«... 2009 жылы полиция бөліміне Қыдырбаев Бекежан бастық болып келгеннен бастап мені негізсіз қудалауға көшті. Оның басы былай басталған еді: бірде мені бастық кабинетіне шақырып алып, «Ішкі істер министрлігінен тексеру келе жатыр, солармен кездескенде мені қолдап сөйлейтін бол. Біз ағайынбыз ғой, басқа ауылдың жігіттеріне сенім жоқ. Өзіміздің жігіттерді сөйлеуге дайындап қойдым» деді. Бірақ мен бастықтың айтқанына көнбедім. Комиссияға тек шындықты ғана айтып, ақиқатты жазып бердім. Қыдырбаев Бекежан сол күннен бастап, өзінің орынбасары Сейдуалиев Әбдіғаниды менің соңыма салып қойды. Сол кезден бастап менің істеген жұмысымды жоққа шығарып, әділетсіз талаптар қойып, қалай да жұмыстан кетірудің жолдарын қарастырды...».
«Егемен Қазақстанға» арыз жазып отырған – Мархабат Үсенова. Шені – полиция капитаны. Қызметі – Шымкент қалалық ішкі істер басқармасы Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы.
– Бұрындары әйел баласының жұмысы отбасы-ошақ қасында бала өсіру ғана деп білетінбіз, – дейді Мархабат бізбен әңгімесінде. Ал бүгінгі күні әйел заты өзінің қай нәрсеге болмасын қабілетті екенін дәлелдеп шықты. Қазіргі кезде әйел – кәсіпкер, әйел – мемлекеттік қызметкер, әйел – әкім, әйел – депутат, әйтеуір қоғамдағы барлық салада әйелдер араласпаған жер жоқ деуге болады. Елбасымыз әйелдердің қоғамдағы орнын жоғары бағалап, гендерлік саясатқа үлкен мән беруде. Бірақ Президентіміздің саясатын түсінбеген немесе түсінгісі келмеген кейбір басшыларымыздың әйелге деген көзқарасы түзелер емес.
– Сен ашынып отырып, ащырақ айтып жіберген жоқсың ба?
– Мұны мен өз басымнан өткізіп жүрген жағдаймен нақты айтып бере аламын. Бекежан Қыдырбаев 2011 жылы 4 наурызда Әл-Фараби Ішкі істер бөлімінің бастығы қызметінен ауысып кетті де, орнына келген жаңа бөлім бастығы Бауыржан Селтановқа мен туралы теріс пікір туғызып, бар жұмысымды жоққа шығарып, маған себепсіз қатаң сөгіс бергізді. Бірақ Селтанов мырза бұл сөгісті не үшін бергенін өзі де түсінбейді. Сол сөгістің бір данасын беруді сұрадым. Бермеді. Сонда да сөгіс берілді, оған қатысты бұйрық жиналыста ұжымның алдында жарияланды. Соған қарамастан, маған сөгіс берілді ме, берілмеді ме, берілсе, не үшін берілді, әлі күнге дейін анықтай алмай жүрмін. Осы сөгісті негізсіз бергені үшін Бауыржан Селтановқа сұрақ қойған едім. Бірақ ол: «Сен кабинеттен шық, мен сенімен сөйлеспеймін. Ал саған сөгіс беруге ұсыныс жасаған Ә.Сейдуалиев менің орынбасарым, мен оған сенемін», деді.
Бірде мынадай оқиға болды. Көп қабатты үйдің тұрғындарынан сол маңайдағы дәмхананың шектен тыс мазасыздығы, түн жарымнан таңға дейін әуен өшірілмейтіндігі, арақ ішіп алған еркектер мен әйелдердің дарақы дауыстары маза бермейтіндігі жөнінде арыз түсті. Мен өзімнің қызметтік міндетіме сай сол арыз бойынша дәмханаға барып, тексеру жүргіздім. Содан көп ұзамай бастықтың орынбасары Ә.Сейдуалиев мені шақырып алып, «сен сол дәмханаға жоламай-ақ қойшы, бастығы ұрысқақ әйел» дейді. Сонда арыз жазылады, мен оны тексермеуім керек екен. Себебі, бастығы ұрысқақ болғаны үшін. Ұрысқақ адамға заң жоқ па? Әлде оның басқадай себебі бар ма? Әлбетте мұның астарында мен білетін сыр бар, бірақ оны тиісті жерде дәлелдеп беретін боламын.
Полиция капитаны Мархабат Үсенованың редакцияға жазған арызынан және өзімен кездескен кездегі әңгімесінен көп нәрсені аңғаруға болады. Бірақ қайсар қызға қарсы басшылық тарапынан наразылық немесе қарсылық ашықтан ашық жасалмайды. Бәрі де жасырын түрде, жымын білдірмейтін жымысқы әрекет. Ең бастысы жүйкеге әсер ету. Мәселен, мына бір оқиға да осындай қитұрқылықтың белгісі.
