17 Маусым, 2011

Үйретеріміз де, үйренеріміз де көп

354 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қызылжар өңірі Ресейдің үш облысымен шектеседі. Ара­ларын шекара бөліп тұр деме­сең, «ауы­лы аралас, қойы қора­лас» екі ел­дің жарасымды дос­ты­ғына қылау түскен емес. Қазақ­стан Кеден ода­ғы­на мүше болып кіргелі сан-сала­лы ын­ты­мақтастық тіпті арта түсті. Облыс әкімі Серік Біләлов бас­­та­ған солтүс­тік­қазақ­стандық де­­лега­ция­ның Тү­мен об­лысында­ғы бұл жолғы са­пары іскерлік байла­ныстарға толы бол­ды. Қа­зақстан­дық әріптес­терін Түмен облысы­ның губерна­торы Владимир Якушев жылы шырай­мен қарсы алып, екі өңір­дің әлеу­мет­тік-экономи­калық даму бағы­ты­ның дұрысты­ғын, хал­қымыз­дың тарихын­да ұқ­сас­­тық­тар көп екенін атап өтті. Серік Сұлтан­ғазы­ұлы өз сөзінде үш мем­лекет ара­сындағы кедендік ке­лі­сім жыл өткен сайын жақ­са­рып келе жат­қанын, оны сауда айналы­мын­дағы ілгерілеу ай­ғақ­тайтынын жет­кізді. Содан кейін делегация облыс өмірімен таны­суды «Яров­ское» ЖШС-нен бас­тады. Ша­руа­шылық «Француз лимузині» атты асыл тұқымды ірі қара ма­лын өсірумен айналысады. Оның бас­шысы Виктор Связин­нің ай­туын­ша, Франциядан 119 бас та­йынша жеткізілген. Ойнақ сал­ған бұзау­лар күніне бір ки­лоға дейін салмақ қосатын көрі­неді. Былтыр­ғы құр­ғақ­­шылық көр­ші­лерімізге де ауыр тигенге ұқсай­ды. Соның сал­дарынан қо­ғамдық малды ауқат­ты шаруа­шы­лық­тар­ға таратып беріпті. Ен­ді са­палы жем-шөп қорын да­йын­дауды ой­ластырып, біржыл­дық шөпті мо­лынан егуге бет бұ­рыпты. Күзге дейін мал басын 600-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Қазан ауданына қарасты «Маяк агрокешені» ЖАҚ – «Аг­ро­өнер­кә­сіп кешенін дамы­ту» ұлттық жоба­сына белсене атса­лысып жүр­ген ірі шаруа­шы­лық­тардың бірі. Сүтті мал өсіруге мамандан­ған қо­ғамда 1200 сиыр бағылады. Шаруа­шы­лық мал бағудың озық тех­но­­логиясын енді ғана меңгере баст­а­ған секілді. Операторлар сиырдың қашан сауылып, қан­ша мөлшерде сүт бергенін монитор арқылы ба­қы­­лап оты­ра­ды. Делегация мүше­лері мұн­дай озық әдістің Қазақ­станға таңсық еместігін жарыса айтып жат­ты. Қазақ­стан­ның Ең­бек Ері Ген­надий Зенченко бас­қа­ратын серіктестік әлдеқашан игер­ген. Соның арқасында Голландиядан алды­рыл­ған мама сиырлар жы­лына 6-8 мың литрге дейін сүт береді. Анатолий Рафальский жетекшілік ететін «Та­йын­­ша-Ас­тық» агро­фир­­ма­сы да осын­дай өміршең тех­но­логияға қол жеткізген. Делегацияның ендігі бір ат­ба­сын тірегені Заводоуковка қа­ласын­дағы «Пур-Агроук» ААҚ болды. Ет өңдеу кешенінде мал союдан бастап тұтынушыларға жеткізілетін өнімге дейінгі тізбек кластерлік жүйемен атқа­ры­лады. Мұнда жылына 3,5 мың тонна ет, 1,5 мың тонна жар­тылай фабрикаттар әзір­ленеді. Сол­түстікқа­зақ­стандық­тар­ды картоп пен көкөніс өсі­румен түбегейлі ай­на­­лы­сатын агроөнеркәсіп кешені­нің жұ­мыс тәсілі сүйсіндірді. Оның 30 мың гектар егістік ал­қабы бар. Тұ­қым­дық картоп сатумен де шұ­ғыл­данады. Сыйым­ды­лығы 50 мың тонна болатын кө­көніс қой­масы түгелдей ав­то­маттанды­рыл­ған. – Қызылжар өңірінің кар­топ­қа деген сұранысын бір ға­на кә­сіпорынның өтеуі шы­нында да үй­ренетін үрдіс екен. Алдағы уа­қытта мамандары­мызды жіберіп, тәжірибе алма­са­тын бола­мыз, – деді аймақ басшысы жақ­сыда жаттық жоқ екенін аңғар­тып. Түмендік дәрігерлер қызыл­жар­лық де­легацияны жылы шы­раймен қарсы ал­ды. Олай бола­тын жөні бар. Түмен об­лыстық клиникалық аурухана­сы 2002 жыл­дан бері туа бітті жүрек ауруы­на шалдыққан сол­түстік­қазақстандық бала­лар­ға ота жасап келеді. Осы мерзім ішінде 4,5 мың балдырғанды қа­былдап, 453 ота жасады. 60 пайызы Петропавлда, қалғаны Түменде іске асырылды. Бөлім меңгерушісі Кирилл Горбатиков бір топ кар­дио­хирургтің 14 бала­ға ота жасау мақ­­сатымен ке­зекті іссапарға дайын­далып жатқанын жеткізді. Түмен облысында тұрып жат­қан қа­зақ диаспорасы өкіл­дері­мен кездесу де, Шығыс-Сі­бір мұнай-газ орталығын­дағы шара да, шекаралас ынтымақ­тас­тықты нығай­ту­­ға арналған Қа­зақ­стан – Ресей іскерлік форумы да аса мазмұнды өтті. Екі күндік сапар барысында солтүс­тік­қазақстандық делегация мен Түмен облысының ат­қарушы органдарының жетекшілері көршілес облыстар ара­сын­да ынтымақтастық орнату тура­лы бірнеше келісімге қол қойды. Ол сауда, экономика, ауыл ша­руа­шылығы, мәде­ниет, білім, ден­саулық салаларын қамтыды. Түмендіктер Солтүстік Қа­зақ­стан облысына жақын күн­дері келеді деп күтілуде. Өмір ЕСҚАЛИ, Жасын БІРКЕНОВ, журналист. Солтүстік Қазақстан облысы.