Ел экономикасының дамуымен жағаласқан жемқорлықтың жаны сірі. Кессе қан шықпайтын, шапса балта алмайтын тамыры терең жанды кесел қайыра бас көтеріп, жанданып барады. Сыбайластыққа қарсы қолданылып жатқан амал-тәсілдердің көптігінің арқасында бұл күндері жемқорлықтың ізі де қалмауы тиіс секілді. Алайда, мемлекетті жегідей жеп жатқан жаман әдет жойылар емес. Бұған нақты дәлел Парламент Сенатының депутаты О. Әбдікәрімовтің төрағалық етуімен өткен «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесте айтылды.
Аталған кеңесте жемқорлықпен күрес бағдарламасының Алматы облысында қаншалықты орындалғаны туралы мәселе қаралды. Осыған байланысты облыс әкімінің бірінші орынбасары А.Баталовтың есебі тыңдалды. Естіген құлақта жазық жоқ дегендей, облыста жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың төмендеуіне қол жеткізіліпті. Ал шындығына келгенде кеңес мүшелері облыстағы жемқорлық әлі де жоғары деңгейде тұр дейді. Соған сай Алматы облысы аймақтар бойынша сыбайлас жемқорлық жасауда бесінші орынның төрінен жуық арада түсетін түрі көрінбейді.
Өткен жылы 2006-2010 жылдарға арналған жемқорлықпен күрестің мемлекеттік бағдарламасын орындау мерзімі аяқталған еді. Осы бағдарламаны Алматы облысында бақылау барысы облыстық әкімдікке жүктелген болатын. Бірақ, бақылауды үйлестіруші тарап салғырттыққа салынып, жауапсыздық танытқан соң мемлекеттік бағдарлама тиісті дәрежеде орындалмай қалды. Соның салдарынан өткен жылы облыста жемқорлық қылмыстары 26 пайызға өсіп, одан келген зиян 2,6 млрд. теңгеге жеткен. Жемқорлық көріністерінің ішінде бюджет қаражатын иемдену және ұрлау, пара алу секілді түрлері жиі қайталанады. Ал осы жемқорлықтың көбі әкімшілік және оның құрылымдық бөлімшелерінде орын алып, одан әрі салық қызметінде, әділет органдарында қайталанып және кеден болып жалғаса береді. Сонда жемқорлық жайламаған мекеме қалмапты. Облыс басшыларының бұған неліктен көз жұма қарағаны белгісіз.
Сондықтан да облысты жайлаған жемқорлықпен тез арада күресу мақсатында «Нұр Отан» ХДП күшімен түрлі шаралар қолға алынды. Мемлекеттік органдардың қызметіне тәртіптік кеңес жоспарлы тексеріс жүргізіп келеді. Жемқорлықпен күрес жөніндегі 20 қоғамдық кеңес құрылды, екі жыл ішінде партия қатарынан 24 адам шығарылды. Партияның 13 мүшесі жемқорлық көріністерімен ұсталғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылды, өйткені кез келген жемқорлық көріністері партияның беделіне үлкен нұқсан келтіру болып табылатындығы белгілі. Осындай жұмыстардың арқасында ғана кейінгі уақыттары облыста сыбайлас жемқорлықтың шарықтай бастауы саябырсыған секілді. Мәселен, өткен жылы мемлекеттік қызметшілерге қатысты 105 қылмыстық іс қозғалды. Сол сияқты 101 лауазымды тұлға қылмыстық жауапқа тартылды.
Осылайша бір қарағанда, облыста жемқорлық жасағандарға аяушылық болып жатпағандай көрінеді. Облыс әкімінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы, әкімшілік пен оның құрылымдық қызметкерлері, екі аудан әкімінің орынбасары, бес ауыл әкімі, аудан әкімі аппаратының жетекшісі, бөлімдер мен басқарма бастықтары, түрлі мамандар және т.б. қызметкерлер шетінен баудай орылып, қамалды. Осындай шараларға қарап, Алматы облысында енді жемқорлық тыйылған шығар деп ойлайсыз. Өйткені, кімнің пара алып, одан тұтылып, сосын өмірін тар қапаста өксіткісі келеді дейсіз ғой? Жоқ, жоғарыда айтқанымыздай бұл асқынған аурудың емі табылмай тұр. Мәселен, үстіміздегі жылдың төрт айында ғана жемқорлыққа байланысты тағы 52 қылмыстық іс қозғалды. Қаржы полициясы 234 қылмысты анықтады. Сотқа әзірге 241 қылмыстық іс жолданды.
