Мұқағали – 80
Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫНЫҢ «Жетісу» газетінің бас редакторы Жақыпжан Нұрғожаевтың сұрақтарына жауабы – Мұқағалидың көзі тірісінде дара тұлға деп лайықты баға берген қаламгерсіз. Мұқағалиды бұлай деп алабөтен іріктеп алуыңызға не себеп болды? – Мұқағалиды өйтіп айрықша іріктеп алып жүрген мен бе екенмін? Уақыт қой! Ал ол қандай уақыт еді? Бұл енді ұзақ әңгіме. Бәріміз де әдебиет табалдырығынан алабұртып аттағанбыз. Алматыға бәсеке емес, арман қуып келгенбіз. Өзгелерді өзіміздей көретінбіз. Ал ол кезде өзді-өзімізден күткен үмітіміз көп еді. Сондықтан бір-бірімізге өте зор құрметпен қарадық. Олай болатын реті де бар-ды. Біз оқуға түсерде әдебиеттің тоңы әлі жібімеген қалпы еді. Өлең шіркіннің қашанғы елпілдегіш күйі-тұғын. Колхоз-совхоздың ойға-қырға омақасатын да жүретін көнетоз тракторындай еді. Күн сайын бір «өтімді тақырып» шығады да тұрады. Соның көңілін аулаймын деп жүргенде өзі де қоқысқа айналады. Ондай «майшелпекке» үйреніп алғандар өте көп. Жыл сайын бұрқыратып кітап шығарады да жатады. Үйренбегендеріне көпті көрген көзайым редакторлар ең болмаса «жетекші тақырыптардың бір-екеуінің аузын майлауға» үйретіп әлек. Сүйте-сүйте жүріп, өзі де көндігіп кетеді. Содан бір күндері: «Домбырам не дейді, мен не деймін?» деп, іштей қоңылтақсып отырғандары. Талантты деген талай көкелеріміз өмірден осылай ойсырап өткен-ді. Поэзиядағы мұндай оспаққа үйренісе алмай, ереуілдеп баққан тентек ақын Қасым Аманжолов еді. Ол бір «жетім бұрышта» күрк-күрк жөтеліп жатып: «Апырай, мынау күннің райын-ай, төсектен тәуір болып тұрайын-ай десем де, қабағын бір қойды-ау ашпай, ерегісіп енеңді ұрайын-ай!» деп буырқанып, күлді-көмеш өмірі жайлы толғанғаны төбе құйқаңды шымырлатады. Алматы біз келгенде Қасым азасынан әлі айыққан жоқ-ты, біз де келген бойда қайсар ақынның зиратына бардық. Кітабын жаттап, жата-жастандық. Қазақ өлеңінің тұсауы шешілер күнді аңсадық. Түрменің қатып қалған қара нанын қайзалаудан жалыққан тұтқындар сияқты күнбе-күн шығып жатқан жинақтардан тосын нәрселер күттік. Өлең исі бар шумақтарға мұз жалаған жылқыдай шұрқырастық. Тұманбай, Ізтай, Еркеш, Сағи, Еркіннің жазғандарына үлкен үмітпен үңілдік. Университеттің әдеби бірлестігінде жастардың алғашқы аяқ алысын талқыладық. Оған ұстазымыз Мұхтар Әуезовті шақырып, «Жыл келгендей жаңалық сеземіз!» деген лебізін естідік. Бұл «Поэзия күні» қазақ әдебиетін дүр сілкіндірген оқиға болды. Көп ұзатпай «Қазақ әдебиетінің» редакторы Жұмағали Ысмағұлов: «Бізге сын бөліміне келсейші. Бесінші курсты жұмыс жасап жүріп те бітіруге болады», деді. Қуана-қуана құп алдым. Бір күні редакторға кірсем, алдындағы жұмсақ орынтақты тақ толтырып бір жігіт отыр. Дудыраған қою шашты, маңдайы кере қарыс, қыр мұрынды, қыран қабақ, келісті-ақ екен. «Е, Әбіш, танысып қой. Мұқағали Мақатаев деген ағаң. Поэзия бөліміне әдеби қызметкер етіп алдық. Бүгінгі нөмірге екеуіңіз кезекшілік етесіздер», деді. Екеуміз қатар бөлмеге орналастық. Жазушылар одағының үшінші қабатындағы түпкі бөлмеде ол отырады. Одан кейінгі бөлмеде мен отырамын. Түскі тамаққа барғалы жатыр ем. Телефон шыр ете қалды. Мұқағали екен. «Кіріп кетпейсің бе?», деді. Не болып қалды екен деп, бардым. Кере қарыс маңдайына шып-шып шыға келген мөлдір моншақтарды қолының сыртымен сипап тастады. «Өткен жолы аңғарып қалдым. Сен менің дикторлығымды білгеніңмен, ақындығымды білмейді екенсің. Мен біраздан бері өлең