ПАРЛАМЕНТ
«Егемен Қазақстанның» арнаулы беті
Тәуелсіздік туын тіккенімізге биыл 20 жыл толады. Егемендік алғалы бері елдіктің символдары қай дәрежеде дәріптеліп, құрметтеліп жүр. Ел символдарының қатарына жататын мемлекеттік тіл және оның қолданылу аясы қандай? Осыдан екі жыл бұрын Мемлекеттік туды дәріптеу турасында сауал жолданып, оны ірі-ірі қалалардың көрнекті орындарында және Ұлы Жібек жолы, бүгінгі Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық автомобиль жолы өтетін ірі қалалардың кіре берісі мен шыға берісіне биік тұғырға орнату ұсынылған еді. Әзірге, тек елордамыз Астанада ғана, онда да бір жерде тұрғанына көңіл жұбатып жүрміз. Бүгінгі айтылатын мәселе – ресми жиындардағы баяндамашылардың тілі. Мысалды алыстан емес, Парламент Мәжілісінің өз қабырғасынан-ақ алайық. Біздегі мемлекеттік тілге ілеспе аударма сапасын айтпағанның өзінде, кейде аударылмайды да. Өткендегі Үкімет сағатындағы жасалған ескертпеден кейін анық болғанындай, біздің бәріміздің орыс тілін түсініп-білетініміз үшін ілеспе аударма жасамауға да болады екен. Сонда қалай, біздің орыс тілін білгендігіміз үшін мемлекеттік тіл зардап шегуі керек пе? 20 жылда қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне лайық бола алмай келеді. Бұл жерде маңызды проблема – қоғамның санасында қазақ тілі мемлекеттік тіл сынды биік мәртебеге ие болса да, тек осы тілде сөйлейік, осы тілді қолданамыз деген берік түсінік әлі қалыптаспауда. Мемлекеттік тіл болғаннан кейін, оны дамыту, орнықтыру мен нығайту – әлбетте мемлекеттің міндеті. Алайда, қоғам да шетте қалмауы керек. Дей тұрғанмен, мемлекет осы мәселені лайықты атқаруға тиіс болғанымен, оны өз деңгейіне жеткізе алмай отыр. Соның кесірінен қазақ тілі жетімдік көруде. Министрліктерде жұмыс істейтіндер мен Үкімет басшылығында қызмет атқаратындардың 80-90 пайызы қазақ ұлтының өкілі екені белгілі. Солардың мемлекеттік тілді дамытамыз деп әбігерге түсіп жүргендеріне аяушылықпен қарауға тура келеді. Оларда жүріп жататын сансыз жиындардың күні бүгінге дейін, тым құрыса, біреуі бастан-аяқ мемлекеттік тілде өтпейді. Бүкіл ел, бүкіл төменгі басшылық соларға қарап, солардан тәлім алмай ма? Осында, Парламент қабырғасында баяндамаларын қазақ тілінде жасайтын кейбір басшылар, тілі шұбарланып, ежіктеп тұрғанда, құлаққа ерсі тиіп, намысыңды қоздырады. Қазақша сөйлей алмайтынына тіпті қысылмайтын да сияқты. Мемлекет қажет етпеген тілде мен неге сөйлеуім керек дейді ме екен? Олар біздің тілімізді, Қазақ елі сөйлейтін қазақ тілін дәл осылайша қорлап отыр және анасының тілі мен ұлтының құндылықтарынан қызметін жоғары санайтындарды кімдердің санатына қосамыз? Қазақстан азаматы бола тұра, еліміздегі басқа ұлт өкілдерінің кейбіреулерінің, ата-бабаларымыздың дініне, тіліне, асыл құндылықтарына, мемлекет символдарына мұрын шүйіріп те қарамайтындығы өз тарапымыздан орын алып отырған осындай көзқарастан болса керек. Әйтпесе, басқа жұрт емес, шетел емес, өзіміз қаржыландыратын орыс тіліндегі басылым