Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен жоғарғы палатаның кезекті отырысы болды. Онда депутаттар еліміздің Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымына негізделген Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысын қарай келіп, Жоғарғы Соттың судьясы қызметіне Е.Н.Әбдіқадыровты сайлады.
Одан кейін 2010 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің есептері тыңдалып, депутаттар ел қаржысының игерілуін жан-жақты саралады. Күн тәртібіне сәйкес 2010 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің есептері талқыланды.
Есеп құжаттары туралы депутаттардың көптеген сауалдарына Қаржы министрі Б.Жәмішев пен Есеп комитетінің төрағасы О.Өксікбаев және Ұлттық банк төрағасының орынбасары Б.Тәжіяқов жауап берді. Есепті талқылау барысында Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Б.Досманбетов қосымша баяндама жасады. Былтырғы жыл бюджетінің кіріс және шығыс бөліктерінің атқарылуына талдау жасалып, бюджет және салық заңнамалары толық сақталмағаны аталып өтілді. Өткен жылғы бюджеттің атқарылуы ел экономикасының дағдарыстан кейінгі дамуы кезеңіне тап келгені, сондықтан бюджет екі рет нақтыланып, 16 рет түзетулер енгізіліп, параметрлері бастапқы бекітілгеннен айтарлықтай өзгергені айтылды.
Отырыста аталып өтілгендей, республикалық бюджеттің кіріс бөлігін жоспарлау әлі де жетілдіруді қажет етеді. Өткен жылы бюджет түсімдерінің 106 пайызы орындалғанына қарамастан, корпоративтік табыс салығынан, импортталатын тауарларға салынатын акциздерден, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерден 21,4 миллиард теңге бюджетке түспепті. Салық бойынша берешек өткен жылмен салыстырғанда 2 есе өсіп, 199 миллиард теңгеге жеткен, оның ішінде жалған кәсіпорындардың «проблемалық берешегі» 89,5 миллиард теңгені құрап отыр.
Бюджеттің шығыстары оның екі рет нақтылануына, көп рет түзетілуіне қарамастан, 37,6 миллиард теңге игерілмей қалған. Өкінішке қарай, Үкімет игерілмейтіндігін біле тұра бағдарламалар әкімшілеріне желтоқсан айының аяғында 39 миллиард теңге аударған, әрі бұл бюджет толығымен игерілген болып есептеледі. Сондықтан да, бюджеттің пайдаланылмаған қалдықтары жыл басына 93,3 миллиард теңге болып қалыптасқан.
Сенаторлар бюджеттің орындалу барысында заң бұзушылықтар бар екеніне назар аударды. Игерілмеудің басты себептері – сапалы жоспарланбауы, іске асыру тетігінің жетілдірілмеуі, бағдарлама әкімшілерінің жауапсыздығы атап өтілді. Мемлекеттік сараптамасыз, техникалық-экономикалық негіздемесіз және жоба-сметалық құжаттары әзірленбей қаржыландырылуы, құрылыстың басталуы, қаражат мақсатының бұзылуы, мердігерлердің міндеттемелерін уақтылы орындамауы мәселелеріне назар аударылды. Кейбір жағдайларда қаражат бөлініп, ол депозитке салынып, құрылысы басталмай оған тиісті мемлекеттік органдар тарапынан бақылаудың жүргізілмегені де айтылды. Отырыста пайдаланылмай жатқан қаражатты қайта қайтарудың тетігін заң жүзінде реттеуді Үкімет қолға алуы қажеттігі атап көрсетілді.
Жан-жақты талқылаудың нәтижесінде есепті бекіту жөнінде Парламент палаталарының бірлескен отырысына қосымша баяндама әзірлеу Сенаттың Қаржы және бюджет комитетіне тапсырылды.
Сенат отырысына талқылауға ұсынылған халықаралық келісімдер бойынша заң жобалары – «Мемлекеттік (муниципалдық) сатып алу туралы келісімді ратификациялау туралы», «Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Бәсекелестіктің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары қабылданды. Экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған бұл заң жобалары бойынша сенаторлар алдында Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Н.Алдабергенов пен Бәсекелестікті қорғау агенттігі төрағасының орынбасары Б.Парсегов түсініктеме берді.
Сонымен бірге, сенаторлар Парламенттің Регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі бірлескен комиссиясының құрамына өз әріптестерін сайлады. Отырыс аяғында сенаторлар Қ.Айтаханов, С.Еңсегенов, Р.Ахметов, Ғ.Есім, С.Плотников, А.Савченко ел өміріндегі көкейкесті мәселелер бойынша депутаттық сауалдар жолдады.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.