жазамын ғой!» деді. Оқи бастады. Талайлардың өлең оқығандарын көрсем де, Мұқағалидай оқи алатынды көрген емеспін. Ол өзгелерге ұқсап, теңселіп, тебіренбейді. Әрлі-берлі қолдарын да сермелемейді. Орындықты ат қылып мініп, отырып алады да, күмбірлеген қоңыр дауысын соза түсіп, жайбарақат оқи жөнеледі. Дауысын да орынсыз көп құбылтпайды. Өлең жолдары тасқындап аққан бұлақтай төгіле береді, төгіле береді. Әлде бір уақытта аяқтады. Аузымды ашыппын да қалыппын. «Керемет оқиды екенсіз ғой», дедім. Мен Мұқағалидың көшелі ақын екенін сонда білдім. Содан бір күні тағы да бөлмесіне түстікке шақырды. Бірақ, бұл жолы өлең оқымады. «Кеше моншаға бардым. Әбден жуынып тазаландым. Үш рет кәлимамды қайырдым. Үстелге жайланып отырдым. «Иә, бисмилла!» деп кірісіп кеп кеттім. Құдай көрсетпесін, божественная десе, божественная екен. Тек тәңірдің ғана қолынан келетін шаруа ғой! Шетінен, жайлап-жайлап аудара беремін. Қашан тауыстырар екен, көрейін. Бітірген күні өзіңе көрсетемін. Дантені айтам... Соған кірістім», – деді. Мұқағали Дантені, «Құдіретті комедияны» аудара бастаған екен. Содан күнде түскі тамақ кезінде бөлмеге жалғыз кілттеліп алып ап, жұмыс жасайды да отырады. Былайғыларымызға ұқсап, бөлмеден бөлмеге кіріп, әңгіме айтып жүрмейді. Бірге қанша істегеніміз есімде жоқ. Мұқағали «Социалистік Қазақстанға» ауысты. Мені «Лениншіл жасқа» әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушілігіне шақырды. Бүгінгі әдебиетіміздің талай өкілдерін тәрбиелеген Шерхан Мұртаза мені де қолымнан қақпады. Бірақ жұрттың бәрі Шерағаңдай дархан болған жоқ. Ол жылдардың, несін айтасың, қиындығы да, қызығы да көп еді ғой. Қай жерде де шығармашыл жастардың мәселесі өткір қойыла бастады. Ол әңгімеден біз де аулақ тұра алмап едік. Баспасөз бетінде шөкім-шөкімнен әрі аса алмай жүрген Оспанхан, Әділбек, Қадыр, Жұмекен, Сабырхан, Өтежан, Жүсіп, Құдаш, Қанипа, Төлеген, Қайраттарға да «Лениншіл жастың» бетінде көлдей-көлдей көлем беріліп жатқанына қатты қызығатындар табылды. Мұқағалидің лирикалық дастандары тұтас-тұтасымен жарияланды. Бұнымыз біреулерге жақты, біреулерге жақпады. Көп ұзамай телефондардан маза кетті. Редакторымызды да қайта-қайта жоғарғы жаққа шақыртты. Мені де сыртымнан бөркімді теріс кигізіп жатты. Бір күні жұмыс аяғына таман редакторға кірдім. Оңаша отыр екен. Бейуақыт жүрісіме таңырқай қарады. Асықпай жағдайымды айттым. «Көп отырса көл ашиды деген. Жұрттың қаңқуы ұлғайып барады. Сізге қырсығым тимесін. Рұқсат беріңіз. Мен баспасөзден кетемін. Күнімді бірдеңе етіп көрермін», дедім. Шерағаң қолындағы газетті ысырып тастап, бетіме туралап қарады. «Әй, Әбіш, сен маған өкпелеп жүргеннен саусың ба?», деді. «Ойбай, асакет Алла, ақ тоба! Неге өкпелеймін? Бәріне ризамын!», дедім. «Онда бұл сөзіңді қой. Жұрт не демейді? Бәрімізді де күйдіріп жатыр. Шыдай тұр. Сен туралы ойларым бар. Оны кейін сөйлесерміз», деді. Мен алған бетімнен бәрібір қайтпадым. Сөйтіп, қазақ өлеңіндегі қасаңдықпен айқас майданынан алыстадым. Жаңа қызметіммен тез үйреністім. Ол кездегі Мәдениет министрі Ләйлә Ғалиқызы Ғалымжанова жайдары қарсы алды. «Мұнда да қиыншылықтар бар. Бірақ, басың жас. Көре-көре үйренісесің ғой», деді. Тікелей бастықтарым – Еркеғали Рахмадиев пен Қалтай Мұхамеджанов. Бауырларына тартты. Ұжым да жақсы қабылдады. Күндер өте берді. Мен ың-шыңсыз қызметімді істей бердім. Жұмыстан шығып келе жатыр едім, «Әй, Кекілбаев!» деп, біреу гүж ете қалды. Жалт