Кеше елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада еліміз Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, «Сыртқы саясат саласындағы терминдер және оларды қолдану нормалары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Ел Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссияларының мүшелері, жоо-ның белгілі ғалымдары, жоғары және орталық атқарушы органдардағы мемлекеттік тілді дамыту және аударма саласының мамандары, Парламент депутаттары қатысқан бұл жиынды А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, Үкімет жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшесі Шерубай Құрманбайұлы ашып, жүргізіп отырды.
Ол өз кезегінде терминология саласында кездесетін кейбір түйткілді мәселелердің түйінін шешудің өзектілігіне тоқталды. «Бүгінгі таңда дипломатиялық терминдерді біріздендіруді жүйелі түрде шешу жолға қойылмай отыр. Себебі, сыртқы саясат саласындағы белгілі бір терминдердің қолданысы бір ғана елдің, бір ғана тілдің шеңберімен шектелмейді. Екіжақты, көпжақты келісім шарттарға қол қою барысында, мемлекет басшыларының кездесуі кезінде жасалатын түрлі хаттамалар мен құжаттар кезінде осы терминдер қолданылады. Ал сыртқы саясат саласындағы, дипломатия бағытындағы терминдерді біріздендіру мәселесін соза беретін болсақ, онда біз күнделікті өтіп жататын түрлі деңгейдегі шаралардағы құжаттарымызды рәсімдеу кезінде қиындықтарға тап боламыз. Сондықтан, бүгінгі дөңгелек үстелдің маңызы ерекше», деді Шерубай Құрманбайұлы.
Бұдан кейін сөз Мәдениет вице-министрі Ғазиз Телебаевқа берілді. Мәдениет ведомствосының өкілі өз сөзінде ономастикаға, терминологияға, жалпы тілге қатысты мәселелер бір ғана мемлекеттік органның құзырына тиесілі еместігіне, себебі, олар ел болып, халық болып бірге көтеретін ауыр жүк екендігіне тоқталып өтті. «Біздің әрқайсысымыз өз тарапымыздан қандай көмек керек, қандай бағдарлама және қандай заң қабылдау керек, деген мәселелер төңірегінде атсалысуға тиіспіз. Оған бүкіл халықтың қолдауы керек. Осы орайда, мен тіл мәселесіне жанашырлық танытып отырғандарыңызға ризашылығымды білдіргім келеді», деді Ғазиз Телебаев.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай: «Біздің сыртқы саяси ведомствода мемлекеттік тілдің халықаралық саладағы қолданысын арттыруға әжептәуір күш салынып жатыр. Дегенмен, әлі де кемшіліктер бар. Оларды мойындауға тура келеді. Сол олқылықтарды болдырмас үшін, ең алдымен біздің министрліктің ішінде жыл сайын тілге байланысты аттестация өткізіледі. Әдетте ол кеңестік кезеңде емтихан түрінде өтуші еді. Содан біз арылсақ дейміз. Қызметкерлердің қазақ тілін қаншалықты білетіндігін компьютер негізінде анықтап, объективті түрде баға беруіміз керек. Бүгінде осы бағытта жұмыс атқарып жатырмыз», деді.
