Орталық сайлау комиссиясы биылғы 19 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын әзірлеу және өткізу бойынша негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекітті.
Кеше ОСК мүшелері осы мәселеге байланысты мәліметтерімен бөлісті. ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Ата Заңға сәйкес Сенат Сайлау туралы Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және еліміз астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралатынын, оларды азаматтардың тікелей дауыс беруі арқылы сайланған мәслихаттар депутаттары сайлайтынын атап өтті.
«Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі – 6 жыл. Олардың жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып отырады. 2005 жылғы 19 тамызда сайланған Сенат депутаттарының конституциялық өкілеттік мерзімі осы жылдың 30 қарашасы күні аяқталады, – деді ол. – Сондықтан биылғы жылдың 19 тамызы күні еліміздің 16 өңірінде Парламент Сенатына бір депутаттан сайлау өткізіледі. Осы сайлауда 15 сенаторды Президенттің өзі тағайындаса, 32 депутат жанама сайлау құқы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады».
Осы жерде ОСК хатшысы Бақыт Мелдешев Сенат депутаттығынан үміткерлерді мәслихаттар ұсынатынын, сонымен бірге, мәслихаттар өздері шешкен ортақ бір кандидатты ұсына алатынын айтты. Одан әрі ол сайлау заңнамасына сәйкес Сенат депутаттарын сайлау балама негізде болатынын, яғни дауыс беру бюллетеніне кемінде екі кандидат енгізілуі тиіс екенін ескертті. «Сенат депутаттығына кандидат болып тіркелу үшін үміткер облыс мәслихаттарының, республикалық маңызы бар қала немесе Астана қаласының мәслихаты депутаттарының жалпы санының кемінде 10 пайызының қолдауына ие болуға тиіс. Яғни, кандидат әрбір мәслихат депутаттарының 25 пайызынан кем емес дауысын алуы керек», деді ол.
Кездесуде Б.Мелдешев бұдан басқа тағы мынадай мәліметтер келтірді. Мұнда ол жиналған қолдардың 1 пайыздан астамы расталмаса, Сенат депутаттығына кандидаттың тіркелмейтінін, үміткерге депутат болып тіркелгенге дейін және оның заң талаптарына сәйкестігі, оны қолдап жиналған дауыстар тексерілгеннен кейін ғана сайлау жарнасы енгізілетінін айтты.
Одан әрі ОСК мүшелері сайлауға қатысты мынадай мәліметтермен бөлісті. Мәселен, сайлау жарнасының биылғы сомасы 239 985 теңге болады екен. Сенат депутаттығына кандидат пен оның жұбайы немесе зайыбы тіркеуге дейін тұрғылықты жеріндегі салық органдарына 2011 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша табысы мен мүлкі туралы декларация тапсыруға міндетті көрінеді. Ал сайлауды әзірлеу және өткізу бойынша жоспарға сәйкес, кандидаттарды ұсыну 15 маусымнан 19 шілдеге дейін жүретіні, үміткерлерді тіркеу 29 шілдеге дейін, ал сайлауалды үгіт жұмыстары 30 шілдеден басталып, 17 тамыз күнгі сағат 00.00-де аяқталатыны белгілі болды.
Кездесуде осыдан басқа мынадай мәліметтер келтірілді. Биыл Парламент Сенаты депутаттарының кезекті сайлауын өткізуге республикалық бюджеттен 142 млн. теңге бөлініп отыр. Бұл сомаға сайлау заңнамасына сәйкес, Сенат депутаттығына кандидаттардың әрқайсысына сайлауалды үгіт жұмыстарын жүргізуге, көлік шығындарына, кандидаттардың сайлау қорын құруға жұмсалатын қаржы кіреді. Сайлау кезінде Сыртқы істер министрлігі ОСК-мен бірлесіп, халықаралық байқау институтын ашатын болады. ОСК сайлаудың қорытындысын 25 тамыздан кешіктірмей анықтауға тиіс. Сайлаушылардың 50 пайыздан астам дауысын алған немесе қайта дауыс беру кезінде басқа кандидатқа қарағанда көп дауыс алған үміткер Сенат депутаты болып сайланады. Ол үшін сайлаушылардың 50 пайыздан астамы сайлауға қатысуы тиіс.
Дастан КЕНЖАЛИН.