бұрылдым. Қарасам – қасқайып Мұқағали тұр. Қасыма келіп, арқамнан қақты. «Әдебиетшілер үйіне келмей кеттің ғой. «Жұлдызға» бардым. Жуырдағы повесіңді біздің жігіттер оқып жатыр екен. Құтты болсын!», деді. Сосын қолтығымнан алып, базарға қарай бастады. Бір серпіліп барып әңгімесін қайта жалғастырды. «Сенің білмей жүрген керемет нәрсең бар. Жуырда, Асқарға айтсам, ол да танауы делиіп, қатты құшырланды. Аптасына бір рет көк базарға келіп тұр. Жан-жағың қызылды-жасыл, айқай-ұйқай, жапыр-жұпыр. «Менікін ал, менікін!» деп, анау да жабысып жатыр. Мынау да жабысып жатыр. Қарама! Көзіңді тас жұмып ал да тарта бер! Олар барған сайын шуылдауын көбейте түсер. Сен кердеңдей түс! Ойлашы өзің! Рахат емес пе?! Бұл дүниеде ойнап жүргендейсің! Расы да солай ғой! Сол бетіңнен ілгері тарта бер... Бір кезде айқай-ұйқай басылады. Жан-жағың тынышталады. Абайлап көз салуыңа болады. Қаздай тізіліп өңкей шалдар отырар. Алдарында жерге төселген газеттердің үстінде шөкім-шөкім бірдеңелер тұрар. Ақ, көк, алабажақ қалталар. Күмістен, мүйізден, қалайыдан істелген насыбай шақшалар... Ернін бұлтитқандар... танауын тыржитқандар... Мұрынын шүйіргендер... Үн-түнсіз шолып, асықпай жағалап келе жатасың. Мынаған жапақтаң күлі қосылған, анаған бұйрығын күлі салынған, ал мынау біреуіне изеннің күлі Кенет сен насыбайға еңкейесің, ал қасыңда отырған шал саған еңкейеді. «Қарағым, Мақатайдың баласымысың?» Әкеңнің атын естігенде, шалқаңнан түсе жаздайсың. «Ау, оны қайдан білдіңіз?». «Бет-әлпетің айтып тұр ғой, бет әлпетің...» Шүйіркелесе кетесің. Мыжырайған шал кешегі қылшылдаған жігіт екен. Сенің әкеңмен талай бірге болған екен. Ойда жоқта төбесінен түскеніне ол да мәз. Насыбай іздеп келіп, әкеңнің көзтанысын көргеніңе сен де мәзсің». Мұқағали тыйылып қалды. Тамағын бір кенеп алды. Күмбірлетіп оқи жөнелді: «Қажып тұрмын, несіне жасырайын! Әкелші, ата, бар болса, насыбайың? Азан-қазан шулаған қауақ бастан, Құрып кеткір, даң-дұңды қашырайын. Айтшы, ата, әкемді көріп пе едің? Ол да мендей жан ба еді желікпелі? Ол да мендей шақшаңа құмар болып, сергіп бір қайту үшін келіп пе еді?!.. Мұрагері емес пе ем арт жағында, тарттым ба әлде әкеме, тартпадым ба? Ата көрген оқ жонар деуші еді ғой, бабалардың байырғы салттарында... Көз жасыңды көрсетпе, жасымайын, әкем өлсе мен бармын, несі уайым?! Әкемдей бір атайын шертіп тұрып, тәуір екен, әкелші, насыбайың!», деп талмаурай бітірді. Ойыңды он орап алған сағыныш, мұң, өкініш, әлсіздік бойыңа шым-шым еніп, кеудеңді кеулей түсті. «Беу-беулетіп», бебеулетіп барып басылды. Қайтадан үмітсіз сайтан күйге түсіріп алдарқанып, әрі алдарқатып, әлденеге емексітіп, әлденеден дәмелендіреді. Әліге дейін өлмей, өшпей, өтпей келе жатқан ескі құса бір сәт дүркірей көтеріліп, жүректі дүрсілдетіп, қайтадан сабыр тауып, тыншыды. Көкірегіңдегі небір дүдәмал сезім қайта оянып, қайта мазалай бастады. Өлең деген осындай болу керек қой, шіркін! Не айтып, не ойлағаныңды өзің де білмейсің?! Үн-түнсіз иығыңа қонып, қанатын бір-ақ қағып ұшып кеткен ала қанат көбелектің соңынан қарағандай, қарадай үздігесің! «Аға, тек осындай өлеңдерді ғана жазыңызшы!» дедім. Мұқағали томсарып қалды. Өзімнің ең тәуір көретін ақындарыма айтсам-ау деген қолқамның аузымнан қалай шығып кеткенін білмей қалдым. «Әй, сен менімен бірге ұйықтап, бірге түс көріп шыққаннан саумысың?» деп, Мұқағали өзінің насыбай сатып отырған шалдарына кетті. Мен аялдамаға қарай аяңдадым. – Сіздің