер министрлігінің ерекше тапсыр­ма­лар жөніндегі елшісі Л.Моисеевтің аузы­мен жеткізгенді жөн көріп отырмыз. Жо­ғарыда айтылған мәселелерге байланысты ШЫҰ-ның ақпараттық порталындағы жауабында ол былай дейді: – Мен қауіпсіздік және тұрақтылық мә­се­лелерінен бастар едім. Біз қауіпсіздіктің аса өткір қатерлеріне күш біріктіріп қарсы тұру ісін жолға қоя алдық. Егер бүгінгі күн туралы айтатын болсақ, біз есірткіге қарсы күресте күш-жігер жұмылдырып отырмыз. Себебі, бұл қасірет ШЫҰ шекарасынан үдемелі көлемде өтіп, елдерімізге кеңінен тарап жатыр. Жалпы, есірткі қатерін біз қауіпсіздікке төнген қатер ретінде қарастырамыз. Бұл бағытта маңызды, мақсатты шаралар жүр­гі­зіп отырмыз. Мәселен, есірткіге қарсы стратегия қабылдап, есірткімен күресте нақты тетіктер құру үстіндеміз. Ол жақын арада жүзеге асырыла бастайды және қауіпсіздік пен тұрақтылық қатерлеріне қарсы бүгінгі іс-қимыл тетіктері жүйесін толықтыра түсетін болады. Егер экономика туралы айтатын бол­сақ, мұнда ШЫҰ-ның табыстары бәсең көрінеді. Бұл түсінікті де. Өйткені, эконо­микалық салмағы, көлемі, ресурстық параметрлері және экономика саласындағы бірінші кезектегі басымдықтары бойынша бір-біріне мүлдем ұқсамайтын алты елдің аталған саладағы өзара тығыз әрі перс­пек­тивалы ынтымақтастығын жолға қою – аса күрделі міндет. Дегенмен, ауызды құр шөппен сүртуге де болмайды. Біздер ШЫҰ-ның көпжақты  пішінде ынты­мақ­таса алатын мүмкіндіктерін қарастырып, оның кейбір жолдарын да табудамыз. Өзара ықпалдастығымыз бірте-бірте әрі қарай да дами беретін болады. Себебі, өзара іс-қи­мыл­дарымыз біздің елдеріміздің әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық жағдайын жақсартуға, халықтарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.  Ал бұл мақсат, міндеттер аса көкейкесті. Біз Африканың сол­түс­тігінде, Таяу Шығыста не болып жатқанын көріп отырмыз. Әлеуметтік-экономикалық проблемалар саясатқа, қоғамдық тұрақтылыққа үлкен әсер ете алады екен. Осы тұрғыдан келгенде тұрғындардың әл-ауқатын көтеру міндеті аса маңызды, өте-мөте көкейкесті бола түседі. Біз бүкіләлемдік қоғамдастықты қызықтырып отырған салаларда бірқатар маңызды қадамдар жасай алдық және бұл істерде ізашарлармыз. Бірінші кезекте ШЫҰ жаңа бастамалармен шығып, өзінің ұстанымдарын ұсынбақшы болып отырған халық­ара­лық ақпараттық қауіпсіздік мәселесін атар едім. Демек, біз қол жеткізген, атқарған айтарлықтай істер, тындырылған шаруалар бар. Біздер өз жұ­мыс­тарымызда нақтылықты басшылыққа аламыз. Ең бастысы – баршаның мүддесін есепке ала отырып, алға жылжу. – Сіз ШЫҰ-ға қазақ төрағалығы кезеңін қалай бағалайсыз? – Қазақстан өз төрағалығына үлкен жауапкершілікпен келді және оны толымды әрі мазмұнды ете білді. Бір жылдық мерзімге арналған барлық шаралар бүкіл күнтізбе бойынша нақпа-нақ жоспар­ла­нып, тамаша өткізілді. Ұйымдастыру мәдениеті де аса жоғары болды. Кездесулерде, кеңестер мен мәжілістерде өте бір әдемі достық және іскерлік ауан қалыптасып отырды, барлық байланыстар жемістілігімен ерекшеленді. Мен алдағы ШЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының саммиті де аса жоғары деңгейде өтеді деп сенемін. Ал саммитке Ұйымның он жылдық қызметін қорытындылап, болашақ перспективаларын белгілейтін өте салмақты құжат – Мерейтойлық декларациямен қатар, Есірткіге қарсы стратегия шығары­ла­тын болады. Астанада ілгері тағы бір қадам жа­салып, Ұйымға жаңа мүшелер қабылдау тетігі қыз­ме­тін атқаратын меморандум қабылданады деп күтілуде. Осымен ШЫҰ-ны кеңейтудің заңдық ар­қауына дайындық іс жүзінде аяқталады. Оны жүзеге асырудың үдерістері алдын ала егжей-тегжейлі ойластырылып қойған. Тағы бір атап көрсететін жәйт – саммитке қазақ­стандық әріптестеріміз, басқа да елдердің қатысуымен, тұңғыш рет ШЫҰ-ның өмірі мен қызметі туралы кинороликтер дайындады. Олар саммит барысында назарға ұсынылатын болады. Бұл – ШЫҰ бүгінде аса қажетсініп отырған пиар-ақпараттық құрамдасты байытуға қабілетті жарқын мазмұнды деректі кинолента. Өз тарапымыздан Ұйым аясындағы осы ауқымды шараға орай елімізде мерейтойлық ескерткіш монета мен марка шығарылғанын айта кетейік. Самат МҰСА.