Облыста белең алған жемқорлықтың көзі болып қаржы секторының қызметі аталып тұр. Еңбекшіқазақ ауданына қарасты салық басқармасының бастығы және үш маманы «GROUP» ЖШС-інде жалған есептік-бақылау маркаларын пайдаланып, заңсыз алкогольді өнімдерді шығарған. Сөйтіп, олар мемлекетке 16 млн. теңге зиян келтірген. ЖШС басшысы сотталды. Сол сияқты Еңбекшіқазақ ауданы салық басқармасының бас инспекторы 30 мың теңге бопсалағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылды. Прокуратура органы Қаратал ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бастығын жауапқа тартты. Ол қызмет бабын пайдаланып орындалмаған құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылды деп жалған актіге қол қойған. Сөйтіп, бір өзі мемлекетке 24 млн. теңге зиян келтірген. Сонда негізінен жемқорлықтың ең көп тараған жерлері Талдықорған, Қапшағай қалалары мен Еңбекшіқазақ, Қарасай, Талғар аудандары көрінеді. Бұл жерлерде де талдау көрсеткендей, жемқорлықпен ұсталғандардың 40 пайызы әкімдікке тиесілі болып отыр. Оған қоса мұндағы ішкі істер органы қызметкерлерінің сыбайластыққа дендеп кіріскені тіптен алаңдаушылық туғызады дейді.
Жалпы, облыстағы шенеуніктер сыбайластығының жоғары деңгейіне жемқорлық қауіптерін болдырмау барысындағы ұйымдастыру-құқықтық кемшіліктерді жібергендер себепкер көрінеді. Құқықтық актілерді шығару кезіндегі заң бұзушылықтар етек алған, соған орай 266 заңсыз шешімнің күші жойылды. Ішкі істер органдары жемқорлыққа бейім, ал кеден қызметкерлері ұйымдасқан қылмыс құрылымдарымен қосылып кеткен дейді. Бұл орайда соттар өкілетті органдардың өз міндеттерін тиісті дәрежеде орындамағаны нәтижесінде жер телімдерін бөлу туралы жүздеген шешімдерді жойған. Міндетіне сәйкес қолданылмай отырған балабақшалар ғимараттарын қайтару туралы Президенттің тапсырмаларын орындауды атқарушы органдардың қамтамасыз етпей отырғаны мектепке дейінгі орындарда үлкен тапшылық туғызып, соның салдарынан жемқорлық үшін қолайлы жағдай жасалды. Мемлекеттік қаражатты пайдалану кезінде қаржылық заң бұзушылықтар артып, 2010 жылы жалпы сомасы 9 млрд. теңгеден астам бюджеттік заң бұзушылықтар туындады. Тексеру нәтижесінде 401 жер қойнауын пайдаланушылар анықталды. Оның 57-сі өз қызметін жер және жер қойнауын пайдалану туралы заңнаманы бұзу арқылы жүзеге асырып келген. Сондықтан олардың қоршаған ортаға тигізген зияны 108 млн. теңгені құраған. Алайда, бір таңқаларлығы әлгі лауазымды тұлғаларға жауапкершілік шаралары іріктеліп қолданылыпты. Демек, мұнда да сыбайластықтың арқасында бәрі бірдей жазасын алған жоқ-ау деген ой қылтияды.
Отырыстың қорытындысы бойынша кеңес облыс әкімдігіндегі жағдайды түзеу бойынша аймақтық партия филиалына ұсыныстар әзірледі. Сондай-ақ, кеңес жемқорлыққа қарсы ғылыми-зерттеу орталығымен дайындалған еліміздегі жемқорлықтың себептері, болжамдары және жағдайы туралы талдау баяндамасын қарады. Оған байланысты мүдделі органдарға ұсыныстар енгізілді. Аталған кеңестің қыркүйек айындағы отырысында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамында жемқорлыққа қарсы іс-әрекет бойынша жұмыстың жағдайы туралы» мәселені қарау жоспарланып отыр. Сөйтіп, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Елбасының жемқорлыққа қарсы форумында алға қойған тапсырмаларына сәйкес республиканың аймақтарында жемқорлықты бәсеңдету бойынша мемлекеттік және қоғамдық институттар жұмысының жағдайына талдау жасау арқылы сыбайластарға қарсы жұмысты одан әрі жалғастыра бермек. Алайда, оған ел болып жұмыла кіріспесе сыбайластар сырқатын сылып тастау сөз жүзінде қала бермек.
Александр ТАСБОЛАТОВ.