Мұқағалидың «Қарлығашым, келдің бе?» атты жинағына жазған рецензияңыз әдеби қауымға жақсы белгілі. Сол мақаланың жазылу жайы қалай болып еді? – Бір күні таңертең есіктің қоңырауы баж етті. Ашсам – мұнтаздай болып киініп алған Мұқағали тұр. «Ертелетіп неғып жүрсіз? Амандық па, әйтеуір?» дедім. Жұмысқа кеткелі жатыр ем. Түрімді көріп, үсті-басымды бір сүзіп өтті. «Өңкей ілім соққандар. Жаңа бұрыштан айнала беріп, Асқарды көріп ем. Ол да портфелін құшақтап, жұмысқа бара жатыр екен. Сен де сықиып тұрсың. Бар. Бара бер. Бара ғой!» деді. Біздің дабырласқан дауысымызды естіп, ас үйден анам көрінді. Бұрын көрмеген адамы болғансын, ұсынған қолын алып жатып: «Қай баласың, қарағым?» деді. «Амансыз ба, апа! Балаңыздың маңайында көп шимайшыдан басқа кім жүруші еді? Мен де солардан боламын. Атым – Мұқағали. Менің де сіздей шешем бар. Үйде сіз болсаңыз, қалғандарының қажеті шамалы. Онда бұл жолынан қалмасын!», деп анамды ас үйге қарай жетеледі. Мен бір жымидым да, шығып кеткем. Кешке қайтып келсем, анам мәз-мейрам. «Мә, мынаны манағы бала беріп кетті. Қолы тисе, оқып шығар деді». Жемпірінің қалтасынан алақанға сыйып кететіндей шап-шағын кітапша шығарды. «Жарықтық, жігіттің төресі екен. Тұлға қандай, тұрпат қандай! Екі иығына екі кісі мінгендей. Қалған достарың өңкей шыбыштың лағындай шошаңдап тұрған немелер еді. Мынаның сөзі бап-байсалды. Үлкен адамдарша сөйлейді. Қолыңды тигіз. Оқып шық. Не жазды екен, жарықтық?!» деді анам. Мұқағалиды көріп, ішпей-жемей тойып тұр. «Иықтарына екі Асқар, екі Қайрат сыйып кеткендей ғой!», деймін анамды мен де құптап. Кейуана екі иығы селкілдеп күлді кеп. Тамақтан соң, үстеліме бардым. Сыртында – томпиған кіп-кішкене немересін ерткен кәрі әже. Аспандағы күннің аумағынан ұшып келе жатқан қос қарлығашқа қадала қарап қалыпты. Аты да әп-әсем екен. «Қарлығашым, келдің бе?». Әрі таныс, әрі таңсық. Мұң лебі ескендей болады. Алғашқы бетті ашып қалсам, көк сиямен автограф жазылыпты. «Әбіш! Дей алдым ба бірдеме, демедім бе? Дей алмасам, боғымды жегенім де. Өкпе-назым, қайғы мен қуанышым – тұрса бәрі жарады өлеңімде», депті де, шиырып қол қойыпты. Жүрегім шым ете түсті. Сол бойда оқуға кірістім. Бірінші өлеңінің өзі ойыңды алысқа ала қашады. «35 жыл. Отыз бесінші көктемім. 35 жыл. Уақыт қой көп-көрім. 35 жыл қуарып, 35 жыл көктедім. 35 күз, 35 қыс, 35 жаз. Осал өмір емес қой отыз бес жас... 35 жыл. Өмірді кезіп келем. Және 35 бола ма? Сезіктенем... Әкем менің есімде, шам түбінде ВКП (б) тарихын ежіктеген. Және бір сәт есімде ақпандағы, әкем отыр майданға аттанғалы. Бәрі есімде – дала, егіс, ауыл, мектеп, ұстаздар, интернаттың қатқан наны. Бәрі есімде – далам да, тұрағым да. Тек есте жоқ, күлдім бе, жыладым ба... Балалық шақ жарбиып жүретұғын, өгіз жеккен арбаның құлағында. Шаруаның баласы болғаннан ба, шаруаға айналдым он жасымда, майдандағы әкеме оқ жібердім, айырбастап күлшемді қорғасынға... Есімде жоқ. Бала боп өсіп пе едім?! Болсам неге жылы сөз есітпедім?! Есімде тек білемін жеңіс құстың, біздің жаққа бір апта кешіккенін...» Бәрі рас. Бәрі солай. Бәріміз де көргенбіз. Бәріміздің де есімізде. Бәріміз де осылай сезінеміз. Неге ендеше бәріміз жазбағанбыз? Оқи түселік. «1941 жыл ақпандатқан. Сыртта аяз. Ауылымызды ақ қар жапқан, үңірейген үрей тұр соғыс дейтін, алапат – аспан, жерді, аттандатқан.... Жарты ай тұр шар аспанда – тозған таға, үскірік үрлей ме, әлде қозғалта ма? Әжем жүр туған жердің топырағын, тұмар ғып