Әл-Фараби полиция бөліміне Райхан есімді азаматша арызданады. Ол өзінің шағымында ауласында жатқан темір құбырларды әлдекімдердің ұрлап кеткенін көрсеткен. Осы арыз бойынша Мархабат Үсенова жеке іс-шаралар жүргізіп, ұрлық жасаған жасөспірімді анықтап, полиция бөліміне алып келеді. Осы факті бойынша полиция бөлімінің сол кездегі бастығы Б.Қыдырбаевқа баяндайды. Бастық бұл істі тергеу бөліміне жолдамай, анықтау бөлімінің бастығына қоңырау шалып, «материалды қабылдап ал» деп нұсқау береді. Анықтау бөлімінің бастығы материалмен танысып, «бұл іс тергеу бөліміне өткізілуі керек, себебі күдікті кәмелетке толмаған» деп кері қайтарады. Осылайша екі ортада жүргенде уақыт өтіп, түскі үзіліс болып, үш сағаттан астам уақыт өтеді. Ең бастысы, бұл да емес, түрлі кедергілерден өтіп, материалды тергеу бөліміне М.Үсенова тапсырады. Бірақ кейін мәлім болғанындай, Мархабаттың ашқан бұл ісі басқа біреулердің атына тіркелген.
– Мен жоғарыда айттым ғой, – дейді Мархабат сөзін жалғастырып, – кейбір басшыларымыздың әйелге деген, әйел қызметіне деген көзқарасы бұрынғы сарында деп. Мен бұл қызметке кездейсоқ келген адам емеспін. Менің әу бастағы, бала кезімдегі арманым тәртіп сақшысы болу еді. Заң факультетін бітірдім. Полицияға учаскелік инспектор болып қызметке кірдім. Қарағандыдағы полиция мектебінің курсынан өттім. Сол жерде оқып жүріп білдім, Қазақстан бойынша учаскелік инспектор болып істейтін екі-ақ әйел заты бар екенбіз. Бір қыз Алматыда, екіншісі – мен. Курсты бітірген соң маған аға учаскелік инспектор деген атақ берді. Осы жұмыста істегелі бері қызметімде қателік жіберіп немесе салғырт-салақтық жасаған кезім болған емес. Қаншама тексерулер болды, оның ішінде Ішкі істер министрлігінің тексерулері де болды. Осы кезге дейін менің жұмысымнан кемшілік тапқан емес. Құдайға шүкір, өзімнің еңбегімнің арқасында алғыс-хаттар, түрлі марапаттауларға ие болып келемін...
Мархабат бізбен әңгімелесу кезінде өзіне жасалған тағы бір қитұрқылық туралы айтып берді. Мархабат Үсеноваға капитан шенін беру туралы бұйрық күзде шығады. Біреуге өтірік, біреуге шын, сол шенді ол 8 айға дейін ала алмаған. Кадр бөліміндегілердің сылтауы әртүрлі. Бірде түскен суретінің қағазы жарамайды деп қайтарса, енді бірде суреттегі шашыңды генерал ұнатпайды деп тағы қайтарған. Сан сылтау, түрлі желеу айтылған. Сергелдеңге түскен Үсенова шыдамы таусылған соң генералдың өзіне кіруге мәжбүр болады. Генерал С.Досымов Мархабатты жылы қабылдайды. Оның айтқанының бәрін тыңдап болған соң, мәселеге қатысты қызметкерлерді шақырып алып, өзінің асығып тұрғанына қарамастан, Мархабатқа капитан куәлігін өз қолымен табыстайды. «Қандай мәселе, қандай проблемаң болса да өзіме хабарлас», деп шығарып салады. «Кейіннен қанша кедергілер, қанша қитұрқылықтарға тап болсам да генералға барып айтуға ыңғайсыздандым, өз бетімше күресуге тырыстым», дейді капитан қыз қамығып.
... Жалпы, полиция қызметкері (ол мейлі ер адам болсын, қыз бала болсын) арыз айтуға, шағым жазуға шорқақтау келеді. Ол оның білімсіздігінен немесе қабілетсіздігінен емес, бұл мінездің қызметке қатысты жағдайы болса керек. Сонда капитан қыз Мархабат Үсенованың редакцияға арыз жазуына не себеп болып отыр? Ашуланғанынан ба әлде ашынғанынан ба? Ашуланса, неге ашуланды? Ашынса, неден ашынды? Осы мақалада көтерілген мәселеге қатысты тиісті орындар қызметтік тексеру жүргізіп, нәтижесін редакцияға хабарласа, құба-құп болар еді. Қынжылып жүрген капитан қыздың бұдан басқа да айтары аз емес...
Шарафаддин ӘМІР.