қазақтың киелі киіз үйін айдың, күннің аманында «қаңғыбас қазақ тұратын күрке» деп, Алаштың арысы Мағжанның тегі Жұмабаевты – Пятницабаев, өнер қайраткері Бақытжан Жұмаділовті – Пятницаділов деп аудармас еді ғой. Кepeгeміз – ағаш, ұранымыз – «Алаш» деген ежелгі түркілердің тұғырын құлатпай, ата жұртқа ат байлаған, көшуге ыңғайлы, өзімен бipге ала жүріп өмір сүрген баспанасы – киіз үйді осылай қорламас еді. Бұл – нағыз масқара! Біле-білгенге киіз үй – қазақ тұрмысының басты болмысы. Рухани мәдениет ауқымында киiз үй баспана ғана емес, арғы әлеммен байланыстырып, қаскөй рухтардан қорғайтын киелi орын. Қазақ үйдiң киесi шаңырақтан бастау алады. Уық орнықталып, кереге мықты болып, іргесін беріктейді. Шаңырақты тапжылтпай ұстап тұрады. Ынтымақ пен бірліктің белгісі осында екенін білмеді дейміз бе? Жоқ білді. Біле тұра әдейі жасады, намысты таптағысы, әруақты қорлағысы келді. Кешегі Алаш арысы Мағжанның рухын сайқымазақ ету жай білместіктен бола салған жәйт деуге келмейді. Кезінде кеңес өкілі Жангелдинді ескі хүкімет қазақ шапанын кабинет киіміне, ислам дінін христиан дініне айырбастатып, Степновқа айналдырып қана қоймай, миссионер етіп қорламап па еді. Бұл сөзімді кейбіреулер ұлтшылдыққа балауы мүмкін. Мейлі, егер «телехабарлардың кем дегенде жартысы қазақ тілінде болуы керек» деген ұсынысым ұлтшылдық болса, бола қойсын. Еліміздің елеулі мемлекеттік мерекелерінде қазақтың әні шырқалып, қойылымында қазақ иісі шығып тұратын ұлттық сахнаны өзіміздің қазақ өнер иесі басқаруын қаласам, осы ұлтшылдық па? Ұлтымыздың мүддесін қорғау ұлтшылдық емес болар! Жоғарыдағы айтылғандарға орай төмендегідей ұсыныстарым бар. Оларды біреу қолдар, біреу қолдамас, мәселе онда емес. Біріншіден, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының соңғы өткен сессиясында сөйлеген сөзінде: «Тілге шын жанашыр болса, қалтасынан ақша шығарсын да арнайы жобаларға салсын», – деген еді. Ендеше, кез келген мемлекеттік қызметкер ресми жиындарда қазақша таза сөйлей алмаса, ілеспе аударманы қамтамасыз етіп, шығындарын өз қалтасынан төлесін. Екіншіден, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік мемлекеттік қызметшілер мен әкімшілік мемлекеттік лауазымдарды атқаруға үміткерлерді сынақтан өткізуде белгіленген тәртіппен мемлекеттік тілді жетік меңгеру аясында қазақ тілі бойынша емтихан алуы қажет. Ел президенттігінен үміткер болған кезде Елбасы да емтихан тапсырды емес пе? Неге басқаларға да осындай талап қоймасқа. Яғни, тиісті заңдарға өзгерістер енгізілуі қажет. Үшіншіден, отандық бұқаралық ақпарат құралдарында ұлттың ар-намысына тиетін, қоғамда наразылық тудыратын дүниелер жарияланып кетпеуі үшін құзыретті органдар тарапынан қатаң бақылау болуы қажет. Жоғарыда аталған келеңсіздікке жол берген, қазақ ұлтын сайқымазақ еткен Ақмола облыстық «Степной маяк», аудандық «Бурабай», «Луч», «Сельская новь» газеттерін жауып қана қоймай, заң алдында тиісті жазаға тарту керек деп санаймын. Нұрлан ӨНЕРБАЙ, Мәжіліс депутаты.