тігіп жатыр бөз қалтаға. Ол отыр. Аямай-ақ ішіп алған. Санасын мазалайды күшік-арман. Аттан, әке. Таныс қой күрес саған. Күресуі керек қой күші бар жан... Жалынған ғазиз Анам, сұрап қалған, жоғалды сол бетімен бірақ та арман, сенбеймен әкең өлді дегенге мен, себебі, ол үйімізден тірі аттанған». Біреу желкеңе келіп, су құйып жібергендей. Қалай-қалай дөңгелентеді. Бұл неғып сенің есіңе түспеген? Сен де осылай сезініп, сен де осылай қанжыламап па едің? Жә... жә... Жетер. Буыным босап, көз алдым бұлдырап барады. «Сонау бір жазда, жайлауда, соғыстың кезі қой баққам, көңілім келмей байламға, көп нәрсені ойлантқан... Жүгіріп төмен құлдырап, көрдім де таудың бұлағын, көзімнің алды бұлдырап, қалқайып екі құлағым, қабаржып, үнсіз жыладым... Сондағы көздің жасынан ләззат алғам нансаңыз, сұраңыз әрбір тасынан, еліме менің барсаңыз... Бұлақтан барып сұраңыз, көрді екен, кімді білді екен... Бұғынып қалған, бір аңыз, бұйығып тағы жүр ме екен... Жартастың жонын ұрғылап, кеудесін сайдың тепкілеп, сұрар ма екен сұм бұлақ: «Сол бала қайда кетті?» – деп». Оқыған сайын оқи түскің келеді. Шындықты жұрттың бәрі біліп, бәрі көріп жүргенмен, оны ортақ сырға айналдыру, жырға айналдыру тек ең таланттылардың ғана қолынан келетін сияқты. «Көре ғой... байқай ғой... Айта ғой!» – деп, періштелердің өзі тек солардың ғана құлағына сыбырлайтындай. Мұқағали сондай бақыттылар тобынан екен. Анам айтқандай: шын жарықтық екен! Жарықтыққа жарық дүниенің ұсынбайтын бақыты, ұстатпайтын ақиқаты жоқ шығар! Дереу телефон шалдым. Дың-дың. Біраздан кейін қайта соқтым. Дың-дың. Төзімім таусылып, тағы бұрадым. Дың-дың... Енді ойландым. Қап, бәлем, телефон соқпаймын. Жазамын. Газетке ұсынамын. Көрсін де оқысын! Оқысын да қуансын! Өз тапқаныма өзім масаттанып, төсекке сұладым. Жол тастамай оқыдым. Бәрін де өз басымнан өткергендеймін. Бәрі де мен туралы. Тіпті мына бір жолдардың менен несі бөтен, несі өзге! «Жүрегімде жүргені-ай бір қауіптің, сабағындай шырмайды шырмауықтың, үмітпенен, арманмен, күдікпенен, өтіп жатыр зымырап, зырлауық күн... Шешем менің еңкейіп бара жатыр, қай күні келер екен нала батыр. Жел маған сыбырлайды аят оқып: «бір күні айырыласың, қара да тұр...» Шешем менің иілген сұрау белгі, сәл ғана шаттық көрді, жылау көрді, қалай ғана қалпына келтіресің, дауылдар майыстырған мынау белді. Ұлың сені ұжмаққа бергісі жоқ, ұжмағың да тамұқ қой көргісіз от. Осылай көз алдымда жүре берші. Сұраулы сөйлемдердің белгісі боп». Қай өлеңін қанша қарасам да, артық-ауыс ештеңе таба алмаймын. Апырай, ала-құласыз бұл қандай кітап! Бұндай да болады екен ғой? Біздің замандастарымыздан бұрын-соңды мұндайды көрген емеспін. Батырға оңқайы да, солақайы да бір деп, оңды-солды жаза беретін таланттыларымыздың өзін таусыла сөйлеп, сарқыла жазуға итермелейтін бұл кітап туралы үндемей қалу үлкен мін деп ойлап, алдыңғы беттегі автографқа қайта үңілдім. «23.ІІІ.68 ж.» деп жазылыпты. Бұл кітап менің қолыма тамыз айында тиді ғой. Мұқағали сонда бұл кітапты сонша уақыт өзінде ұстаған ғой. Бұдан бұрынғы екі кітабын да берген емес. Сонда мұны қинала-қинала әкелген ғой. Өзі үлкен үміт артқан кітабы болды ғой. «Дей алдым ба бірдеңе, демедім бе?!» дегенге қарағанда, солай секілді. Дегенде қандай! Депсің, Мұқа! Ақ қағазға қалай отырғанымды да білмей қаппын. Бір ойланып, мақаламды өзім оқыған поэмаларында Мұқағалидың лириктігі басым түсетіндігінен бастаппын. «Әдетте тіпті де жақсы өлеңі көп те, бірде бір жаман өлеңі жоқ жыр кітаптары аса сирек ұшырасады. М.