Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының жетекшісі Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының Х отырысы ашылды.
Әлемнің он жеті елінен келген түрлі діндер өкілдері қатысқан отырыста Дін лидерлері кеңесі тұжырымдамасының жобасы, Дін лидерлері кеңесінің тұжырымдамасын қабылдаудың үлгісі және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері ІV съезін өткізудің күнін белгілеу туралы мәселелер талқыланды.
Жуырда осы форумның бастамашысы әрі басты қамқоршысы Президент Нұрсұлтан Назарбаев маған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің Хатшылығында Қазақстан тарапынан жүргізілетін жұмысты үйлестіруді тапсырды, деді Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми отырысты ашардағы сөйлеген сөзінде. Бұл мен үшін өте жоғары сенім деп білемін. Осы тұрғыдан мен сіздермен тұрақты байланыста болуға және ізгілік пен бейбітшілікке, татулық пен тұрақтылыққа үндейтін дінбасыларының жаһандық игі бастамаларын алға жылжытуға өз үлесімді қосуға дайын екендігімді қуаттаймын. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің төртінші съезін әзірлеуге арналған отырысымыз халықаралық күрделі жағдайда өтіп отыр десек артық емес. Соңғы Съезден бері әлемде саяси ахуалды едәуір шиеленістіре түскен оқиғалар, соның ішінде діни төзімділік пен конфессияаралық келісімге сын болған жәйттер де орын алды.
Сенат Төрағасы бұған мысал ретінде Африка құрлығы мен Таяу Шығыс елдерін шарпып өткен тұрақсыздық толқынын, Ирактағы, Ауғанстан мен Пәкстандағы лаңкестік әрекеттерді, Жапония халқының басына түскен жер сілкінісі мен цунамидің қайғы-қасіретін атап өтті. Өкінішке қарай, көптеген адам құрбан болды, деді әрі қарай Қайрат Мәми. Осындай ауыр сынақ күндері бейбіт дүниені аялау, жігер берер жүйелі сөз, маңайыңдағы жандарға деген жарқындық пен мейірім, төзімділік пен шыдамдылық сияқты әрбір діннің негізі болып табылатын парасат-сезімнің қажеттілігі анық сезілді. Тағдыр тауқыметін бастан кешкен елдердің діни қызметшілері осындай жоғары моральдық қасиеттерді толығынан танытқандығын атап өткім келеді. Сонымен бірге, өткен оқиғалар барша ізгі ниетті адамдар бірлігінің, олардың бейбітшілікті орнықтыру жолындағы ынтымақтастығын нығайтудың аса қажеттігін дәлелдеп берді.
Төраға өзінің сөзі барысында Қазақстанның конфессияаралық үнқатысуға ерекше мән беретінін атап өтті. Оның атап өткеніндей, мұсылман, христиан және будда өркениеттерінің тоғысында орналасқан Қазақстан тәуелсіздігін алған алғашқы күннен бастап өз аумағында этностар мен конфессиялардың бірге еркін, бейбіт және тең құқылы өмір сүруі үшін жағдай жасауға ұмтылды. Республика мемлекеттілігінің жиырма жылдық тәжірибесі көрсеткендей, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дінаралық және этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған сарабдал саясаты біздің қоғамды ұлтаралық, діни қақтығыстар мен шиеленістерден аман сақтаудың кепілі болды. Бірлік пен ынтымаққа негізделген тұрақтылықтың арқасында еліміз өркендеудің сара жолын дәл тауып, жаңа биік мақсаттарға қарай батыл қадам басып келеді. Этносаралық және конфессияаралық келісімнің өзіне тән оң үлгісіне сүйене отырып, Қазақстан өркениетаралық өзара байланысты дамытып, діндер ынтымақтастығын тереңдету, жаһандық өзара мәдени алмасу жолын берік ұстануда.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу туралы бастамасы халықаралық көлемде кең қолдау тауып, мемлекеттер мен халықтардың қарым-қатынасын жарастыру жөніндегі әлемдік үдерістің маңызды бөлігіне айналды, деп жалғастырды сөзін Сенат Төрағасы. Қазақстан өзі тарапынан әлемдегі өңірлер мен елдер арасындағы дінаралық, өркениетаралық және мәдениетаралық үнқатысуды дамыту үшін бар күш-жігерін жұмсады және жұмсап келеді. Осы мақсатта біз Съездің Біріккен Ұлттар Ұйымымен, оның ішінде ЮНЕСКО-мен және Өркениеттер альянсымен өзара іс-қимылын одан әрі өрістетуге ынталымыз. Біріккен Ұлттар Ұйымының біріктірушілік және ізгілік әлеуетін ынтымақтастық мақсаттарына барынша тарту керек. Бұл – осынау басты әлемдік мінбердің мүмкіндігін Съездің парасатты идеяларын жер жүзіндегі елдердің халықтары мен саяси басшылығына жеткізу үшін кеңінен пайдалану қажет деген сөз.
Сөзінің соңында Қ.Мәми еліміздің ЕҚЫҰ Үштігіне қатысуы және Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы аясында мұсылман мемлекеттері мен батыс елдері арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты тереңдетуге септігін тигізетін іс-шараларды жүзеге асыру бағыты алдағы уақытта да жалғасын табатындығына тоқталды. Сонымен қатар, АӨСШК, ШЫҰ, ТМД, сондай-ақ әлемдегі басқа да өңірлік ұйымдар қызметінде мәдени-гуманитарлық тұрғыдағы өзара түсіністікті кеңейту үшін мол мүмкіндіктер бар екенін атады.
Отырыста Үндістан «Джамаат-у-Шабаб-е-Ислам» мұсылман ұйымының өкілі Шах Фахре Алам, «Чогечон» буддистік зерттеу институтының өкілі Янг Ки Хун, Израиль Бас сефард раввинінің өкілі Мэйр Данино, Алматы қаласындағы «Нұр Мүбәрак» Ислам мәдениеті университетінің ректоры Махмұд Фахми Хиджази, тағы басқалар құттықтау сөз сөйледі. Олардың барлығы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өткізіліп келе жатқан діндер съезінің дінаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға қосатын үлесін атап өтті.
Күн тәртібіне байланысты пікір білдіргендердің ой-пайымдары негізінен бір жерден шығып отырды. Нәтижесінде Дін лидерлері кеңесінің тұжырымдамасы қажет екендігі назарға алынды. Ал Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІV съезі 2012 жылғы 30-31 мамырда Астана қаласында өтетін болып белгіленді. Бұл мәселе отырысқа қатысушылар тарапынан консенсустық жағдайда қолдау тапты.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының отырысы бүгін жалғасады.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.