Вице-министрдің айтуынша, сыртқы саясатқа, сыртқы қатынастарға байланысты терминдер төңірегіндегі қордаланып қалған мәселелерді шешу мақсатында Сыртқы істер министрлігінде арнайы терминологиялық топ құрылыпты. Ол топ ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап, қазақша, орысша, ағылшынша жаңа дипломатиялық сөздік дайындап жатыр екен. Бұл сөздіктің алғашқы нұсқасы мамандардың саралауынан, тексеруінен өткеннен кейін барып, міндетті түрде мемлекеттік терминологиялық комиссиясының қарауына өтпек. «Сөздікке қатысты жұмыстар биылғы жылы аяқталады деп ойлаймыз. Мұндай сөздік бұрын екі рет шыққан. Алайда, олар 1-2 мың тиражбен ғана тараған еді. Ол әрине, жеткіліксіз. Осы жолы біз сөздікті 10 мың тиражбен шығарайық деп отырмыз», дей келе Қайрат Сарыбай, өзінің мемлекеттік терминологиялық комиссияға қатысты ұсыныстарына тоқталып өтті. Оның пікірінше, біріншіден, мемлекеттік терминологиялық комиссия өзінің отырысын жүйелі түрде өткізуі керек. «Екіншіден, Терминкомда сыртқы саясатқа қатысты бірде-бір мүше жоқ екендігі ескеріліп, бұл олқылықтың орны толтырылғаны жөн. Үшіншіден, мемлекеттік терминологиялық комиссияның бүкіл облыстарда міндетті түрде бөлімшелері құрылуы қажет», деді Сыртқы істер министрінің орынбасары. Ол сондай-ақ, терминологияның көп жағдайда орыс тілінен аударылып келе жатқанын, бұл ретте түрік, татар, өзбектердің тәжірибесіне де сүйенген артық болмайтынын жеткізді. «Кейбір салаларда олардың терминологиясы әлдеқайда жақсы дамыған. Неге солардан үлгі алмасқа? Мысалы, өткен жылы «действующий председатель» деген сөз тіркесінің неше түрлі баламасын ұсынған болатынбыз. Бірақ Елбасы «Іс басындағы төраға» деген өзінің нағыз функциясына дәл келетін қазақша баламасын тапқан еді. Міне, осындай үрдістерді одан әрі жалғастыруымыз керек. Яғни, орыс тілінде солай қалыптасты деп, дәлме-дәл аудармалардан арылуымыз қажет», деді Қ.Сарыбай.
Осы басқосу кезінде өзінің ой-пайымымен бөліскен Сыртқы істер министрлігінің Әкімшілік және бақылау департаментінің кеңесшісі Болат Жәмкенов бүгінгі күнге дейін сыртқы саясатқа қатысты терминдер жайлы келелі жиын болмағанын, сондықтан, мұндай отырыстардың маңызы айрықша екендігіне тоқталды.
Б.Жәмкенов осылай десе, жазушы, аудармашы Мәди Айымбетов халықаралық құжаттардың аудармасы мен терминдердің қолданылу деңгейінің әлі де төмен болып отырғанын, сондықтан осы мәселеге баса назар аудару қажеттігін алға тартты.
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов халықаралық терминдердің аударылуы мен оларды біріздендіру төңірегіндегі өзінің ойын айта келе: «Өзімізге өзіміз сын көзбен қарағанымыз жақсы. Біз басқа салаларда бұрын да сөйлеп, жазып жүрген халықпыз. Ал сыртқы саясат саласындағы ізденісіміздің басталғанына 20 жыл. Егер, осы уақыт шектеулігін ескерсек, негізінен сыртқы саясат саласындағы терминдерді қалыптастыру бойынша жақсы жұмыс жүргізіліп жатыр. Басқа салалардағы терминдерді тоқтата тұруға болады, бірақ, халықаралық, әсіресе, сыртқы саясаттағы терминдерді тоқтата алмаймыз. Бәрібір ратификация жасалады, бәрібір қол қойылып, құжаттар дайындалады. Сондықтан, осы салаға арнайы көңіл бөліп отырғанымыз дұрыс», деген ой-пайымын жеткізді.
«Әлем әдбиеті» журналының бас редакторы, жазушы Кеңес Юсуп халықаралық қатынастарда қолданылатын қысқарған сөздерді біріздендіруге, Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының профессоры Сара Қоянбекова сыртқы саясат саласындағы терминдердің ресми қолданылуына, республика Жоғарғы Соты Мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің меңгерушісі Қыдырбек Әлқожаев халықаралық құқық саласындағы терминтану ұстанымдарына, Қазақстан Заң шығару институты Лингвистика орталығының бастығы Нұрзада Примашев заңнамалық актілерде мемлекет, жер-су және ұлттар атауларын рәсімдеуге, Қазақстан Конституциялық Кеңесі Талдау бөлімінің меңгерушісі Мейрамбай Кемалов халықаралық терминдерді ұлттық заңнамаға енгізудің проблемаларына қатысты пікірлерін ортаға салды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.