Мақатаевтың «Қарлығашым, келдің бе?» жинағы сондай айда-жылда бір ұшырасатын аса сиректің бірі», деп жазыппын. Расында, дәл өзі еді. Саясаттан атымен ада кітаптардың туар басында «Қарлығашым, келдің бе?» жинағы тұрар еді. Жазғанымды «Лениншіл жастың» ол кездегі редакторы Сәкеңе – аяулы Сейдахмет Бердіқұлов марқұмға – өз қолыммен апарып беріп, әскерге аттанғанмын. – «Лениншіл жастағы» мақалаңыз Мұқағали туралы алғашқы пікір екенін білеміз. Ол жазғаныңыз ақынға қалай әсер етті? – Ол мақала мен әскерде жүргенде шықты. Кей-кейде Алматыға соғып кетуге рұқсат ететін. Сондай күндердің бірінде үйге келсем, келіні жұмыста, екі баламен үйде отырған анам етегіне сүрініп, алдымнан шықты. Сағынышымды басып, енді сабыр таба бергенімде: «Ойбай, ұмытып барады екем ғой», деп анам төргі бөлмеге жүгіріп кетті. Қайтып келіп: «Мана үйге Мұқағали келіп кетті. Сен сөйлессе, телефонымды айтыңдар, хабарлассын», деп, бір жапырақ қағаз беріп кетті, деді. Телефон соғып ем, саңқ ете қалды. «Үйдемісің? Міне, жеттім!», деді. Қолтығына қыстырған екі-үш дана «Лениншіл жасы» бар Мұқағали келді. Жағасы жайлау. Құшақтап, мойныма асылды. Газетті жалма-жан ашты. Екі жақ айқарма беттің үстіңгі жағына орналасыпты, «Жүректен – жүрекке» деп ірі-ірі әріптермен жазылыпты, «Рахмет, бауырым! Өзім өзім болғалы мұндай сөзді бірінші рет естіп тұрмын. Бұрынғы екі жинағым үн-түнсіз өтті ғой. Бұл жолы кітабымды бір түсінсе, сен түсінеді ғой деп әкеліп ем. Бір кезде насыбайшы шалыма қатты риза болып едің. Қателеспеппін. Ойымдағыны ұқтың», деді. Мен де тебіреніп кеттім. «Абайдан кейін тұсаулы аттардай ылғи шапшып келеміз ғой. Оған тіпті үйренісіп те кеттік. Жөнді-жөнсіз өрепкіп сөйлеуге құмармыз. Қазақ ойының су төгілмес жорғадай жайлы тынысын тіпті ұмытып та қалыппыз. Сіздің мына кітабыңызды оқығалы бері казарманың қым-қуыт нарларынан құтылып, өз үй, өлең төсегіме келіп ұйықтағандай рахаттанып жүрмін», дедім. Мұқағали қолыма қолын қойып, қайта-қайта құшырлана қысты. «Ризамын. Жақсы жолықтым. Нарынқолдан жабағы сойып алғыздым. Қасыңа Асқарды қосайын. Үй-іштеріңізбен түгел біздікіне келіп, мына жаман ағаңды бір шашылдырмайсыңдар ма?!» деп, әдеттегі салмақты мінезін ұмытып, қаудырлай жөнелді. Ол кезде Мұқағали Тайыр Жароковтың баласымен бірге Чайковский көшесінде тұратын. Шынында да шашылтудай-ақ шашылттық. Түннің бір уағына дейін отырдық. Жазылып жатқан өлеңдерін оқыттық. Мұқағалидың іштей тіреп жүрген көкірегін бір ортайттық. Үй-іштерімізді апарып жатқызып, Асқар екеуміз: «Мұқаңның екінші тынысы ашылыпты. Енді мұны ешкім де тоқтата алмайды», деп қайта-қайта тамсанып, орталық алаңды әрі-бері кезумен болдық. Кейін, расында да солай болды. Мұқағалидың қаламынан шыққан әрбір жол халық көңіліне майдай жақты. Қазақ өлеңінің эмансипациялану жолында ерекше орын иеленетін «Қарлығашым, келдің бе?» жинағы дүниеге осылай келген-ді. – Мұқағали қайтыс болғаннан кейін Әбділда Тәжібаев буырқана толқып, керемет сөздерін айтты. «Қазақ әдебиетіндегі» қазанамада Қадыр мен Тұманбайлар ерекше пікірлерін арнады. Бәрі талантты замандасын ұлықтады. Біз, оқырман, сіз енді ақын шығармаларын бұрынғыдан да терең сараптайтын шығар деп күткен едік... Соның мәнісін әңгімелеуге қалайсыз? – Әскерден де келдім. Екі-үш ай үйде қарап бос жаттым. Ақырында, кинода істейтін Камал Смайылов пен Қалтай Мұхамеджанов студияға жұмысқа шақырды. Қызмет