Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға ресми сапармен келген Испания Корольдігі Үкіметінің төрағасы Хосе Луис Родригес Сапатеромен кездесті.
Мәртебелі мейманды қарсы алудың барлық рәсімдері аяқталған соң, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Испания Үкіметінің төрағасы Хосе Луис Сапатеро екеуара оңаша кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қатысты келіссөз жүргізді, сондай-ақ өңірлік және халықаралық мәселелерді талқылады.
Премьер-министр мырза, мен сізді, сіз бастап келген делегацияны көргеніме шын жүректен қуаныштымын, деді Қазақстан Президенті кездесуде. Біз сіздің келуіңізді көптен бері күттік. Біз білетін барлық күрделі жағдайларға қарамастан келдіңіз. Бұл сапарыңыз біз үшін қымбат. Біз достармыз. Өміріміздің кез келген сәтінде біз дос болып қалуымыз керек. Қазіргі әлемде ешкімге оңай емес. Жалпы алғанда, Еуропада не болып жатқанын білу мен үшін қызықты.
Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстан мен Испания арасында экономикалық ынтымақтастықты арттыру қажеттігін атап өтті. Президенттің атап өткеніндей, Испания Үкіметінің Төрағасы іскер адамдар тобын бастап келіп отыр. Мәртебелі мейман Қазақстан Премьер-Министрімен кездесіп, жеке меншік компаниялармен кездесулер өткізді. Бүгін олар бірлесіп жұмыс істейтін болады. Келіссөздер жүргізіп, келісімдер жасасады.
Биыл біз Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өтеміз, деді әрі қарай Қазақстан Президенті. Осы жылдар ішінде өте жақсы қарым-қатынастар орнықты. Енді экономикалық ынтымақтастықты көтеру керек. Сізден кейін Жоғары мәртебелі Король келеді деп сенемін. Ол өзін жақсы сезінеді деген сенімдемін. Біз оның сапарын күтудеміз. Ал сіздің келгеніңізге қуаныштымыз.
Президент мырза, ықыласты қабылдауыңыз бен шын ниетті сөзіңіз үшін Сізге алғыс айтамын, деді Испания Үкіметінің төрағасы Хосе Луис Родригес Сапатеро өзінің сөзінде. Бұл сапарымның мақсаты – Орталық Азия елдерінің көшбасшысы Қазақстан мен Испания арасындағы қарым-қатынастарды кеңейту және нығайту. Біздің арамызда соңғы 20 жыл ішінде өте жақсы саяси қатынастар орнықты. Енді біз едәуір тиімді болып табылатын энергетикалық секторда, инженерлік, инфрақұрылымдар, телекоммуникация салаларында бірлескен кәсіпорындар ашып, экономика, сауда байланысы, инвестиция салаларын кеңейтуіміз керек.
Бұдан кейін Х.Л.Сапатеро Қазақстан мен Испания арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың перспективалы екеніне тоқталды. Оның тоқталып өткеніндей, екі мемлекет те болып өткен жағдайлардан өте жақсы сабақ алды. Сондықтан өнімді экономикалық өсім, инновациялық экономика үшін қызмет жасап, өсімнің тек қаржылық өсімге қарай анықталуына жол бермеу қажет.
Осылай деген ол Қазақстан Президентіне Испания басшысының сәлемін жеткізді. Жоғары мәртебелі өзі тарапынан Сізге шын жүректен шыққан сәлемін жеткізуімді өтініш етті, деді Х.Л.Сапатеро осы туралы. Ол Сіздің еліңіздің жақсы досы. Әрине, менің бұл сапарымда жетекші испандық компаниялардың басшылары бірге келді. Бұл сапарым жаңа мүмкіндіктер үшін жаңа терезе ашады. Мен Сізді еліңіз қабылдаған қадамдармен, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен, әсем астаналарыңызбен құттықтаймын! Астана – мені зор әсерге бөлеген қала. Қысқа мерзімде осындай қала салу – таңданарлық жәйт. Бұл сіздердің елдің күш-жігері мен қуатын білдіреді.
Осы тұста Елбасы мейманға елорда туралы қысқаша мағлұмат бере кетті. Он жыл ішінде қаланың экономикасы 50 есе өсті, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Егер осы жылдар ішінде жалпы өсім бізде 8-10 пайыз болса, оның ішінде 2 пайызды қала экономикасы берді. Ол уақытта көп ешнәрсе жоқ еді. Ақордаға 2004 жылы көштік. Бұл маңай 2002 жылы ашық жатқан дала болатын. Біздің өзіміз де Астанамен мақтанамыз. Басқа қалалар да қазір дамып келеді. Астанаға қарап дамуда.
Қазақстан Президенті мен Испания Үкіметінің басшысы кездесу барысында атап өткеніндей, Қазақстан – Испания арасындағы саяси ынтымақтастық бүгінде орнықты дамып келеді. Испания Қазақстанның Еуропадағы негізгі стратегиялық әріптестерінің бірі болып табылады. 2009 жылдың шілдесінде Қазақстан мен Испания арасында стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойылған. Сондай-ақ ресми Астананың ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету өтінішіне Испания белсенді түрде қолдау көрсетті. Оның үстіне, Испания 2007 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Мадридте өткен ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде Қазақстанның кандидатурасы бойынша оң шешім қабылдануына ерекше ықпал жасады.
Ақордадағы кешегі кездесуде тараптар енді экономикалық байланыстарды дамытудың кезегі келгеніне де назар аударған еді. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 2010 жылы Қазақстан мен Испания арасындағы тауар айналымы 1,021 миллиард АҚШ долларын құраған. Бұл 2009 жылмен салыстырғанда 45 пайызға артық. Қазақстан Испанияға негізінен мұнай және оның өнімдерін, қара металл, қорғасын, тағы басқа өнімдерді экспорттап келеді. Ал Испания Қазақстанға өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және медициналық жабдықтар, металл құрылғыларын, құрылыс материалдарын жіберуде.
Испания Қазақстан экономикасына едәуір көлемде инвестиция салған. Оның жалпы көлемі 115,2 миллион долларды құрайды. Бұл мәлімет инвестиция көлемінің жылдан жылға артып келе жатқанын көрсетеді. Қазіргі кезде Қазақстанда 30-ға жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Әсіресе, «Индра», «Тальго», «Ибердрола», «Имабе Иберика», «Максам» секілді компаниялардың жұмысын атап өткеніміз жөн. Міне, бұлар Қазақстан мен Испания арасындағы экономикалық байланыстардың уақыт өткен сайын жандана түскенін көрсетеді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.
Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.