Соңғы ширек ғасырда Түркия Республикасында білім беру саласы қарыштап дамып келе жатыр. Бұрын Түркияның теңіз сауда экономикасы, туризм, текстиль өндірісімен аты шықса, бүгінде әлем Түркияны сапалы білім беретін оқу орындарымен танитын болды. Ыстамбұл қаласында 1999 жылы Окан университеті ашылған еді. Бұл оқу ордасы бар-жоғы он екі жылдың ішінде Түркияның маңдайалды университеттерінің біріне айналып үлгерді. Осының сырын университет құрылтайшысы Бекир ОКАННАН сұрап білген едік.
– Бекир мырза, Окан университетін ашудағы негізгі мақсатыңызды айтып өтсеңіз?
– Окан университеті тек коммерциялық жобаға ғана бағытталмаған. Негізінен, оқу орны Түркияның білім сапасының дамуын, сондай-ақ, маңызды салалар бойынша жан-жақты жетілген мамандарды әзірлеу арқылы еліміздің экономикасының өркендеуінe ықпал етуді көздейді. Қала берді, экономикадан өзге халықаралық қатынастар, шет тілдері саласының майталман мамандарын дайындауды мақсат етеді.
Түркия Республикасы сексенінші жылдардан кейін жекеменшік оқу орындарының ашылуына заңдық тұрғыдан барынша тиімді жағдай жасады. Осының нәтижесінде еліміздегі оқу орындарында шетелдік профессорлар жұмыс істеп, Түркияның білім сапасы өркендей бастады. Студенттеріміз шетелдерде тәжірибеден өтіп, елге келген соң әлемдік соңғы жаңалықтарды өндіріске енгізе бастады. Осының нәтижесінде Түркияда ғылыми технократияның дамуына жол ашылды. Бұл түрік қоғамының соңғы жиырма жылдықтағы жетістігінің негізгі сыры.
Бәсекелестік қатты қарқын алған қоғамда серпінді жобалардан тыс қалуға болмайды. Сырт қалсаң, ертең сол сала бойынша мешеулікке ұрынасың. Қысқаша айтқанда, жоғары оқу орнын ашудағы мақсатым – Түркия мемлекетінің дамуына өз үлесімді қосу болды десем артық емес.
– Окан университетіндегі студенттердің контингенті қандай?
– Окан холдинг Қазақстан мен Түркияның құрылыс, туризм, тамақ өнеркәсібі және энергетикалық өндіріс салаларында сапалы қызмет етіп жүргендіктен, әдепкіде студенттер санының мол болуына компанияның атағы әсер етті. Кейін Окан оқу орнында берілетін сапалы білім әсер ете бастады. Шетелдік профессорлардың дәріс беруі, әрбір жылы жасалатын рейтинг бойынша университеттің еліміздегі алдыңғы қатарлы оқу орны саналуы, бітіруші түлектердің Түркиядағы жоғары орындарда қызмет етуі, біздің оқу ордамызға талапкерлердің екпінді ынта білдіруіне ықпал етті деп ойлаймын. Осының нәтижесінде 1999 жылы ашылған Окан университетінде бүгінде 7000 студент білім алуда.
– Қандай салалар бойынша мамандар даярлайсыздар?
– Окан университеті уақыт талабына сай және болашаққа қажетті мамандар дайындайтын факультеттер мен бөлімдерді құрды. Әсіресе, экономика саласына қажетті, сондай-ақ, шет тілі мамандарын дайындауға басымдық берді. Бүгінде оқу орнында ағылшын тілі, неміс тілімен бірге орыс тілі, араб тілі, қытай тілі бөлімдері жұмыс істейді. Сонымен қатар, ағылшын тілінде сабақ беретін менеджмент, маркетинг, сәулет өнері, инженерия факультеттері бар. «Кәсіпкерлікке жақын университет» деген лақап аты бар оқу орнында білімді тәжірибемен ұштастыруға арналған және сапалы маман болуға баулитын консультациялық бағдарламалар да жұмыс істейді. Окан университеті өткен жылдан бастап халықаралық қатынастар бөлімін ашты.
– Университеттің сыртқы байланысы жөнінде айтып өтсеңіз? Яғни, шетелдердегі қандай оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынас орнатқан?
– Окан университеті АҚШ-тың Гeорг Масон университетімен, Ресей Федерациясының атақты Мәскеу мемлекеттік университетімен, сондай-ақ, Қазақстандағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетімен және т.б. жоғары оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Аталмыш университеттермен студенттеріміздің тәжірибесін ұштау мақсатында байланыс жасаймыз. Сонымен бірге, Окан университеті Еуропалық Одақтың «Ерасмус» бағдарламасына мүше Түркиядағы санаулы оқу орындарының бірі саналады. Бұл бағдарлама Еуропадағы ЖОО-да бірыңғай жоғары деңгейде білім сапасының қалыптасуын көздейді.
– Окан оқу ордасының алдағы уақытта қандай жоспарлары бар?
– Университеттің оқу корпусы, жатақханасы заманауи құрылғылармен жабдықталған. Профессорлық құрамымыз да өте жақсы. Әлемнің ең мықты деген ұстаздары дәріс оқиды. Яғни, Түркияда біздің оқу орнының деңгейі өте жоғары. Енді, осы деңгейді сақтай отырып, алдағы уақытта қоғамға қажетті деген мамандарды әзірлейтін бөлімдерді ашпақшы ойымыз бар. Әсіресе, ғылыми технократияға басымдық бермекпіз.
Сөз соңында айтпағым, Окан университеті Түркияның саясат пен экономикадағы ең жақын әріптесі саналатын Қазақстаннан да студенттер қабылдауға пейілді. Осы жылдан бастап Окан оқу орнында Назарбаев атындағы стипендияның және өзге де тағайындалған стипендияларға ие бес қазақ студенті білім алуда. Олар университет талабына сай терең, жан-жақты білім алуда. Қазақ шәкірттері ағылшын тілінде еркін сөйлеумен бірге, Ыстамбұлдың бай мәдениетін бойларына сіңіруде.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Ахмет АЛЯЗ.