орнымыз – қаланың сыртында. Күні-бойы сонда жүреміз. Кештетіп үйге әрең жетеміз. Бір күні аялдамадан түсіп жатсам, Мұқағали ұшыраса кетті. Үй ауыстырыпты. «Осы арадан жақын жерде. Тиіп тұр», дейді. Жата келіп жабысты. «Үйді көріп шық. Көп ұстамаймын. Баяғыдан қалай екенмін? Өстім бе екен, өштім бе екен? Жарты сағат өлең оқимын. Сосын босатамын», деді. Көңілін қия алмадым. Соңына еріп келемін. Күләш Байсейітова көшесінде, бұрын Әбділда Тәжібаев кірген үйде екен. «Тсс, бұрын ылғи ұлылар тұрған. Абайлап баспасақ, аруақтары оянып кетеді», дейді Мұқағали. Ауыз бөлмеде Лашын жеңгей астау малшылап, кір жуып жүр. Сәлемдесіп ішке оздық. Дәптерді алып, өлең оқи бастады. Баяғысынша сілтейді. Кемеліне келген перен ақын. Риза болып отырмын. Жарты сағат өтті. Оқуын доғарды. Бас бармағымды көрсеттім. Мен маңдайынан бір иіскедім де, орнымнан тұрдым. Сыртқа шығарып салды. «Қызметің қалай?» деді. «Шаршатады». «Шаршайтын кезде шаршаған дұрыс қой. Кейін сағынуға жақсы!». Қоштасып, жүріп кеттім. Сол жұмысбасты жүріспен бес жыл өтті. 1975 жылы қоңыр күзде Орталық комитетке ауыстым. 1976 жылы Мұқағали дүние салды. Бірде телефон соғып: «Гурьев жақта таныстарың бар ғой. Менің балам сол жақта қызметте еді. Бас-көз болып жүрсін. Біреу-міреуіне айтып қойсайшы!», деді. Он алтысында оқуға аттанып кеткен балада қай бір ондай пәрменді таныс болады дейсің. Ұяла-ұяла біреуге телефон шалдым. Оның не тындырғанын білмеймін. Обалы не керек? Қазақ қауымы Мұқағалиды өлгеннен соң ұлықтаудай-ақ ұлықтады. Өте дұрыс! Нағыз маңдайыңызға тигізіп, мақтанатын ақын. Жинақтан соң жинаққа ауысқан сайын өсе түсті. Өсе-өсе шырқау биікке көтерілді. Өз-өзімнен тоғайып жүрдім. Тірі кезінде алғашқылардың бірі болып пікір айттым. Оныма ақынның өзі риза болды. Сонда «бір көрсем-ау» деп армандаған туған жеріне де бардым. Лашын жеңгейдің ағасы Әзімхановпен де кездескенмін. Бала кездегі орындарында болғанмын. Ақынның екі туып, бір қалған досы Еркін Ібітановтың үйіндегі жеңгейдің үзілдіре салған әдемі әні әліге дейін құлағымда. Алыс Шалкөде жайлауы да, қақ ортада шөккен үлектей сұлай жығылған Елшенбүйректің етегіндегі Қарасаз да, аспан төсін бір өзі билеген Хантәңірінің бауырындағы қалың шұбар да – бәрі-бәрі есімде. Нағыз Мұқағалидай ақын туатын марқасқа өлке екен деп тамсанып аттанғанмын. Тұсында жан-тәнімді салып, жақсы көре жазған Ғабит, Тахауи, Бердібек, Қалтай, Зейнолла, Мұқағали, Қадыр, Жұмекендердің қай-қайсысы да қайта айналып соғып, терең сараптайтын саңлақтар деп білемін. Бірақ, өмір жетпей барады. Күні бойы жұмыста жүріп, одан түннің бір уағына дейін қағаз қажап, жұмысбасты ғұмыр өткізгенім аз болғандай, кейінгі жылдары «ел қамын жейтін Едіге» күйінде біраз сенделіппін. Қазір көңіл жеткен жерге көз, пейіл жеткен жерге сөз жетіспестей болып тоқтасып отырмыз. Мұқағалидың дүниеде болып кеткеніне шүкірлік дейік, ағайын! Ұрпақ тірі болса, ол туралы сөз әлі айтыла бермекші. Бірінен бірі аса түспекші! – Академик Сейіт Қасқабасов «Айқын» газетіне берген сұхбатында: «Қазақ поэзиясының өлшемі – Абай және Мұқағали», деді. Бұл әсірелеп айтылған сөз бе, әлде, ойланып айтылған сөз бе? Әдебиеттің абызы ретінде осының ақиқат төрелігіне тоқтала кетсеңіз. – Абай да, Мұқағали да қалың орманды қақ жарып өскен зәулім биік самырсындар ғой. Көкпен бой таластырып тұр. Соған қарағанда, тұлдыр тақырға бітпеген, құнарлы алқаптан жаралған ба деп қаламын. Абай да, Мұқағали да шідер үзген жүйріктер