Президенттік мәдениет орталығының көрме залында суретші Таңсық Мәжитованың «Адам. Уақыт. Дәуір» атты жеке көрмесі ашылды.
Белгілі тұлғаларды бейнелейтін көрмеде портреттер қаз-қатар тізіліп тұр. Құдды бір портреттер галереясы дерсің. Тағы бір қызығы – олардың ешқайсысы алтындалған рамаға салынбаған. Сөйтсек, ол жұрт назарына ұсынылған еңбектің табиғилығы мен суретшінің ерекшелігін білдіреді екен. Бұл үрдісті соңғы жылдары Еуропа жиі қолданатын көрінеді. Таңсық Мәжитованың портреттер галереясы Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтан басталыпты. Одан әрі жезтаңдай әнші Бибігүл Төлегенова, атақты актер Асанәлі Әшімов, көрнекті ғалым, заңгер Салық Зиманов, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, ақын Фариза Оңғарсынова және басқа да мемлекет қайраткерлері мен спорт шеберлерінің суреттері болып жалғасып кете береді. Бұл портреттерде суретші өмірдегі әрбір көріністі нәзік сезіне келе, адамның мінез-құлқын, тіпті кейіпкердің өзі сезіп-біле бермейтін ерекшеліктерін де аша білген.
Көрменің ашылуынан кейін бізге суретшіге жолығып, бірер сұрақ қоюдың сәті түскен.
– Портреттерді салу барысында қандай мақсат ұстандыңыз?
– Биыл ел тәуелсіздігіне 20 жыл толады. Менің суреттерімнің идеясы да осы мереке тақырыбымен астасып жатыр. Өйткені, кез келген дәуір тынысын адам жасайды. Яғни, тұлғалар арқылы дәуірді қабылдаймыз, сезіне аламыз. Мен де осы тұлғалардың портреттері арқылы көрмені тамашалаушыларға Қазақстанның 20 жылдық кезеңінің тынысын жеткізгім келді. Онда да халыққа жақын, көрермендерге қызықты, еліне белгілі адамдарды салуға бел будым. Қолымнан қаншалықты келе алды, білмеймін. Бағасын көрермендер бере жатар.
– Таңдаған кейіпкерлеріңіз сізді қандай қасиеттерімен қызықтырды?
– Мен қоғамның барлық саласын қамтуға тырыстым. Өнер, спорт, әдебиет, құқық, кино, саясат және басқа да салаларда қызмет істеп жүрген жарқын тұлғаларды таңдадым. Мысалы, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсыноваларды білмейтін жан кемде-кем. Ал Жақсылық Үшкемпіров кеңестік кезеңде тұңғыш олимпиада чемпионы атанған болса, Ғалым Байназарұлы Қазақстанның банк жүйесінің атасы. Қазақстандағы банк ісінің бастауында тұрған бұл кісіге Ұлттық банк жүйесі қарыздар десек те болады. Қайырбек Сүлейменов болса, қазақтың тұңғыш Ішкі істер министрі. Жалпы, мен салған портрет кейіпкерлері ел тәуелсіздігіне еңбек сіңірген тұлғалар. Басқаша айтсам – символ. Қазақтың символына айналған жандарды тікелей «өз нұсқаларынан» салдым. Өйткені, портрет – табиғи түрде салынатын дүние. Тағы бір ерекше айта кететін жәйт, Асанәлі Әшімов ағамызбен жасаған жұмыс маған өте ұнады. Ол кісімен бірге образ іздедік. Маған ағамыздың бейнесі жолаушы-жүргіншіні елестетті.
– Бұл көрме басқа қалаларда көрсетіле ме? Тағы кімдердің портреттерін салғыңыз келеді?
– Ол жағы әлі белгісіз. Жұрт назарына енді ұсынылып жатыр ғой, жұрт ықыласы қандай болмақтығын кейінірек айту керек сияқты.
Көрмеге тамашалауға келген Оралбай Әбдікәрімов, Фариза Оңғарсынова, Мырзатай Жолдасбеков, Қуаныш Сұлтанов, Сауытбек Абдрахманов секілді зиялы қауым өкілдері өз пікірлері мен сүйсіністерін, сондай-ақ суретші қолтаңбасы туралы өз ойларын бір-бірімен бөлісіп жатты.
Мыңжылдық басындағы Қазақстанның өлшеусіз рухани байлығын, жарқын болашаққа деген ұмтылысы мен сенімін көз алдыңызға әкелетін портреттік галерея көрермендер назарына 27 маусымға дейін ұсынылмақ.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.