Алматыда «Нұрбанк» АҚ-тың топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновті қасақана өлтіру фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу нәтижелеріне арналған баспасөз мәслихаты болып өтті. Ішкі істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің ғимаратында өткен жиынға Бас прокуратураның Тергеу заңдылығын қадағалау және тергеу жүргізу департаментінің бастығы Нұрмұхан Исаев, ІІМ Тергеу комитеті басқармасының бастығы Гаши Машанло, Берлин медицина университеті «Шаритэ» құқықтық медицина институтының директоры, профессор Михаэль Тсокос және басқалар қатысты.
Жиында сөз алған Бас прокуратураның Тергеу заңдылығын қадағалау және тергеу жүргізу департаментінің бастығы Нұрмұхан Исаев жиналғандарға құрамында Р.Әлиев, В.Кошляк және Қ.Әкімқұлов бар қылмыстық топтың ұйымдастыруымен болған жантүршігерлік қылмыс және осы қылмыстық іске байланысты тергеу қорытындылары туралы жан-жақты баяндап берді.
– Көпшілікке белгілі, «Нұрбанктің» топ-менеджерлері Ж.Темірәлиев пен А.Хасеновтің мәйіттерінің табылғаны жөнінде баспасөзде кеңінен жазылды. Бүгінгі басқосуда сол қылмыстық іске байланысты жүргізілген тергеу жұмыстарының қорытындысын, яғни сараптама нәтижелерін айтпақпыз. 2007 жылдың 31 қаңтарында Р.Әлиевтің, В.Кошляктің және Қ.Әкімқұловтың басшылығындағы қылмыстық топтың мүшелері сол банк басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Ж.Темірәлиев пен әкімшілік-шаруашылық басқармасының бұрынғы бастығы А.Хасеновті ұрлаған болатын.
Міне, осы факт бойынша Алматы қалалық ІІД Қылмыстық кодекстің 125-бабының 3-бөлігімен (адам ұрлау) және 235-бабының 1-бөлігімен (ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оны басқару) көзделген қылмыс белгілері бойынша қылмыстық іс қозғаған еді. Ал, енді бұл қылмыстық істі тергеу 2007 жылдың күзінде аяқталып, келер жылдың қаңтар айында Р.Әлиев, В.Кошляк, Қ.Әкімқұлов және өзге де адамдар осы, сондай-ақ басқа да бірқатар қылмыстары үшін Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімімен сотталғандығы баршаға мәлім. Адам ұрлау фактісін тергеу кезінде-ақ ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінің (қасақана адам өлтіру) белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өйткені, сол кездің өзінде тергеу орындарында жәбірленушілер қылмыскерлер құрбандығына айналды деп ұйғаруына негіз болды. Қылмыстық қудалау органдары ұрланғандардың қай жерде екендігін анықтау бағытындағы іс-шараларды төрт жыл бойы жалғастырды. Атап айтарлығы, жақында ғана, яғни 12 мамырда Алматы қаласының Ремизов шатқалының жанынан Темірәлиев пен Хасеновтің мәйіттері табылды, – деді Нұрмұхан Молдалыұлы.
Анығырақ айтқанда, олардың мәйіті Әл-Фараби даңғылы, 16 «б» мекен-жайында орналасқан «Қазтелерадио» АҚ қойма базасының бетонды қоршауынан шығысқа қарай он метр қашықтық шамасында, құрылыс қоқыстарын төгуге арналған арнайы шұңқырда, үш-төрт метр тереңдікте темір бөшкенің ішінен табылған. Сыйымдылығы 200 литрлік әк салынған темір бөшкенің ішінен белгісіз адамның жартылай скелеттелген мәйіті шықты. Мәйіттің басындағы қара түсті тоқыма бас киімнің үстінен полиэтиленді пакет кигізіліп, мәйіттің мойны желі сымымен тартылып байланған. «Оқиға болған жерді одан әрі қарау кезінде ертеңіне, яғни 13 мамыр күні тағы да бір ішіне әк салынған 200 литрлік темір бөшкенің ішінен белгісіз адамның жартылай скелеттелген мәйіті табылды», деді өз сөзін одан әрі жалғастырған Бас прокуратура өкілі Нұрмұхан Исаев.
Ж.Темірәлиев пен А.Хасеновті қатыгездікпен өлтіру фактісіне байланысты жүргізілген тергеу жұмыстары, сондай-ақ сот-дәрігерлік сараптама нәтижелері бірқатар күмәнді сейілтіп, ақиқаттың бетін ашты. Баспасөз мәслихатына қатысқан Нұрмұхан Исаев, Гаши Машанло, Михаэль Тсокос және басқалар ауқымды әрі бұлтартпас нақты мәліметтерді жария етті.
Сонымен, сала басшыларының айтуынша, тергеу жұмыстары толықтай аяқталған. Қылмыскерлерге халықаралық іздеу жарияланып, экстрадицияға сұрау жолданған.
Бақыт БАЛҒАРИНА,
Алматы.