екендігі рас қой. Рухани өмірде Абайша тереңдеу де, Мұқағалиша самғау да бола бермек! – Ақынның қайсыбір замандастарына сенсек, Мұқағалиды ызаландыратын үлкен себептер болмаған екен. Бәрі де жақсы. Дер кезінде кітаптары шығып тұрыпты. Уыс-уыс қаламақы алыпты. Қысқасы, ақынның алабөтен жолын кескен, қолынан қаққан ешкім болмапты. Бәленің бәрін ақын өзі тауып ала беретін көрінеді. Яғни, ол кісілерше айтсақ «Мұқағалидың трагедиясы – тұрмыстық трагедия». Осы туралы сіздің көзқарасыңыз қалай? – Пенделер жүрген жерде пенделік болмай қоймайды. Лев Толстойдың өзінің Шекспирге тіл тигізетіні бар. Ол екеуінің өзі сондай болғанда, қалғандарға не жорық! Мұқағалидың ешкім жолын кескен жоқ, қолынан қаққан жоқ деп айта алмаймыз. Бәлкім, оның пенделіктен көрген азабы да жетіп артылар. Бірақ, оны мұқалтқан тек бұл емес. Оны діңкелеткен аяғын аттатпас тоталитаризм мен одан туындайтын күнбағар конформизм. Ол солармен алысып, соларды еңсерген сайыпқыран. «Болдырам деп болмасты қиялыммен, қайдан білсін, біткенім қайран күшім, бұл ғалам сенің титтей жүрегіңде не болып жатқандығын қайдан білсін!» деп күйзеледі ақын. Енді қынжылғаннан ештеңе өнбейді. Қалың шыршасы қаптай өскен Алатау баурайындай ақын кітаптарына барған сайын терең бойлап, онда айтылған ой мен сезімге қаныға түсейік! Енді оқырман қауымның басты мақсаты сол болмақ! – «Фаризаға» деген өлеңін сіз де оқыдыңыз, біз де оқыдық. Біздіңше, осы жырда қызға қолын жеткізе алмаған ғашық жігіттің өксікті сезімі мүлдем жоқ сияқты. Есесіне, буырқанған ақын тоңмойын қоғамның келіссіз келбетін көз алдымызға елестетеді. Бұған сіз не дер едіңіз? – Бұл айтқаныңызға алып-қосарым жоқ. Ұлы ақынды тебіренткен Фаризаның талантына да бас иемін. Әрдайым аман жүрсін! – «Қазір адамдар өлең оқымайды», деп жазып жатамыз. Дәлелдерге сенгің-ақ келеді. Сенейін деп тұрғанда Мұқағали есіңе түседі. Бүгінгі жастар да оны ден қойып оқып жатыр. Мұның себебі не? Осы екі араны қалай айырып берген болар едіңіз? – Мұқағали қазақ өлеңінің өрісін кеңейтіп, болашағын нығайтты. Оқырмандарын ғана емес, ақындарын да көбейтті. Замандастарын ғана емес, ағаларын да тамсантты. Оны іздеп жүріп оқитындардың жылдан-жылға өсе түскені де рас. Ел аузынан түспейді. Бұған қуанамыз. Бұдан бірақ бізде кітап оқитындар азайып кеткен жоқ деген сөз тумайды. Кітап басу, кітап тарату, кітапты насихаттау мәселесі өткір тұр. Оны жасыруға болмайды. Халтурщиктер оқылмаса, тұрсын. Лев Толстойдың, Әуезовтің атын естігендер болмаса, қолына ұстап көрмегендер көбейіп барады. Жаппай кітапсыздану заманы келе жатқанын Мұқағали алдында айрықша күйзеліп отырып айтамын. Бұрын ауыз әдебиетінен айырылып қалып едік. Енді жазба әдебиетінен де айырылып қалмақпыз. Бұл саңлақ ақын мен нашар ақын мәселесінен гөрі де күрделі гәп. – Сонау жетпісінші жылдың басынан бері мұқағалишыл оқырман сізді Мұқағалидың шын жанашыры деп ұғады. Бұлай айт деп көпшілікті ешкім зорлаған жоқ. Сол көпшілікке қандай сәлем жолдаған болар едіңіз? – Ақынын ардақтаған ел аман болсын. – Мұқағалидың мерейтойы қандай ерекшеліктермен көз тартса дейсіз? – Өлеңге ізеттің өнегесін көрсетсін! 08.06.2011Өнеркәсіп әлеуетінің экономикалық негізі
Экономика • Бүгін, 08:25
Егемен Қазақстан • Бүгін, 08:20
«Алтын сақина» пьесасының құнды қолжазбасы
Тарих • Бүгін, 08:17
Тағзым • Бүгін, 08:15
Ұлы дала ғұламалары және Түркістан
Аймақтар • Бүгін, 08:13
БҰҰ мінберінен сөйлеген біртуар қайраткер
Тұлға • Бүгін, 08:10