Кеше «Қазақстан» Орталық концерт залында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының 10 жылдығына арналған мерекелік концертке ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ның саммитіне қатысушы мәртебелі меймандармен бірге келді. Қазақстан өнер шеберлерінің мерекелік шашуын Ресей Президенті Дмитрий Медведев, ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов, Қырғызстан Президенті Роза Отунбаева, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Ауғанстан Президенті Хамид Карзай, Пәкстан Президенті Асиф Әли Зардари, тағы басқа мәртебелі қонақтар тамашалап, делегация басшылары атынан өнерпаздарға себет толы гүл шоқтары тарту етілді.
Тәуелсіздік жылдарында елорда еңсесін биіктеткен бірталай мәдениет ошақтары қаланса, соның ішінде әлемдік талғамға сай бой түзеген «Қазақстан» Орталық концерт залында бүгінде міне, Қазақ елін дамудың даңғыл жолына түскен мемлекет ретінде танып, алқалы жиынға келіп жатқан мәртебелі қонақтарға өнердің түрлі өрімінен өнеге көрсетілуде. Сахнада Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі (дирижері Жалғасбек Бегендіков) атақты «Сарыарқа» күйін құйқылжытқанда, тылсымның тынысы ашылғандай. Экранда – қыран құсы қалықтайды. Ежелден еркіндік аңсаған қазақ даласының төбесінде бейбітшілік қыраны самғап, байтақ елдің тыныштық күзетшісіндей шолады. Әрмен қарай ШЫҰ-ның он белестегі жылнамасы парақталып, мемлекет басшыларының лебіздері жазылған көріністер ұсынылды. Фильмнен кейін К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының балет труппасы Н.Тілендиевтің «Ата толғауы» күйі негізінде әзірлеген биін орындады. Осы кештің әрін ашқан «Серпер» домбырашылар ансамблінің танымал күйлерден үзінді келтірген ғажайып нөмірі таңдай қақтырды.
Салтанатты концерттің шымылдығын халқымыздың қасиетті күй өнерімен ашып, төл дәстүрді төрге оздырудың себебі қазақты өзге жұртқа етене таныстыру ниетінен болар деп болжаймыз. КСРО халық әртісі Әлібек Дінішев Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін шырқағанда зал іші сілтідей тұнып, ұйыды. ШЫҰ-ға мүше елдердің құрметіне өзбектің «Лязгі» биін «Салтанат» ансамблі, қырғыздың халық әні «Жылқышыны» Қарақат Әбілдина, тәжіктің халық әні «Лали Бадахшонды» Ситора мен Парвиз Назаровтар, қытайдың халық әні «Во ай ни Джунгоны» Гүлзира Бөкейхан, орыстың халық әндерінен попурриді Талғат Мұсабаев, Олег Татамиров пен Сүндет Байғожин орындап, шеберліктерін паш етті. Классикалық жанрдан Моцарттың «Rondo Alla Turka» шығармасын орындаған Гүлзия Стамбек, Әсел Нұркенова, Саджана Мырзалиева, Әсел Рақымжан мен Әзиза Бейсенғұлова сынды жас прима қобызшылардың өнерлері өршіл рухта танылса, Э.Ллойд-Уэббердің «Опера елесі» мюзиклінен көріністі сахнаға алып шыққан Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева мен Медет Чотабаевтың жоғары деңгейдегі өнері ешкімді бей-жай қалдырмады. П.И. Чайковскийдің «Аққу көлі» балетінен «Адажионы» Гауһар Усина мен Жандос Әубәкіров мүлтіксіз жеткізсе, «Дала бұлбұлдарын» орындаған Жәмила Баспақова, Бибігүл Жанұзақ пен Жәмила Жарқымбаеваның дауыстары түрлі мақаммен құбыла өріліп, әсерлі шықты. С.Еркімбековтің «Атамекен таңы» симфониялық шығармасын орындаған жас скрипкашылар өнерінен мін таппайсыз. «Елігай» балалар хоры Н.Назарбаев пен А.Қоразбаевтың «Үш қоңыр» әнін шырқағанда, мөлдір бұлақтай тұнық дауыстар сыңғырлады. «Қазақстан» әнімен шарықтаған мерекелік концерттің тарихи шежіресінде ел мерейін өсірер айшықты беттер қалды.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.