2012 жылы өтетін президенттік сайлауда Дмитрий Медведев пен Владимир Путин бір-бірімен бәсекеге түспейді. Бұл туралы The Financial Times газетіне берген сұхбатында Ресей президенті Д.Медведев мәлімдеді.
Ресей президентінің пікірінше, Путин екеуі бір саяси күштің адамдары. Сондықтан екеуінің арасында бәсекелестік болуы мүмкін емес. Ал өзі екінші президенттік мерзімге түсу ниетіңіз бар ма деген сұраққа тайғанақ жауап қайтарған. Кез келген осындай лауазымдағы адам президенттікке түсуге міндетті. Ал мұндай шешімді қабылдай ма, әлде жоқ па, бұл екінші мәселе, депті ол.
ОППОЗИЦИЯ ҰЛТТЫҚ КЕҢЕСКЕ БІРІКТІ
Сирия оппозициясының лидерлері бірлескен ұлттық кеңес құратындары туралы хабарлады. Оның мақсаты билікпен күрес жүргізу болмақшы екен. Ресми мәлімдемеге сәйкес, ұлттық кеңес Сирия революциясына басшылық жасайды. Ол үшін елдегі түрлі қоғамдар мен саяси күштерді біріктіреді.
Қазірдің өзінде ұлттық кеңеске кіруге Сириядағы және шетелдердегі қандай да бір салмағы бар оппозиционерлер келісімін беріп үлгерген. Сириядағы көтеріліс 2011 жылдың наурызында Тунис пен Египеттегі төңкерістер табысты аяқталғаннан кейін басталғаны белгілі. Оппозицияның талабы – президент Башар Асадты тағынан тайдырып, демократиялық реформалар жүргізу.
БЕЙБІТ АДАМДАР ШЫҒЫНЫН МОЙЫНДАДЫ
НАТО басшылығы бұрнағы күні Триполиге жасалған әуе соққысынан бейбіт тұрғындар опат болғанын мойындауға мәжбүр болды. Техникалық кінәраттан соққылардың бірі белгіленген нысанадан ауытқып, азаматтық нысанға барып түскен, делінеді НАТО-ның Ливиядағы операциясының қолбасшысы генерал-лейтенант Шарль Бушардың мәлімдемесінде.
Бушар бейбіт тұрғындардың қазасына орай өкініш білдіре келіп, НАТО-ның бомбалауларға өте мұқият қарайтынын атап көрсеткен. Біздің бейбіт тұрғындарға қоятын ешқандай талабымыз жоқ, біздің шабуылдар тек режімге бағытталған, дейді ол. Жалпы, соңғы бомбалаудан 9 адам қаза тапса, Ливияда әскери операциялар басталғалы бері 856 адам құрбандыққа айналған.
АКЦИЯҒА 100 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ҚАТЫСТЫ
19 маусым, жексенбі күні бүкіл Испания бойынша үкімет саясатына қарсы наразылық акциялары болып өтті. Қалалар көшелеріне шыққандар үкіметтің экономикалық дағдарыс салдарларын еңсеруге қабілетсіздігіне, жұмыссыздықтың жоғары деңгейіне өздерінің көңілдері толмайтынын білдірген.
Акцияны ұйымдастырушылардың деректеріне қарағанда, ел астанасы Мадрид көшелеріне 150 мыңнан астам адам шықса, Барселонадағы наразылық білдірушілер 270 мың адамды құраған. Испания – ЕО елдері ішінде әлемдік қаржы дағдарысынан аса зардап шеккен мемлекеттердің бірі. Елдегі жұмыссыздық деңгейі 21 пайызды құраса, бұл – Еуроодақтағы ең жоғары көрсеткіш. Жастар арасындағы жұмыссыздық үлесі тіпті 40 пайызға жетеді.
КОРОЛЬ ҰСЫНҒАН РЕФОРМАЛАРҒА НАРАЗЫ
Мароккодағы жаппай демонстрацияларға мыңдаған адам қатысты. Олар ел королі Мохаммед VI ұсынған реформаларға қарсылықтарын осылайша білдірді. Наразылық танытушылардың пікірлерінше, монарх ұсынған демократиялық жаңарулар абсолютті монархиядан парламентаризмге өту үшін және билік бөлінісін жүзеге асыру үшін мүлдем жеткіліксіз.
Көшелерге корольді жақтап шыққандар да аз болған жоқ. Ал Мохаммед VI ұсынған конституциялық реформалар жоспарына келсек, олар ішінара кейбір өкілеттіктерді корольден алып, премьер-министрге беруді қарастырады. Сөйтіп, Үкімет басшысы парламентті таратып, мемлекеттік кәсіпорындар мен әкімшілік органдарға басшы тағайындай алады. Ал король қауіпсіздік және сыртқы саясат мәселелеріне бақылау құзырын сақтап қалады.
ҚЫРҒЫЗ ДЕПУТАТТАРЫНДА «ҚЫЗЫҚ» КӨП
Қырғызстан парламентінің кейбір депутаттары мәжіліс залын әсемдеу, жақсарту ұсыныстарымен шықты. Мәселен, оппозициялық «Ар-Намыс» фракциясының депутаты Ақылбек Жапаровтың пікірінше, мәжіліс залына «Біз құдайға сенеміз» деп жазып қою керек көрінеді.
Билеуші Социал-демократиялық партиясы фракциясынан депутат Данияр Тербишалиев «Біз халық үшін жұмыс жасаймыз» деп қосымша жазып қою керек екенін ұсынды. Ар-намыстық тағы бір депутат Тұрсынбай Бәкірұлы трибунаға жалғандық детекторын орнатуға шақырды. Бір атап өтерлігі, бұл бастамалардың ешқайсысы парламент басшылығы тарапынан қолдау тапқан жоқ.
ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА:
Сомали пираттары немістің Сьюзан К компаниясының иелігіндегі жүк кемесін 5,7 миллион доллар алғаннан кейін босатқан. Бұл ақпараттың пираттар тарапынан таратылғанын ескерсек, оның ақ-қарасы туралы нақты айту қиын.
Бағдадта Франция елшілігінің кортежі көліктерінің бірі жанында жарылғыш құрылғы іске қосылған. Оқиға қаланың оңтүстік бөлігіндегі дипмиссия басшысы резиденциясының төңірегінде орын алған. Жарылыс салдарынан 7 ирактық зардап шексе, 4-уі елшілік күзетшілері екен.
АҚШ-тың Айдахо штатынан сенатор Джон Макги көлік айдап кетіп және оны мас күйінде жүргізгені үшін қамауға алынған. Жақын күндері ол сот алдында жауап беруі тиіс. Макги Республикалық партияның мүшесі. Штат сенатына 2006 жылы сайланыпты.
Әзербайжанның астанасы Баку қаласында оппозиционерлердің митингісі қуып таратылған. Жергілікті полиция үкіметке қарсы ұрандатып шыққандар ішінен жиырма шақтысын қамауға алған. Жергілікті оппозицияның талабы – үкіметті отставкаға кетіріп, кезектен тыс сайлаулар өткізу және бірқатар реформалар жүргізу.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.